Дарынды балаларға арналған лагерь ашылады

Авторы:

25.08.2025

Дарынды балаларды қолдау – еліміздің болашағына жасалған маңызды инвестиция. Себебі бүгінгі талантты ұрпақ – ертеңгі ғылым мен технологияның, мәдениет пен өнердің көшбасшылары. Олардың қабілетін ерте кезеңнен байқап, жүйелі түрде дамыту – маңызы бар міндеттердің бірі. Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жаңа оқу жылынан бастап Шымкент қаласында Президент резиденциясы базасында дарынды балаларға арналған арнайы лагерь жұмысын бастайтын болады. Бұл лагерь еліміздегі ерекше қабілетті оқушыларды қолдауға бағытталған ауқымды жобалардың бірі болмақ.

Аталған лагерьде олимпиада жеңімпаздары, үздік оқушылар, өнертапқыштар мен ғылымға құштар, сондай-ақ мәдениет пен өнер саласында жетістікке жеткен балалар бас қосып, өз қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алады. Лагерь аясында балалар тек білімдерін жетілдіріп қана қоймай, бір-бірімен тәжірибе алмасып, жаңа достар тауып, командалық жұмысқа да үйренеді. Сонымен қатар, олардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, өмірлік маңызды дағдыларды игеруіне баса назар аударылады.

Лагерь жыл бойы тұрақты қызмет ететін болады. Әр ауысымда 50-60 бала қамтылып, жылына шамамен 2500-ге жуық жас дарын ерекше бағдарлама негізінде тәрбиеленбек. Осылайша балалардың білім алуына, шығармашылығын шыңдауына және бос уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалмақ. Сонымен қатар, мұнда әр баланың жеке қабілеті мен қызығушылығына сай бағыттар ұсынылып, дамуына мүмкіндік беріледі. Лагерьде өткізілетін мұндай шаралар оқушылардың жан-жақты тұлға болып қалыптасуына ықпал етпек.

Жаңа лагерьде заманауи жабдықтар орнатылып, қауіпсіздік талаптары толық қамтамасыз етілетін болады. Бұл балалардың жайлы әрі қауіпсіз ортада білім алып, демалуына жағдай жасайды.

Айтпақшы, лагерьде сонымен бірге жатын бөлмелер, оқу және мәдени залдар, спорт алаңдары, экологиялық таза аула, кітапхана мен медициналық пункт те қарастырылған.