Елжас Омарханов, кәсіпкер, «Игілік» қоғамдық қорының құрылтайшысы: «Қайырымдылық жасау адами ұстанымға айналу керек»

Авторы: Әлия ӘУЕСБЕКОВА

18.09.2026

 

Қайырымдылық – қолдағы барды бөлісу ғана емес, қоғамға жанашырлық танытып, өзгеге қол ұшын созуды азаматтық парыз деп түсіну. Осы ұстанымды өмірлік қағидасына айналдырып, кәсіпкерлікті қоғамдық қызметпен ұштастырып жүрген жандардың бірі – Ордабасы ауданының тұрғыны Елжас Омарханов. Ол «Игілік» қоғамдық қоры арқылы тек қайырымдылық шараларын ғана емес, білім, спорт және әлеуметтік бағыттағы түрлі жобаларды да жүзеге асырып келеді. Жастарды кітап оқуға, білімге, спортқа және рухани құндылықтарға баулитын жұмыстарды бар жан-тәнімен атқарып жүрген бұл азамат бүгінде талай толымды істерді тындырып жүр. 

Біз Елжас мырзамен сұхбаттасып, оның кәсіпке келу жолы, қайырымдылыққа бет бұруына себеп болған жағдайлар, «Игілік» қоғамдық қорының атқарып жатқан жұмыстары туралы сұрап, бірқатар сауалдарымызға жауап алдық. Сонымен қатар, қоғамдағы ізгілік пен жанашырлықтың маңызы, шынайы патриотизм жайында да сүбелі әңгіме өрбіттік. 

Қордың жұмысы қайырымдылықтан басталды

– Елжас мырза, кәсіпке қалай келдіңіз?

– Менің негізгі мамандығым – денешынықтыру және спорт саласы. Шынымды айтайын бұл мамандық бойынша жұмыс істеген жоқпын, бірден жеке кәсіпке кеттім. Ауылға келген соң «Ауданда не жоқ, қай саланы дамытқан дұрыс?» деп ойланып жүрдім.

Бір күні ауыл балаларының басын қосып, футбол жарысын ұйымдастырмақ болдым. Қалтамда көк тиын ақшам жоқ. Ақша жинап, 5000 теңгеге жеңімпаз командаға беретін кубок сатып алдым. Ол кубок әлі күнге дейін сақтаулы. Кубоктың астына жазатын қазіргідей бедерлеу, яғни «гравировка» деген нәрсе жоқ. Оның орнына сурет жабыстырайын деп шештім де, ауылда сурет шығаратын бір ғана жер бар еді, сонда бардым. Күнде барып жүріп, үш күн дегенде әрең шығардым әлгі суретті. Қай уақытта барсаң да толған адам. Ол жерде суретті телефоннан шығарғаннан гөрі түсіргені қымбатырақ шығады екен. Маған қарап жатқан бір жан жоқ, келген адамдарды фотоға түсіріп, суреттерін шығарып беріп жатыр. Содан маған: «Мына жұмысты бір адам істеп үлгере алмай жатыр. Осы кәсіпті қолға алып көрсем қалай болады екен?» – деген ой келді. Солай 2009 жылы осы жұмысты бастап кеттім. Міне, содан бері 17 жыл өтіпті, осы салада келе жатырмыз. Бізде тек қана сурет емес, кең көлемдегі, үлкен форматтағы суреттер, ішкі жарнама, сыртқы жарнама, баннерлер, стендтер, кабинетті безендіретін көрнекіліктер, медальдар, марапаттау заттары – бәрі жасалады. Бүгінде Ордабасы ауданының 70 пайыз сұранысын біз қамтамасыз етіп отырмыз деп айта аламын, қалған 30 пайызын бізден үйреніп шыққан жігіттер толықтырып отыр.  

– «Игілік» қоғамдық қорының жұмысы қашан және қалай басталды?

