Перизат Баймаханова, режиссер: «Жауапкершілік жоқ жерде талант пен театр қатар құлдырайды»

Авторы: Әлия ӘУЕСБЕКОВА

13.11.2026

Әрбір халықтың рухани тамыры, ұлттық болмысы мен мәдени мұрасы ең алдымен өнер мен әдебиет арқылы ұрпақтан-ұрпаққа аманатталып келеді. Өңірдің мәдени тынысын жандандырып, талай жастың өнерге деген құштарлығын оятқан, сахна арқылы адам жанының терең сырларын аша білетін талантты тұлғалардың еңбегі әрдайым ерекше құрметке лайық.

Бүгінгі таңда руханият пен мәдениет саласына өмірінің саналы ғұмырын арнап, Түркістан облысының өнер көгінде өзіндік қайталанбас қолтаңбасын қалыптастырып келе жатқан білікті режиссер, Ордабасы ауданы, «Темірлан» Халық театрының және аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер Үлгілі театрының жетекшісі Перизат Өмірханқызы Баймахановамен жүргізілген бұл сыр-сұхбат – ұлттық өнердің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен нағыз шығармашылық жолдың машақаты мен қуанышын қатар өрбіткен мағыналы шығармашылық әңгіме. Осы орайда, кейіпкеріміздің театр сахнасындағы тынымсыз ізденістері, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтере білетін, шәкірт тәрбиелеудегі қажырлы еңбегі арқылы жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген өмір жолы мен өнердегі ұстанымдары әрбір оқырманды бей-жай қалдырмасы анық.

ОРДАБАСЫНЫҢ ЖЕТІСТІГІ – ОРТАҚ ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСІ 

– Перизат Өмірханқызы, жуырда Түркістан қаласында өткен облыстық «Өнерлі өлке» фестивалiнде Ордабасы ауданы бас жүлдені қанжығасына байлады. Алдымен осы қуанышты жаңалық пен өңірдің мәдени жетістіктерінен әңгіменің тиегін ағытсақ?

– Иә, бұл жарқын жетістікке біз кездейсоқтықпен жеткен жоқпыз, ол – барша Ордабасы ауданы жұртшылығы мен шығармашылық ұжымымыздың ортақ еңбегі және күндіз-түні төккен терінің лайықты жемісі. Биылғы фестиваль Түркістан төріндегі зәулім «Керуен-Сарай» кешенінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Аталмыш кеш аясында ауданымыз ғасырлар қойнауынан бастау алатын бай тарихын, ұлттық болмысын, салт-дәстүрі мен мәдени мұрасын аса жоғары деңгейде паш етіп, әділқазылар алқасының қатаң іріктеуінен сүрінбей өтті. Осылайша ұлттық мұраны дәріптеп, қазақы құндылықтарды насихаттауда ерекше белсенділік танытқан Ордабасы тағы бір мәрте өзінің рухани әлеуеті жоғары, өнері өркендеген өлке екенін дәлелдеді.

Бұдан екі жыл бұрын ауданымыздың 60 жылдық мерейтойына орай 2800 адам қатысқан аса ауқымды «Көш керуен» қойылымын сәтті өткіздік. Сол кезде аудан әкімі Азат Оралбаевтың «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі тапсырылып, зор алғысына бөленген жайымыз бар.

Осындай ауқымды шаралардың басы-қасында жүріп, мәдениет саласындағы көп жылдық адал еңбегімнің ескерілгені болар, облыс бойынша барлық театрлардың арасынан былтыр «Жылдың ең үздік режиссері» атағын иелендім. Бұған дейін де 2019 жылы «Мәдениет» медалімен, 2021 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен және 2022 жылы «Мәдениет майталманы» атағымен марапатталдым. Алайда бұл жетістіктердің бәрін мен жеке басымды мақтау үшін тізіп отырған жоқпын. Бұл – ауданымыздың барша өнерсүйер қауымы мен шығармашылық ұжымының ортақ жеңісі, еткен еңбегіміздің лайықты бағасы.

