Гаухар Таскинбаева, кәсіпкер: «Ерекше бала тәрбиелеп отырған аналардың жай-күйін жақсы түсінемін»

Авторы: Әлия ӘУЕСБЕКОВА

08.10.2026

Гаухар Таскинбаева, кәсіпкер: «Ерекше бала тәрбиелеп отырған аналардың жай-күйін жақсы түсінемін»

Кәсіпкерлікті табыс көзі ғана емес, қоғамға пайда келтірудің мүмкіндігі деп түсінетін Гаухар Сарсенбекқызы – Түркістан облысы Сауран ауданының тумасы. Алғашқы кәсіп жолын үйден тамақ дайындап сатудан бастаған ол кейіннен отандық жөргек өндірісін қолға алды. Алайда Гаухар ханым үшін кәсіптің мәні тек өнім шығарып, табыс табумен шектелмейді. Ол өз кәсібін ерекше балалар мен олардың аналарына қолдау көрсетудің бір тетігіне айналдырып келеді. Бүгінде Гаухар Таскинбаева аналарға рухани демеу беріп қана қоймай, олардың қоғамнан шет қалмай, өздерін дамытуына мүмкіндік беретін орта қалыптастырған. Оның бастамасымен құрылған «Қайсар рухты аналар» тобының аясында жүздеген ана бір-біріне сүйеу болып жүр.

Гаухар Сарсенбекқызы – жолдасы екеуі екі қыз, екі ұлды тәрбиелеп отырған көпбалалы ана. Біз онымен отбасылық кәсіп, ерекше балалардың аналарына көрсетілетін қолдау, алдағы жоспары және патриотизм ұғымы туралы әңгімелесіп, біршама сұрақтарға жауап алдық.

«Самса, бәліш сатып жүре берсем, өспейтінімді білдім...»

– Гаухар ханым, кәсіпкерлікке алғашқы қадамыңызды қалай жасадыңыз? Қандай жолдардан өттіңіз?

– Біз осыған дейін отбасымызбен өзім жоғары білім алған Астана қаласында тұрдық. Кәсіпке деген алғашқы қадамым да сол жақта басталды. 2010-2011 жылдары Астанада құрылыс енді қарқын алып жатқан кез еді, осы кезде жұмысшыларға жеткізу қызметімен үйден тамақ дайындай бастадым. Кейіннен кәсібім өрге домалап, аспаз алып, шағын асхана аштық. Алайда 2014 жылы бір жағы жолдасымның жұмыс бабымен, бір жағы балалар ауылға бейімделсін деген оймен Түркістан облысының Сайрам ауданына көшіп келдік. Ол жақта бір жыл тұрған соң баламыздың оқуына байланысты Шымкентке қоныстануға тура келді.

Сол жылдары Төле би аудандық білім бөлімінде қызмет ететін әпкем менің көпшілікке ас даярлауға бейім екенімді жақсы білетіндіктен: «Балалар лагерін жүргізетін мықты маман қажет болып жатыр. Лагерьде жұмыс істеуге қалай қарайсың?» – деп ұсыныс тастады. Нартәуекел дедім. Сонымен 2018 жылдан бастап жаз айларында жартылай жетім, көпбалалы, аз қамтылған, т.б. осындай белгілі бір санаттарға жататын балаларға арналған лагерьдің тек асханалық емес, басқа да жұмыстарын қоса қолға алдым. Рас, басында бұл бағыт бойынша ешқандай тәжірибем болған жоқ. «Қалай болар екен?» деп уайымдағаным да рас. Алайда сол жылы маусым айының ортасынан тамыз айының ортасына дейін Төлебидегі лагерьде өз міндетімді ойдағыдай атқарып шықтым.

Лагерьде ата-аналармен де, балалармен де тығыз байланыста болдым. Балаларды шын ниетіммен жақсы көргенім соншалықты, мәз болып ойнап жүргенін көрсем, кәдімгідей шаршауым басылатын. Солар қуанса екен деп қолымнан келгенше тосынсыйлар жасап, балмұздақ, тәттілерін әперіп, ойындар ұйымдастырып, әртүрлі сыйлықтарын беріп, көңілдерін көтеруге тырысатынмын.