– Қор ашу туралы идея бес жыл бойы ойымда жүрді. 2020 жылы Шұбар ауылында қатты құйын көтеріліп, бір көшенің бойындағы 20 шақты үйдің шатырын ұшырып әкетті. Соның ішінде бір отбасы аз қамтылған екен. Қаржы жинап, жомарт жандар, меценат азаматтар, жергілікті халық бар, жабылып екі күннің ішінде сол отбасының шатырын жауып, артылған азын-аулақ ақшаға сол отбасыға қажетті тұрмыстық техникалар алып бердік.

Дәл осы кезде Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы да жарылып, салдарынан Өзбекстанның біраз ауылы мен Қазақстанның Мақтаарал ауданындағы бірнеше ауылын су басып қалған еді. Біздің қордың жігіттері Мақтааралға барып, сонда біраз күн болып, не керек екенін зерттеп алып, қаржы жинадық. Жиналған қаражатты зардап шеккен ауылдардың имамдарына халықтың аманаты деп табыстап кеттік. Қордың игілікті істері осы кезден басталды.

Кейін мұқтаж жандарға баспаналы етуді де қолға алдық. Алғашқы қаражат Қайнар ауылының тұрғынына жиналды. Осы оқиғаны айтып берейін. Бір күні Қайнар ауылынан тұсынан өтіп бара жатып, жол жиегіндегі зәулім үйлердің арасында тұрған жалғыз ескі кепе үйге көзім түсті. Тұрмыстық жағдайын білгіміз келіп, тоқтап, «Мына жерде адам тұра ма?» деп төңіректегілерден сұрастырсақ, бұл үйдің тұрғыны – бес немересін жалғыз өзі бағып отырған II топ мүгедегі Рахима апа екен. Тағдыр тауқыметін тартып отырған апамыздың жалғыз ұлы жол апатына түсіп, жұмысқа жарамсыз болып қалыпты. Сол кісіге «Игілік» қоры тарапынан қол ұшын созып, шағын төрт бөлмелі баспана салып бердік. Қордың құрамындағы жігіттер басы-қасынан табылып, жанталасып жүріп бітірдік. Біздің жігіттер іргетасынан бастап өздері қалаған соң, әлі күнге дейін сол үйді ерекше еске алып отырады.

Бұдан бөлек, Темірланда баспанасы қызыл жалынның құрсауында қалып қойған отбасыға көмектестік. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған жанұя еді. Тұрған үйі бір күнде жанып кетті. Шама-шарқымыз келгенше демеушілер тарапынан есік, еден секілді үйге қажетті материалдарын алып беруге қол ұшымызды создық.

Сонымен қатар, өз үйі әбден ескіріп, жаңадан тұрғызуға жағдайы жетпеген тағы бір отбасының ауданның жомарт азаматтарының атынан баспаналы болуына атсалыстық. Бұған дейін Көлтоған, Ақкөл ауылдарындағы осындай отбасыларға баспана тұрғызған болатынбыз.

Кейін «20 жылдықта бір баспана» жобасын қолға алып, соның аясында Темірлан ауылының 1984 жылғы түлектері ораза айында қаржы жинап, ауылдағы үйсіз жүрген бір отбасыға баспана салып беру туралы бастама көтердік. Бес мектептің түлектерінің басы бірігіп, бұл бастама бірден қолдау тапты. Кейін бұл істі 1985 жылғы жігіттер жалғады.

Бұл жерде біздің қор – тек бастама көтеріп, бағыт-бағдар беруші ғана. Ал негізгі қаржыны 20 жылдық түлектер жинап берді. Жобаға Марлен Әбубәкір және Мадлен Әбубәкір есімді егіз азаматтар белсене атсалысты. Аталған жоба негізінде осылай үш рет үй берілді.

– «Игілік» қоғамдық қорында қайырымдылықтан басқа тағы қандай бағыттар қамтылған?

