Кентау өңірінде қаланың дамуына, инфрақұрылымның тұрақты қызмет етуіне өз үлесін қосып жүрген бір жан бар. Ол – Кентау жылу энергия орталығының қазандық және турбина цехының аға машинисті Шынар Шекербекова. Осы салада жиырма жылға жуық еңбек етіп келе жатқан білікті маман еңбек жолын 2007 жылы бастаған. Алғашында бояушы-сырлаушы, одан кейін отынмен жабдықтаушы болып істеді. Кейіннен машинистің көмекшісі, машинист, уақыт өте келе тәжірибе жинақтап, аға машинист дәрежесіне дейін көтерілді. Бүгінде оның міндетіне қаланың жылу беру жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ететін қазандық пен турбиналардың жұмысын, ондағы қысымды, температура мен су деңгейін тұрақты түрде қадағалау кіреді. Осылайша Шынар Шекербекова қала тұрғындарының қолайлы өмір сүруіне өз үлесін қосып келеді.
Жиырма жылға жуықтаған тәжірибе
Кентау жылу энергия орталығы – қала инфрақұрылымының маңызды бөлігі. 1934 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан бұл кәсіпорын бүгінде сан мыңдаған тұтынушыға қызмет көрсетеді. Тоқсаныншы жылдары тоқырау болып, халық Кентаудан жаппай көшіп жатқан бір кезеңдерде бұл мекеменің жұмысы тоқтап қалды. Орталықтан келер жылу болмаған соң тұрғындар өз пәтерлеріне пеш қойып, терезеден мұржа шығарып жатты. Он жыл бойы тіршілігі тыншып қалған мекеменің жұмысы тек 2007 жылы ғана жанданды. Осы кезде көптеген қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынып, жаңадан жұмысшылар жинақталды. Шынар Шекербекованың мекемедегі еңбек жолы да осы уақытта басталған болатын.
– Кентауға келін болып түскен соң біраз жыл баламен үйде отырып қалдым. Содан жұмысшылар керек болып жатыр дегенді естіген соң осында келіп орналастым. Әуелгіде қара жұмыстан бастадым. Шаң-тозаңның арасында жүрдік. Әктеу-сырлау жағында бірнеше ай істедім. Одан кейін үш жыл отынмен жабдықтау бөлімінде болдым. Ол жақта көмір жіберетін болған соң киіміміз шаң, бет-аузымыз күйе болады. Кейіннен қазіргі өзім істеп жүрген қазандық және турбина цехына ауыстым. Сонда осы цехтың жұмысшыларына қызығатынмын. Сыртынан қарап «Қандай керемет, барлығы тап-таза жүреді» деп сүйсініп отыратынмын. Сөйтсем осы жерде жұмыс істеуді Құдай маған да бұйыртып тұр екен.
Бұл жерге келген соң алғашында нені қосып, нені өшіруді білген жоқпын. Өзім жас болдым. Жұмыстың жөн-жосығын осындағы білікті мамандардан үйрендік, сұрадық, іздендік, солай тәжірибе жинадық. Буға күйіп қалмау, көмірге зақымданып қалмау секілді сақтық шараларын да меңгердік. Сөйтіп осында түбегейлі қалып қойдым. Менің бүгінде аға машинист болып отырғаным сол алдыңғы аға буын беріп кеткен білімінің арқасы.
Міне, бұл салаға мені өмірдің өзі осылай алып келді. Әйтпесе машинист боламын деп кім ойлаған?! Бала кезімде журналистердің жұмысына қызығатынмын. Ол уақытта ойыншық аз заман. Ауладан ұзындау, сопақша келетін кез келген затты, не болмаса таяқ, сым секілді қолға ілінген дүниені микрофон қылып, бір-бірімізден сұхбат алып ойнаушы едік. Содан соң тігінге де өте жақын болдым. Анамыз кішкентайымыздан тігін тігу, көрпе көктеу, киіз басып, кілем тоқу секілді жұмыстардың бәрін үйреткен. Ою-өрнек салып тұрып, киізді қолдан көп басатынбыз. Бәлкім, бұл салаға келмегенімде не тігінші, не тілші болып кетер ме едім, кім біледі?! – деп жымияды Шынар ханым.
Осылайша қайнаған қызу тіршілікке етене араласып кеткен ол уақыт өте келе кәсіби білімі мен біліктілігін шыңдай түсті. Тынымсыз еңбегінің арқасында талай шаруаны тиянақты тындырып отырды және сол әдетінен еш айныған жоқ. Содан бері аталған мекемеде жылдар бойы табан аудармай еңбек етіп, өзіне тиесілі міндетін үздіксіз атқарып келеді.
