Ұстаздық – білім берумен ғана шектелмейтін, ұрпақтың ой-санасын қалыптастырып, қоғамға бағыт-бағдар беретін үлкен жауапкершілік. Ал ағартушылық – осы жолдағы мұғалімнің биік миссиясы. Бүгінгі таңда технология мен жасанды интеллект қарқынды дамып, ақпарат ағыны артқан тұста балаға білім берумен қатар, оның кітапқа, ұлттық құндылыққа, ана тілі мен мәдениетке деген құрметін қалыптастырудың маңызы бұрынғыдан да арта түсті.
Осы бағытта мектеп өмірін кітап оқу мен құндылықтарды қалыптастыруға негіздеп, ұстаз, оқушы және ата-ананы бір арнаға тоғыстырып жүрген Түркістан қаласындағы №28 мектеп-лицейінің директоры, ҚР білім-ғылым министрлігінің «Құрметті қызметкері», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Ләззат Нысанқұлованың тәжірибесі көпке ой саларлық. Біз педагогпен ағартушы мұғалімнің тұлғасы, кітап оқудың бала тәрбиесіндегі орны, жасанды интеллект дәуіріндегі білім мен ұлттық құндылықтар, сондай-ақ Түркістандағы мектеп тәжірибесі туралы әңгімелескен едік. Сұхбат барысында ол ұстаздықтың мәні мен ұрпақ тәрбиесіне қатысты тағылымды тұжырымдар айтып, көкейде жүрген көп сауалға салмақты ой қосты.
Мұғалім кітап оқуға міндетті
– Ләззат ханым, әңгімені ағартушы сөзінен бастағым келіп отыр. Бұл сөз айтылмай кеткен еді, соңғы жылдары қолданыла бастады және тек педагогтарға ғана қатысты айтылады. Осылай болу керек пе және ағартушы қандай болу керек?
– Мен мұғалімдермен өткізген әр жиналысымда сөзімді «біз ағартушымыз және бағыт берушіміз» деп бастаймын. Егер мұғалім өзімен ғана шектеліп, білген білімін айналасындағы әріптестерімен бөліспейтін болса, онда біз педагог емеспіз.
Ағартушы деген кім? Қасындағы мың адамға білгенінің сәулесін шашу арқылы жан-дүниесін дамытып, көзқарасын өзгертетін адам, білімін тарататын адам. Мұғалім осындай қасиеттерге ие болғанда ғана ағартушыға айналады.
– Тілмен байланыстырып, бір ғана мысал айтайын, қазір байқасаңыз мұғалімдер бәрі бірдей әдеби тілде сөйлемейді, диалект, «көше тілі» немесе «тұрмыстық тіл» деуге болатын шығар, қолданысқа кейін қосылған сөздерді қолданды. Осы ұлттың ұстазына лайық па?
– Менің ойымша, балаға сабақ берген әр педагог өзінің ұлттың ұстазы екенін сезінуі керек, өзіне осындай жауапкершілік жүктеуі керек. Мұғалім педагог қана емес, ол ұлтының тілін, дінін, мәдениетін, салт-дәстүрін таратушы-ағартушы болғандықтан әдеби тілде сөйлеуі керек. Ол үшін не істеу керек? Әрине, кітап оқу керек.
Кітап әдеби тілмен жазылады. Сіз мұғалім-педагог екенсіз, сізден айналаңыз үлгі, тәрбие алатындай тұлға болуыңыз керек. Сіз мұғалімдікті таңдадыңыз ғой, ендеше, халық үшін, ұрпақтың болашағы үшін біліміңізді айналаңызбен бөлісуге дайын болуыңыз керек.
– Қалай ойлайсыз, қазір мұғалім көп пе, ағартушы көп пе?
– Мұғалім көп. Мен көп айтатын мына мысалды бөлісе кетсем артық болмас деп ойлаймын.
Екі қоян қашып келе жатыр екен. Соңдарынан дүбірлетіп аңшы қуып келеді. Жолайырыққа жеткен уақытта қояндар бір-бірінен:
– Енді қай жерде кездесеміз? – деп сұрайды дейді. Сөйтсе біреуі:
– Аңшылардың дүбірі қатты ғой, солардың қанжығасында кездесетін шығармыз, – депті.