– Иә, қор негізінен үш бағытта жұмыс істейді: білім, денсаулық және спорт, әлеуметтік бағыт. Әсіре, білім саласына көбірек басымдық береміз. Оның ішінде мектептерде, балалар үйінде өткізілетін бір реттік іс-шаралардан бөлек шығарма байқаулары, зияткерлік олимпиадалар, тілдік курстар, ғылыми жобалар бар. Білім гранттарына да қаржы құямыз деп жоспарлағанбыз. Ары қарай мұны үлкен ауқымды жобаға айналдырып, ауданның балаларына университеттерден гранттар аламыз деген ниет болды. Оның жолдарын да қарастырып қойған едік. Бірақ, өкінішке қарай, қазір ол жоспарымыз уақытша кейінге қалып тұр.

Білім бағыты бойынша сәтті жүзеге асырылған жобалардың бірі – «KitapLife» кітап оқу сайысы. Біз мұны қор құрылмай тұрып, 2019 жылы жүзеге асырған болатынбыз. Мұндағы мақсатымыз  балалар арасында кітап оқуды кеңінен насихаттау, олардың  кітапқа деген қызығушылығын арттыру еді. Жоба аясында Бердібек Соқпақбаев, Шерхан Мұртаза, Дулат Исабеков, Бауыржан Момышұлы, Әзілхан Нұршайықов секілді мықты қаламгер тұлғалаларымыздың еңбектері оқылды. Былтыр «KitapLife» жобасы алтыншы рет өткізілді. Жеңімпаздарға ноутбук, телефон, планшет секілді бағалы заттар сыйладық. Бірақ, соған кемі 400-500 бала қатысатын шығар деп ойлаған едік. Олай болмады. Жыл өткен сайын қатысушылардың саны азайып бара жатқаны көңіл қынжылтады.   

Онымен қоса 2020 жылы оқушылар арасында «Анаға хат», «Әке арманы» секілді жобаларды да бастағанбыз. Негізгі мақсат жас ұрпақтың әкеге, анаға деген сүйіспеншілігі мен құрметін арттыру, ата-ананың қоғамдағы айрықша рөлін терең сезіндіру және оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту еді. Жобада ауданымыздың жоғары сынып оқушылары ата-анасына деген жылы лебізін, шексіз махаббаттарын, ризашылық сезімдерін, сағынышын шығарма түрінде жазып, жеңімпаз оқушылар бағалы сыйлықтарға ие болады. «Анаға хат» – белгілі айтыскер ақын Ақмарал Леубаеваның жобасы. Сол кісінің өзінен рұқсат алып, оқушылар арасында өткізген болатынбыз. Кейіннен бұл жобаларды тоқтатуға тура келді. Себебі жеңіл жолмен олжалы болғысы келетін оқушылар көбейе бастады. Мысалы, «Анаға хатты» биыл «Ізгілік» қоры Шымкент қаласында өткізген болатын. Біздің бұл қормен де байланысымыз бар. Кей жұмыстарды бірлесіп атқарып жүрген жайымыз бар. 900-ге тарта хат келген. Оның ішінде 850-і жасанды интеллект арқылы жазылған. Қалған елу шығарманың арасынан онын таңдап алып, алғашқы бесеуіне хабарласып, шығарманы қалай жазғанын сұрасақ, онда да үшеуі жасанды интеллект арқылы жазған болып шықты. Сонымен бұл жобаларды ары қарай жалғастыруды жөн көрмедік.

«Қазаққа білім жолындағы жарыстар керек» деген оймен «Білім жарысы» зияткерлік олимпиадасын да ұйымдастырып жүрміз. Ол жерде қазақ тілі, қазақ әдебиеті, орыс тілі, ағылшын тілі, химия, биология, математика, физика, география, Қазақстан тарихы – барлығы он пәннің негізінде 50 сұрақ дайындалады. Сұрақтарды Назарбаев мектебінде білім алған темірландық мұғалімдер, ауданның IT  мамандары, т.б. құрастырады. Жоғары балл жинаған оқушыларға қор тарапынан арнайы бір жылдық шәкіртақы тағайындалады.

