Қазіргі таңда мемлекетіміздің саяси-əлеуметтік саласындағы басым бағыттардың бірі – отбасы институтын нығайту, ана мен баланың құқығын қорғау жəне қиындыққа тап болған жанға қамқорлық қолын созу. Шымкент қаласында да шаңырағы шайқалып, тағдыр тəлкегіне ұшыраған жандарға қорған болар орталықтардың жұмысы жолға қойылған. Бүгінде қоғамдағы өзекті мəселелердің түйінін тарқатып, жылаған жанның көз жасын сүрту үшін тек қағаз жүзінде емес, жүрекпен жұмыс істейтін осындай орталық қызметкерлерінің атқарып жатқан еңбегі ерекше.
Аталған істердің қайнар бұлағынан хабардар болу үшін Шымкент қаласының жұмыспен қамту жəне əлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Қалымбет Абибулла Исламбекұлымен орталықтың бүгінгі тынысы, атқарылып жатқан ауқымды істері мен алдағы жоспарлары туралы əңгіме өрбіткен едік.
– Біздің мақсатымыз – қараңғыда қалғанға сəуле түсіріп, қиналған жанға қамқорлық көрсету. Биылғы жылдың алғашқы жеті айында өмірлік қиын жағдайға тап болған 7549 адамға қолдау шараларын көрсеттік. Қолдау шараларының басым бөлігі құжат тандыру жəне жұмысқа орналастыру, атаулы əлеуметтік көмек, денсаулық сақтау, тұрғын үймен қамтамасыз ету, бір реттік азық-түлік жəне киім түріндегі материалдық көмек беру, тұрғын үйге кезекке қою секілді мəселелерді шешуге бағытталды.
Өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларды ерте анықтап, оларға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында қаламыздың əр ауданында арнайы бекітілген мобильді топтардың құрамында жүздеген маман жұмыс істеуде. Биылдың өзінде көмекке мұқтаж отбасылардың жағдайын бақылап, нақтылау үшін үйме-үй аралау жəне ұялы байланыс арқылы хабарласу жұмыстары қарқынды жүргізілді. Жүргізілген тексеру жұмыстарының нəтижесінде нақты көмекке мұқтаж отбасылар айқындалып, олармен арнайы сауалнамалар толтырылды. Бүгінгі таңда əрбір сондай шаңырақпен тұрақты түрде əлеуметтік сүйемелдеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл бақылау шаралары тек тексеріспен шектелмейді, атаулы əлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген отбасылардың материалдық жағдайына қосымша зерттеулер жасалып, əрбір шаңырақтың тұрмыс-тіршілігі қатаң назарға алынды, – дейді ол.
Сонымен қатар, қаламызда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында да кешенді шаралар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бойынша мобильдік топтардың құрамындағы ішкі істер органдарының қызметкерлері осындай күрделі жағдайға тап болған 246 адамды анықтап, олардың ішінен 123 құқық бұзушы-агрессорды ресми түрде тіркепті. Нəтижесінде 14 азаматша «№3 арнаулы əлеуметтік қызметтер көрсету орталығына» жолданып, қауіпсіз орынмен қамтамасыз етілсе, 48 адамға заңгерлік кеңес берілген. 70 адаммен кəсіби психолог жұмыс істеп, 30 адамға нақты əлеуметтік көмек көрсетіліпті, ал 68 адамға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Осындай жүйелі еңбектің арқасында 36 отбасы татуласып, шаңырағын сақтап қала алыпты.
– Сонымен қатар, біз былтыр тамыз айынан бері «111» отбасы, əйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бірыңғай байланыс желісімен бірлесіп жұмыс істеудеміз. Биыл осы желі арқылы жыл басынан бері орталыққа 330 азамат туралы ақпарат түсіп, соның ішінде 12 өз-өзіне қол жұмсау фактісі тіркелді. Бұл – өте ауыр көрсеткіш, сондықтан əрбір хабарға бейжай қарай алмаймыз. Осындай ауыр жағдайлар орын алған кезде мамандарымыз марқұмның отбасы мүшелеріне, туыстарына жан-жақты психологиялық жəне əлеуметтік қолдау көрсетеді.