Кез келген жауапты сәтте көрсетілген шынайы баға мен халықтың ыстық қошеметі – өнер жолында талмай еңбек етіп келе жатқан бойыма қанат бітіріп, жаңа шығармашылық белестерге жетелейтін ең үлкен марапат деп білемін.

– Жергілікті «Темірлан» Халық театры мен «Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер Үлгілі театрының бүгінгі тыныс-тіршілігі, сахнадағы ізденістері мен көрерменмен байланысы қалай жолға қойылған?

– Өнер жолында жүргеніме 1993 жылдан бері біраз уақыт болды. Ал Ордабасы ауданына көшіп келгелі, 2003 жылдан бастап тікелей режиссерлік жұмысқа кірісіп кеттім. Ал 1973 жылы ашылған «Темірлан» Халық театрына келгелі бері 80-ге жуық спектакль сахналаппын. Жыл сайын дәстүрлі түрде бір комедия мен бір трагедия қоямыз, ал арасындағы шағын дүниелердің сценарийін өзім жазамын.

Басында бұл жердегі жағдай оңай болған жоқ. Театр біраз тоқырап қалған кез, көрермендер де аз еді. Өзім осы саланы шексіз сүйгендіктен, әрбір ісімді ізденіспен, жан-тәніммен жасадым. Сол кезде  аудандық бөлім басшысы Өскенбай Ташенов ағамыз маған үлкен демеу болды. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуды» алғаш сахналағанымда, ол кісі: «Қолыңнан келеді, бауырым, басқалардан нең кем? Бар, тағы да пысықтап кел» деп жігерлендіріп, қанаттандырып отыратын. Содан түнімен көз ілмей еңбек етіп, берілген рөлді ойдағыдай ойнауға барымды салатынмын.

Халық жаңашылдықты бірден қабылдай қойған жоқ. Тіпті, спектакльдің бірінші бөлімі біте сала, жұрт екіншісіне өткенде орнынан тұрып кете жаздаған сәттер де болды. Ондайда сахнадан: «Асықпаңыздар, бұл әлі соңы емес, екінші көрінісі бар!» – деп халықты қайта орнына жайғастырып алған қызықты күндер де өтті. Кейіннен театр жиі қойылымдар қойып, халық театрға қайтадан бауыр басты.

Қазір Ордабасыдағы үлкенді-кішілі іс-шаралар прологсыз өтпейді. Кез келген жиын немесе концерттің сценарийін жазып, режиссерлігін де өзім атқарып жүрмін. Бүгінгі таңда қоғамдағы өзекті мәселелерге айналған лудомания (ойынға құмарлық), буллинг пен кері діни ағымдардың теріс тұстарын сипаттайтын салмақты қойылымдарды тұрақты түрде сахналап келемін.

– Мемлекеттен арнайы қаржыландырусыз өз күшімен ашылып, бүгінде үлкен жетістіктерге жеткен ол кездегі «Жас толқын» балалар үйірмесінің алғашқы қабырғасы қалай қаланды?

– Шығармашылық жолдағы игі бастамалар көбіне өмірдің өзінен туындайтыны белгілі. Соның жарқын көрінісі ретінде, 2017 жылы ешқандай мемлекеттік қаржыландырусыз, тек ата-аналармен өзара келісім арқылы (айына 3000 теңге жарнамен) «Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер үйірмесінің алғашқы қабырғасы қаланды. Бұл театрдың дүниеге келуіне белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығайдың Аңыз адам журналында жазған мақаласындағы «Театрды сезініп, жүрекпен ұғыну керек. Оған жастардың көп келгені керемет нәрсе. Бізде көркемсөз мәдениеті не балабақшада, не мектепте оқытылмайды. Балабақшада, мектеп қабырғасында әнге, биге, еңбекке баулиды. Ал көркемсөз оқу үйретілмейді. Үлкен оқу орнына келгенде абитуриенттер театр туралы бейхабар боп келеді. Кімнің кім екенін білмейді. Трагедиялық қойылымда біреулер күліп, ысқырып, айқайлап жатса оған ешкім қой деп айтпайды. Оған залдағы театр қызметкерлері ғана ескерту айтып жатады», –деген сыни пікірлерін оқыған соң ойыма түрткі болды.