– Қазіргі таңдағы біздің мақсатымыз – Кентау қаласын сапалы әрі тұрақты түрде жылумен қамтамасыз ету. Жылу жүйесі көп қабатты тұрғын үйлерді, жеке тұрғын үйлерді, сондай-ақ мектептер, балабақшалар, ауруханалар, мемлекеттік мекемелер және басқа да әлеуметтік-экономикалық нысандарды толық қамтуға бағытталған. Қысқы ауысымда мұндағы жылу желілері үзіліссіз жұмыс істейді.
Біздің цехта бірнеше үлкен қазандықтар бар. Көмір жағу арқылы сол қазандықтардағы су қыздырылып, жоғары қысымды бу алынады. Алынған бу турбинаға бағытталып, турбинаның айналуы нәтижесінде электр және жылу энергиясы өндіріледі, – деп түсіндіреді ол жұмыс барысын.
Қаланың тұрақты жылумен қамтылуы гидравликалық режимнің дұрыс сақталуына тікелей байланысты. Яғни, жүйедегі судың қысымы мен айналымы нақты есептелген параметрлерге сай болуы қажет. Дәл осы талаптардың сақталуы жылу желілерінің сапалы әрі үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Ал бұған жауапты – Шынар секілді машинист мамандар.
«Жұмысымды жақсы көремін...»
Әдетте мұндай өндіріс орындарында көп жағдайда ер адамдардың еңбек ететіні белгілі. Себебі ондағы жұмыс барысы негізінен әйел затына қол емес. Дей тұрғанмен аталған цехта Шынар Нұрташқызы секілді ер азаматтармен тең дәрежеде еңбек етіп жүрген тағы да бірнеше нәзік жандылар бар. Әйел адамдарға аса тән емес жұмыс болса да Шынар Шекербекова өз қызметін ерекше сүйіспеншілікпен атқаратынын айтады. Оның сөзінше бұл мамандық оған үлкен жауапкершілікті ғана емес, төзімділік пен кәсібилікті де үйреткен.
– Мұндағы жұмыстың салмағы оның жауапкершілігінің жоғарылығымен өлшенеді. Бізде қатаң бақылау болуы міндетті. Болмашы қателік кетер болса, бүкіл жүйенің істен шығуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан бұл жұмыста салғырттық танытуға болмайды.
Бізде жұмыс барысы жыл он екі ай жүрмейді. Қыстық маусымда ғана жылу берілетіндіктен алты ай істеп, алты ай демалатынымыз бар. Ал жаздыгүні әктеу, сырлау, жөндеу жұмыстары қолға алынып, шаң-тозаң, май болған жерлер тазаланады. Былайша айтқанда, қысқа дайындық жасалады. Оған біздер де қолғабыс етеміз. Ол үшін арнайы ақы да төленеді. Бұрын сондай алты айлық үзілістің уақытында «Басқа жұмыс іздеп көрсем бе екен?» деген ой ара-тұра қылаң беріп қалатын. Қазір енді ешқайда ауысқым келмейді. Себебі жұмысымды жақсы көремін. Енді зейнеткерлікке де осы жерден шығамын деп ойлаймын.
Жыл өткен сайын мұндағы жағдай жақсарып келеді. Бұрын барлығы қол еңбегін қажет ететін, бәріне өзіміз жүгіретінбіз. Қазір жүйе автоматтандырылып, компьютерге ендірілген. Бұрынғыдай анда-мұнда шапқыламай, жұмысымызды бір орында отырып істейміз.
Техникалық жабдықтар да шетінен жаңарып жатыр. Былтыр пешіміз, биыл қазандықтар жаңартылды. Су жүйесі жөнделді. Нәтижесінде жылу беру сапасы да айтарлықтай жақсарды.
Тағы бір қуантарлығы, былтырдан бастап жалақымызға экологиялық үстемақы қосылды. Қуанып қалдық. Себебі біз күні-түні ыстық жерде жүреміз, ол денсаулыққа зиян. Бір әттеген-айы зейнетке ертерек шығу мүмкіндігі қарастырылмаған. Бәлкім, бұл мәселе болашақта өз шешімін тауып қалар. Бастысы қысқы маусымда қалаға тұрақты жылу беріп, елдің алғысын алып жатырмыз. Бізге содан артық марапат жоқ, – дейді аға машинист.