Арасында жағдайы өте төмен отбасылар да болды. Әлі күнге дейін есімде, домбыраны тамаша тартатын бір бала бар еді. Қай ауданнан екені есімде жоқ. Сахнаға шығарайық десек, аяғындағы мата аяқ киімі әрі кішірейіп, әрі ескіріп қалғандықтан басы тесіліп, бас бармағы сыртына шығып кетіпті. Әлгі көріністі көріп жүрегімнің ауырғаны-ай. Қарап отыра беруге шыдамадым, дереу барып аяқ киім сатып әкелдім.

Осындай жылы қарым-қатынасты балалар да сезіп-біледі емес пе, лагерьден қайтар кезде бізді қимай, құшақтап жылап қалатын. Олардың жылағанына қосылып біз жылаймыз. Тәрбиешілерге де: «Балаға барынша махаббаттарыңды көрсетіңдер, жылулық пен мейірім беріңдер», – деп үнемі айтып отыратынмын. Өйткені біреуінің әкесі жоқ, біреуінің шешесі жоқ, біреуі мүлдем тұл жетім қалып, ата-әжесінің қолында өсіп жатқан балалар еді. Осылайша лагерьді бес жыл жүргіздім.  Қалай жаз маусымы басталады, солай лагерьге кететінмін. Балаларым да қасымда болатын.

Лагерьдің жұмысы тек жаз айларында жанданатындықтан қалған уақытта басқа да шаруалармен айналысуыма мүмкіндік болды. Оның үстіне өзім бос отыра алмайтын адамдардың қатарынанмын. Үйде құр қарап отырмайын деп таңғы сағат 3-4-тің кезінде ұйқыдан тұрып алып, түске дейін самса, бәліш, қаттамалардың қамырын ашытып, оларды пісіріп, ыстықтай дүкендерге таратып үлгеретінмін. Ыстықтай әрі жаңа пісірілген ас болғандықтан алушыларым да көп еді. Кейін тапсырыс қабылдайтын дүкендер саны көбейген соң жаныма 2-3 адамды жұмысқа алып, бөлек цех аштым.

Бір күні қатты ойландым. «Қашанғы осылай самса, бәліш сатып жүре беремін? Мен бұлай жүре берсем өспеймін ғой» деген ой маза бермеді. Қарап тұрсаң, таңнан кешке дейін күнделікті қайталанатын бір тірлік. Шаршадым ба, жалықтым ба, білмеймін, әйтеуір басқа бірдеңемен айналысқым келді. Бізбен бірге туыс қайын әпкем де жұмыс істейтін. Сол кісіге: «Істеймін десеңіз, кәсіп міне, барлығын сізге табыстаймын. Енді мен өзімді басқа салада сынап көргім келеді», – дедім де, барлығын сол кісіге қалдырып, ондағы жұмысымды тоқтаттым. Сөйттім де сол жылдары қатты танылып жатқан желілік маркетингке кеттім. Бұл сол 2019 жылдар еді. Ол жақта да жаман болған жоқпын, небәрі 5-6 айдың ішінде жақсы нәтижелерге шықтым.

– Жөргек шығару идеясы қашан, қалай келді?