Біздің де артымыздан келе жатқан жастардың дүбірі мықты. Солардың қанжығасында кетіп қалмас үшін біз ағартушы мұғалім болуымыз керек. Мұғалім жүзбен, мыңмен жұмыс істейтін адам. Жүректі болса, жүрегі таза болса, мыңға айтқанын жасатады. Ол үшін оның оқығаны, өзінің мамандығына деген махаббаты, айтары болуы керек. Егер кітап оқымайтын болсаңыз, сіз бос сөйлеп, дастарқан басының әңгімесін айтып кететін боласыз.
– Ойыңыз, әңгімеңіздің бәрі кітапқа келіп тіреліп жатыр. Дәл қазіргідей технология дамыған, жасанды интеллект айтқаныңның бәрін орындап тұрған уақытта кітап адамға не бере алады? Бұл сауал біреуге орынсыз көрінуі де мүмкін, өйткені біздің қоғам кітап, баспасөз оқудан алшақтап кетті.
– Жасанды интеллект маған төтеннен келгендей көрінеді. Әзірге көпшілік оның пайдасы туралы ойланған жоқ. Оның уақытты үнемдейтіні, тапсырманы жылдам орындайтыны бәрімізді қызықтырып отыр. Әлемдік үрдістен қалмау мақсаты да бар.
Жалпы, жасанды интеллект басқа елдерде бұрынырақта басталған және олар оны өздеріне жұмыс істетіп жатыр. Ал, бізде қалай? Алғашқыда біз өзімізді мультфильм етіп жасап, әлем көретін әлеуметтік желіде жүрдік. Негізінде біз мультфильмді өзімізден жасамай, өзін жасаумыз керек еді. Біздің елдің алдында түрімізді де, сөзімізді де жасанды интеллект жасап, өзіміз өзіміздің көрерменіміз болып қалдық. Бұның бәрі тәуелділікке әкеледі.
– Біз жасыратыны жоқ, кінәлағанды және кінәліні іздегенді жақсы көреміз. Мемлекет басшысы айтты, жоғарыдан тапсырмалар келіп жатыр, сондықтан жасанды интеллектке жедел көшіп жатырмыз деген ақпаратты көзіміз жиі шалады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев оқитын ұлт қалыптастыру туралы бұдан бірнеше жыл бұрын айтты. Кітапқа бетбұрыс «Оқуға құштар мектеп» бағдарламасынан басталды. Ұлттық кітап күні белгіленді. Биыл «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру» жөніндегі шаралар туралы жарлық шықты. Бірақ кітапқа дәл жасанды интеллектке бас қойғандай жеделдік, құлшыныс байқалмай отыр. Барлық мектептің оқушылары кітап оқып жүр деп те айта алмаймыз. Неге?
– Кітап оқу туралы алғаш айтыла бастағанда электронды кітапхана деген шықты. Не дейсің, мектептердің қабырғаларында QR-код тұр, соған қараймыз да кітап оқи береміз, бала кітап оқи береді деп ойладық. Бәрін жасадық. Кейін бала бұған қызыға ма, жоқ па деген сауалдар туа бастады.
Кітап сөрелерін қойдық. Осындай зерттеулер, ізденістер болды. Жүйелі жұмыстың арқасында біздің оқушыларымыз кітапқа келді. Ал, кей мектептерде QR-кодтар оқыту үшін емес, «көрнекілік» үшін қойылады. Ондай білім ордаларында кітапқа қызығушылық қағаз деңгейінде болуы әбден мүмкін.
Кітап оқудан қалай ажырап қалдық? Себебі біз күнделікті келіп тұратын баспасөзден бас тарттық. Ол кезде халықтың көп бөлігі кітаптан гөрі күнделікті келіп тұратын басылымдарды оқыды, ақпарат алды. Оқу арқылы тілін, ой-өрісін дамытты.