Бұл сөздерді зерделей келе, төрт жылдық арнайы оқудың аздық ететінін, өнерде жасандылық орын алмауы үшін балаларды ерте жастан тәрбиелеу қажеттігін терең түсіндім. Балалар эмоционалды әлемді үлкендерге қарағанда әлдеқайда тез әрі аса шынайы қабылдайды. Сахнадағы ауыр сәттерде – мысалы, жетім балалардың тағдыры немесе оларды кеудеден итерген көріністерде балалар соншалықты әсерленіп, шынайы жылап жіберетін.

Осындай шынайы өнер мен жас актерлардың талпынысын шыңдау жолында ізденіс тоқтаған жоқ. Әдетте Халық театрларының мәртебесін әр 3-4 жыл сайын міндетті түрде қорғап тұру қажет. Осы орайда тәуекел етіп, «Маугли», «Буратино» ертегілерін ұлттық менталитетке сәйкестендіріп сахналадық. Нәтижесінде, 2022 жылы Халық театры атағын сәтті қорғап шығып, «Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер Үлгілі театры деген мәртебеге ие болдық. Бұл мемлекет тарапынан ресми штат бөлінуіне мүмкіндік берді.

Қазіргі таңда екі театрдың – жарты бірлікпен «Жас толқында» және бір бірлікпен «Темірлан» Халық театрының режиссері ретінде абыройлы қызмет атқарып келемін. Бізде кәсіби театрлар сияқты кез келген драманы ала салып ойнату мүмкін емес, сондықтан әр рөлді актерларымыздың табиғи қарым-қабілеті мен жан-тәнімен ойнайтынын ескере отырып, таразы басында үнемі өлшеп отырамыз.

– Сіздің қанатыңыздың астында қомданып, бүгінде республикалық деңгейдегі өнер ордаларында еңбек етіп жүрген талантты шәкірттеріңіздің жетістіктері мен оларға қоятын басты талаптарыңыз туралы кеңінен айтып өтсеңіз...

– Кезінде сол шәкірттерімнің көбі Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясы мен Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі актерлық, режиссерлық факультетіне түсу емтихандарында 100 ұпайды түгел жинап, кейін жоғары оқу орындарын сәтті тәмамдады. Олар қазір республикалық театрларда басты рөлдерді сомдап, киноға түсіп жүр. Мысалы, Дінмұхаммед Жолдас «Лаула» киносында Сағи есімді басты кейіпкердің рөлін сомдап, қазір Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының сахнасында қызмет етсе, Мәден Бақберген Нұрмаханұлы бүгінде Күлаш Байсейітова атындағы Өнер академиясының 3-курсын аяқтап, Астана қаласының Музыкалық жас көрермен театрының артисі болып қызмет атқаруда.

Сондай-ақ театрымыздың іргетасын қалап, адал еңбек етіп жүрген алғашқы шәкірттерімнің бірі  Біржан Қалыбековпен бірге жас кезімізде Қозы Көрпеш Баян сұлуды ойнасақ қазіргі таңда сахна төрінде ата мен әженің бейнесін сәтті сомдап келеміз. Берік Бейсембаев пен Нұрбек Ескерместер де білікті мамандар. Шәкірттерімнің жетістігін көріп қуанған сайын жасара түсетінімізді сезінемін. Мен үнемі балаларға: «Менің айтқанымды қатып қалған заң түрінде қабылдап, шеңберден шықпай қалмаңдар, өз ойларыңды еркін айтыңдар, ұсыныс жасаңдар», – деп үйретемін. Олардың ұядан ұшса да: «Апай, үлкен киноға түсетін кезде сізді міндетті түрде шақырамыз» деп шаттана күліп, қуанышын ақтарыла айтып тұратыны – менің өмірдегі ең үлкен бақытым деп білемін.

