Төтеншеліктер тыным таппай жүр

Авторы:

07.08.2026

Жаз мезгілі келгенде ата-аналардың да, балалардың да асыға күтетіні – таза ауадағы демалыс пен суға түсу. Алайда, көңілді демалыс пен балғындардың алаңсыз күлкісі қауіпсіздік ережелері сақталмаса, үлкен қайғыға ұласуы мүмкін. Өскелең ұрпақтың өмірін қорғау, балаларды жазатайым оқиғалардан сақтандыру – қоғамның ең басты міндеттерінің бірі. Осы орайда Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті биылғы шомылу маусымында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жылдағыдай ерекше көңіл бөліп, ауқымды әрі жан-жақты профилактикалық жұмыстарды жүзеге асыруда.

Қала аумағында тұрғындардың, әсіресе балалардың жазғы демалысын көңілді де қауіпсіз өткізуі үшін ресми шомылу орындары мен спорттық-туристік аймақтар қатаң бекітілген. Демалыс орындарының иелерімен тұрақты түрде кездесулер ұйымдастырылып, оларға қойылатын талаптар қатаң ескертіледі.

Маусым басталмас бұрын мамандар ресми жағажайлардың су түбін толықтай тексеріп, қауіпті заттардан тазарту жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, судағы қауіпсіздік ережелері сақталмайтын немесе шомылуға түбегейлі тыйым салынған қауіпті учаскелер анықталып, бұл аймақтарға арнайы ақпараттық тақтайшалар мен ескерту белгілері орнатылды. Қауіпті аумақтардың санын арттыру және оларды бақылауда ұстау жұмыстары әлі де жалғасуда.

Тегін жүзу курстары кімдерге  арналған?

Балалардың судағы қауіпсіздігін арттырудың ең тиімді жолы – олардың жүзе білуін қамтамасыз ету. Осы мақсатта Шымкент қаласында әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларды жүзуге тегін үйрету жұмыстарына ерекше басымдық беріліп отыр.

Арнайы меморандумдар мен келісімдер аясында ұйымдастырылып жатқан бұл игі іс балғындардың суда өздерін еркін сезініп, қауіпті жағдайларда сасып қалмауына жол ашады. Тәжірибелі жаттықтырушылардың қатысуымен өтетін сабақтар балалардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың өмірлік маңызды дағдыларды меңгеруіне зор мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы түсіндіру кездесулері мен профилактикалық шаралар тұрғындар арасында кеңінен қолдау табуда.

Төтеншеліктер тәулік бойы қызмет көрсетеді

Төтенше жағдайлар департаментінің Жедел-құтқару жасағы шомылу маусымы кезінде күшейтілген қызмет көрсету режиміне көшті. Құтқарушылар заманауи жүзу құралдарымен, сенімді байланыс жүйелерімен және дауыс зорайтқыш құрылғыларымен толықтай қамтамасыз етілген.

Тұрғындардың қауіпсіздігін жіті бақылау үшін Тоғыс су қоймасындағы «Райский пляж» демалыс орнында арнайы мобильді құтқару бекеті ұйымдастырылып, тәулік бойы тұрақты кезекшілік жүргізілуде. Бұл кез келген төтенше жағдайға жедел әрекет етіп, адам өмірін құтқаруға толық мүмкіндік береді.

Судағы қауіпсіздік мәдениетін жас ұрпақтың санасына сіңіру үшін Департамент полиция қызметкерлерімен, жергілікті атқарушы органдармен және еріктілермен бірлесіп ауқымды шараларды қолға алынды.

Рейдтер мен тексерістер: Су айдындары маңында рұқсат етілмеген орындарда шомылатын азаматтарды анықтау үшін тұрғындар көп жиналатын аймақтарға рейдтер ұйымдастырылуда.

Білім беру ошақтары: Мектептер мен балалар лагерьлерінде интерактивті, ашық сабақтар, сынып сағаттары және практикалық оқу-жаттығулар өткізіледі.

Бақ пен әлеуметтік желілер: Телеарна, басылымдар және әлеуметтік желілер арқылы қауіпсіздік ережелері үздіксіз насихатталуда. Қала көшелеріндегі LED экрандарға да ескерту бейнероликтері шығарылуда.

Sms-ескертулер: Шомылу маусымы кезінде тұрғындардың ұялы телефондарына «112» қызметі арқылы қауіпсіздік қағидаларын еске салатын жедел хабарламалар жолданып тұрады.

Кез келген баланың жарқын болашағы мен қауіпсіздігі бәрінен де қымбат. Ересектердің жауапкершілігі, ата-аналардың балаларға деген жіті назары – қайғылы жағдайлардың алдын алатын бірден-бір күш. Сондықтан бұл ретте, Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындары мен қонақтарын балалардың өміріне сақ болуға, ережелерді қатаң сақтап, тек қауіпсіздік талаптарына сай рұқсат етілген орындарда ғана шомылуға шақырады.