«KITAP TIMES»: Фариза Оңғарсынованың отты жырлары жастардың жүрегінен жол тапты

Авторы: Әлия ӘУЕСБЕКОВА

03.09.2026

Кітап оқу сананың өсуін, тұлғаның қалыптасуын көрсетеді. Осы бір ақиқатты Шымкент қаласындағы А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында өткен кезекті рухани жиын тағы бір рет дәлелдеп шықты. Жастар арасында кітап оқуды кеңінен дәріптеп жүрген «Kitap times» жобасы бұл жолы қазақ поэзиясының қайсар қызы, от жүректі ақын Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналды.
Жастардың ұлттық әдебиетке деген ықыласын оятып, кітап оқу мәдениетін жаңа сатыға көтеруді көздеген игі бастама Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының және «Серпіліс» қоғамдық қорының қолдауымен өтті. Жиынды кітапхана директоры Анар Жаппарқұлова тізгіндеп, рухани кештің мәні мен маңызына тоқталды.
Шараның басында арнайы қонақ ретінде шақырылған Қазақстанның Құрметті журналисі Асхан Майлыбаева, Қазақстан Республикасының Аналар кеңесінің орынбасары, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының авторы, филология ғылымдарының кандидаты Меруерт Медетбекова, Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Нұрила Жұман және Шымкент қалалық №6 емдеу мекемесінің директоры Айгүл Қылышбаева сөз алып, жалпы кітап оқудың адам өміріндегі орны мен ұлттық тәрбие хақында ой қозғады
Кештің қатысушыларға айрықша әсер сыйлаған сәті — ардагер журналист Асхан Қожакелдіқызының Фариза ақын туралы бөліскен естеліктері болды. Қайсар рухты ақынмен 30 жыл үзеңгілес, әріптес болған ардагер қаламгер оның ұлтқа деген шексіз махаббаты, әділдік үшін соққан жүрегі туралы сыр шертіп, жастарды бір сәт терең ойға шомылдырды. Бұл әңгімелер кітап бетіндегі жай ғана жолдардың өмірде қандай өнеге болатынын көрсетіп берді
Рухани жиында 10 топтан тұратын қатысушылар Фаризаның жырларын жатқа оқып, өлеңдеріне терең көркемдік талдау жасады. Әрбір топ кітап оқудың адамды рухани тұрғыдан қалай байытатынын өз өнерлерімен дәлелдеп шықты
Кеш соңында кітапты жанына серік еткен белсенді жастарға танымал ақын-жазушылардың кітаптары тарту етіліп, рухты шара өз мәресіне жетті. «Kitap times» жобасы бұл жолы да жастар мен кітапты бір арнада тоғыстырып, шынайы оқу мәдениетінің мерекесіне айналды.