Жыл басынан бері өмір мен өлім алдында тұрған, ауыр дағдарыс сəтінде немесе суицид қатері төнген кезде көмек сұрап жүгінгендерге жан-жақты қолдау шарасы ұйымдастырылды. Оның ішінде 159 отбасыға кəсіби психологиялық көмек көрсетіліп, 98 азаматқа құқықтық кеңес берілсе, 58 адамға əлеуметтік бағыттағы көмектер ұсынылды. Сонымен қатар, 48 отбасының тұрғылықты мекенжайына шұғыл түрде мобильді топтар шығып, тиісті көмек көрсетуінің арқасында адамдардың өміріне араша бола алдық, – дейді Абибулла Исламбекұлы. Осы орайда 384 азамат орталық психологының жеке қабылдауында болып, отбасылық қатынастар жəне өмірлік қиын жағдайлар бойынша психологиялық қолдау алған. Қабылдау барысында отбасылық зорлық-зомбылыққа тап болған жағдайлар ғана шешімін тауып қана қоймай, ауыр күйзеліс пен суицидтік ойлар, дағдарыстар мазалаған азаматтарға да шұғыл көмек көрсетілді.
Одан бөлек тұрмыстық күйзеліс пен эмоциялық шаршаудан зардап шеккен, кəмелет жасына толмаған жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына қолдау көрсетілді. Бұл бойынша отбасылық мəселелер мен ажырасу алдындағы түйткілдер бойынша 134 жағдай реттеліп, психологиялық тұрақтылықты арттыру үшін арнайы тренингтер өткізілді. Бүгінде қалада мемлекеттік отбасы саясатының шараларын, оның ішінде неке мен отбасы институтын нығайту жəне сақтау бағытындағы ақпараттық-түсіндіру шаралары жалғасып жатыр.
2019 жылы мемлекет басшысы «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының тəжірибесін таратып, барлық өңірлерде осындай орталықтар құруды міндеттеген болатын. Нəтижесінде 2021 жылғы 4 қазанда Шымкент қалалық жұмыспен қамту жəне əлеуметтік қорғау басқармасының «Бақытты жанұя» орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ретінде құрылған-ды. Ал 2025 жылғы 6 ақпанда заман талабына сай оның атауы Шымкент қаласы жұмыспен қамту жəне əлеуметтік қорғау басқармасының «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып аталды. Қазіргі таңда бұл орталық көптеген қиналған жандарға қол ұшын созып отыр.
– Алдағы уақытта отбасын қолдау бағытында отбасылармен профилактикалық жəне кешенді жұмыстарды одан əрі күшейту жоспарлануда. Атап айтқанда, өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларды ерте анықтау, отбасылық жанжалдардың алдын алу, отбасылық құндылықтарды насихаттау жəне тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша түсіндіру, бағыт-бағдар беру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру көзделуде. Отбасыларға əлеуметтік, психология лық жəне құқықтық кеңес беру қызметтерін жетілдіру, қажет болған жағдайда жеке сүйемелдеу жұмыстарын ұйымдастыру, мемлекеттік органдармен жəне басқа дa ұйымдар мен ведомствоаралық байланысты күшейту, сондай-ақ мобильді топтардың жұмысын жандандыру да негізгі бағыттардың бірі болып қала бермек. Алдағы уақытта орталықта азаматтардың əлеуметтік жəне кəсіби əлеуетін арттыруға бағытталған SMM, компьютерлік сауаттылық, логопед жəне басқа да қосымша курстарды іске қосу жоспарлануда, – дейді орталық директоры.
Жалпы, орталықтың мақсаты – отбасыларға тек қиындық туындаған кезде көмек көрсетіп қана қоймай, олардың əлеуетін арттыру, отбасылық қарым-қатынасты нығайтуға жəне əлеуметтік мəселелердің алдын алу. Қазіргі таңда осы мақсатта əлеуметтік желілер арқылы отбасылық құндылықтарды насихаттау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жəне азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары өз жалғасын тауып отыр.