«САХНАЛАНҒАН СПЕКТАКЛЬДЕРІМ АРҚЫЛЫ КӨРЕРМЕНГЕ САЛМАҚТЫ ОЙ САЛҒЫМ КЕЛЕДІ» 

– Өнер жолындағы ізденістер мен шабытты қайдан аласыз? Жалпы жұмыста қандай қасиетті басты орынға қоясыз?

–Өзімді сондай мақтаншақ, мақтау сүйгішпін деп ойлаймын. Кейде мұны көпшілік «Бұл – бала кездегі «жарақат» қой деп әзілмен қағытып жатады. Расында да, бізді кішкентай кезімізде ешкім ардақтап, еркелеткен жоқ, тек «Алға!» деп еңбек етумен өстік.

Бәлкім сондықтан да болар, маған айналамдағы адамдардың «сенің қолыңнан келеді» деген сөзі үлкен күш береді. Мен шынымен сол сенімге сай болуға тырысып, тіпті ол әзірге қолымнан келмей жатса да, жатсам-тұрсам соны жүзеге асыруға ұмтыламын. Мүмкін, сол себепті мен мақтау сүйетін шығармын. Оны жай ғана мақтан көруге бола ма, жоқ па – білмеймін, бірақ өзіме шабытты тек әрбір ісіме айтылған алғыс пен көрсетілген қолдаудан ғана аламын. Маған басқа ештеңе бұлайша шабыт бере алмайды.

Бұл ретте атап өтетін тағы бір маңызды жайт – жалпы барлық жұмыста жауапкершілік бірінші орында тұруы керек. Мен барлық жерде жауапкершілік қасиетті өте жоғары бағалаймын. Бізде керемет өнер көрсететін тамаша әртістеріміз болады. Бірақ кейде олар өздерінің таланттарының биігін, жеткен жетістіктерінің салмағын іштей көтере алмай, сол қуаныш пен жауапкершіліктен абдырап қалып, ұйықтап қалып немесе жұмысқа кешігіп келетін кездері кездеседі. Керісінше, жауапкершілігі жоғары, бірақ алғашында көз тоярлық таланты байқалмайтын, даусы да шықпай, ойнай дa алмайтын қаншама жастармен жұмыс істедім. Солардың өзі табиғи дарыны болмаса да, табанды еңбектің арқасында сахнада жарқырап, күрделі рөлдерді мінсіз алып шықты.

Сондықтан дарын мен талант жауапкершілік жоқ жерде қалып қояды. Берілген тапсырманы уақытында орындап, жауапкершілік танытса, кез келген адамнан нәтиже шығады. Мәселен, біздің мекемедегі шаруашылық жөніндегі меңгерушіміз Әлішер Супибеков өмірінде сахнада ойнамаған, жасы да келіп қалған, мәтінді де жаттау қиынға соғатын болса да, соның өзінде оған Қажымұқанның сөздерін ықшамдап беріп, жауапкершілік жүктегеніміздің арқасында ол 70 жастағы балуанның бейнесін тамаша сомдап шықты. Шын мәнінде, өнердегі 1 пайыз табиғи дарын болса, қалған 99 пайызы – тынымсыз еңбек пен жауапкершіліктің жемісі. Өйткені жауапкершілік жоқ жерде талант пен театр қатар құлдырайды

– Сіздің осы шығармашылық жолды таңдауыңызға не себеп болды? Жалпы, балауса шақтағы арман мен өнер әлеміне жасаған алғашқы қадамдарыңыз қалай басталды?