– Бір күні әлеуметтік желіден кәсіпкер Баянсұлу Оразалиева ханымды көріп қалдым. Ол кісі Сайрам ауданында «Алтын бала» жөргегін шығарады екен. Содан жаңа кәсіп бастауға деген қызығушылығым артып, әрі отандық өнім болған соң қолдағым келіп, Баянсұлу Оразалиевамен байланыс орнаттым. Ол кезде «Алтын баланың» нарық әлеміне енді қадам басып келе жатқан уақыты. Бұрын-соңды кәсіпкерліктің бұл саласында тәжірибем жоқ. Десе де тәуекелге бел буып, жолдасым Талғат екеуміз Баянсұлу ханымды іздеп бардық. «Біз бұл жөргектерді сатамыз, өткіземіз», – деп Баянсұлу ханыммен Қызылорда облысының дистрибьютері ретінде келісімшартқа отырдық та, жолдасым екеуміз «Алтын бала» жөргектерінің бірнеше қаптамасын жеңіл көлікке тиеп алып, Жаңақорған, Шиелі, Қызылордадағы барлық базар, дүкен, супермаркетті табанымыздан тозып араладық. Алайда, бәрі біз ойлағандай бола қойған жоқ, әлгі жөргекті ешкім алмайды. Қанша тыраштансақ та, өніміміз өтер емес. Көңіліміз түсіп қалды. Ол кезде «Алтын баланың» атауы бүгінгідей аспандап кететінін екеуміз де білген жоқпыз. Сонда да үмітімізді үзбедік. Екеуміз көлікте келе жатырмыз. «Көресің, түбінде осы кәсібіміз өрге домалап, әлі-ақ осы жөргектермен көпшілікке танымал боламыз», – деп жымиып қоямын жолдасыма. Шынында да, Алла аузымызға салған болар, уақыт өте келе кәсібіміз қанат жая бастады. Осы кәсіптің арқасында Баянсұлу ханыммен де қоян-қолтық араласып кеттік.

– Қазіргі таңда өз брендіңізбен жөргектер шығаруды қолға алдыңыз. Бұл жөргектер несімен ерекшеленеді?

– Былтыр маған Баянсұлу ханым: «Гаухар әпке, өзіңіздің жеке брендіңізбен неге жөргектер шығармайсыз? Сіздің қолыңыздан келеді ғой», – деген соң көп ойланған жоқпын, бірден кірісіп кеттім. Биыл сәуір айында тұсаукесерін жасадық, қазір «Mariko» деп аталатын жапон технологиясымен өндірілген, сапалы, гипоаллергенді балалар жөргектері аудандарға тарап жатыр. Бұл – Сайрам ауданынан шығатын отандық өнім. Жөргектер кәсіпкер Баянсұлу Оразалиева ханымның зауытынан шығады. Яғни, өндіруші – «Алтын бала» жөргегін шығаратын «Capable Group», тапсырыс беруші – мен.

Жөргекке атау таңдар кезде біраз уақыт ат таппай қиналдым. Кенже қызым Мариямды Марико деп еркелетемін, бір күні «Неге осы атауды алмасқа?» деген ой сап ете қалды. Содан осы атау ресми түрде тіркеліп, жөргекпен бірге балаларға арналған ылғалды сүлгіміз де қоса шықты.

Әзірге әр қаптаманың бағасы 4200 теңгеден аспауы керек деп отырмыз. Барлық шығындарымыз 4000 теңгенің ішіне кіреді де, қалған 200 теңгесі автоматты түрде ерекше балалардың еміне жұмсалады. Ол қаптаманың сыртында да жазылып тұр. Қанша сатылым болды, қанша қаражат жиналды және ол қайда жұмсалып жатыр – барлығын әлеуметтік желідегі парақшамызда ашық түрде көрсетіп отыратын боламыз. Өйткені бүгінгі күні алаяқтық жағдайлар жиілеп кеткендіктен халық ештеңеге сенбей қалды. Ерекше балаларға деп ақша жинап, оны өз мақсатына сай жұмсалмағаны туралы да естіп жатырмыз. Өз басым, жасаған жақсылықты жариялағанды жақтырмаймын. Бірақ, бұл туралы халық білуі керек деп ойлаймын.

Әлеуметтік желіден жағдайы мүшкіл бірнеше ерекше балаларды көріп, өзіме түртіп алдым. Ешбірін танымаймын. Бір үйде екі ерекше баласы бар отбасылар да бар. Осындай жанұяларға көмек қолын созсақ деген ниет біздікі.  «Үйімді, қолымдағы барымды саттым. Ақшаның бәрін баламның еміне құйып жатырмын», – деген аналардың шерлі мұңын естігенде жаныңа батады. Ал енді жөргектердің сатылымынан жиналған қаражатты қолдарына береміз бе, әлде бірнеше айлық емінің ақшасын бірден төлеп береміз бе, ол жағын әлі ойластырып жатырмыз. Әрине, қолдан келсе бәріне көмектескің келеді. Бірақ айналып келгенде барлығы қаржыға келіп тіреледі. Қазірше қолдан келетіні осы болып тұр. 

