Әбутәліп Сүлейменұлы Сарманов, «Алтынтөбе» сәнді және жеміс ағаштарын өсіретін орман тұқымбағының директоры: «Түркістанды түрлендірген тұқымбақты Қазығұрттан табасыз»

Авторы: Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

04.09.2026

Әбутәліп Сүлейменұлы, өзіңіз құрған тұқымбақ жайлы кеңінен айтып өтсеңіз. Шаруашылықты қалай бастадыңыз? Бастапқы кезде жер учаскесі мен техникалық, кадрлық мәселелер қалай шешімін тапты?

– Біздің тұқымбақтың құрылғанына жиырма жылдың жүзі болып қалды. Ол кезде тұқымбақ кәсібі ешкімді аса қызықтыра қоймаған кез еді. Алғашқылардың бірі болдық. Кейін ісіміз талай кәсіпкерге үлгі болып, тұқымбағымыз солардың прототипіне айналды десек, артық айтқандық бола қоймас.

Мен өзім орман шаруашылығының маманы ретінде қалыптасқан адаммын. Еңбек жолымызды Шымкент қаласындағы «Бадам» орман шаруашылығында участке бастығы болып бастап, бірнеше жыл еңбек еткеніміз бар. Аға орманшы боп бірнеше учаскелердің үстінен қарадық. Ол кезде қаланың солтүстік бөлігіндегі ипподром жақтағы орман белдеуі, «Комсомольское озеро» деген болатын, қазіргі «Қазығұрт» шағынауданы жақта, осы ормандар қарады. Орман шаруашылығының жанындағы 30 гектар алқапта арнайы тұқымбақ болатын, ол да бізге қарайтын. Сол тұқымбақтарды бақылап жүріп,  көк желеңнің өсіп-өнуң, кейін жеміс беру процестері қатты қызықтырды. Сырттай қоңыртөбел тіршілік болғанымен, қайнап жатқан өмір бар бұл кәсіпте. Жеке тұқымбақ құру туралы ой сол кезде келді. Ол ойымыз кейін жүйелі мақсатқа айналды.

Тұқымбақ құру үшін алдымен тұрақты пайдаланатын, шаруашылыққа бағытталған тұрақты жер учаскең болуы керек. Туған жеріміз Қазығұрт ауданындағы Алтынтөбе ауылы маңындағы шаруашылық жерлерін қарап жүріп бірнеше гектар алқапты пайдалану мүмкіндігі туды. Әрине, тұқымбақ өсіру деген шаруа бидай егу секілді бір жылдық тірлік емес, пайдасы бірнеше жылдан кейін ғана түсе бастайтын болғандықтан, ұзақ мерзімді әрі тұрақты пайдаланатын, сенімді жер болуы тиіс. Оның үстіне үлкен дайындықты қажет етеді, көптеген жыл күтімді талап етеді, қажырлы еңбек керек. Мен өзім орман шаруашылығы саласында білім алғандықтан, мұның барлығын бес саусағымдай білемін. Алматы қаласындағы Ауыл шаруашылығы институтын орман шаруашылығы ісі мамандығы бойынша тәмамдағанмын.

Алғаш істі қолға алған сәтте ұйымдастыру істері көп болды, қаржы жетіспеушілігі деген мәселе қолға байлау болғаны рас. Бастапқыда 1 гектар алқапқа тұқым сеуіп, оған бір адам қарауыл болып отырды, қарауы аз болғасын оның өзін өлтіріп алған кезіміз де болды. Кейін бірте-бірте күш алдық. Кредит алдық, белсене іске кірістік. 6-7 жылдан кейін, тауар айналымын реттеп, ісіміз жүре бастағанда Дүниежүзілік банктің грантын ұтып алдық. Оның сомасы 50 мың АҚШ доллары, қазақ теңгесіне ауыстырғанда 7 миллионның үстіндегі ақшаға айналды. Ол қаржы бізге үлкен сеп болып, тұқымбақ алқабын ұлғайтып, ағаш көшеттерінің түрін молайтуға, санын көбейтуге жәрдемі тиді. Осылай 7 жылдан кейін тұқымбағымыз толық күшіне келіп, айналымға түсті.

Басында шаруашылықты бір адаммен бастасақ, қазіргі таңда 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Ал, көктемгі-күзгі көшет дайындау, тұқым әзірлеу, оны егу, өскіндерді отырғызу, будандастыру дейтін маусымды жұмыстар басталатын тұста ауылдың тұрғындарынан 7-8 әйел жұмыс істейді.

