Еңбек адамы – қоғамның тірегі, ел дамуының басты қозғаушы күші. Кез келген мемлекеттің гүлденуі мен болашағы күн сайын өз ісіне адалдық танытып, маңдай терін төгіп жүрген қарапайым еңбек адамдарының қолында. Өндірістегі жұмысшы, атыздағы диқан, мектептегі мұғалім, ауруханадағы дәрігер немесе құрылыстағы шебер болсын – олардың әрқайсысы елдің іргетасын бекітуге өзіндік үлес қосуда.
Бүгінгі таңда еңбек адамының мәртебесін көтеру, адал еңбекті дәріптеу және кәсіби маман иелеріне лайықты құрмет көрсету – уақыт талабы. Өйткені қоғамда «адал еңбек – табыс көзі» деген түсінік орныққанда ғана елде береке мен тұрақтылық болады. Еңбекқорлық, жауапкершілік және өз ісіне деген сүйіспеншілік – кез келген заманда ұрпаққа үлгі боларлық ең басты құндылықтар.
Шымкент қаласындағы Абай атындағы орталық кітапханада еліміздің саяси өміріндегі маңызды кезең – Конституцияның жаңаруына арналған «Жаңарған Ата Заң – жаңа Қазақстанның келбеті» атты дөңгелек үстел өтті.
Бұл кездесудің негізгі мақсаты – қоғамда, әсіресе жастар арасында құқықтық сауаттылықты қалыптастырып, конституциялық патриотизмді нығайту және Конституцияда айқындалған еңбек адамының мәртебесі мен құқықтарының қорғалуы туралы болды.
Кездесу барысында жаңартылған Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың мән-маңызы талданды. Әсіресе, сарапшылар конституциядағы еңбек адамының мәртебесін айқындайтын нормаларға ерекше тоқталды. Бүгінгі таңда заңнамалық деңгейде еңбек адамының құқығын қорғау, олардың әлеуметтік кепілдіктерін арттыру және өндірістік қатынастардағы әділеттілікті сақтау басты назарда екені айтылды. Мамандардың пайымдауынша, жаңа толықтырулар еңбек дауларын шешудегі ашықтықты қамтамасыз етіп қана қоймай, әрбір азаматтың адал еңбегінің мемлекет тарапынан тиісті бағалануына жол ашады.
Іс-шараға құқық саласының майталмандары, қоғам қайраткерлері мен кітапхана қызметкерлері қатысып, Ата Заңымыздың әрбір азаматтың өмірі мен тағдырындағы рөлін жан-жақты талқылады. Пікір алмасу алаңына айналған жиынға Шымкент қалалық Заңды кеңес беру палатасының заңгері Қайрат Арыстанов, «Мирас» Бейбітшілік шарты әскери күштерінің ардагерлері, Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген, ядролық сынаққа тікелей қатысушы ардагер Дүйсенбек Дәрібаев, сондай-ақ Мемлекеттік басқару академиясының филиал өкілі Әлия Ахметова қатысып, өздерінің сараптамалық пікірлерін ортаға салды.
Дөңгелек үстел еркін пікірталас форматында өтті. Қатысушылар тек заңнамалық базаны талқылап қана қоймай, жастарды құқықтық сауаттылыққа шақырудың маңыздылығын сөз етті. Жиын соңында Ата Заңымыздың негізгі қағидаларын жас ұрпаққа жеткізу – кітапханалар мен қоғамдық ұйымдардың ортақ міндеті екені атап өтілді.