Ерекше балаға қамқорлық жасау – өте үлкен жұмыс

– Ерекше балалардың аналарының басын құрап, орта құруыңызға не себеп болды?

– 2022-2023 жылдары әлеуметтік порталмен жұмыс істеуді бастадым. Бұл – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мемлекет тарапынан берілетін оңалту құралдары мен әлеуметтік қызметтерді өз бетінше таңдап, тапсырыс беруге арналған қазақстандық бірыңғай электрондық платформа. Портал негізінен мүмкіндігі шектеулі жандар, яғни сатып алушылар мен жеке кәсіпкерлер немесе компаниялар арасын тікелей байланыстырады. Кез келген оңалту құралдарын, т.б. шығаратын, сататын немесе әлеуметтік қызмет көрсететін кәсіпкер порталда өнім беруші ретінде тіркеле алады. Мұнда алушыларға таңдау еркіндігі бар және үйден шықпай-ақ тапсырыс бере алады.

Осы порталға біз 2023 жылдың қаңтар айында өнім беруші ретінде тіркеліп, ерекше балаларға жөргек жеткізе бастадық. Жөргектердің сапасы көп адамға ұнағаннан кейін ерекше балалардың аналары біз туралы бір-бірінен естіп, кейін тікелей өзімізге шығып, сатып ала бастады. Бала қанша келі? Қандайын, қайсысын киеді? Аллергияға бейім бе, жоқ па? Соның бәрін сұрап, сөйлесіп отыратынмын. Бір күні аналармен жақындасып кеткенім соншалықты, олар енді маған ішкі жан сырларын айта бастады. Себебі бұлар – үйде отырған аналар. Оларға көңіл бөліп сөйлесетін адам керек. Іштері толған уайым мен мұң. Оны көбісі жақындарына айта алмайды. Сырттай күліп жүргенімен іштей тынып жүр. Кейде олармен сағаттап сөйлесіп, уақыттың қалай өткенін білмей қалатынмын. Сондай әңгімелерден кейін көбісі маған: «Гаухар апай, жан дүнием кәдімгідей жеңілдеп қалды. Бізді тыңдайтын адам да, орта да жоқ қой», – деп жазып жататын. Уақыт өте келе сол аналарды жүзбе жүз көрейін, танысайын, араласайын деген оймен оларға тауарларды өзім жеткізіп бере бастадым. Түркістан облысының аудандарын мейлінше қамтуға тырыстым. Осы кезде аналарға бір орта керек екенін түсіндім.

2024 жылдың соңында маған 100 ананың басын қосып, кездесу кешін ұйымдастырсам деген ой келді. Ең алдымен топ аштым. Алғашында топта 50-60 адам болды. Кейіннен адам саны көбейіп, ол топтың өзі екіге бөлінді. Бірі – «Қайсар рухты аналар», екіншісі – жөргекті бүкіл Қазақстанға жеткізу бойынша құрылған топ. Қазір екі топта жалпы 500-ге жуық адам бар. Бұл топтың атауын қояр кезде ерекше балалардың анасы, өзі де мүмкіндігі шектеулі ана Гүлзат екеуміз ойландық. «Әпке, қайсарлыққа қатысты болғаны дұрыс шығар. «Қайсар рухты аналар» деп қойсаңызшы», – деді. Кейіннен тобымыздың атауы ғана емес, сырласу кешіміз де «Қайсар рухты аналар» деп аталып кетті. Осылай мұңы да, сыры да бір аналардың әдемі ортасы құрылды.