– Менің бұл өнер әлеміне қадам басуым жүрек қалауымнан және бала күнгі асқақ арманымнан бастау алды. Өзім Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Қайнар ауылында 1972 жылы 23 ақпанда дүниеге келдім. Мектепте жүрген кезімде-ақ аудандық Шаян Халық театрының қойылымдарына шексіз тәнті болып, театрдың тыныс-тіршілігіне іштей ғашық болдым. Себебі сол кезде Мәскеуде білім алып келген театр ұжымы көрнекті жазушы-драматургСәкен Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» спектаклімен біздің ауданға келген еді. Соғыс кезіндегі баланың тағдырын баяндайтын туындыдағы тылда қызмет етіп жүрген жас бала – Бақыттың рөлін жас актриса Ғалия Масаурова өте шебер сомдады. Оның дене бітімі кішкентай болғандықтан, мен оны шын мәніндегі бес-алты жасар ұл бала деп ойлаппын. Осы бір жан тебірентерлік бейне менің жүрегіме ерекше әсер етіп, өнер әлеміне деген шексіз махаббатымды оятты.

– Жүректен шыққан осындай балалық арман мен өлеңге сыйғызған қиялдарыңыз кейін өнер жолында қалай жалғасын тапты? Өмір жолындағы ізденістеріңіз туралы айтып өтсеңіз.

– Бірақ ата-анам әртіс болуыма бірден қарсы шықты. Мектепте көркемсөз оқу шебері атанып қана қоймай, сонымен бірге сценарийлер құрастырып, ауылдағы концерттерді ұйымдастыратын едім. Өнерге деген құштарлық іштей маза бермеген соң, 1989-1990 жылдары аудандық, облыстық байқауларда бағымды сынадым. Сол сайыстардан сүрінбей өтіп, Ж.Шанин театры режиссерінің жетекшілігімен Алматыға аттандым. Мұнда сықақ оқығанымды ерекше бағалаған белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай сахнаға қайта шақырып алып, бұл өнерді дәл осылай орындау керектігін көпшілікке үлгі етіп көрсетті. Қазылар алқасының қатарында отырған Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Меруерт Өтекешовалардың алдында өнер көрсетіп, өнерімді жоғары бағалаған Тұңғышбай Жаманқұловтың тобына қабылдандым.

Алайда Алматыға ата-анамның батасын толық алмай аттағанымнан ба, әлде олардың маған алаңдаушылық танытуы ерекше әсер етті ме, бұл асқақ арманым бір жылға да жетпей орындалмай қалды. Арада көп өтпей Түлкібасқа келін болып түсуіммен барлық жоспарым мүлде басқа арнаға бұрылып кетті. Жолдасым Жетісай училищесінде хор дирижерлігінде оқитындықтан, соның соңынан еріп жүріп, мен де хор дирижері мамандығын алып шықтым. Кейін тағдырдың толқынымен  туған топырағыма қайта оралып, еңбек жолымды жалғадым. Ол кезде цирк әртісі Ерғали Байсариев шиша үстіне жатып өнер көрсетсе, мен сол шишалардың үстінде қылдырықтай белмен шығыс билерін билейтінмін. Осы тұста мәдениет бөлімінің бастығы Әуесхан Есенжолов ағайымыздың берген ақылы өмірімді түбегейлі өзгертті: «Перизат, ертең бұл саған ауадай қажет болады, сондықтан мәдениет саласы бойынша оқуыңды одан әрі терең жетілдіріп ал!» – деген еді. Оның кеңесімен М.Әуезов атындағы мәдени-тынығу мамандығына түсіп, оны сәтті аяқтадым. Бұл білім маған кейіннен сценарийлерді әрдайым жаңашылдықпен, көрерменге салмақты ой саларлықтай, ерекше ізденіспен жазуға жол ашты.