Жылдар бойы жылу энергетикасы саласында үздіксіз еңбек етіп келе жатқан Шынар Шекербекова – бүгінде мол тәжірибе жинақтаған білікті маман. Ол өзі зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін еңбек жолындағы көрген-білген тәжірибесін кейінгі буынға үйретіп кетсем дейді. Бірақ, өкінішке орай, жұмысқа ынталы жастар қатары әзірге кемшін түсіп тұр.
– Қазір жастар Астана, Алматы секілді үлкен қалаларға құмар ғой. Бізге келіп, енді бастап үйреніп жатады да, жаздық маусымда басқа жаққа ауысып кетеді. Осы жағы аздап қынжылтады. Кезінде өзіміз де осы мекемеге жастай келіп, аға буыннан білім алғанымыз секілді біз де кейінгі буынға өзіміздің тәжірибемізді үйретіп, болашақта өз орнымызды беріп кетсек дейміз. Бірақ, тұрақтап қалатын жастар аз. Мұнда ең бастысы қызығушылық болу керек. Қызығушылық болмаса бәрі бекер.
Адамның бір жерде тұрақты еңбек етуі үшін ең алдымен нақты мақсаты болуы керек. Жалқаулық пен салғырттыққа жол бермей, бастаған ісін соңына дейін жеткізе білу өте маңызды. Өз мамандығын сүйіп, жұмысына жауапкершілікпен қараған адам ешқашан тез жалықпайды және оны оңайлықпен тастап кетпейді, – дейді Шынар Нұрташқызы.
Бір қаланы жылумен қамтып отырған өндріріс орны болған соң цехта қауіпсіздік жағы да қатаң қадағаланып отырады. Қызметкерлер арнайы формамен, каскамен жүруге міндеттелген. Қауіпсіздік шараларын сақтамаған жағдайда суға, буға күйіп қалу қаупі бар. Сондай-ақ, апатты жағдайлар орын алған кезде де жедел әрекет ету маңызды. Олай болмаған жағдайда бүкіл техника істен шығуы мүмкін.
– Техника болған соң бәрі болады емес пе, ойламаған жерден жарықтың өшіп қалуы, қазандық не насостың істен шығуы немесе трубаның жарылуы секілді келеңсіз жағдайлар ара-тұра орын алып қалып жатады. Сондай кездері шұғыл қимылдап, дереу насостарды өшіреміз. Өйткені генераторды аман алып қалу қажет. Егер жарық қайта қосылғанда бірден тоқ келетін болса, генератор атылып кетуі әбден мүмкін. Мұндай кезде әрбір секунд санаулы. Сондықтан уақыт жоғалтпауға тырысамыз.
Әрине, апаттық жағдайларды барынша болдырмауға тырысамыз. Өйткені жылу өшіп қалса халық қайта-қайта хабарласып, шулап кететіні бар. Оның үстіне техникаға зиян келсе мекеме үшін артық шығын болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан қайта-қайта тексеріп, барлығын жіті қадағалауда ұстап отырамыз, – дейді білікті маман.
«Қоғамда патриот әйелдер көп...»
Шынар ханымның жолдасы Марат Шекербеков те бір жылдан бері осы мекемеде еңбек етіп келеді. Оған дейін құрылыс саласында қызмет еткен ол кейіннен аталған кәсіпорынға, жұбайының жанына ауысыпты. Қазір ерлі-зайыптылар бір цехта жұмыс істейді. Отағасы екеуі екі ұл, бір қызды тәрбиелеп, қатарға қосты. Бүгінде балаларының барлығы үйлі-жайлы. Шынар Шекербекова жұмыс пен жанұяның ортасында тепе-теңдік ұстауға тырысқанымен бәрібір жұмысқа көбірек алаңдайтынын айтады.
– Мен үшін жұмыс та, отбасы да маңызды. Дей тұрғанмен кейде жанұямнан гөрі жұмысыма көбірек мән беріп кететін секілдімін. Ауысыммен істейтін болған соң демалыс, мереке, сенбі-жексенбі деген болмайды. Себебі екі күн істеп, екі күн демаламыз. Жұмыс күндері таңертең сегізден кешкі сегізге дейін цехта жүреміз. Әр ауысымды кәдімгідей дайындықпен қабылдап аламын, ал тапсырған кезде «Бәрі дұрыс болса екен, апаттық жағдайлар орын алмаса екен, «сенің ауысымыңда мынадай қателік кетіпті» деген сөз келмесе екен» деп уайымдап жүремін. Қазіргі күні жұмысым өмірімнің маңызды әрі үлкен бір бөлшегіне айналып кеткендей.
