Елімізде еңбек адамының мәртебесін биікке көтеріп, олардың қоғамдағы қажырлы еңбегін ұлықтау – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Миллионды шаһар – Шымкент қаласында да адал еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген әрбір маманның мәртебесін биікке көтеріп, олардың қажырлы қызметін жан-жақты дәріптеу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қала әкімдігі мен кәсіподақтар ұйымдары бірлесіп, өңірдегі түрлі сала қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғауды, еңбек қауіпсіздігін сақтауды және оларға лайықты жұмыс жағдайын жасауды басты назарда ұстайды. Мегаполис аумағындағы ұжымдарда адам капиталын жоғары бағалап, еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыруға бағытталған игі шаралар жүйелі сипат алған.
Осы орайда, «Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай жалпыкәсіподақтық науқаны аясында «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» айдарымен Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында маңызды кездесу өтті. Шымкент қаласының рухани-мәдени өмірінің орталығына айналған бұл ошақта ұйымдастырылған жиынды Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы Шымкент қалалық филиалы жоғары деңгейде өткізді. Басқосудың негізгі мақсаты – кітапхана қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақыннан зерделеу, кәсіподақ жұмысының тиімділігін арттыру және ұжымдағы өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайту.
Шараға Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының бас мамандары Эльмира Утепова мен Наргиза Ирисметова арнайы қатысып, қала көлеміндегі кәсіподақ ұйымдарының атқарып жатқан жұмыстары мен еңбек адамдарына берілетін әлеуметтік кепілдіктер туралы кеңінен баяндап берді. Мамандар еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістер мен кәсіподақтың құқық қорғаушылық қызметіне де жеке тоқталды.
Жиын барысында бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Динара Мұхтарқызы Турмаханова сөз алып, кітапхана ұжымының қазіргі тыныс-тіршілігіне тоқталды.
«Кәсіподақ – әрбір қызметкердің сенімді тірегі. Біздің басты мақсатымыз – кітапхана қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғап қана қоймай, олардың рухани дамуы мен сапалы еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау», – деп атап өтті Динара Мұхтарқызы. Кездесу соңында кітапхана қызметкерлері еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша пікір алмасып, толғандырған сауалдарына тұщымды жауаптар алды. Сондай-ақ олар кәсіподақ тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға шынайы алғыстарын білдірді.
Мұндай мазмұнды шаралар еңбек ұжымдарындағы бірлікті нығайтып, мамандардың құқықтық сауаттылығын арттыруға айтарлықтай үлес қосады. Шымкент қаласындағы еңбек адамдарын қолдауға бағытталған «Қуатты кәсіподақ – қуатты елдің кепілі» екенін дәлелдеген бұл басқосу қатысушылардың көңіл-күйін көтеріп, өзара түсіністік пен жылы атмосферада өз мәресіне жетті.