Оңалту қайырымдылық жобасы оң нәтиже беріп отыр

Авторы:

21.08.2026

Әлемдегі ең ізгі әрі жауапты міндеттердің бірі – денсаулығында кінәраты бар бүлдіршіндердің бұғанасын бекітіп, олардың қоғамнан тыс қалмай, тең өмір сүруіне жағдай жасау. Олай дейтініміз, әрбір баланың күлкісі мен қуанышы – тұтас бір отбасының бақыты болса, ал ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін әрбір алға жылжыған қадам үлкен ерлікпен пара-пар. Міне, осындай жүрекке жылу ұялатар ізгі ниетті арқалаған «QH. Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» қайырымдылық жобасы бүгінде Шымкент шаһарында жүздеген отбасыға қуаныш әкеліп, жүректерге сенім ұялатып отыр. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тікелей ұйытқы болуымен және қатаң бақылауымен жүзеге асып жатқан бұл ауқымды бағдарлама қатысушылар үшін толығымен тегін. Басты артықшылығы да сонда – бала бөтен ортаға барып шаршамайды, барлық қажетті шипа мен ем-дом шараларын өз үйінің жылуында, туған ортасының қолайлы жағдайында қабылдайды. Ал ата-аналар тәжірибелі мамандардың кеңесіне сүйеніп, баланың күнделікті күтіміне арналған заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылады.

Бүгінгі таңда Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы бұл маңызды пилоттық жобаны еліміздің төрт ірі өңірінде – Қызылорда, Семей, Павлодар және Шымкент қалаларында табысты іске асырып келеді. Бастама өз жұмысын бастағалы бері тек Шымкенттің өзінде 400-ден астам бала бұл қызметтің игілігін көріп, оның ішінде 99 бүлдіршін оңалту бағдарламасын жоғары нәтижемен аяқтап шықты. Ал қазіргі уақытта тағы 329 бала мамандардың тікелей бақылауымен сауықтыру жолын сәтті жалғастырып жатыр.

Үй жағдайындағы оңалту жұмыстары қалай үйлестірілген?

Мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін көмекті мейлінше ерте бастап, оны үзбей жүйелі түрде жалғастырудың маңызы орасан зор. Алайда бұл үшін отбасы күн сайын сарсаңға салынып, арнайы орталықтардың табалдырығын тозуға міндетті емес. Ең бастысы – баланың көңіл-күйі мен тыныштығын бұзбай, барлық сауықтыру жұмыстарын үйреншікті жағдайда үйлестіру.

Қайырымдылық жобасына қатысу үшін өтініш түскен бетте білікті мамандар баланың денсаулық жағдайын, қозғалыс қабілетін және сырқаттың қаншалықты күрделі екенін жан-жақты тексеріп шығады.

«Әр баланың жағдайы өзгеше, бәрінің қажеттілігі әрқалай. Сондықтан емдеу құралдары да соған сай бөлек таңдалады. Бағдарлама аясында ата-аналардың телефонына арнайы қосымша орнатылып, үйде өз бетінше жасауға болатын жаттығулар жіберіліп тұрады. Біз әр отбасымен тығыз байланыста болып, балалардың қалай өзгеріп жатқанын үнемі қадағалап отырамыз». Бүгінде осы бағдарламаның көмегімен сауығып, жағдайы жақсы жаққа қарай өзгеріп жатқан бүлдіршіндердің қатары күн санап көбейіп келед, – дейді дәрігер-реабилитолог Жандос Пердеев.

Қажетті құрал-жабдықтар тікелей баланың үйіне әкелініп орнатылып беріледі. Мамандар ата-анаға құрылғыны қалай дұрыс қолдану керектігін көрсетіп, жаттығу тәсілдерін түсінікті тілде бастан-аяқ түсіндіріп өтеді.

Бұл мүмкіндікті кімдер иемдене алады? Бұл бағдарламаға жүріп-тұруы қиындаған, атап айтқанда, балалар сал ауруы, Даун синдромы, су жиналу немесе мидың даму ерекшеліктері бар, арнайы дәрігерлік комиссиядан өткен балалар қатыса алады. Бағдарламаға қатысу мүмкіндігі туралы хабар ата-аналарға 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы SMS хабарлама ретінде келеді.

 «Баламның алғашқы басқан қадамы – біз үшін үлкен жетістік...»

Мұндай жобалардың маңызын құрғақ сандарға қарағанда, аналардың жүрегінен шыққан шынайы қуаныш арқылы ғана сезінуге болады. Осы игіліктің рахатын көріп отырған аналардың бірі Айман Кальменова бұл таптырмас мүмкіндік туралы алғаш рет осы орталықта баласын емдетіп жүрген аналардан естігенін толқып жеткізді.

«Бұдан біраз күн бұрын осындай орталық бар екенін баласын оңалтудан өткізіп жатқан басқа аналардан білдім де, еш ойланбастан дереу өтініш бердім. Арада небәрі 2-3 күн өткенде арнайы мамандар бізге аса қажет вертикализатор құрылғысын тікелей үйімізге әкеліп орнатып берді. Ол кезде балам өздігінен аяққа тұрып, жүре алмайтын еді. Құрылғыны төрт ай бойы тұрақты пайдаланған соң-ақ баламыздың денсаулығы біршама жақсарып, алға қарай оң өзгерістер бола бастағанын байқадық. Қазір балам арнайы жүріс арбасының көмегімен алғашқы қадамдарын жасап жүр. Бұл – біздің отбасымыз үшін баға жетпес бақыт пен үлкен жетістік. Балаларымыздың өмір сүру сапасын жақсартып, болашақтарының жарқын болуына жол ашып жатқан мемлекетімізге ризашылығымды білдіремін», – дейді қуанышын жасыра алмаған ана Айман Кальменова. Осы орайда, Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы Шымкент қалалық филиалының директоры Салтанат Ибраева мәселенің маңыздылығын түсіндіре отырып, пилоттық жобаның басты мақсаттарына тоқталды:

«Бұл жобаның түпкі мақсаты – жүріп-тұруы қиындаған балалардың өзін-өзі күтіп үйренуіне және қоршаған ортаға тез бейімделуіне жан-жақты көмектесу. Әсіресе, 1 мен 5 жас аралығындағы бүлдіршіндерге арналған бұл вертикализатор құрылғысы олардың басын тік ұстауына, отыруына және екі аяғымен нық тұруына үлкен септігін тигізеді. 4 ай мерзімге тегін берілетін бұл құралдың арқасында балалардың үстелді жағалап жүре бастағанын көру – біз үшін үлкен мақтаныш», – дейді ол.

Мемлекет пен білікті мамандардың тынымсыз еңбегімен қолға алынған мұндай кешенді жұмыстар ерекше балалардың қоғамға толыққанды сіңісіп, жарқын болашаққа сеніммен қадам басуына жол ашатын берік тірек іспетті. Үздіксіз қамқорлық пен жүйелі қолдаудың арқасында әрбір шаңыраққа ертеңгі күнге деген шексіз үміт ұялап, жеткіншектердің өмір сүру сапасы жақсарып келеді.