Ең маңыздысы, газеттегі ақпараттың алдамайтынын білетін. Газеттерде тіпті қате болмайтын. Қоғам басылымдағы дүниелермен дамыды. Қазір қалай? Интернетке кіріп алдық, ақпарат көп, қайсысы керек, қайсысы керек емес, қайсысында шындық бар, қайсысы фейк ақпарат екенін ажыратып жатқан ешкім жоқ. Бұл өз кезегінде алаяқтыққа жол ашып отырғанын өмірден көріп жүрміз. Бұрын кітап аз, кітап оқитын адам көп болды, ал қазір керісінше, кітап көп те, оқитын адам аз.
Десе де алға жылжу бар. Кітап дүкендеріне барсаңыз, жастарды көп көресіз. Бұл нені айтады, аға буын кітаптан ажыраған жоқ, жас буын кітап оқуға ұмтылып жатыр. Сонда оқымайтын орта буын болып тұр. Өзімнің әке-шешем зейнетте. Оқитын адамдар. Бір барғанға 10 кітап апарып бердім. Бірнеше күн өткен соң байқасам, 8 кітап бір бөлек, 2 кітап бір бөлек тұр. «Мына 8 кітаптың бәрін оқып қойдыңыздар ма?» десем, «Қазір кітаптың бәрі уағыз болып кеткен ғой, сегізін бөлек алып қойғаным сондықтан. Ал мына екеуі әдеби, бірақ оқып қойған екенбіз», – деді.
– Ата-анаңыз кітапты таңдап оқитын болып тұр ғой...
– Иә. Негізі кітап оқитын адамдар қолына түскен кітапты 4-5 бетін парақтаған соң-ақ, өзіне керек пе, жоқ па, ажыратады. Әкемнің бөлек қойып қойған кітаптары, баюдың құпиясын ашып, психологиялық кеңестерге құрылған, кейбірі өмірбаяндық жинақтар екен. «Жетпістен асқан мен бұдан не аламын?!» дейді. Ал қалған екі кітапты «қайта оқысам деп отырмын, балаларға айтып беретін өнегесі бар» деп бөлектепті.
Жақында әкеме сыйлыққа Мұхтар Мағауиннің 26 томдығын апарып бердім. Кітаптарды алып тұрып әкем: «Аласапыран» романы қай томда екен, кезінде электронды нұсқасын телефоннан оқып едім, соны оқып бастайын», – деді. Сонда қараңыз, 75-тегі адам телефоннан кітап оқып жүр. Бұл тарихқа, кітапқа деген құмарлық пен қызығушылықтың нәтижесі болып тұр ғой.
«Мектеп үшін ең керегі – құндылық...»
– Сіздің оқитын отбасыда өскеніңіз көрініп тұр. Ұрпағын кітап оқуға тәрбиелеген отбасының ұстанымы қалай болады екен? Біле отырсақ. Жалпы баланы кітап оқуға отбасында қалай баулуға болады?
– Өз отбасымнан бастайын. Жолдасым құрылыс саласында, әдеби кітаптарды көп оқи бермейді. Балаларымыз кітап оқиды. Мынаны айтқым келеді, үйінде кітап сөресі жоқ отбасының баласы кітап оқымайды. Баланың сабаққа дайындалатын орнында оқулықтан басқа оқитын кітаптары тұратын сөресі болуы керек. Мен өзім қонаққа барған үйден бірден кітап сөресін іздеймін. Негізі әр отбасы баласына жағдай жасағанда, оның оқуына да жағдай жасауы керек. Жаңа айттым ғой, оқулықтан басқа оқитын кітаптарын да жинақтап, көзінің алдына қойып қойса, мен мұны баланың жағдайы жасалған деп айта аламын.
Өз тәжірибемнен айтайын, алдыңғы екі балам кітапқа аса құмар емес. Себебі өзіміз жас болдық. Басылымдарды жаздырып алу бәсеңси бастан кез. Айналаң да әсер етеді. Десе де «НЛО», «Ойла» деген балаларға арналған журналды жаздыртып бірге оқып жүрдік. Ішіндегі мазмұндарды ғылыми жобалардың тақырыбына пайдалануға әдеттенді. Осылай үлкен қызым ғылымға қызықты. Негізі, бала ата-ананың бейімдеуіне қарай қалыптасады.