2021 жылы «Игілік» қоғамдық қорына Темірлан ауылынан мемлекет тарапынан арнайы ғимарат берілген болатын. Өкінішке орай, былтыр қысқа тұйықталудың кесірінен от шығып, кеңсеміз өртке оранды. Тосыннан келген тілсіз жаудың кесірінен тірнектеп жинаған біраз кітаптарымыз бен балаларға арналған робототехникалық құрал-жабдықтарымыздан айрылып қалдық. Айтпағым, сонда «Жалынды жастар» алаңын құрып, осы кеңседе жастар, жоғары сынып оқушылардыәртүрлі салада жетістікке жеткен тұлғалармен кездестірдік. Оған ақын, аудармашы, педагог Абай Қалшабек, бокстан әлем чемпионы Біржан Жақып, режиссер, мобилография саласының майталманы Руслан Абжал, жазушы, әдебиеттанушы ғалым, алаштанушы, сыншы Елдос Тоқтарбай сынды мықты азаматтарымыз келді. Осы кездесуде жастар келген қонақтарға көкейіндегі өздерін қызықтырған сауалдарын қоюға мол мүмкіндік алды.

Сонымен қатар, Youtube арнасында «Игілік» каналын ашып, біразымен подкаст түсірдік. Бір кейіпкеріміз – өзіміздің ауылдың тумасы Болат Қожагелдиев. Алматыдағы КБТУ-ды бітіріп, қазіргі таңда Францияның TotalEnergies (бұрынғы Total) деп аталатын әлемдегі ең ірі халықаралық мұнай-газ және энергетика компаниясында қызмет етеді. Сол секілді Темірланнан шыққан Американың алпауыт Google компаниясында жұмыс істейтін Бақытжан Төреханов деген жігіт бар. Ауылға келген кезде жастармен кездестіріп, балалар күні қарсаңында онымен де арнайы түсірілім жасадық. Осындай мықтылардың қатарына сыныптасым Сұлтан Арызқұлды да кіргізуге болады. Қазіргі таңда ол – Назарбаев Университетінде профессор, оның үстіне Қазақстандағы «Ең жас ғалым» атағын алған. Бүгінде елімізде қарқынды енгізіліп жатқан 5G технологиясының әзірлеу жұмыстарына осыдан бес жыл бұрын белсенді атсалысқан жандардың бірі.

Мұндай кездесулерді, түсірілімдерді ұйымдастырудағы мақсат біреу – жастарға ауылдан шығып та, тек республикалық емес, әлемдік деңгейде жұмыс істеуге мүмкіндік бар екенін көрсеткіміз келеді. Қор тарапынан осындай ағарту жұмыстарын да қоса насихаттауды дұрыс көрдік.

Содан соң кітап оқуды насихаттау мақсатында ғалым, профессор Бейсенбай Кенжебаевтың еңбектері негізінде ғылыми конференция ұйымдастыруды да көздегенбіз. Әзірге бұл жоспарымыз алдағы уақыттың еншісіне қалып тұр.  

Алтын құрсақты аналарды да насихаттап жүр

– Спорт және әлеуметтік бағыттағы жұмыстарыңызға тоқталып кетсеңіз....

– Спорт бағыты бойынша да бірқатар ауқымды жұмыстар атқарып келеміз. Ауданда бес спорт түріне – футбол, баскетбол, волейбол, бокс және дзюдоға басымдық беріп, аудандық және облыстық деңгейде түрлі турнирлер мен жарыстар ұйымдастырдық. Бұл бастамалардың негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулу, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және салауатты өмір салтын қалыптастыру. Қуантатыны – балалардың спортқа деген қызығушылығы өте жоғары. Жарыстарға қатысуға ниет білдіретін жас спортшылардың қатары жыл сайын артып келеді. Әсіресе командалық спорт түрлерінде балалардың ұйымшылдығы мен жеңіске деген талпынысы байқалады. Біз үшін басты нәтиже – жүлделі орындар ғана емес, балалардың спортпен тұрақты айналысып, өз қабілетін шыңдауға ұмтылуы. Бүгінгі жас спортшыдан ертеңгі ел намысын қорғайтын азамат шығады. Сондықтан бұқаралық спортты дамытуға, балаларға қолайлы жағдай жасауға және талантты жастарды қолдауға алдағы уақытта да көңіл бөлетін боламыз.

