«Келешек» – баланың біліміне салынған сенімді инвестиция

Авторы:

31.07.2026

Қазақстанда балалардың болашақ біліміне қаржы жинақтауға мүмкіндік беретін Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МББЖ) 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл жүйе ата-аналарға немесе заңды өкілдерге баланың Қазақстанда және шетелде білім алуына қаражат жинауға мүмкіндік береді. Ал 2025 жылдан бастап осы жүйе аясында «Келешек» ерікті жинақтау бағдарламасы іске қосылды.

МББЖ-ның басты артықшылығы – жинақ тек ата-ананың жарналарынан ғана тұрмайды. Оған банк сыйақысы немесе сақтандыру компаниясының инвестициялық табысы қосылады. Сонымен қатар мемлекет жыл сайын салым сомасына сыйлықақы есептейді. Барлық қатысушылар үшін мемлекеттік сыйлықақы мөлшері – 5 пайыз, ал әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін – 7 пайыз. Мемлекеттік сыйлықақы жылына 100 АЕК-тен аспайтын жинақ сомасына есептеледі.

Жүйенің операторы – «Қаржы орталығы» АҚ. Бағдарламаға қазіргі таңда 11 банк пен 5 өмірді сақтандыру компаниясы қатысады. Азаматтар қатысушы банкте білім беру жинақтау салымын аша алады немесе сақтандыру компаниясымен білім беру жинақтаушы сақтандыру шартын жасай алады.

«Келешек» бағдарламасы бойынша салым ашу үшін ата-ананың (немесе заңды өкілінің) жеке куәлігі мен баланың туу туралы куәлігі қажет. Бастапқы жарна мөлшері – 3 АЕК-тен басталады. Салымды кез келген уақытта толықтыруға болады. Әр балаға тек бір ғана білім беру жинақтау салымы ашылады. Жинақталған қаражат заңмен қорғалып, тек білім алуға арналған мақсаттарға пайдаланылады. Яғни, жинақ техникалық және кәсіптік білім алуға, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімге, сондай-ақ Қазақстандағы немесе шетелдегі оқу орындарына түскен жағдайда оқу ақысын төлеуге жұмсалуы мүмкін.

Бағдарламада мемлекеттік бастапқы білім беру капиталы да қарастырылған. Ағымдағы күнтізбелік жылы 5 жасқа толатын балаларға мемлекет біржолғы тәртіппен қаржы аударады. Барлық балалар үшін бұл сома – 60 АЕК, ал жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін 120 АЕК мөлшерінде белгіленген.

Бастапқы капиталды сақтау үшін салымды жыл сайын толықтырып отыру қажет. Отбасылардың басым бөлігі үшін жылдық ең төменгі жарна – 24 АЕК, ал әлеуметтік осал санаттағы отбасылар үшін – 12 АЕК. Жетім балалар үшін міндетті жарна қарастырылмаған. Егер белгіленген талаптар орындалмаса, бастапқы капитал мемлекетке қайтарылады.

Егер бала мемлекеттік білім беру грантын жеңіп алса немесе оқуын аяқтаса, жинақ иесіне бірнеше мүмкіндік беріледі. Ол қаражатты жинақтауды жалғастыра алады, не болмаса басқа баласына аудара алады, білімнің басқа деңгейін игеруге пайдалана алады, барлық жиналған қаражатты ала алады немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағыттай алады.

2026 жылғы 1 маусымдағы мәлімет бойынша елімізде 213 мыңнан астам білім беру жинақтау салымы мен жинақтаушы сақтандыру шарттары ашылған. Бұл көрсеткіш қазақстандықтардың балалардың сапалы біліміне алдын ала қаржы жинаудың тиімділігіне деген сенімінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі мен «Келешек» бағдарламасы – ата-аналар үшін баласының болашағына бүгіннен бастап инвестиция салудың тиімді әрі сенімді жолы. Ерте басталған жинақ ертеңгі білім шығындарын жеңілдетіп қана қоймай, баланың арманына жетуіне берік қаржылық негіз қалайды.