Екінші балам спортқа кетті. Ол: «Мама, мені экспериментке қоймашы, мен өзімнің жолыммен жүрейінші», – деді. Мінезді балалар болады ғой, сондай бала болды. Ал, кенже баламмен кітап дүкендерін көп араладық. Осылай кітаптың қадірін біліп өсті. Кітап оқиды, жазады. Қазір маған көп кітапты осы кіші балам сыйлайды. Мерекелерде «қалаған кітабыңызды алыңыз» деп кітап дүкендерінің сертификатын береді. Бұл отбасылық дәстүр деп айта аламын. Мен ата-анама, балам маған кітап сыйлайды.
– Астанадан Түркістанға келіп, жаңа мектептің басшысы болдыңыз. Мектеп – ол жаны бар дүние. Оны оқушы, мұғалім, ата-ана қалыптастырады. Әркімде әртүрлі ойдың болуы заңдылық. Бәрін бір арнаға тоғыстыру, жұдырықтай жұмылдыру басшының шеберлігіне байланысты. Неден бастадыңыз?
– Құндылықты айқындап, түгендеуден бастадым. Жаңа мектеп ашылғанда басшылар дамыту жоспарын жасайды. Маған берілген тапсырма – Түркістан қаласында оқушыларды олимпиадаға дайындайтын жаңа форматтағы оқу ордасын қалыптастыру болғандықтан, алғаш дамыту жоспары осы бағытта жасалды. Тәжірибе бар, біліктілік бар – бәрін пайдаландым. Бірақ жұмыс жүрмеді. Оқушылардың кешігуі, тазалық сақтамауы қайталана берді. Барлық жағдай жасалған, жаңа қала, жаңа мектеп жарқырап тұр, бірақ соны пайдаланатын жатқан бала жоқ. Ата-аналарға осыларды ескертемін деп сөз естіген кездерім де болды.
Не істеу керек? Ойлана келе, мектеп үшін ең керегі құндылық екені түсіндім. Құндылықтардың бағдарламасын жасап, бір жыл алысып, оны да кіргізе алмадым. Сөйтсем, жұмыстың жүйесін мен жалғыз өзім ғана түсінеді екенмін, жанымдағыларға оны ұғындыруым қиын, олардың ілесуі баяу болды. Жұмыс жүріп жатыр, бірақ уақыттан ұтылып жүрміз. Іздегенге сұраған жолығады ғой, осы құндылықтарды оқытып жүрген, халықаралық дәрежеде мойындалған Жігер деген жас жігіт бар екен, сол жолығып, оқуды бастадық. Бастапқыда 25 мұғалім оқыды. Сол 25 мұғалім кейіннен бүкіл ұжымға өз білгендерін таратты.
– Мектепті дәл қазіргідей дәрежеге жеткізген құндылықтарды атап айтайықшы...
– Ең бірінші – тазалықтан бастадым, бір айға қойдық. Әрекетімізді апталарға бөлдік. Бірінші аптада мектепте жан-жағымызды тазаладық. Екінші аптада үйімізді, үйіміздің жан-жағын тазалап, видеоға түсіріп салдық. Үшінші аптада сөмкемізді тазаладық, төртінші аптада телефонымызды тазаладық. Телефонда керек емес дүние, сурет, видео, чаттар көп қой. Бәрін тазалап, бір-бірімізді тексеріп, есеп бердік.
Осыдан кейін аналармен жиналыс өткізіп, жақсылықтың да, жамандықтың да бәрі бізден, аналардан басталатынын мысалдармен түсіндіріп айттық. Жылы су ағып тұрғанда баланың жағасының кір боп жүруі, тырнағының алынбауы баланың кінәсі емес, біздің, аналардың кінәсі дегенде қарсы сөз еститін шығармын деп едім, ешкім үндемеді. Бәрі басын шұлғып, үнсіз кетті. Осылай мектепке тазалық келді. Тазалық – басты құндылық, өйткені тазалық бар жерде береке бар. Ол үй болсын, мектеп болсын, қала болсын, солай.