Қазіргі бағыттарыңыз қалай? Қалыптасқан нарық, ағаш көшетін сұрап отыратын тұрақты өңірлері бар ма?

– Қазіргі таңда тұқымбақ өніміне сұраныс өзгеріп жатыр. Елдің дамуына, заманның талабына, азаматтарымыздың комфортты өмір сұранысына байланысты біздің тұқымбақтың өнім түрлері де өзгеріп, толығып келеді.

Бұрын, алысқа бармай-ақ, өзіміздің Шымкент пен Түркістан қалаларында айналдырған қарағаш, үйеңкі, шаған, терек деген секілді жапырақты ағаштарды еге беретін. Қазір олай емес, талғам мен талап өзгерді. Бүгінгі таңда 3-4 метр биік өскен, дайын болып тұрған ағаштарға сұраныс болып жатыр. Сол сұраныстарды ескеріп, біз де тұқымбақты ыңғайластырып жатырмыз. Мысалы, құрылыс компаниялары қаланың бір ыңғайлы жерінен тұрғын үй кешендерін салған кезде ауласы мен айналасындағы барлық жасыл желекті аймақтарын да қоса қамтып өздері жасайды. «Ландшафтный дизайн» деген ұғым қалыптасты ғой. Яғни, олар бұрынғыдай кішкене көшеттерді егіп қоя салмайды. Бірден биіктігі 3-4 метр болатын ағаштарды түп-тамырымен әкеліп қондырады. Онда да қала мен тұрғын үй кешеніне сән беретін ағаштарды таңдайды. Сондықтан, біз де тұқымбақта заман талабы мен сұранысына сай өзгеріс жасап, бағытын заманға бейімдеп жатырмыз. Қазір тұқымбақта ақ қайың, Қырым қарағайы, кәдімгі қарағай, көгілдір шырша, шынар, талшын, емен, шамшит секілді ағаш-бұталар бар.

Бұрындары сатылатын көшеттердің бойы жаппай 1,5-2 метр шамасында болатын. Қазір әрқайсысын жеке-жеке отырғызып, күтіп, баптап, арнайы пішін беріп, әдемі күйінде шығару керек Осы бағытты ұстанып, жұмыс істеп жатқан жайымыз бар.

Осы жақында Белоруссиядан бозаршаның (туя) әдемі сортынан 3 мың дана  көшет алдырдым. Әрине, көшеттер қымбат, әрқайсысы 600-700 теңгеден келді. Боз арша тұқымдарының ішінде «туя смарагд», «туя смарагд голден», «туя брабант» деген сұрыптар бар, интернеттен іздеп көрсеңіздер болады. Сол сұрыптарды алып, өсіріп, тұқымын өзіміз көбейтеміз деген жоспарымыз бар. Көрші Қырғызстаннан 4 мың көгілдір шыршаның өскінін алдырдым. Егіп қойдық, қазір көгеріп, өніп жатыр. Өзбекстаннан Қырым қарағайының 2 мың түп көшетін, қырғыздан да соншасын алдырдым. Сонымен бірге, самырсын (пихта) ағашының жас өскіндерін де жетіздік. Ол жақта тұқымнан өндіріп, өскіндерін дайындайды. Бізге жеткені 10-20 сантиметрлік өскіндер. Жеке-жеке отырғызып, күтіп-баптап, ағаш көшеті етіп шығарамыз. Көгілдір шыршалардың 1,5 метр болып өсіп-жетілуіне 8-10 жыл, Қырым қарағайларының 2 метрге жетуі үшін 6-7 жыл керек.