Ал енді әлеуметтік бағытқа келер болсақ, мұның ішінде жоғарыда айтқан қайырымдылық шаралар және кәсіп бастауға қолдау көрсетуге қатысты бірнеше жобалар бар. Мысалы, «Әрекетке берекет» жобасы аясында үйде отырып кондитерлік өнімдер пісіріп сатқысы келген бір жанға пешін, тоңазытқышын, тігінмен айналысамын деген кісіге тігін машинасын, сол секілді тағы да басқа құрал-жабдықтар алып бердік.

Сондай-ақ, қазір бізде «Бір ұжым – он отбасының қуанышы!» деген қайырымдылық эстафетасы да тұрақты түрде жалғасып келеді. Кәсіпкерлер 10 отбасыға азық-түлік апарып береді де, осыны ары қарай өзгелерге эстафета ретінде жолдайды.

«Мектепке жол» қайырымдылық акциясы да жыл сайын өтеді. Қордың тізімінде тұрған осал топтағы отбасылардың балаларына мектепке қажетті киім-кешек, құрал-жабдықтарын алып береміз. Құрбан айтта, Рамазан айында да бұл жұмыстар жалғасын тауып жатады. Әрине, бұл тұста мұндай ізгілікті істердің халықтың, демеушілердің, жомарт жандардың арқасында жүзеге асып жатқанын айта кету керек. Біздің қор қайырымдылық жасауға ниетті жандар мен көмекке мұқтаж жандардың арасын жалғайтын көпір ғана. Есептеп қарасақ, әлеуметтік қолдауды қажет ететін жандардың қажеттілігіне қор тарапынан жыл сайын 70-80 миллион теңге көлеміндегі қаражат жұмсалады екен. Мұндай мүмкіндік демеушілер мен қарапайым халықтың қайырымдылыққа қосқан үлесінің арқасында беріліп отыр.

– Алтын құрсақты аналарды насихаттауды да қолға алған екенсіздер...

– Иә, бұл жоба 2022 жылы еліміздің демографиясын көтеру жолында және көп балалы аналарды қазіргі жастарға үлгі-өнеге ету мақсатында басталды. Ордабасы ауданының Темірлан ауылында бір он балалы ана тұрады. Сол кісіге сыйлығымызды алып, шама-шарқымызша сый-құрмет көрсеттік. Бұл кейбіреулердің көпбалалы ана санатына кірмесе де өкіметтен 42500 теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алу үшін жанталасып жатқан кезі еді. Ал бұл кісі көпбалалы бола тұра, мемлекеттен көмек сұрамаған екен. Барғанымызда да өзі туралы қайдан және қалай хабардар екенімізді сұрап, таңданысын жасырмады. Біз ол кісіге өзін өскелең ұрпаққа кеңінен өнеге ету мақсатында келгенімізді айттық.

Дәл осындай он екі балалы отбасы Шұбар ауылында да бар. Күнделікті қарапайым еңбекпен ауласында тауық асырап күнелтіп, балаларын жеткізіп жүрген жандар. Біз үшін мұндай отбасылар – көпбалалы болудың ғана емес, еңбекқорлықтың, сабырдың, жауапкершіліктің және отбасы құндылығына адалдықтың нағыз үлгісі. Осындай отбасыларды насихаттау арқылы біз жастарға отбасы құндылығының, бала тәрбиесінің және жауапкершіліктің маңызды екенін көрсеткіміз келеді. 

– «Игілік» қайырымдылық қорының алдағы жоспары қандай?