Екінші құндылық – адамгершілік. Көмейді толтыру оңай, көңілді толтыру қиын. Көңіл көңілден су ішеді дейді. Ұжымға да, ата-анаға да маған басшы екен деп иіліп, сыйлық берудің керегі жоқ. Көңілге келмей дұрыс сөйлеп, дұрыс жүретін болса, сол адаммен мен жақынымдай, құрбы-құрдасымдай сыйласамын деп ескерттім. Мектепте осындай сыйластық орнату үшін 9 айға 9 іс-шара бекіттік. Бұл құндылықты орнықтыруда кітаптың, кітап оқудың орны бөлек. Кітап оқуды қысқа әңгімелерден бастап кеттік. Алдыңызда тұрған қызыл, көк папкалардың бәрінде біз оқыған адамгершілік құндылықтарына негізделген әңгімелер жинақталған. Оқушылар әр дүйсенбідегі сынып сағаттарында 20 минут осы әңгімелерді оқиды. Бұл әңгімелер күнделікті сабақта партасында тұрады. Мысалы, биология сабағында көз туралы айтылып жатса, оқушы оқыған әңгімесінен мысал келтірсе, 1 балл қосатын жүйе жасадық. Кітап оқуды осылай пәнаралық байланыс арқылы сабаққа кіріктіргенбіз.
«Патриот – өз тілін сақтап қалған адам...»
– Нәтиже туралы айтсаңыз. Осының бәрі аз уақыттың ішінде болған сияқты. Мектеп, оқушы, мұғалім, ата-ана қалай өзгерді?
– Үлкен өзгеріс болды. Бірінші сәлемдесуіміз өзгерді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет орнады. Неге? Өйткені, бізде оқушы ғана кітап оқыған жоқ, мұғалім, ата-ана да кітап оқыды. Бізде ата-аналар лекториясы бар. Мектеп кітаптың төңірегінде топтасты, тұтастанды. Өзі ата-аналар жиналысын өткізу тәртібі бар ғой. Сыныпта келеңсіз жағдай болса, ата-аналар жиналысын өткізу қалыпты. Біз егер сыныпта жақсы жетістіктер болса да ата-аналарды шақырамыз, қуанышымызды бөлісеміз. Мұны ұлықтау жиыны дейміз. Осылай мектеп пен ата-ана арасында түсіністік, сенім орнады.
Ата-анаға кеңес бермейміз, ақыл үйретпейміз. Қай сынып оқушылары көп кешігеді, ата-аналарын шақырамыз. Осы кешігуге байланысты бір ғана мысал айтайын. Кешігіп келген оқушыларға Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» кітабынан уақыттың қадірін жеткізетін бір парақтық үзінді келтіріп, бәріне таратып бердік. Оқыды, талдады. Өздерінің кемшіліктерін өздері түсінді. Бір минуттың қадірін білу үшін төрт қабырғаға қарап жатып қалудың керегі жоқ екенін, бір секундтың қадірін білу үшін спортсмен болудың керегі жоқ екенін түсінді.
Бізде мектепте оқушылар екінші аяқ киіммен жүреді. Алғашқыда ата-ана тарапынан көп қарсылық болды. «Алғашқы махаббат» деген кино бар емес пе?! Сол киноның режиссерын Мәскеуге оқуға емтихансыз қабылдайды. Бес жылдан кейін барып «Мені неге емтихансыз қабылдадыңыз?» дегенде, «Сонау соғыс кезінде құрым етікті жылтыратып, тап-таза боп киіп келгенің үшін, аяғын сыйлаған студент басын да сыйлайды ғой, тазалығы бар деп қабылдадым», – дейді ректор. Осы киноны талқылап, ата-аналар өздері екінші аяқ киімді қолдап шығып, мәселе шешілген.
– Сіздерде мәселенің бәрін кітап шешеді екен ғой...
– Әрине. Сіз қазір ата-анаға мораль оқысаңыз, мені тәрбиелеп жатыр деп қабылдайды. «Егер балаңызға 6 жасына дейін ертегі айтып тәрбиелемесеңіз, ол бала 15-ке келгенде сізге ертегі айтады» деген сөз бар. Мен ата-анаға осыны айтамын. Мектебімізде 82 сынып бар. Сол 82 сыныптың белсенді ата-аналарынан құрылған чат бар. Жұма күні сол жерде келесі аптада оқылатын әңгімені ұсынамыз, мынау адалдыққа байланысты әңгіме деп ортаға тастаймын, оқиды. Бір күнді белгілеп, мектепке келіп талқылаймыз. Бізге көрші №14, №19 мектептің директорлары да қосылады.
