Еліміздің бірқатар өңірінде тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында нүктелік рейдтер жүргізді. Атап айтқанда, Астана, Шымкент қалалары мен Абай облысында ұйымдастырылған іс-шара барысында түн мезгілінде балаларының жүрген жерін бақылауды қамтамасыз етпеген 480-нен астам ата-ана жауапқа тартылды.
Тексеру кезінде тәртіп сақшылары түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүрген жасөспірімдерді анықтауға ерекше назар аударды. Мұндай шаралар балаларға қарсы жасалуы мүмкін қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың уақтылы жолын кесуге бағытталған.
Сонымен қатар, рейд барысында кәмелетке толмағандарға алкоголь және темекі өнімдерін сатуға тыйым салынғанын қатаң тексерді. Нәтижесінде, аталған ережені бұзған 28 кәсіпкер жауапкершілікке тартылды. Ішкі істер министрлігі бұл жұмыстың ерте профилактика аясында жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
«Мәселені уақытында көріп, оны нақты шешу маңызды – сонда ғана құқық бұзушылықтың алдын алып, баланың амандығын сақтай аламыз», – деді полиция өкілдері.
Ведомство ата-аналарға балалардың түнде қайда жүргенін, кіммен қарым-қатынас жасайтынын және бос уақытын қалай өткізетінін қатаң бақылауда ұстау қажеттігін еске салды. Полицейлер балалардың құқықтарын қорғау бойынша мұндай рейдтердің жалғасатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, ойын-сауық орындарында кәмелетке толмаған бала қараусыз жүрсе, ата-анасына бірден 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Егер осындай жағдай жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі 7 АЕК-ке дейін артады.