Елімізде жұмыссыз азаматтарды еңбекке тарту мақсатында жұмыс берушілерге де мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Соның бірі – субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру. Яғни, жұмыс беруші жұмыссыз азаматты қызметке қабылдап, оның жалақысының белгілі бір бөлігін мемлекет тарапынан субсидиялауға мүмкіндік алады. Бұл – бір жағынан азаматтардың еңбекке араласып, тәжірибе жинауына жол ашса, екінші жағынан жұмыс берушілерге қажетті маманды жұмысқа тартуға мүмкіндік береді.
Алайда субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін жұмыс берушілер бірқатар талаптарға сай болуы қажет. Ол қандай талаптар және өтінім беру тәртібі қалай жүзеге асады? Бұл туралы Әл-Фараби ауданы Мансап орталығының «Жұмыс берушілерді қолдау» секторының басшысы Эльмира Маханова түсіндіреді.
– Субсидияланатын жұмыс орындары бойынша коммерциялық заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, шаруа және фермер қожалықтары, әлеуметтік кәсіпкерлер, мемлекеттік мекемелер, олардың ведомстволары мен бағынысты ұйымдары өтініш бере алады. Бұл тізімге үкіметтік емес ұйымдар, олардың филиалдары мен өкілдіктері де кіреді. Негізгі талап – мекеме бірінші кезекте заңды түрде тіркелген болуы керек және 12 айдан астам уақыт жұмыс істеп тұрған болуы қажет. Сондай-ақ ол таратылу немесе банкроттық жағдайында болмауы тиіс. Сонымен қатар:
– жалақы бойынша берешектің болмауы;
– соңғы 12 айда әлеуметтік төлемдердің тұрақты аударылып отырған болуы;
– жалған кәсіпкерлік субъектілері тізімінде болмауы;
– қызметкерлермен электрондық еңбек шарттарын рәсімдеп, міндетті зейнетақы жарналарының төленуі міндетті.
Өткен жылы субсидияланатын жұмыс орындарында еңбек еткен азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша да талап қойылады. Яғни, өткен жылы осы бағыт бойынша жұмысқа қабылданған азаматтардың 10 пайызын, яғни кемінде 1 адамды тұрақты жұмысқа қабылдаған болуы шарт. Аталған талаптарға сай келген жұмыс беруші мекеме «Еnbek.kz» порталы арқылы онлайн өтінім бере алады. Не болмаса, Мансап орталығына жүгінуіне болады. Онда мамандар өтінімді қалай беру керектігін түсіндіріп, субсидияланатын жұмыс орындарына қатысты барлық сұрақтар бойынша кеңес береді, – дейді ол.
Субсидияланатын жұмыс орындарының саны жұмыс берушінің санатына байланысты белгіленеді. Үкіметтік емес ұйымдар үшін республикалық маңызы бар қалаларда 1-ден 10-ға дейін, ал өңірлерде 1-ден 5-ке дейін субсидияланатын жұмыс орнын ұйымдастыруға болады. Бұл ретте үкіметтік емес ұйымдар үкіметтік емес ұйымдардың ресми дерекқорында тіркелген болуы қажет. Ал коммерциялық ұйымдар, жеке кәсіпкерлер, шаруа немесе фермер қожалықтары, әлеуметтік кәсіпкерлер және мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін 1-ден 5-ке дейін субсидияланатын жұмыс орны қарастырылған.
Ауылдық әкімдіктер мен коммуналдық кәсіпорындарға қатысты бөлек тәртіп қолданылады. Олар үшін субсидияланатын жұмыс орындарының саны ауылдағы халықтың санына қарай белгіленеді. Мұндай жұмыс орындарының саны ауыл тұрғындарының жалпы санының 2 пайызынан 5 пайызына дейін болуы мүмкін.
Ерекше жандар да еңбекке тартылуда
Шымкент қаласында мүгедектігі бар азаматтардың еңбек етуіне жағдай жасау, олардың қоғамға белсенді араласуына және өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар да жоспарлы түрде жүргізілуде. Бұл ретте азаматтардың денсаулық жағдайына сәйкес келетін жұмыс орындарына орналасуына мүмкіндік жасауға басымдық беріліп отыр. Жұмысқа орналасуға ниетті азаматтарға мамандар тарапынан кеңес беріліп, лайықты бос жұмыс орындарын іздеу және жұмыс берушімен байланыстыру бойынша сүйемелдеу көрсетіледі.
2026 жылы қала әкімінің қаулысына сәйкес, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарына квота белгіленген. Квотаға сәйкес, Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының Еңбек мобильділігі орталығы арқылы 34 мекемеге 165 азаматты жұмысқа орналастыруды көздеген болатын.
Бүгінде жыл басынан бері белгіленген квота аясында 28 мекемеге 97 еңбекке қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар азамат жұмысқа орналастырылды. Соның бір мысалы – III топтағы мүгедектігі бар азаматша Ғалия Рүстемнің квота арқылы жұмысқа орналасуы. Мамандардың сүйемелдеуінің нәтижесінде ол Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің студенттер үйіне кезекші қызметіне жұмысқа орналасты.
– Мен мамандығым бойынша жұмыс іздеп, «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығына жүгінген едім. Орталық мамандары Қаратау аудандық Мансап орталығының мамандарымен бірлесе отырып, мені ыңғайлы жұмысқа орналастырды. Қазіргі таңда жұмысым өзімен ұнайды, айлық жалақыма да көңілім толады, – дейді ол.
