Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келді. Іссапар аясында министр мегаполистегі білім саласында жүзеге асып жатқан оң өзгерістермен танысып, қарқынды дамып келе жатқан бірқатар білім беру нысандарын аралады. Министр жаңадан ашылған заманауи мектептерге, күрделі жөндеуден өткен білім беру ұйымдарына, қосымша білім беру мекемелеріне, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына арнайы барып, ондағы оқу-тәрбие үдерісін көзбен көрді.
Сапар барысында Ғани Бейсембаев күрделі жөндеуден өткен №109 жалпы орта мектепке барып, білім ұжымымен кездесті. Оқу орнының қазіргі жағдайы, материалдық-техникалық базасы, оқу кабинеттері мен инфрақұрылымы назардан тыс қалмады. Министр ұстаздармен ашық пікір алмасып, білім сапасын арттыру жолдары мен жаңа оқу жылына дайындық мәселелері бойынша ой бөлісті.
Сонымен қатар, министр Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі мен Шымкент аграрлық-техникалық колледжіне де арнайы ат басын бұрды. Бұл оқу орындарында білім беру процесінің ұйымдастырылуы, материалдық-техникалық жарақтандырылу деңгейі мен педагогикалық ұжымның жұмысы жан-жақты қаралды. Білім алушыларға көрсетіліп жатқан қолдау, қолданылып жүрген әдіс-тәсілдер мен кәсіби-техникалық кадрлар даярлау жүйесі жоғары бағаланды.
Сапар аясында министр «Келешек мектеп» ұлттық пилоттық жобасы негізінде салынған №144 жалпы орта білім беретін мектепке де барды. 2025 жылы пайдалануға берілген бұл заманауи мектеп жобалық қуаттылығы 1200 орын болғанына қарамастан, бүгінде 2030 оқушыны қабылдап отыр. Министр оқу орнының ішкі инфрақұрылымымен, заманауи жабдықталған сыныптарымен және оқу үдерісінің ұйымдастырылуымен танысып, қалада «Келешек мектептері» жобасының сәтті жүзеге асып жатқанын атап өтті. Айта кетейік, бұл жоба аясында Шымкентте 11 мектеп ашылса, жаңа оқу жылы қарсаңында тағы бір мектептің есігі оқушыларға айқара ашылмақ.
Сапар барысында Ғани Бейсембаев №2 Оқушылар сарайында да болды. Мұнда ол балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған үйірмелер мен шығармашылық жобалардың жұмысымен танысты. Әртүрлі үйірмелерге қатысып жүрген оқушылармен еркін форматта жүздесіп, олардың қызығушылықтары мен жетістіктерін талқылады. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балалармен де арнайы кездесу өтіп, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға қолдау білдіретінін жеткізді.
Жалпы алғанда, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Шымкент қаласындағы білім беру саласында атқарылып жатқан жүйелі әрі ауқымды жұмыстарға оң бағасын беріп, білім беру мекемелерінің ұжымдары мен сала мамандарына алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.