ҚР Президенті Қ.Тоқаев: «Мұғалімдер уақыт алатын шаруадан арылады»

Авторы:

27.08.2026

"– Білім беру базасын жаңғырту қолға алынды. Яғни бүкіл мемлекеттік сервис пен қызмет біріктіріледі. Мұғалімдер уақыт алатын шаруадан арылады. Әсіресе, соңғысы өте маңызды. Педагогтерді ығыр қылатын қағазбастылықтан, бітпейтін есептен, аттестациядан өту талабынан және басқа да пайдасыз тексерістерден босату керек.
– Мектеп оқулықтарынан 700-ден астам өрескел қате табылған. Мұның бәрі орта білімнің сапасына нұқсан келтіреді. Тексерілмеген тарихи деректер мен оқиғалар сипатталатын, балаларға жалған «қаһармандар» мен олардың «ерлігі» жөнінде әңгімелейтін аңыздар енген оқу материалдарын қайта қарау қажет. Жалған, ойдан құрастырылған мәліметтер тарату арқылы балаларды отаншылдыққа тәрбиелеу жақсылыққа апармайды.
– Ұдайы жапа шеккен ұлт кейпінен арылуымыз керек. Бұл жөнінде үнемі айтып келемін. Біздің кейбір қаламгерлеріміз «мұң» деген сөзді жақсы көреді: «жүрегімде мұң, көзімде мұң»! Мұң-қайғы жастық шаққа, жастарға жараспайды.
– Балалар мен педагогтердің жасанды интеллектіні жүйелі әрі дұрыс қолдану тәртібін белгілейтін пәрменді шараларды шұғыл қабылдау қажет. Жастар, әсіресе, ауыл жастары цифрлық құрылғыларды, мәселен, смартфонды тұрақты табыс табуға пайдалана білуі керек.
...Бізге цифрлық мемлекеттен цифрлық халық экономикасы деген түсінікке көшу қажет. Басқаша айтқанда, жасанды интеллект пен оның мүмкіндіктері ермек емес, кіріс көзі болуға тиіс.
– 18 жасқа толған жасөспірімдердің мектеп партасында отырғаны қаншалықты дұрыс деген орынды сауал туады. Әдетте Назарбаев зияткерлік мектептерінде және жекеменшік білім ошақтарында солай қалыптасқан. Қазіргі балалар физиологиялық тұрғыдан тез жетілетінін ескерсек, бұл қаншалықты ақылға қонымды? Министрлік осы мәселені қарастырып, қажет болса тиісті шешім жолдарын ұсынады деп ойлаймын".