Ғалия Рүстем тұрақты еңбек етуге мүмкіндік берген бұл қолдауға өз тарапынан ризашылық білдіруде. Оның айтуынша, жұмысқа орналасу тек табыс көзіне ие болу емес, қоғамға белсенді араласуға және өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға да жол ашады.
Жұмыссыздар жаңа мамандық игеріп жатыр
Жұмыссыз азаматтарды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға оқыту – жұмыспен қамтудың тиімді тетіктерінің бірі. Себебі еңбек нарығындағы сұраныс үнемі өзгеріп отырады, ал жаңа мамандық меңгеру азаматтардың жұмыс табуына мүмкіндік береді. Осы бағытта Шымкентте жұмыссыз тұрғындарды қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдау жұмыстары жүргізіліп келеді. Оқу барысында азаматтар теориялық білім алып қана қоймай, өндірістік тәжірибеден өтіп, таңдаған мамандығы бойынша қажетті дағдыларды меңгереді.
Шымкентте биыл кәсіптік оқытудың бірінші легі бойынша 420 жұмыссыз жаңа мамандықты игеруге жолданды. Оның ішінде 260 адам білім беру ұйымдарында, 160-ы жұмыс берушілердің жұмыс орындарында кәсіптік оқудан өтті.
Білім беру ұйымдарында оқыған азаматтардың 198-і, ал жұмыс берушілердің жұмыс орнында оқығандардың 130-ы оқуын сәтті аяқтады. Олар тігінші, шаштараз-стилист, бухгалтер-кассир, аспаз, кондитер, визажист, кескіш, офис-менеджер, наубайшы және басқа да еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгерді.
Кәсіптік оқытуға қатысушыларға шәкіртақы да қарастырылған. Білім беру ұйымдарында оқитын азаматтарға 43 574 теңге, ал жұмыс берушілердің жұмыс орындарында кәсіптік білім алушыларға 86 500 теңге мөлшерінде еңбекақы төленеді.
Ал екінші лек бойынша қосымша 190 азамат кәсіптік оқуға жолданып, қазіргі таңда білім беру ұйымдарында оқуын жалғастыруда. Олардың арасында тігінші, аспаз, кондитер, визажист, шаштараз-стилист, бухгалтер-кассир және тоқу машинасының операторы секілді мамандықтарды игеріп жатқан азаматтар бар.
Кәсіптік оқудың жалпы мерзімі – 3 ай. Оның 1 айы теориялық білім алуға, 2 айы өндірістік тәжірибеге бағытталған. Оқуды сәтті аяқтаған азаматтарға белгіленген үлгідегі сертификат табысталады.
Кәсіптік оқудан өткен азаматтардың жаңа мамандықты меңгеруі олардың еңбек нарығында өз орнын табуына мүмкіндік береді. Әсіресе, қысқа мерзімде нақты кәсіп игеріп, өндірістік тәжірибеден өту жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыра түсетіні анық. Оқуын аяқтаған азаматтар алған білімі мен дағдыларын пайдаланып, тұрақты жұмысқа орналасуға немесе өз кәсібін бастауға мүмкіндік алады. Осылайша, кәсіптік оқыту жұмыспен қамтуға ғана емес, азаматтардың жаңа бағытта кәсіби дамуына да жол ашып отыр.
7 мыңға жуық тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты
Шымкент қаласында халықты жұмыспен қамту және тұрақты табыс көзін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Биыл қала бойынша 11 427 адамды бос жұмыс орындары арқылы тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінде аталған жоспар аясында 6 663 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасып, межелі көрсеткіштің 61,2 пайызы орындалды.
Тұрақты жұмысқа орналасқан азаматтардың бірі – Амангелді Айгерім Маратқызы. Жұмыс іздеуші азаматша 2026 жылғы 12 тамызда Әл-Фараби ауданының мансап орталығы арқылы «Камея» медициналық орталығына тұрақты жұмысқа жолдама алған. Қазіргі таңда Айгерім Маратқызы аталған медициналық орталықта медбике болып еңбек етіп, өз мамандығы бойынша қызметін жалғастыруда.
Қала тұрғындарын жұмыспен қамту шараларына кеңінен тарту мақсатында Шымкент қаласының бес ауданында мансап орталықтары жұмыс істейді. Аталған орталықтар тұрғындарға тұрғылықты мекенжайы бойынша қажетті қызметтерді алуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Қаратау және Еңбекші аудандарының тұрғындары Астана шағынауданы, 106 мекенжайындағы мансап орталығына, Абай және Тұран аудандарының тұрғындары Арғынбеков көшесі, 243/3 мекенжайына, ал Әл-Фараби ауданының тұрғындары Тәуке хан даңғылы, 6 мекенжайындағы мансап орталығына жүгіне алады.
Сонымен қатар, қала тұрғындары жұмыспен қамтуға бағытталған бірқатар мемлекеттік шараларға қатыса алады. Атап айтқанда, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар және зейнеталды жастағы азаматтарға арналған «Күміс жас» жобасы арқылы еңбек нарығына араласуға мүмкіндік бар. Жұмыс іздеушілер үшін бос жұмыс орындары туралы ақпарат Enbek.kz порталына тұрақты түрде жарияланып отырады. Бүгінде порталда Шымкент қаласының аумағында 4 мыңнан астам вакансия орналастырылған. Тұрғындар порталдың мобильді қосымшасын жүктеу арқылы үйден шықпай-ақ өзіне қолайлы жұмыс орындарымен танысып, қажетті ақпаратты ала алады.