– Осыған дейін аудан көлемінде жалпылама жұмыс істедік. Енді соның ішіндегі нәтижелі жұмыстарымыздың бәрін бір арнаға шоғырландырып, оны аудандағы әр мектепке тәрбие жоспары ретінде ұсынсақ деген ниетіміз бар. Егер осы ойымыз жүзеге асып, балалардың мінез-құлқына, ойына, көзқарасына оң әсер етсе, біз бұл жобаны әлеуметтік пакет ретінде министрлікке ұсынар едік. Неге десеңіз, қазір оқу ошақтарында негізінен білімге басымдық беріледі де, тәрбие жағы әлсіреп қалып жатыр. Мұны кей мұғалімдердің өздері де айтады. Мұның бір себебі, ата-аналар ұстаздардың балаға тәрбие жұмысын жүргізуіне мүмкіндік бермейді. Қит етсе «менің балам» деп мектепке жетіп келеді де, мұғалімдердің өзіне қарсы шығады. Ал бұл қаншалықты дұрыс? Атақты ойшыл Әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес,  тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген  білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген жоқ па?! Егер бүгін біз бала тәрбиесіне немқұрайлы қарап, ұлттық құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірмесек, ертең өзімізге қарсы шығатын ұрпақ тәрбиелеуіміз мүмкін. Сондықтан бала тәрбиесіне келгенде мүлт кетпеуіміз керек.

Қазір біз осының аясында жұмыс істеп жатырмыз. Ұсынатын жоба мүмкін бес немесе он бағдарламадан тұрар, ол жағын қарастырудамыз. Бірақ, ең бастысы білім, спорт, мәдениет салаларын ең негізгі бағыттардың бірі етіп алып отырмыз.

Әрине, мектептегі балалардың бәрін бірдей ғалым, бәрін бірдей спортшы немесе әнші-күйші ете алмаймыз. Тек олардың деңгейін әртүрлі қырынан қамтамасыз етсек дейміз. Мысалы, театр өнерін насихаттайтын үйірмелер ашсақ, балалардың театр өнеріне әртістік қабілетін қалыптастырсақ деген ой да бар. Неге театр? Өйткені мұнда ой-санасы терең адамдар ғана жүреді. Соның бірі – Тұңғышбай Жаманқұлов. Ол кісіні үш сағат отырып тыңдасаңыз да, жалықтырмайды. Бұл кісілер әр рөлді сомдау үшін сол адамды зерттейді, оқиды, шығармасымен толық танысады. Былайша айтқанда, театр әртістері – рухани мұраны қалыптастырушылар. Сол үшін мен театр өнерін мектепке кіргізсек деген ойға келдім. Бір жағы біз балаларды танымалдылыққа қызықтыра отырып, олардан рухани бай адамдарды дайындап шығамыз. Асылында бұл үйірмеге танымалдылыққа қызығатын адам келуі мүмкін. Түбінде зиялы, парасатты, ішкі жан дүниесі бай адам қалыптасады.

Бұл ойымның шет жағасын бірер мектеп директорына айтып көргенмін. «Қолға алып көрейік» деп қолдап, қуаттап жатыр. Алдағы уақытта бұл ойымыз жүзеге асып жатса, оны «Игілік» қорының атынан емес, сол мектептердің атынан және бәріне ортақ, қолайлы болатын атаумен жоба жасасақ деген ой болып отыр. Бұған дейін аудан көлемінде жұмыс істеп, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып көрдік. Әсері жақсы. Бірақ, біз бір баланы жылына бір-ақ рет қамтуымыз мүмкін. Одан кейін ол өзінің өмір жолына түсіп кететіні анық. Ал мына жерде бір бала бір жыл бойы жұмыс істей алатындай мүмкіндік болады. Жыл бойы ол бүкіл іс-шараның ішінде жүреді. Соның нәтижесінде оның ой-өрісі кеңейіп, тұлғалық қабілеттері дамып, бойында жақсы жаққа қарай өзгеріс қалыптасады.

Бұл жобаны уақыт өте келе мемлекет қаржыландырса деген ой бар. Біз қазір қаржыландыру мәселесін бір-екі жылға шешіп қойдық. Мектептің түлектерімен де, мұғалімдермен де сөйлестік. Барлығы: «Қолдаймыз, тек сіздер бастасаңыздар болды», – деп отыр.

