Жаңа ауыл

Авторы:

14.08.2026

Фото: ЖИ

Түркістан облысы Сауран ауданында іргесін қалап жатқан бұл ауыл басқа облыстар қызыға қарап отырған еліміздегі ең ірі заманауи малшы ауылының жаңа үлгісі. Мал бордақыланатыны рас, бірақ кəдуілгі мал бордақылау кешендерден басты айырмашылығы – мұнда ондаған фермер бір жерде шоғырландырылмақшы. Қазірдің өзінде 30-ға жуық кəсіп иесі осы жобаға қатысып, өз шаруашылығын жүргізуге дайындалып жатыр.

Жаңа форматтағы фермерлер ауылында əр кəсіпкерге жеке аумақ, мал бордақылау алаңы, тұрғын үй жəне қажетті инфрақұрылым қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, болашақтың ауыл шаруашылығы моделі қалыптасуда. Жобаның көлемі əзірге 40 гектар аумақты қамтиды. Мұнда 5 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңы бар. Сонымен қатар малшыларға арналған тұрғын үйлер, əкімшілік-іскерлік орталық жəне басқа да қажетті нысандар салынуда.

Иə, өңірде ірі мал шаруашылығы кешендері бар. Бірақ бұл жобаның бірегейлігі – бір кəсіпкердің ғана шаруашылығы емес, бірнеше фермердің бір жерде бірігіп, ортақ инфрақұрылыммен жұмыс істеуі. Алдағы уақытта жаңа ауылда толық өндірістік цикл қалыптасып, мал өсіру, бордақылау, ет өндіру, өңдеу, дайын өнімді ішкі нарыққа шығару жəне экспорттау жолға қойылады. Ең бастысы – өндіріс қалдықтары да тиімді пайдаланылып, ысырап болмайды.

Жобаның тағы бір маңызды тұсы – фермерлер үшін ғана емес, олардың отбасы үшін де қолайлы орта қалыптастыру. Балаларды мектепке жеткізу, көлік мəселесі, тұрмыстық жағдайлар қарастырылып отыр. Қазірдің өзінде бұл бастамаға басқа өңірлерден қызығушылық танытып жатқандар бар. Себебі ауыл шаруашылығын дамытуда тек мал санын көбейту емес, заманауи ұйымдастырылған өндірістік орта құру маңызды. Əкімдік тарапынан инженерлік инфрақұрылым мəселелері шешіліп, жобаның толыққанды іске асуына жағдай жасалуда. Бұл – басқа аудандарда бар ет кəсібіне бəсекелес заманауи кешен, ауылдағы кəсіпкерлікті дамытудың, жаңа жұмыс орындарын ашудың жəне ет өндірісін арттырудың жаңа үлгісі.