3 жылдай Түркістан қаласында жұмыс істеп, облыс орталығының көркейіп өсуіне, көгалдана түсуіне өз үлесімізді қостық. Қала көшелері мен саябақтарындағы ағаштардың көп бөлігі біздің тұқымбақтың өнімі. Ол жұмыстарға өзіміздің мекеме атынан қатыстық. Түркістанның айналасына қаншама миллиондаған ағаш ектік, өзіндік орман белдеуі қалыптасуына атсалыстық. Ол жаққа негізінен шөлге төзімді қарағаш секілді ағаш көшеттері егілді. Ал, қаланың ішін абаттандыруға, оның ішінде ескі бөлігін, жаңа қаланың, үлкен жолдардың бойының көркеюіне үлесімізді қосқанымызды мақтанышпен айтамыз. Қазіргі уақытта 2 жылдың көлемі болып қалды, ондай ірі көлемдегі жұмыстар тоқтап тұр. Тек тұқымбақтың ішкі жұмыстары, бау-бақша сияқты ұсақ шаруалармен шұғылданып жатырмыз. Оның үстіне, жаста 60-қа кеп қалды, баяғы жас кезіміздегідей тәуекел етіп ұмтыла бермейтін болдық. Жастардан «Шалдарға не жоқ? Үйінде отырмай ма? Ақшаға тоймайды екен» дегендей әңгіме естімей тұрғанда орнымызды тапқанның өзі естілік деп ойлаймын. Енді соларға жол беріп, өзіміз тұқымбақтың күнделікті күйбеңімен айналысып, пассивті кірісті қанағат тұтып жүрміз.

«Қала ішіне талшынмен қатар шынар ағашы да әдемі үйлеседі»

Тұқымбақтың дамуы үшін ғылыммен әрдайым байланысты болу керек шығар. Тәжірибе, технология, селекция дейтін салалар бір орында тұрмайды, дамиды. Бұл тұрғыда да айтарыңыз бар шығар?

– Жоғарыда тоқталып өттім, қазір сәнді ағаштарға сұраныс көп. Бұрын өзіңіз білесіз, кішкене көшеттерді жаппай егіп, оның көбі қараусыздықтан қурап жататын. Ол кезде қарағаш, үйеңкі (клен), шаған (ясень) дегендерді 10 мыңдап, 20 мыңдап сатушы едік, демеушілікпен қоғамдық орындарға сыйға беретінбіз. Қазір ондай сұраныс болмай қалды. Бүгінде арнайы пішінге келтірілген сәндік ағаштардың сұранысы зор. Сол бағытқа бейімделіп келеміз. Сұраныстың толастаған кезі жоқ. «Таза Қазақстан» бағдарламасы қайта ынталандырып жатыр. Оның үстіне біздің тұқымбақ Түркістан облысындағы ең ірі жеке тұқымбақтардың бірі. Әрі өскіндері де әр алуан, сапасы да нарыққа, бәсекеге бейімделген. Әлбетте, бүгінде басқа да жеке тұқымбақтар көбейіп жатыр. Бірақ, біздің кез келген тапсырысты санға да, түрге де, сапаға да орындау мүмкіндігіміз жоғары. Бүгінде ағаш және бұталардың 30-дан астам түрін өсіреміз. Олардың кейбіреуін тұқымынан өсіреміз, кейбірін шеттен өскіндер әкеліп баптаймыз. Сәндік ағаштардың ішінен жапырақты түрлерінен қызыл үйеңкі (красный клен), емен деген сияқты түрлерін алдырып, пішінге келтіріп, дайындап қоямыз. Әрине, ондай сәндік ағаштарға жаппай сатылым бола бермейді. Бұрынғы Кеңес заманында қаланың ішкі аулалары мен көшелеріне, саябақтарына жаппай қарағаш, шағандарды егетін еді ғой. Өзім  де бір кездері қаладағы көгалдандыру ісіне араласқанымда талшын (каштан), шынар, емен егейік деп ұсыныс айтушы едім. Мысалы, Киевті «талшындар қаласы» дейді екен. Ол ағаштар қалаға ерекше өзіндік сән береді. Кезінде И.Кәрімов Киевке барып көшелерін көріп келіп, Тәшкен ғана емес, күллі Өзбекстан қалалары талшынға көшіп кеткен. Нешеме жылдық шынар ағаштарын жұлып, талшын қондырған. Тағы бір ескеретін нәрсе, қалалық жерде адамдардың аллергиясы көбейіп барады. Ол неден деп ойлайсыз? Ол аллергия осы қалаға егіліп жатқан үйеңкілерден. Жалпы, үйеңкінің түрі көп қой, соның ішінде бізде егілетіні «шаған жапырақты үйеңкі» («клен ясенелистный»), өзі өлермен, бір рет егіп қойсаң ары қарай тамыр алып қана қоймай көбейіп те кете береді. Қалада сондай ағаш өте көп. Ол – өте жылдам аллерия тудырушы ағаш. Әсіресе, тозаңданатын кезінде айналасына кері әсер етуі мүмкін. Сол себепті, қала ішіне ағаш егерде осындай жағдайлар, адам денсаулығын ескеру маңызды шаруа. Мұны орман саласының маманы ретінде астын сызып тұрып кеңес ретінде айтар едім.