Өмірдің ауыр соққысын бастан кешіп, тығырыққа тірелген сəтте «Отбасын қолдау орталығынан» пана мен қолдау тапқан екі баланың анасы Құралай (есімі өзгертілген):
«Өзім екі баланың анасымын, мамандығым – мұғалім. Үлкен ұлым төртте, кіші балам үште. Үлкен ұлымның аутизм сияқты ерекше қажеттілігі бар болғандықтан, асыраушысы ретінде тіркелу жəне əлеуметтік көмек алу жолдарын іздеп осы орталыққа келдім. Қазір осы баламның күтіміне байланысты үйде отырмын. Дəрігерлер баламның ақыл-есі əлі тоғыз айлық нəрестемен бірдей екенін айтты. Оның үстіне, жолдасымның отбасы мен балалар алдындағы жауапкершіліктен саналы түрде қашып, бар ауыртпалықты өзіме артып қоюы жаныма қатты батты. Жұмыс істейтін қабілеті болса да, табыс тапса да, күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерге, несие мен коммуналдық төлемдерге бас қатырмайды. Ерекше баланың ем-домы, қосымша сабақтары мен үйдегі екі кішкентай баланың бар жүгін жалғыз көтеріп, физикалық жəне моральдік тұрғыдан əбден шаршадым. Балам дүкеннен қажет затын сұрап, оған ақша жетпей қалған сəттегі жан күйзелісін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Төңіректе ерекше балаларды дұрыс түсінбей, көбіне сау балалармен салыстырып жататындар көп.
Шіркін, айналамыздағы жандар мен барша қоғам осындай балаларға көбірек түсіністік пен шексіз мейірім танытса ғой! Өйткені, менде ертең бұл баланы өскенде көшеде, қоғамдық ортада қалай алып жүремін деген үрей басым. Аутизм диагнозы қойылған балалардың қоғамға қауіпті болуы мүмкін екендігі де ойландырады. Осындай тығырықтан шығар жол таппай, күйзеліске түскен соң орталыққа келіп, психологтың көмегіне жүгіндім.
Басында ашумен келген едім. Маманмен тілдесіп, МАК терапиясынан өткеннен кейін жүрегімдегі үлкен ауыртпалық сейіліп, өзімді жеңіл сезіндім. Шындықпен бетпе-бет келіп, өз-өзімді қалыпқа келтіру жолдарын да түсіндім».
Отбасындағы түйткілдер мен күрделі мəселелерді шешу жолында атқарып жүрген жұмыстары туралы «Отбасын қолдау орталығының» психологы Сейдулла Аяжан Айтбекқызы:
«Орталыққа бұл салада екі жылдық тəжірибеммен келіп, жарты жылдан бері қызмет етіп келемін. Бізге «111» байланыс желісі арқылы зорлық-зомбылық көргендер, ата-анасымен немесе жұбайымен тіл табыса алмай жүргендер, өз-өзін жоғалтып алған күйзелістегі азаматтар жиі жүгінеді. Келгендердің көбі – сырт көзге мықты көрінгенімен, іштей жараланған жандар. Олар бізге келгенде көбіне көз жасына ерік береді немесе күлкінің артында ауыр мұң жасырады. Біз олармен жеке терапия жүргізіп, МАК терапиясы, «шегеге тұру» сияқты əдістер арқылы ішкі жан дүниесін емдейміз. Мəселен, жақында жездесінен үш жыл бойы зорлық көріп, болашағына сенімсіз болып қалған 15 жасар қыз бен анасы келді. Оларға жеке сеанстар өткізіп, бойындағы қорқыныш пен жарақатын жеңуге көмектестік.
Сондай-ақ өз балаларымен қарым-қатынасы бұзылған аналарды бала кездегі жарақаттарымен жұмыс істеу арқылы қос тараптан қатар қабылдап, ортақ тіл табуға жағдай жасаймыз. Екі тарапты да тыңдап, терапия соңында əрбір келуші іштей жеңілдеп, алдағы өмірге оң көзқараспен қарауды үйренеді».