Шымкент қаласындағы «ALAN» халықаралық мектебінде Ашық есік күні өтті. Іс-шара барысында ата-аналар мектептің тыныс-тіршілігімен танысып, ұстаздармен пікір алмасуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, мектеп ұжымы қонақтарға оқу бағдарламасының ерекшеліктері мен оқушыларға жасалған жағдайлар туралы толыққанды ақпарат ұсынды.
Мектеп білім берудің заманауи әрі тың әдістерімен ерекшеленеді. Бұл туралы бастауыш сынып мұғалімі, педагог-сарапшы Нұрайна Әуелбайқызы:
– Мен сабақтарымда геймофикация тәсілін қолданамын. Бұл әдіс балалардың есте сақтау, оқу және жазу дағдыларын қалыптастырып, білімге деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Бірінші сынып – баланың мектепке алғаш қадам басатын кезеңі. Сол сәттің бала есінде жағымды естелік ретінде қалуына мұғалім жауапты деуге болады. Сондықтан мен әр баланы мейіріммен, жылулықпен қарсы алып, әр қадамына қолдау көрсетуге тырысамын. Басты мақсатым – баланың көзіндегі ұшқынды сөндірмей, керісінше жандыра білу, – деп түсіндірсе, тәжірибелі ұстаз, педагог-эксперт Сағыныш Сопбекқызы:
– Мен білім берудің түрлі трендтерін пайдалана отырып, бала бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруді басты мақсат етемін. Әсіресе, балада ғылымға деген негіз қалыптастыруда STEM технологияларын пайдалана отырып, зерттеушілік және логикалық қабілеттерін дамытуға күш саламын. Сабақтарымда сингапурлық математика, «SCIENCE» пәні және қаржылық сауаттылық бағыттарын біріктіремін. Соның нәтижесінде шәкірттерім жыл сайын пәндік олимпиадалар мен зияткерлік сайыстарда жүлделі орындарға ие болып келеді. Мұндағы ең маңызды нәрсе – олардың ғылымға деген қызығушылық танытып, ерте кәсіби бағдар алуы. «ALAN» халықаралық мектебінің басты ерекшелігі де сол, баланың әлеуетін ерте танып, оны дамытуға жағдай жасайды, – дейді.
Ал «ALAN» халықаралық мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Алтынай Ылханбекқызы:
– Білім беру саласында жиырма жылдан бері еңбек етіп келемін. Осы уақыт аралығында шәкірттерімнің білім гранттарын иеленіп, еліміздегі, әлемдегі таңдаулы оқу орындарына түсуіне үлес қостым. Ұстаздық жолымды еліміздегі үздік деп танылған білім ордаларында өткізіп, бай тәжірибе жинақтадым. Қазіргі таңда «ALAN» халықаралық мектебінде өз пәнім бойынша республикалық олимпиадалар мен Абай, Әбіш, Ілияс т.б. оқуларынан дараланған дарында оқушыларды дайындаймын. Ұстаз ретінде басты мақсатым – оқушы бойына ұлттық рух пен құндылықты сіңіру. Тілді тек пән ретінде емес, мәдени мұра мен болмыстың тірегі ретінде меңгерту, – дейді.
«ALAN» халықаралық мектебі – оқушының жан-жақты дамуына, шығармашылық әлеуетін ашуға және заманауи біліммен қатар ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруге жағдай жасайтын сапалы білім беру кеңістігі.