– Әңгімені қалай таңдайсыздар?
– Бізде үш мұғалім бар. Алдымен солар оқиды, құндылықтарға негіздейді, содан кейін таратылады. Кез келген кітап, әңгіме емес, көркем әдебиет таңдалады. Осылай кітап оқу мәдениетін тәрбиемен ұштастырып қалыптастырып келеміз. Оқу мәдениеті қалыптасу үшін қолмен ұстап, сезінетіндей қағаз кітап оқылуы керек. Оған күтім жасай отырып та мінез қалыптасады. Білесіз бе, кітап көрген сайын, қолға ұстаған сайын жаңаланады. Сіз интернеттен кітап оқыдыңыз дейік, оны қайтара қашан оқисыз? Қолда тұрған жоқ, іздеу керек...
– Директордың, мұғалімнің функционалдық міндеті бар. Сізде де солай. Ал мына жұмыстар сіздің қоғамдық мінезіңіздің көрінісіне ұқсайды.
– Мүмкін. Бұл менің өзім қалаған мамандыққа деген адалдығым, балаға деген махаббатым, болашаққа көрсеткен ағартушылық қызметім десем болатын шығар. Білесіз бе, патриотизм деген сезімді мен осы Түркістанға келгенде сезіндім.
– Патриот деген кім?
– Бірінші, өз тілін сақтап қалған адам. Сонымен қатар, дәстүрін сақтап, ұғындыра, тарата білген адам.
– Өтірік айтқан кезіңіз болды ма?
– Өтірік айтатын кезің де болады. Директорларға арналған семинарда әріптестеріме «Анамның өтірігі» деген әңгімені оқыттым. Жыламаған директор қалмады. Соғыс кезінде нан жемей кеткен ана болған. Сол ана тапқан нанын: «Мен тойып тұрмын, балам, жей ғой», – деп баласының аузына тосады екен. «Анамның ашқұрсақ екенін сезбедім», – дейді бала. Бұл – ананың шынайы өтірігі. Біз бала үшін, жолдасымыз үшін, отбасын сақтап қалуымыз үшін, анамыз бен әкеміздің көңіліне келіп қалмас үшін өтірік айтуымыз мүмкін.
– Баланың бойына қандай құндылық сіңіруіміз керек?
– Бірінші құндылық – жан мен тәннің тазалығы. Мектепте дене шынықтыру сабағы сапалы оқытылу керек. Еңбек сабағы жолға қойылуы керек, ән сабағына үлкен мән берілуі керек. Содан кейін лицей, гимназия, мамандандырылған мектеп туралы айтуға болады. Жоғарыда айтқан үш пән жан мен тәннің тазалығын қалыптастырады.
– «Біз түркістандықпыз» деген сөз бар. Мағжан Жұмабаев:
«Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған,
Түріктің Тәңірі берген несібесі ғой», – деп жырлаған. Сөзіңіздің басында басқа өңірден келгеніңізді айттыңыз. Сізге Түркістанда тұру бақыты бұйырған екен, өзіңізді түркістандықпын деп есептейсіз бе?
– Әрине. Түркістанда тұру түркістандық дегенді білдірмейді, Түркістанды тану түркістандық дегенді білдіреді. Бірде тарих пәнінің мұғалімі жұмыс сұрап келді. «Осы жердің тумасысыз, Түркістанды төрт қақпалы Түркістан дейді, атап беріңізші», – десем, білмейді. «Қаланың кіндігі қай жер?» – десем, жауап бере алмайды.
Мен өзімді Түркістанды танып жүрген адаммын деп есептеймін. Құндылық, тарихтың бәрі – Түркістанда.
– Арнайы уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рақмет! Бала жүрегіне білім мен ізгілік дәнін себетін ұстаздыдықтың осы бір ұлы жолынан таймай жүре беріңіз.