Қала ішінде талшын ағашын көбейту керек. Бұл ағаш өскен кезде бір бұтағы былай, екіншісі тағы басқа жаққа қисайып тарбайып кетпейді, діңі түзу, өте симметриялы түрде өседі. Артық бұтағын кесіп, бұтап, баптап жатуды қажет етпейді. Сосын, гүлдеген сәтінде де аппақ әдемі күлтелі гүл ашады. Жапырақтарын айтыңыз, жапырағының өзі әдемі, аулаға сән беріп тұрады. Өзі сымбатты ағаш болғасын қалаға өзінше көрік береді. Ашық жерлерге, саябақтарға ексе, тамаша болады. Талшынмен қатар, қала ішіне шынар ағашы да әдемі үйлеседі. Биік өсетін шынар ағашы айналасын қою көлеңке түсіріп тұрады. Абаттандыруда осындай ерекшеліктерді ескеру маңызды.

«Тұқымбаққа арналған субсидиялар, жеңілдетілген несиелеу жүйесі іске қосылар болса, қаншама қаржы елде қалар еді»

Тұқымбағыңызда өсірілген көшеттерді алыс-жақын аймақтардан сұраныс көп екенін айтып отырсыз. Нарыққа кіру жолдарыңыз қалай болды? Қазығұрттық тұқымбақта өскен көшеттер қай қалаларға көрік беріп тұр?

– Бізге тапсырыс беретіндердің дені негізінен мемлекеттік тапсырыс алып жататын ірі компаниялар, көгалдандыру, ландшафт дизайнымен айналысатын мекемелер. Десе де, Құдайға шүкір, айналасын көгалдандырғысы, ағаш еккісі келетін кісілер қазір көбейіп келеді. Тау жақтағы тұқымбаққа ерінбей барып, өздері таңдап жүріп көшет алып кететінь жеке азаматтар да болып тұрады.

Өзіңіз білесіз, қазіргі таңда Қапланбекте жол бойында тұрып ағаш көшетін сататындар көбейіп кеткен. Олардың көбі көшет әзірлемейді, баптамайды, тек алып-сатумен айналысады. Арасында көшет әзірлейтіндер де бар, бірақ олар аз. Көбі басқа жақтан арзанға алдырады, үстіне құнын қосып өздері сатады. Сондай кісілер де келіп, алып кетіп жатады.

Осыдан 10-15 жыл бұрын Шымкентте «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС деген үлкен мекеме болатын, қаланың барлық абаттандыру, көгалдандыру, тазалығы бар, барлық шаруасын сол ұжым атқаратын. Ең ірі тұтынушыларымыздың бірі болатын. Сол компания қазір жұмыс істемей қалды. Ол табысты кездер еді. Жұмысшыларымыздың жақсы жалақы, сыйақы алып тұрды.

Жалпы, ауылдық жерде тұрғындарға тұрақты жұмыс тауып беру өте қиын ғой. Әйелдер, жас келіншектер үйінде құр отырғысы келмей қосымша табыс -тапсақ дейді. Солардың 7-8-і біздің тұқымбақта жұмыс істеп жүр. Көктемгі маусымдық жұмыс кезінде жас өскіндерді егу, жас көшеттерді күтіп-баптау, арамшөптерді отау, арық-атызын дұрыстау дегендей жұмыстар шығады. Ол кезде қосымша қол күші керек болады. Тұқымбақ баптаудың жұмысы өте ауыр, физикалық жұмыс, көбіне қолмен атқарылатын тірлік. Бәрін техникамен атқару дәрежесіне әлі жете қоймадық. Әрине, жер айдау, оны өңдеу, культивациялау, арық-атыз салу, шөп шабу, жинау, көшеттерді тасымалдау дегендей жұмыстарды атқаратын техникамыз баршылық. Десе де, қалың өскен ағаш көшеттерінің ішіне кіріп, шөпті отау сықылды майда шаруаларды атқаруға техниканың шамасы келмей жатады. Сондықтан барлығы қолмен атқарылады.