Содан соң осы жобаның аясында «Даңқ» аллеясын жасасақ деген жоспар да жоқ емес. Ол жерге сол мектептен шығып, әртүрлі салада жетістікке жеткен, республикалық, әлемдік деңгейде көрініп жүрген азаматтарымыздың, тағы да басқа танымал тұлғаларымыздың есімін жазып, суретін іліп қойсақ дейміз. Жастар оны күнде барып көрсін, білсін, таныссын. Өздері оқып жүрген қарапайым мектептен шығып, қандай биік деңгейге жетуге болатынын түсінсін. Негізі мықтыларымызды көбірек насихаттауымыз қажет. Өйткені олардың жетістігі – кейінгі ұрпаққа үлгі, жастарға үлкен мотивация. 

«Шынайы патриотизм ұлтты, адамды сүюден тұрады...»

– Менде мынадай сұрақ туындап тұр. Сіз өз кәсібіңізбен айналысып қана қойып жүре берсеңіз де болар еді. Бірақ сіз оған қоса қор ашып, қайырымдылық, қоғамдық жұмыстармен де айналысамын деп шештіңіз. Неліктен? Осыған не себеп болды?

– Қазір біз қоғамда қадірі қашқан дүниелерді көп насихаттап кеттік. Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, қулық-сұмдық, зорлық-зомбылық, өлім-жітім. Негативті ақпараттар көп таралып, көп насихатталып жатыр. Осылай кете берсек, ертеңгі күні бұл қоғамның тәрбиесіне ғана емес, қалыпты жағдайға да айналып кету қаупі бар. Бүгінгі қоғамда тек жаман жайттар ғана емес, жақсы дүниелер де көп болып жатыр. Бірақ, қазір жақсылықтан гөрі жамандық көп айтылып жатқандықтан болашақ бұлыңғыр, айнала күңгірт, бәрі қорқынышты, бәрі жаман секілді көрінуде. Оның орнына адамдарды жақсы істерге үндейік, қайырымдылық жасауға шақырайық. Соны көбірек айтайық. Біздің мақсатымыз  да осы – жақсы нәрселерді көбірек насихаттау. Ал сол жақсы істерге үндейтін жалғыз жол – руханият. Руханият бар кезде жақсылық та жер бетінен жоғалмайды.  

Барлығын жаман деп қара аспанға бұлт төндіре беруге болмайды. Қоғамға жанашыр азаматтарымыз бар, көзі ашық, көкірегі ояу жастарымыз бар, саналы, өрелі, парасат-пайымы биік тұлғаларымыз, білікті, сауатты, білімді мамандарымыз бар. Демек, болашақтан күтер үміт зор, алға жылжу байқалады. Ондай жандардың біразын маңайымыздан көріп-біліп те жүрміз. Мысалы, өзім білетін қайырымдылық саласы бойынша айтайыншы. Есімдерін атамай-ақ қояйын, біздің ауданның өзінде ешкімге жария қылмай, талай игі істерді жасырын атқарып жүрген біршама азаматтарымыз бар. Осал топтағы отбасыларға өз қалтасынан жылына 3-4 баспана береді. Тағы бір азаматты танимын, былтыр ол өз есебінен 14 отбасыға үй тарту етті және оның бір де біреуін жалпақ жұртқа жария еткен жоқ. Өзімен сөйлескенімде: «Мен секілді жеке, жасырын қайырымдылық істеп жүрген жандар айналамызда жетерлік. Бізге насихат қажет емес. Дей тұрғанмен қалталы азаматтарға ой салу үшін, соларды жақсылыққа шақыру үшін сендер секілді азаматтардың еңбектері де керек-ақ», – деген еді.

Негізі жанашырлық, мейірімділік деген қасиеттер әр адамның бойында бар. Ол – бізге қанмен, тәрбиемен сіңген қасиет. Тек ол біреулерде сәл «шаң басып» жатуы мүмкін. Аздап «шаңын сүртіп, тазалап» жіберсе, олар да түрлі жақсы дүниелерді жасай алатынына сенімдімін. 