БАСТЫ МҰРАТ – ҰЛТТЫҚ РУХАНИЯТТЫ ЗАМАН ТАЛАБЫМЕН ҰШТАСТЫРУ 

– Отбасылық құндылықтарды қастерлеп, ардақты ана атану бақытын қалай сезіне білдіңіз? Перзенттеріңіз туралы айтып өтсеңіз...

–Алматыдағы армандардың көзден бұлбұл ұшып, тағдырымның басқа бағытқа бұрылғанына өкінбеймін, өйткені менің басты белесім де, бақытым да – ардақты ана атануым. Балаларымның әрқайсысының азамат болып қалыптасып, өмірден өз орындарын тапқаны – менің басты жетістігім. Жолдасым Асқар екеуміз 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірдік. Аллаға шүкір, үлкен ұлым үйленіп, одан кейінгі қызым қияға қонды. Тұңғыш ұлымыз Болат Қазақ Британ  университетін тәмамдап, қазір Катар мемлекетінде еңбек етіп жүр. Алматыда  тұратын   үлкен   қызымыз  Әлия әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ді бітіріп, психология мамандығы бойынша жұмыс істеуде. Одан кейінгі қызым Айгерім ҚХТУ түлегі атанса, қазір №26 мектепте биология пәнінің мұғалімі болып қызмет атқаруда. Ортаншы ұлым Алмас Астанада IT университетін тәмамдап, қазіргі таңда ҚазМұнайГаз компаниясында жұмыс істейді. Ең кенже қызымыз Әмина мектеп қабырғасында 11-сыныпта білім алуда.

– Балаларына туған жерді қадірлеуді, Отанды сүюді санасына сіңіріп өсірген ананың бұл көзқарасы үлкен сахнадағы еңбегімен де егіз екені анық. Олай болса, бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық рух пен патриотизмді қалыптастыруда театр өнерінің атқарар рөлі қандай деп ойлайсыз?

– Қазіргі қарқынды дамыған жаһандану заманында ұлттық рух пен патриотизмді орнықтыруда театр өнерінің атқарар орны айрықша. Театр – тұнып тұрған өмір айнасы. Мұнда сахнада микрофон қолданылмайды, барлық шынайы эмоция мен жан тебіренісі көрерменге тікелей жүректен жүрекке жетеді.

Себебі шынайы отансүйгіштік ешқашан жалаң ұрандар мен биік мінбелердегі құрғақ сөздерден басталмайды. Ол – көше сыпырып жүрген қарапайым тазалықшының маңдай терінен, қоршаған ортаға деген жанашырлықтан және күнделікті тіршіліктегі кішкентай адалдықтан бастау алады. Тіпті, көшеде немесе жолда жатқан қоқысты «өзге біреу жинар» деп айналып өте шықпай, өзің еңкейіп ретке келтіру – нағыз елжандылықтың көрінісі.

Бұл қасиет көктен түспейді; ол отбасынан басталатын терең тәрбиеден, дастарқандағы нанның қадірін білуден, туған жердің әрбір шөбіне құрметпен қараудан қалыптасады. Өнерде де патриоттық рухты жай ғана әдемі шумақтармен немесе жасанды мадақпен емес, жан дүниеңмен тебіреніп, нақты іспен көрсете білу маңызды. Жүрегіміз ел деп соғып, жасап жатқан әрбір игі ісіміз келешек ұрпақтың болашағына қызмет етсе, бұдан асқан бақыт жоқ!

– Өміріңізде ең бір ұмытылмас, жүрегіңізге терең із қалдырған қандай ерекше оқиғаны айта аласыз?

– Ол сәт күні кеше болғандай әлі көз алдымда. Алматыға оқуға аттанған бұл сапар – ауылдың қара топырағынан ұзап, арқалаған асқақ арманыммен алғаш рет пойызға мінген өмірімдегі ең үлкен бетбұрыс еді.  

