Биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында Түркістан облысы өңірлік даму көрсеткіштері бойынша көш бастады. 2026 жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысына сәйкес, аймақтың қысқа мерзімді экономикалық өсімі 124,1 пайызды құрап, республика бойынша бірінші орынға шықты. Бұл нәтижеге өңір экономикасының негізгі салаларындағы тұрақты өсім ықпал етті. Атап айтқанда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда және инвестиция бағыттарында оң динамика қалыптасып, облыстың экономикалық әлеуетін арттыра түсті.
Соның ішінде өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемі 1 трлн. теңгеден асты. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 130,4 пайызды құрайды. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 502,1 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, жоспар артығымен орындалды.
Сондай-ақ, тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 444 млрд теңгеге, өсім 119,1 пайызға жетсе, ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 457,8 млрд теңгені құрап, өсім қарқыны 111,1 пайызға өсті. Оның ішінде мал шаруашылығында 321,6 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, өсімдік шаруашылығында 130 млрд теңгенің өнімі өндірілді.
Өңір экономикасының орнықты дамуының тағы бір маңызды көрсеткіштерінің бірі – инвестициялық белсенділіктің артуы. Жыл басынан бері негізгі капиталға 1 трлн. теңгеден астам инвестиция бағытталып, өсім 137,5 пайызды құрады. Бұл облыстың инвестициялық әлеуетінің жоғары екенін және жаңа өндірістер мен жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай қалыптасқанын көрсетеді.
Сауда саласында да тұрақты өсім байқалады. Сауда көлемі 587,7 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 124,7%-ға артты. Оның ішінде бөлшек сауда көлемі 283,2 млрд теңгені, көтерме сауда 298,1 млрд теңгені құрап, жоспарлы көрсеткіштер толық орындалып отыр.
Құрылыс саласындағы көрсеткіштер де көңіл көншітерлік. Атқарылған жұмыстардың көлемі 361,9 млрд теңгеге жетіп, өсім 125,7 пайызды көрсетуде. Есепті кезеңде 553,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 104,8 пайыз өсімді көрсетті.
Сонымен қатар, байланыс қызметтері саласында да оң динамика қалыптасты. Аталған бағыттағы қызмет көлемі 7,6 млрд теңгені құрап, өсім 110,2%-ға жетті. Бұл көрсеткіштер өңір экономикасының тұрақты даму қарқынын айғақтайды.