Біздің тұқымбақ өндірген көшеттердің таралу географиясы Қазақстанның біршама бөлігін қамтиды. Оның ішінде ірі қалалардан Алматы қаласымен оның айналасы басқа да біраз өңірлер бар. Соңғы 1-2 жыл көлемінде Шымкент қаласы онша тапсырыс бермей қойғаны болмаса, басты тұтынушы қалалардың бәрі болып қалып отыр. Есесіне Түркістан қаласы биыл бірталай жақсы көшетімізді алып, басты тұтынушымызға айналды. Әйтеуір, осылай күнімізді көріп келе жатырмыз.

Еліміздегі соңғы 10 жыл көлеміндегі Қостанай, Семейдегі орман өртінен кейін орман және тұқымбақ шаруашылығында, орман қорын арттыруға бағытталған қандай өзгерістер болып жатыр? Көңіліңізден шыға ма?

– Бұл тақырып – қазір ең өзекті тақырыптардың бірі болып отырғаны рас. Бұған дейін республикамыздағы жалақысы ең азы осы – орман шаруашылығы саласы болып келген еді. Қазір еңбеақы көбейіп, материалдық-техникалық базалардың барлығы жөнге келіп, мемлекет  тарапынан көңіл бөліп жатыр. Мұны айтуымыз керек.

Бірақ, біз оқыған кездегідей маман даярлау кемшін соғып тұр. Білім беру саласының сапасы көңілден шықпайды. Біз студент болған уақытта Алматы ауыл шаруашылығы институтының «Орман шаруашылығы» факультеті – Қазақстан көлеміндегі жалғыз оқу көзі болатын. Қазіргі уақытта жеке жоғары оқу орындарының көбі беталды осы мамандықты ашып алды да, сапа жойылды. Оларда сабақ беретін білімді мұғалім кадрлар аз, тек диплом берумен айналысып жатыр десем, артық айтқандық бола қоймас. Ондай оқу орнын бітіргендердің өзі орман шаруашылығына барып жұмысқа араласқаннан кейін ғана керегін үйреніп жүргенін айтып жүр. Ал, біз оқыған кезде өңкей ғылым кандидаттары дәріс беретін. Айтулы профессорлардың алдын көріп, тәрбиесін алдық, саланың қыр-сырын үйретті. Қазір не? Қазір Алматы аграрлық университет қой, декандарының барлығын білемін, ал оқытушылар құрамының дені магистратура бітірген жас мамандар. Олар білімді тереңдеп бара алмайды.

Еліміздегі орман шаруашылығы саласына алапат өрттен кейін ғана көңіл бөлінді. Бірақ, мәселені шешудің түбіне дейін барған жоқ. Бір мысал айта кетейін. Осыдан он шақты жыл бұрын да Орман кодексі болған, сол заң бойынша жеке тұқымбақтар мен жеке плантацияларға күтіп-баптаған көшеттеріне қарай қаражат бөлінуі тиіс болатын. Ол шамамен бір көшетке 9-15 теңгенің айналасы. Осының өзі  біз үшін үлкен көмек болар еді. Сол кодекстің қабылданғанына 10 жылдан асып кетті, жаңағы мен айтып отырған ақшаны төлеудің тетігі әлі жасалынған жоқ. Ешқандай субсидия берілмейді. Ал, бидай болсын, басқасы болсын, бәріне субсидия беріліп отыр. Тек егістік қана емес, тұқымбаққа да жанар-жағармай, дәрі-дәрмек, тыңайтқыш шығындаймыз ғой. Не болмаса, ұзақ мерзімге бағдарланатын жеңілдетілген несиелер қарастырылса, ол да жоқ. Тұқымбақ ұзақ мерзімді жұмыс. Орман тұқымбағы деген шаруа бір жылда жемісін көрсете салмайды, уақыт керек. Мал бордақылау, асылдандыру, жылыжай шаруашылықтарына жеңілдіктер, көимектер беріліп жатыр ғой. Осы жағы назарға алынбағандықтан орман шаруашылығы кенже қалып отыр.

