Жаңа оқу жылына жүйелі қадам

Авторы:

23.08.2025

Жаңа 2025-2026 оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласындағы білім беру мекемелерінде оқу процесін сапалы ұйымдастыру мақсатында дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы орайда Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты №52 мектеп-лицейінің директоры Айнұр Бимырзаева мектептің материалдық-техникалық базасы, оқушылар контингенті, әлеуметтік қолдау шаралары және оқу үдерісін ұйымдастыру бағытында атқарылған жұмыстар туралы мәлімдеді.

2024-2025 оқу жылын мектеп 87 сыныппен және жалпы 2062 оқушымен аяқтады. Оның ішінде 30 оқушы үйден оқытылған оқушылар қатарында болды. 2025 жылғы 26 мамырдан бүгінгі күнге дейінгі аралықта қала және облыс мектептеріне 54 оқушы ауысса, 27 оқушы жаңадан қабылданды.

Былтырғы оқу жылында аталған мектепті 218 оқушы аяқтады, олардың ішінде 79 түлек колледждерге құжат тапсырған. Сонымен қатар, қазіргі уақытта бірінші сыныпқа 146 оқушы қабылданып, оның ішінде 83 оқушы қазақ сыныбына, ал 63 оқушы өзбек сыныбына тіркелді. Жаңа қабылданған оқушылардың 135-і балабақшаға барған.

Мектепте оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында арнайы жабдықталған пән кабинеттері жұмыс істейді. Атап айтқанда, мектепте екі химия, екі биология, бір физика, бір логопед, бір STEM, бір география, бір робототехника, бір алғашқы әскери дайындық (АӘД) және бір еңбек кабинеті бар. Яғни, барлығы 11 кабинет заманауи жабдықтармен жабдықталған.

Сонымен қатар, оқу үдерісінің тиімділігін арттыру мақсатында мектепте 25 панелді тақта орнатылған. Бұл құрылғылар оқушылардың білім сапасын арттыруға ықпал етеді. Бұдан бөлек, оқу-тәрбие ісінде қолданылатын бір LED экран жұмыс істейді.

Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектепке барлығы 33 бейнебақылау камерасы орнатылған, оның 9-ы сыртқы, 24-і ішкі бақылауға арналған. Жуырда тағы да қосымша 25 бейнекамера орнатылды, оның 19-ы ішкі, 6-уы сыртқы бақылауға бағытталған.

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға көмек көрсетіледі. 2025-2026 жаңа оқу жылы қарсаңында, Шымкент қаласы бойынша бір оқушыға бөлінген бір реттік қаржылай көмек көлемі 46 500 теңгені құрады. Бүгінгі күнге дейін аталған акция аясында 544 оқушыға қаржылай көмек көрсетілді. Бұл қолдау оқушылардың жаңа оқу жылына толыққанды дайындалуына жағдай жасайды.