Қыздарым Астанада тұрады. Оқуға барып, сол жақта қалып қойған. Олар бізді жандарына шақырып әлек. Мейлінше Астанаға көшіп барғанымызды қалайды. Ұлым Германияда жүрген соң бізді жалғызсырамасын дейтін болар. Бірақ Кентау – үйренгем қаламыз, мұнда үйренгем ортамыз, үйренген жұмысымыз бар. Неге кетуіміз керек? Біз үшін Кентауға жетер жер жоқ. Шағын болса да өте жақсы қала. Таза, ауасы салқын, халқы кішіпейіл. Мұнда жаңа үйлер салынып жатыр. Ғимараттар бой көтеруде. Жыл өткен сайын қаламыз жаңарып, жасарып, дамып келеді.
Жақында Астанаға қыздарыма қыдырып барып келгенмін. Көп жата алмадым, сәл күннен соң «қайтамынға» бастым. Адамдары суықтау секілді ме, әйтеуір үйрене алмадым. Енді бізге елуден асқан шағымызда бөтен қалаға сіңісіп кетуіміз де қиындау-ау. Басқа жаққа көшіп барып, онда жаңа жұмыс орнын тауып, ол жерге үйренісеміз дегенше тағы да біраз жылдар керек шығар. Сондықтан жылы орнымыздан еш қозғалғымыз келмейді, – дейді ол.
Өз қаласына деген жылы сезімін осылай ерекше махаббатпен жеткізіп отырған Шынар Нұрташқызының патриотизм туралы да көзқарасын білгіміз келді. Оның пайымынша, патриотизм тек Отанға деген сүйіспеншілікпен ғана шектелмейді. Ол адамның күнделікті атқарып жүрген ісіне деген адалдығынан, өз мамандығына деген құрметінен және ел игілігі үшін аянбай еңбек етуінен көрінеді.
– Патриотизм – жұмысыңа деген адалдық, жұмысыңды беріліп істеу. «Беріліп істеу» деген сөздің ар жағында қаншама мән жатыр. Ол – жұмысыңды жақсы көру, немқұрайлыққа жол бермеу, жауапкершілік таныту. Ал патриот – өз жұмысына шын берілген адам. Сол жұмысқа барын да, нарын да салып, осыдан бір нәтиже шығарсам, өзімнен кейінгілерге үлгі болсам деп жүретін жан.
Бүгінде қоғамда патриот әйелдер де өте көп. Қай салаға көз жүгіртсек те, мейлі білім, мейлі медицина болсын, не болмаса өндіріс пен мемлекеттік қызметте болсын, тіпті кәсіпкерлік бағытта да олар өте табысты еңбек етіп жүр. Жұмыстың ауыр-жеңіліне қарамастан ерлермен қатар еңбектеніп, балаға да, үйге де уақыт тауып, бәріне үлгеріп жатыр. Оларды неге патриот деп атамаймыз? Олар да – патриоттар. Өйткені олар сол тынымсыз еңбегінің арқасында қоғамның дамуына тамшыдай болса да үлес қосып келеді.
Табысты кәсіп ашып, үлкен ұжымдарды басқарып отырған, тұтас бір саланың дамуына серпін беріп жүрген, не болмаса мемлекеттік саланың басшылық қызметінде, саясатта белсенділік танытып жүрген нәзік жандыларымыз да бар. Мұның бәрі – елге қызмет ету. Оның ар жағында бүгінгі әйелдердің қайсарлығы мен еңбекқорлықтың бет-бейнесі жатыр. Патриотизмнің бір көрінісі осы шығар, – дейді тәжірибелі маман.
Сұхбат барысында Шынар Шекербекованың бойынан көп адамда кездеспейтін бір қасиетті байқадық. Ол – табандылық. Өндіріс орнында дес бермей жылдар бойы еңбек ету оның өмірлік ұстанымына айналғандай. Мұндай табандылық адамды тұрақтылыққа алып келетіні анық. Ал тұрақтылық өз кезегінде табысқа жетелейді. Шынар Шекербекова сол табандылығының арқасында өз еңбек жолында орнын таба білген жан. Бұл өмірде адал еңбектің жемісін көріп, өз кәсібінен қуаныш тапқан адамнан бақытты жан жоқ шығар, сірә?! Бүгінгі кейіпкеріміз де сол бақытты жандардың қатарынан болса керек...