Оқырмандар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, әдебиетті насихаттау және жастардың рухани-шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған Арнайы кітапханада тағылымы мол әдеби кездесу өтті.
Кездесу кітапқа жанашырлық танытып, оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын оятып жүрген республикалық «Қызмет» ЖШС газетінің директоры, республикалық «Ақылдым» журналының бас редакторы, «Серпіліс» қоғамдық бірлестігінің Президенті, журналист Бейсенкүл Нарымбетованың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Kitap Times» жобасы аясында ұйымдастырылды. Бұл жолы әдеби басқосуда қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгері, жазушы-драматург Дулат Исабековтің «Қарғын» романы басты арқау болды.
Талқылау барысында қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, шығармадағы кейіпкерлер болмысы, өмірлік ұстанымдар, адамгершілік құндылықтар мен жазушы көтерген өзекті мәселелер төңірегінде ой өрбітті. Әр топ өз көзқарасын нақты дәлелдермен негіздеп, романның көркемдік ерекшелігіне, идеялық мазмұнына жан-жақты талдау жасады. Қатысушылар шығармадағы оқиғалар мен кейіпкерлер әрекетін қазіргі заман тұрғысынан бағамдап, мазмұнды пікір алмасты.
Әдеби талқылаудың спикері ретінде бірнеше республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы, ақын әрі ұстаз Арқалық Әмәлият сөз сөйлеп, шығарманың көркемдік және пәлсапалық астарына кеңінен тоқталды.
Кездесуге сарапшы ретінде кітапхана саласының ардагері Динасилова Шәрбану Әлмағанбетқызы, кітапқұмар маман Зоя Бекежанова және арнайы кітапхананың тифлология бөлімінің меңгерушісі Ербек Бакиев қатысып, жастардың пікірлеріне баға беріп, мазмұнды ойларымен бөлісті.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған әдеби кездесу қатысушылар арасында айрықша ықыласқа ие болды. Осындай тағылымды басқосулар оқырманның көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, жастардың ой-өрісін кеңейтіп, ұлттық әдеби мұраны тереңірек тануына және еркін пікір алмасу мәдениетінің қалыптасуына жол ашады.
Рухани шара соңында аталмыш шығарманы талдауда белсенділік танытқан қатысушыларға арнайы Алғыс хаттар табысталды.