Жалпы, қазіргі таңда тұқымбақ өсіретін шаруашылықтар көбейіп қалды. Өйткені, табыс көзі болып отыр. Бірақ, сұранысқа шақсақ, осының өзі аздық етеді. Санаулы болғандықтан өнім қымбаттау болып жатыр. Егер субсидияланатын болса, баға түсіп, қолжетімді болар еді. Тағы бір кілтипанды айта кетсек, Қапланбек жақтағы алып-сатарлықпен айналасатын ағайындардың көбі Өзбекстанның дайын өнімін сатады. Бағаның арзан болу себебі содан. Еліміздің басқа өңірлері сол жерден алып кетіп жатады. Сырттан келетін көшеттердің біздің жерге жерсінуі қиындау. Өнуінен қурауы көп. Ал, басқа өңірлерде ағаш көшетінің бағасы тым қымбат. Міне, ағаш көшетін өндіру ісіндегі қаншама қаржымыз әшейін-ақ өзбек еліне ағылып кетіп жатқанын осы жерден аңдаймыз.

Тұқымбаққа арналған субсидиялар, немесе жеңілдетілген несиелеу жүйесі іске қосылар болса, қаншама шаруаларымыз оңынан шешілер еді. Қаржы да елде қалар еді.

Патриот дегеніміз - өз саласының білгірі, сол арқылы еліне қандай да бір пайда тигізіп жүретін азамат

Тұқымбақ шаруашылығы табысты кәсіп пе? Тәуекелдер мен қиындықтар, табысы мен жемісі жайында тәжірибеңізді бөліссеңіз. Қазір қандай мәселелеріңіз бар? Оны шешудің мүмкіндіктері бар ма?

– Тұқымбақ ісіне еңбекке төзімді мықты мамандар қажет. Қазір сұранысқа қарай алыс-жақын шетелдермен байланыс жасай отырып, жақсы өскіндерді алып тұқым қорын артыра түсу де маңызды болып тұр бүгінде. Еліміздің басқа өңірлерінің сұранысын зерттеу де маманды, уақытты, қаржыны қажет етеді. Тұқымбақ- ұзақ мерзімді қаржы мен инвестиция салып отыруды да жақсы көретін сала.

Ауылдағы тұқымбаққа 7-8 жылдан бері Қалыбеков Қанат деген жігіт жетекшілік етеді. Оның да жасы биыл алпысқа кеп қалды. Тәжірибесі мол, өзі агроном, ағаш өсірудің шебері. Неге жасын айтып отырмын, бұл салаға жастар керек. Біздің қазіргі мақсатымыз, 1-2 жылдың көлемінде заман талабына сай сәндік ағаштардың көшетін әзірлеу. Қазір сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз, алдыңғы толқынмен алыстан жеткізген көшеттеріміз 6-7 жылдың жобасында айналымға салуға жарап қалады деп күтіп отырмыз.

Негізі, біз тұқымбақ шаруашылығы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациядан жалға алынған жерде дамып жатыр. Қазығұрт ауданындағы Алтынтөбе ауыл округінің жерлерінің барлығы Кеңес заманында «Алтынтөбе» асыл тұқымды мал және егін шаруашылығының меншігінде болса, кейіннен біртұтас министрліктің балансында, одан кейін 2000-шы жылдары «Оңтүстік» ӘКК-ның құрамында болды. Біз барып тұқымбақ үшін жер сұрағанда сол «Оңтүстік» ӘКК-ның иелігінде болатын. Оның да атауы бірнеше рет өзгерді, «Шымкент» ӘКК, одан кейін «Түркістан» ӘКК-ге өтті дегендей. Кейін ауыл тұрғындарының талабымен совхоздың жері ӘКК-дан Қазығұрт ауданының жер балансына өтті. Аудан әкімдігі баяғы біз алған арендадағы жерді басы бүтін тұқымбаққа өткізіп береміз деп тағы 1-2 жыл жүрді.

Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалды 2024 жылы біздің тұқымбаққа ат басын бұрған. Қасында аудан әкімінен бастап, депутаттар, басқарма өкілдері, лауазымды тұлғалардың бәрі болды. Біздің тұқымбақтың шаруасымен танысты, көзбен көрді, ісімізге жоғары бағасын берді. Өзі Өзбекстанда елші болған азамат қой, Ташкенттің тұқымбақтарындағы тірліктерді мысалға келтірді. Сол сәтті пайдаланып, біз де әкімге арендадағы жерімізді шаруашылыққа алу туралы ұсынысымызды айттық. Қабылдады, аудан әкімінің қаулысы шықты, мемлекеттік актісін алу  керек болды, сөйтсек, ауылдың ұжымы бізге айтпастан өздеріне мемлекеттік акт алып қойыпты. Содан ол құжатты ала алмадық. Кейін ауыл тұрғындары арасында 2 рет жиналыс болып, ауылдастарым қолдап, тұқымбақтың өзіне жерді бөлек бөліп беру туралы шешімге келді. Енді, 20 жылдан бері сол жерде жұмыс істеп келе жатырмыз, еңбегіміз сіңді, ағаштарымыз жан-жақты өсті дегендей. Ауылдың мектептері, балабақшасы, мешіттері болсын, қоғамдық орындарының барлығына біздің тұқымбақтан өнген көшеттері тегін беріледі. Ауыл ақсақалдары осыны айтып, батасын берді. Хаттама түзіп, тиісті жерімізді құжаттады. Бәрі бітті ғой дегенде Түркістан облысының жер ресурстары басқармасы аудан әкімінің қаулысы дұрыс шықпаған деген желеумен сотқа беріпті. Арыз берген кім десек, көрші елді мекеннен шыққан бір блогер жігіт екен. Оның біздің ауылға да, ауыл тұрғындарына да, ауылдың жеріне де қатысы жоқ. Былайша айтқанда, мүдделі адам емес. Сондағысы, қаулының бір бетінде үтірі жоқ, парақтары нөмірленбеген деген сықылды ескертулер. Өзіңіз де білесіз, шаруашылық мақсатындағы жерлер арнайы конкурс өткізу арқылы беріледі. Ол конкурсқа бізден басқа ешкім түспеген, өйткені жердің мақсаты тұқымбақ екені көрініп тұр. Қазір сол мәселемен жүрміз, екі рет сотқа бардым. Жеріміз осындай жағдайда тұр.

Жиырма жылдан бері сол жерде еңбек етіп келе жатырмыз, қанша адам жұмыс істеп, нанын сол жерден жеп отыр. Бос жатқан не болмаса игерусіз, пайдаланусыз жатқан жер емес. Жұмыс істеп тұрған, еліміз бен жерімізге пайдасы тиіп жатқан жер. Ал, арыз берген жігіт ол жерге де, біздің ауылға да қатысы жоқ кісі. Келеді де, сыртымыздан арызданады. Осыны түсінбей жүрміз.

Еліміз бен жерімізді көгертуде Сіздің еңбегіңіз бар. Бұл ақиқат. Сіздіңше, «Патриот» деген кім?

– Патриот деген не? Әлде кім? «Патриот» дегенде оны «жалған патриоттықпен» шатастырмау керек. Кейбіреулер бар, жұрт алдында әдемі сөйлеп, сол сөзіне елді сендіріп, артынан істеп жүретіні басқа тірлік. Адалдық, әділдік, туралық деп ұрандаған талай жігітті көрдік. Кейін содан күдіктенетін жағдайға жеттік. «Патриотпын» дегенге күмәнмен қарау керек қазір. Әлеуметтік желіде жылы сөз айтқанның бәрін патриот деп қарауға болмайды.

«Патриот» деп қалай, кімді айтамыз енді? Бұрынғы заман жоқ қой қазір. Өкімет басындағы, қолында билігі бар шенеуніктер, мемлекеттік қызметкерлер де бұрынғыдай ел игілігін басты нысанаға ала бермейді. Әр сөзін, әр ісін сақтықпен есептеп, айтады. Бүгінде мемлекеттік қызметкерге қарағанда, жеке кәсіппен айналысқан кісі өзіне де, елі үшін де пайдалы ма деймін. Шаруасың. Тынышсың. Әрине тәуекелі көп. Қазір орман шаруашылығымен жанасып жатқан барлық шаруалармен қатар айналасып жатырмыз. Олардың ішінде біреуі пайда түсіруі мүмкін, екіншісі басқасынан келетін шығынның орнын жауып жатады. Оларды жүргізу үшін не деген қиындықты еңсересің. Есесіне қызықты. Өзіңмен-өзің, шаруашылығың да, өмірің де өз бетінше қызық. Кәсіптің көзін таба алсаң, еңбегіңнің берекесін табасың. Ретін білмесең, банкрот боласың. Меніңше, патриот дегеніміз сол – өз саласының білгірі, сол арқылы еліне қандай да бір пайда тигізіп жүретін азамат. Өз саласының кәсіби білгірі болмаса, «мен – елімнің патриотымын!» деп көкірек ұрғаныңнан елге пайда бар ма?

      Әңгімеңізге рақмет!