Содан соң қайырымдылық жасау үшін міндетті түрде шіріген бай болу шарт емес, тек ол адамның жүрегінің түбінде «Мен еліме не істей аламын? Қандай көмек бере аламын?» деген ойлар болса жеткілікті. Қайырымдылық жасау адами ұстанымға айналу керек. Біз де қазір орта жасқа келдік. Әне-міне дегенше ел ағасы боламыз, қартаямыз. Бірақ игілікті істерді насихаттау, оны жастардың бойына қалыптастыру жұмыстары бізден кейін де тоқтамауы тиіс.

– «Мен еліме не істей аламын? Қандай көмек бере аламын?» деген ойдың ар жағында рух атты алапат күш жатқан сияқты.  Егер адам солай ойлай алса, демек ол тек қоғамның жанашыры ғана емес, елдің патриоты да деген сөз. Солай ма? 

– «Патриотизм» – менің ұғымымда ұлжандылық ұғымын сипаттайтын жай ғана калька. Себебі қазір ол ту ұстап, флешмобтар жасаудан ары аспай қалды. Расында, қазір біз патриотизм ұғымының ауқымын тарылтып қойдық. Нағыз шынайы патриотизм-іштегі рухтың көрінісі. Ұлтжандылықтан, ұлтты, адамды сүюден тұрады. Әрине, ұлтты сүю тек қана қазақты сүю деген сөз емес. Өйткені біз – көп ұлтты мемлекетпіз. Тек «қазақ, қазақ» дей берсек, түптің түбінде мұның соңы псевдоұлтшылдыққа әкеп соғып, ауызбіршілігімізді бұзып жіберуі мүмкін. Белгілі бір ұлтты ғана сүйетін болсаң, басқа ұлттарға опасыздық жасайсың. Опасыздықтың формасы болмайды. Мұндағы ұлтты сүю деген ұғымның ар жағында Абайша айтқанда адамды сүю деген қағида жатыр. «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде одан басқа?!» демей ме ұлы ақын?! Менің ұғымымда адамды сүю – кең мағыналы ұғым, яғни әркімнің ұлтына, ұлысына қарамай жақсылық жасау. Ал бұл қасиеттер әрбір азаматтың бойында ананың сүтімен, әкенің тәрбиесімен қалыптасуы керек. Қазір әрбір жас, әрбір қоғамның мүшесі осыны түсінуі керек. Сол кезде барлық жерде баланс, бейбітшілік, ынтымақтастық болады деп ойлаймын.

Әркім кіндік қаны тамған жеріне, туған өлкесіне қызмет етуі үшін қандайда бір қатып қалған қағидаттардың болуы шарт емес. Адам өмірге келді ме, аяғы жерге тиді ме, ол енді сол жердің тау-тасына да жауапты. «Ел егесіз болмайды», осы жердің әрбір азаматы оның егесі болып саналады.

Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың «Қазақтың әрбір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек» деген сөзі бар. Түйір тас түйме болып қадалуы үшін ол тасқа жауапты адамдар – осы елдің  азаматтары. Сондықтан осы елдің әрбір азаматы, әрбір тұрғыны шама-шарқынша еліне, жеріне, халқына қызмет етуі керек деп ойлаймын. Әрбір адам өз деңгейінде елге шуағын шашып, жылуын беріп жатса, нағыз патриотизм – сол.

Шынайы патриотизм адамның әрбір әрекетінен көрініп тұрады. Қазір біз де өзіміз жасап жатқан баннерлер, медальдар болсын, әрбір өнімімізге ұлттық нақыштағы элементтерді қоссақ, ондағы жазылған мәтіндерді қазақ тілінің негізінде насихаттасақ деп отырмыз. Ол жерде тек дизайнерлік көзқарас емес, адами көзқарас та айқын көрінетін болады. Осылайша қай жағынан болмасын, қай ісімізбен болмасын, қоғамда мейірімді әрі білімді, дені сау ұрпақтың тәрбиеленуіне тамшыдай болса да үлес қоссақ деп жүрген жайымыз бар.  

– Сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!