Жұмыс табу – тек табыс көзіне қол жеткізу емес, өз қарым-қабілетіңді, біліміңді сынай отырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды кезең. Осындай сәтте дұрыс бағыт-бағдар беріп, мүмкіндік ұсынатын мемлекеттік орталықтардың бар болғаны қуантады. Бұл бағытта Шымкент қаласында да жұмыс іздеушілерге қолдау көрсететін бес мансап орталығы қызмет көрсетеді. Мұнда азаматтарға бос жұмыс орындары ұсынылып қана қоймай, тәжірибе жинауға, жаңа кәсіп үйренуге және бизнес бастауға мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламалар туралы да ақпарат беріледі.
Жұмыссыз азаматтың жағдайы жан-жақты қарастырылады
Расында да, қазіргі таңда жұмыссыздық мәселесін шешу тек бос жұмыс орындарын ұсынумен ғана шектелмейді. Азаматтардың еңбек әлеуетін арттыру, кәсіби дамуына жағдай жасау және жаңа мүмкіндіктерге жол ашу да маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Осы бойынша елімізде қандай қолдау шаралары бар және оларды кімдер пайдалана алады? Бұл сауалдарға Шымкент қаласының еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Бекзат Толыбаев жауап берген еді.
– Біздің орталық – жұмыспен қамту шараларын жүзеге асыратын мемлекеттік мекеме. Ол өзінің қызметтерін филиал түрінде құрылған мансап орталықтары арқылы жүзеге асырады. Жұмыс іздеушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында Шымкент қаласының бес әкімшілік ауданында бес мансап орталығы құрылып, бүгінде халыққа сапалы қызмет көрсетіп келеді.
Жұмыссыз азамат мансап орталығына жүгінген сәттен бастап оған «жұмыс іздеуші» мәртебесі беріледі. Осы кезден бастап азаматтың жағдайы жан-жақты қарастырылып, қажетті мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Егер азаматтың отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген кедейлік шегінен аспаса, оған уақытша атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мүмкіндігі қарастырылады. Бұл ретте мансап орталығының әлеуметтік қызмет көрсету бөлімі қажетті құжаттарды қабылдап, АӘК рәсімдеу жұмыстарына толық қолдау көрсетеді.
Содан соң жұмыс іздеушінің білімі, мамандығы, еңбек өтілі мен кәсіби тәжірибесі ескеріліп, оған тұрақты жұмыс орындары ұсынылады. Ал егер еңбек нарығында сол сәтте азаматтың мамандығына немесе біліктілігіне сәйкес бос жұмыс орны болмаса, мансап орталығы субсидияланатын жұмыс орындарын ұсынады. Субсидияланатын жұмыс орындары дегеніміз – мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін жұмыспен қамту шаралары. Мұндай жұмыс орындарында жалақының толық немесе белгілі бір бөлігі мемлекет есебінен субсидияланады. Олардың қатарына қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, «Күміс жас», «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы» сияқты мемлекеттік бағдарламалар кіреді. Бұл бағдарламалар жұмыссыз азаматтардың еңбек тәжірибесін арттыруға, табыс табуына және кейін тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.
Мұндағы «Күміс жас» жобасы зейнет жасына дейінгі, 50 жастан асқан азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған. Бағдарлама аясында қатысушылар үш жылға дейін жұмысқа орналастырылады. Жоба бойынша бірінші жылы қызметкердің жалақысының 70 пайызы, екінші жылы 65 пайызы, ал үшінші жылы 60 пайызы мемлекет есебінен өтеледі, – дейді маман.
Ал «Жастар практикасы» бағдарламасы жоғары немесе техникалық және кәсіптік білім беру ұйымын бітіргеніне бес жылдан аспаған, мамандығы бойынша еңбек өтілі жоқ және бұрын жұмыс істемеген 35 жасқа дейінгі жастарға арналған. Бағдарламаның басты мақсаты – жас мамандардың алғашқы еңбек тәжірибесін қалыптастыруға мүмкіндік беру. Бағдарламаға қатысушылардың еңбекақысы 30 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) кем емес.
