Жастар жұмыссыз қалмайды: мүмкіндік бар жерде нәтиже де бар

Авторы:

31.07.2026

Жастардың білім алып, еңбек нарығында өз орнын табуы – қоғам үшін маңызды мәселе. Әсіресе, жастарды тұрақты жұмыспен қамту, кәсіпке баулу, әлеуметтік қолдау көрсету және олардың қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік жасау елдің болашағына салынған маңызды инвестиция десек те болады. Себебі бүгінгі жастар – елдің ертеңгі тірегі. Жастарға тек жұмыс табуға көмектесу ғана емес, олардың кәсіби тұрғыдан қалыптасуына, жаңа дағдыларды меңгеруіне, өз ісін бастауына және қоғам өміріне белсенді араласуына да мемлекеттік қолдау өте қажет. Қолдау мен мүмкіндік болған кезде жастар өз әлеуетін толық ашып, ел экономикасы мен қоғамның дамуына үлес қоса алады.

Бүгінде бұл  бағыттағы жұмыстар Шымкент қаласында  да жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Жастар саясатын дамытуға қатысты шараларды, олардың өзекті мәселелерін талқылау және алдағы міндеттерді айқындау мақсатында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің төрағалығымен қала әкімі жанындағы Жастар кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Жиында 2026 жылға арналған жұмыс жоспары қаралып, жастармен өзара байланысты нығайту, олардың әлеуетін тиімді пайдалану және бастамаларын қолдау бағыттары талқыланды. Жиын барысында жастарды, оның ішінде NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру, жастардың қоғам өміріндегі белсенділігін арттыру бағытындағы жұмыстар қаралды. Сонымен қатар кеңес мүшелері жастардың өзекті мәселелері мен алдағы уақытта жүзеге асырылатын бастамалар жөнінде өз ұсыныстарын да білдірді.

Мұндағы NEET санатындағы жастар деп отырғанымыз – білім алмайтын, жұмыспен қамтылмаған және кәсіптік даярлау немесе қайта даярлау бағдарламаларына қатыспайтын жастар тобы. Бұл санатқа түрлі себептермен еңбек нарығынан және білім беру жүйесінен тыс қалған азаматтар кіреді. Егер NEET санатындағы жастар үлесі жоғарылап кетсе, бұл мемлекет пен қоғам үшін бірқатар әлеуметтік-экономикалық тәуекелдерді туындатады. Ең алдымен, адам капиталының әлеуетінің толық пайдаланылмауына және еңбекке қабілетті жастардың экономикалық белсенділікке тартылмай, әлеуметтік қолдау шараларына тәуелді болуына алып келеді. Сонымен қатар, ұзақ уақыт білім алу немесе еңбек қызметінен тыс қалған жастардың кәсіби білімі мен дағдыларының өзектілігі төмендеп, олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігі әлсірейді. Мұндай жағдай жастардың тұрақты жұмысқа орналасуын қиындатып, болашақтағы табыс деңгейіне де кері әсерін тигізеді.

Бұдан бөлек, жұмыспен қамтылмау мен өмірлік мақсаттың айқын болмауы жастар арасында әлеуметтік оқшаулану, депрессиялық көңіл-күй, құқық бұзушылық, суицидтік мінез-құлық және түрлі деструктивті ағымдардың ықпалына түсу қаупін арттырады. Сондықтан NEET санатындағы жастарды анықтау, оларды жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімдеу шараларына тарту қоғамның тұрақты дамуы үшін өте маңызды.

Жалпы алғанда, Шымкент қаласында жастарды жұмыспен қамту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар мен белсенді еңбек нарығы шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. Нәтижесінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі төмендеп, тұрақты жұмыспен қамтылған жастардың саны біртіндеп артып келеді. 2026 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша Шымкент қаласында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 1,7 пайызды құрады. Бұл – республикалық көрсеткіштен төмен деңгей және саладағы жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетеді. 2026 жылғы 24 шілдедегі жағдай бойынша:

– жұмыспен қамту шараларына 14215 адам қатысса, оның 6078-ін жастар құрады;

– 2455 жас Enbek.kz порталы арқылы тұрақты жұмысқа орналасты;

– 1204 жас жаңа мамандық пен дағдыларды меңгеру үшін оқудан өтті;

– 943 жас «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды;

– жүздеген жас қоғамдық жұмыстарға, жастар практикасына және қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламаларына жолданды.

Бүгінде жастар үшін мемлекет тарапынан ұсынылатын қолдау тетіктері Enbek.kz порталы арқылы қолжетімді. Аталған портал – жастардың тұрақты жұмысқа орналасуына, жаңа кәсіп игеруге, кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыруға және мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға мүмкіндік беретін тиімді алаң. Порталда бос жұмыс орындары, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары, жастар практикасы, алғашқы жұмыс орны, қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдау құралдары туралы толық ақпарат ұсынылады. Сонымен қатар, жұмыс іздеушілер өз түйіндемесін орналастырып, жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына онлайн түрде өтінім бере алады. Бұл жастардың еңбек нарығына жылдам бейімделуіне, өз мамандығына сәйкес жұмыс табуына және кәсіби әлеуетін тиімді жүзеге асыруына кең мүмкіндік береді.

Дей тұрғанмен, еңбек нарығында өзекті мәселелер де жоқ емес. Кейбір азаматтар әлеуметтік жеңілдіктерді сақтау мақсатында жұмысқа орналасудан бас тартып жатқан жайттар да кездеседі. Бұл еңбек нарығының тиімділігіне кері әсерін тигізуде. Аталған мәселе бүгінде республикалық деңгейде қаралып, тиісті мемлекеттік органдар тарапынан жүйелі шешімдер қабылдау бағытында арнайы жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте әлеуметтік қолдау шараларын нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау, еңбекке қабілетті тұрғындардың тұрақты жұмысқа орналасуына ынталандыру және жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасындағы байланысты нығайту маңызды.

Жастардың тұрақты жұмыспен қамтылуы – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының және еліміздің болашағының маңызды кепілі. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, тұрақты бақылауда болмақ. Негізгі міндет – әрбір жастың еңбек нарығында өз орнын табуына, кәсіби дамуына және өз әлеуетін толық жүзеге асыруына қажетті жағдай қалыптастыру. Жастарға көрсетілетін қолдау шараларының тиімділігін арттыру, олардың сұранысқа ие мамандықтарды игеруіне мүмкіндік беру және тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарды жетілдіру алдағы кезеңде де басты назарда болады. Себебі жастарға жасалған қолдау – елдің адами капиталын дамытуға, экономикалық өсімге және қоғамның тұрақты дамуына бағытталған маңызды қадам.