 

«Енді туған жерден, ата-ананың жылы ұясынан алыстап барамын» деген қимастық сезімі жүрегімді сыздатса, «арман қала – Алматы мені құшақ жая қарсы алады» деген сенім кеудемді кернеді. Қуанарымды да, жыларымды да, күлерімді де білмедім: жан-дүниемнің астаң-кестеңі шығып жатты. Жүріс жылдамдаған сайын, балаң жүректің алаңы мен беймәлім болашаққа деген үрей аралас сезім ес-ақылымды билеп алды.

Терезеден артта қалған ауыл түтініне қарап, іштегі аласапыранды жасыра алмадым. Сол сәттегі вагондардың дүрілі мен жүрегімнің дүрсілі өмірімнің ең маңызды жаңа парағын ашқандай еді.

– Заман талабына сай, жасанды интеллект қарыштап дамыған кезеңде өнерді ұштастыру мен болашаққа бағытталған шығармашылық жоспарларыңыз қандай?

– Бүгінгі таңда қоғамның жасанды интеллектіге жаппай бет бұрғаны рас. Оның қажетті тұстары да баршылық, алайда өнер саласында мұны орынсыз немесе шектен тыс қолдануға түбегейлі қарсымын.

Алдағы уақыттағы басты шығармашылық жоспарларымның бірі – осы заманауи трендтің жақсы мен жаман жағын терең мазмұнда ашып көрсету. Мысалы, болашақ қойылымдарымның прологінде LED экраннан жасанды интеллектіні көрсетіп, ол бір роботты жасап шығарады да: «Сен барып өнерді зерттеп кел, біз осындай объектіні жасап шығардық» деп тапсырма береді. Робот өнерді көріп, зерттеп қайтып келіп, жасанды интеллектке былай дейді:

«Біз өзімізді мойындауымыз керек. Біз керемет музыка жазып, ноталарды есептеп шығара аламыз, би жасай аламыз. Бірақ оны жүрекпен сезіне алмаймыз. Халыққа шын мәнінде әсер беріп, сезіндіре алмаймыз. Сезіну үшін жүрек керек, ал бізде жүрек жоқ. Жүрек тек адамдарда ғана бар. Сондықтан өнер ешқашан өлмейді!». Бұл арқылы адам жанының жылуын, жүректен жүрекке жететін шынайы сезімді ешқандай технология алмастыра алмайтынын паш еткім келеді.

– Ал жасанды интеллектіні сахнада немесе білім беру үдерісінде орынсыз пайдаланудың қандай мысалдарын байқадыңыз? Және тарихи тұлғаларды жандандыруға қатысты ұстанымыңыз қандай?

– Бүгінгі таңда жасанды интеллектіні орынсыз қолданудың мысалдарын жиі көріп жүрміз. Бірде ашық сабақтардың бірінде Абай Құнанбаевты немесе Кенен Әзірбаевты жасанды түрде жасап шығарып, отырғызып қойып: «Ал, балалар, мен сендерге келдім, сабақты жақсы оқыңдар» деп сөйлетіп жатқанын көрдім. Бұл – мүлдем миға қонымсыз дүние. Абай мен Кененді жасанды түрде сөйлетіп қойғаннан гөрі, олардың өз өлеңдерін жас буынға нағыз әсермен оқытқан әлдеқайда дұрыс.

Мен өз басым тарих пен уақытты жалғайтын осындай эпизодтарға Жер-Ана бейнесін сахнаға шығарғанды әлдеқайда әсерлі деп санаймын. Жер-Ана – өткеннің бәріне куә болған тарихтың шежіресі. Сол Жер-Ана сахнада: «Мен бәріне куәмін. Баяғыда Ахмет Яссауиге де, ұлы Абай мен Кененге де куә болдым. Бүгін міне, ауданның 60 жылдығына да куәмін» деп өткен мен бүгінді бір-бірімен сахнада осылай ұластырып отырса, әлдеқайда мағыналы, әсерлі шығар еді. Абай мен Кенен сияқты ұлы тұлғаларды роботша сөйлетпей, олардың мұрасын, өлеңдерін шынайы түрде насихаттауымыз керек.