Шымкент қаласының тұрғыны, 22 жастағы Аружан Ниязбекова да – «Жастар практикасы» бағдарламасының мүмкіндігін тиімді пайдаланып жүрген жастардың бірі. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін ол колледжге жұмысқа жолданған.
– 2021 жылы мектепті тәмамдап, Шымкент қаласындағы Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне грант негізінде оқуға түстім. Онда «Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша білім алдым. Оқуымды аяқтаған соң мамандығым бойынша тұрақты жұмыс іздей бастадым. Сол кезде таныстарым еңбек мобильділігі орталығы туралы айтты. Өзіме жақын орналасқан мансап орталығына барғанымда мамандар мамандығыма сәйкес бірнеше бос жұмыс орнын ұсынды. Олардың қатарында жекеменшік мектептер де болды. Үйіме жақын орналасқандықтан осы Шымкент жоғары педагогикалық колледжін таңдадым.
Қазір мұнда еңбек етіп жүргеніме бір жылға жуықтады. Жұмысым өзіме ұнайды. Бір жылдық келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін осы оқу орнында тұрақты қызметке қалғым келеді. Қазіргі таңда мен үшін ең маңыздысы – кәсіби тәжірибе. Еңбек жолымды енді бастап жатқандықтан, тәжірибе мен еңбек өтілі болашақта үлкен мүмкіндіктерге жол ашады деп есептеймін, – дейді ол.
Жұмыссыздықтан жеке кәсіпке...
Мансап орталықтарына жұмыс іздеп келген азаматтарға тек жұмысқа орналасу бойынша ғана емес, кәсіби білім алу және кәсіп бастау бағытында да қолдау көрсетіледі.
– Егер азаматтың белгілі бір мамандығы болмаса немесе жаңа кәсіп меңгергісі келсе, оған кәсіби оқуға жолдама беріледі. Азаматтар жұмыс беруші базасында тәжірибеден өту арқылы немесе арнайы оқу орталықтарында қысқа мерзімді үш айлық курстар арқылы жаңа мамандық игере алады. Курс оқу кезеңінде жұмыссыз азаматтарға шәкіртақы төленеді.
Сонымен қатар, жеке кәсібін ашып, өз ісін бастағысы келетін азаматтарға мемлекеттік грант алу мүмкіндігі қарастырылған. Мемлекеттік грант – жаңа бизнесті бастауға немесе дамытуға арналған қайтарымсыз қаржылай қолдау. Оның көлемі 400 АЕК мөлшерінде, яғни бастапқы капитал ретінде беріледі. Грантқа қатысу үшін азамат бірқатар талаптарға сай болуы қажет. Ең алдымен, ол мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелуі тиіс. Бұған жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніне бір жылдан аспаған азаматтар да қатыса алады. Бұл ретте олардың басқа жұмыс берушімен ресми еңбек шарты болмауы қажет.
Мемлекеттік грант әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға беріледі. Олардың қатарында көпбалалы ата-аналар, қоныс аударушылар және олардың еңбекке қабілетті отбасы мүшелері (яғни, мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыс күші көп өңірден жұмыс күші тапшы өңірге, дәлірек айтсақ оңтүстіктен солтүстікке ерікті түрде көшіп барушылар), қандас мәртебесі бар азаматтар, мүгедектігі бар жұмысқа жарамды азаматтар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар, асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алушылар бар.
Грант алуға үміткер азамат міндетті түрде «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқуы қажет. Бұл оқу «Enbek.kz» порталы арқылы онлайн форматта жүргізіледі. Оқу аяқталған соң оған тиісті сертификат беріледі. Осы сертификат грантқа қатысу үшін қажетті талаптардың бірі болып табылады, – дейді Бекзат Толыбаев.
Жұмыс іздеушіге бағыт, жас маманға тәжірибе, кәсіп бастаймын деген азаматқа мүмкіндік беру – мансап орталықтарының басты міндеті. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында талай азамат еңбек нарығында өз орнын тауып келеді. Ең бастысы бұл қолдау азаматтарға тек уақытша көмек көрсетіп қана қоймай, болашаққа сенімді қадам жасауға мүмкіндік береді.