Жасанды интеллектіні дұрыс арнада пайдалансақ – ол үлкен көмекші. Мысалы, бұрын оркестрде отырып жасайтын жұмыстарды қазір керемет музыка мен оркестрлік оранжировка жасату үшін қолдануға болады, бірақ оны орындайтын, әнді жүрекпен айтатын – жанды адам, өнерпаз болуы тиіс.

– Ал ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді дәріптеу мен ұлттық өнерді сақтап қалу бағытында қандай жобаларды қолға алмақшысыз?

– Әсіресе, ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді жасанды интеллект пен құрғақ музыкаға сеніп тастап пішінін жоғалтып алудан сақ болуымыз керек. Мысалы, біздің ата-бабамыздан қалған «табақ жүгірту» деген өте маңызды кәсіп пен салтымыз бар. Оны көп адам біле бермейді. Тәй-тәй басып, еңбектеп келе жатқан баланың бауырынан ыстық табақты жүгіртіп жіберіп: «Тұлпардай жүгір, аяғың талмасын!» деп қарияға апарып беретін ырым болған. Кеудеге ыстық пен мұздай лезде келеді ғой. Сол кезде ыстық ас тиген баланың кеудесі сескеніп, еңсесін тік ұстауға, қайтадан тіке жүріп кетуге тырысады.

Міне, осындай терең тәрбиелік мәні бар, ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді жасанды интеллект ешқашан толық түсіндіріп бере алмайды. Оны тек қана адамның мимикасымен, бимен, музыкамен, тірі эмоциямен сахнада көрсетіп, халыққа жеткізуіміз қажет. Сондықтан мен жасанды интеллектке түбегейлі қарсы емеспін, қайта оны ақылмен, орынды қолдануды қолдаймын. Болашақта осы өзекті мәселелерді көтеріп, жас буынды тәрбиелеуге, ұлттық өнердің көшін түзеп, еліміздің руханиятына адал қызмет етуге бағытталған жаңа жобаларымды халыққа паш етсем деймін.

– Темірлан Халық театрының гастрольдік сапарлары мен сахналық ізденістері қалай жалғасуда?

– Кәсіби театрлар сияқты жиі гастрольде жүрмесек те, маңызды сапарларымыз болып тұрады. Мәселен, 2023 жылы Ақтөбеде жазушы, драматург Тахауи Ахтановтың 100 жылдығына орай өткен фестивальде «Күшік күйеу» қойылымдарының арасынан озып шығып, ұжымымыз «Ең үздік актерлік ансамбль» номинациясын иелендік. Сондай-ақ Ақмола өңіріне «Қажымұқан елінен Қажымұқан жеріне» атты арнайы сапар ұйымдастырып, «Қажымұқан» спектаклін қойып қайттық.

Сонымен қатар жақында Отырар ауданында өткен Халық театрларының байқауында драматург Оразбек Бодықовтың шығармасы желісімен (халыққа түсінікті болу үшін атын «Ойбай, күйеу керек» деп өзгерттік) қойылған комедиялық қойылымымыз 1-орынды жеңіп алды. Жалпы, жаңа спектакль қояр алдында әлеуметтік желіде көрермендерге бірнеше нұсқаны ұсынып, олардың пікірін біліп, талқылап отырамыз. Халықтың ыстық ықыласы мен зор қолдауы шығармашылық жолымызға тыныс ашып, кезекті шабыт биіктеріне жетелейді. Режиссер болу – тек оқу оқып дипломын алу емес, ол жүректен шығатын ерекше талант пен табандылықты қажет ететін қасиетті жол.

– Сырға толы мазмұнды сұхбатыңызға көп рақмет!