Әдетте менен көпшілігі: «Ерекше балаңыз болғандықтан осындай қадамға бардыңыз ба?» – деп сұрайды. Менің ерекше балам жоқ. Бірақ менде аналық жүрек бар. Ерекше балаларды көрген кезде жүрек елжіремей тұрмайды. Аналардың ішіндегі мұң-шерін, ауыртпалықтарын тыңдаған соң бұл балаларды қалай қатарға қосуға болады, аналарына қандай қолдау көрсете аламын деген терең ойға қалдым. Оның үстіне олардың қатарының көптігі де жаныма батты. Өмірге ерекше бала әкелгені үшін өзін кінәлап, барлық жағынан шектеу қойып тастаған аналар да бар. Сол жандарға сәл де болса пайдам тисін деп осы жұмысты қолға алдым. Әйтпесе мен ол балаларды емдеп жібере алмаймын. Тек қолымнан келетіні – балалар мен аналарға қолдау танытып, өмірлерін  оң бағытқа өзгерту, бір сәтке болса да көңілдерін көтеріп, тым болмағанда сөз жәрдемін көрсету, сол арқылы қоғамнын тыс қалдырмау.

Мен бұл аналардың мықтылығына қайран қаламын. Кездесу кешіміздің бірінде бір үйден келген екі ерекше баланы алғаш көргенімде жүрегіме жақын қабылдағаным соншалықты, қан қысымым көтеріліп ауырып қалғанмын. Біз дені сау баламыз сәл ауырса өзімізді қоярға жер таппай кетеміз. Ал енді ерекше балаға қамқорлық жасау – өте үлкен жұмыс. Сырласу кешіміздің атауын да сол себепті «Қайсар рухты аналар» деп атадық. Осы аналарға қал-қадірімше қолдау білдіргім келеді. Ондағы мақсатым – біреуді есіркеу немесе мүсіркеу емес, керісінше қамшылау. Иә, кейде аналарға қаттырақ айтатын кездерім де болады. Менің сөздерімнен соң дереу етек-жеңдерін жинап алады. «Бізді осылай қамшылайтын адам керек», – деп өздері де айтып қалады.

Чатта аналар мен балаларға қатысты, өмірлік сабақ аларлық түрлі тақырыптарда өзімнің жүрекжарды ойларымды аудиомен айтамын. Соны топтағы аналар мұқият тыңдап отырады екен. Кейбірі: «Бүгінгі қозғаған тақырыбыңыз менің ішкі жай-күйіме дөп келді», – деп кері байланыс беріп жатады.  Ол жерде әртүрлі тақырыптар тілге тиек етіледі. Мен ешқандай коуч, психолог емеспін. Осы бір тақырыпты айтайын деп арнайы дайындалмаймын да. Тек Алла аузыма не салады, соны жеткіземін. «Бұл аналарды мейлінше қолдау қажет. Тұңғиыққа батып бара жатқан жерінен тартып шығару керек» деген ой тұрады үнемі. Маған көбісі: «Осы топтың аурасы бөлек. Осы чатты тұрақты оқимыз. Гаухар апай тағы не айтар екен деп отырамыз», – деп жазып жатады.  Чатта күліп те, жылап та аламыз.

– Алғашқы кездесу кеші қалай, қайда өтті? Ары қарай жалғасын тапты ма?  

– Иә, 2024 жылдың сәуір айында Сайрамдағы тойханада алғашқы кездесу кешін бердік. Тұп-тура жүз адам жиналды. Аналардан ешқандай қаржы жинаған жоқпын. Мәдениет саласына мамандарына да рақмет, келіп тегін өнер көрсетіп кетті. Ал былтыр 200-ге жуық анаға кездесу кешін өткізіп, 4-5 анаға қажылыққа жолдама берсек, биыл Шымкенттегі тойханада 10-15 адамға Умраға және екі күнге Ташкентке жолдама сыйладық.

Біз тек аналарды ғана емес, балаларды да қамтып отырамыз. 2024 жылы Төлеби ауданы Біркөлік ауылындағы тамаша тау баурайында орналасқан демалыс аймағына аналарды балаларымен бірге шақырдық. Кеш өте керемет өтті. Күндізгі сағат он бірден кешкі сағат бес-алтыға дейін көңілді уақыт өткіздік. Балалаларға да, аналарға да ұнағаны соншалықты кетерінде құшақтап, алғыстарын айтып жатты.

Биыл бұл кеш Машатта жалғасын тапты. Бұл жолы балалардың көңілін көтеру үшін көбік шоу көрсететін арнайы мамандар шақырдық. 3-4 баланың туған күні осы кешке тұспа-тұс келіп, арнайы торт алдырып, оларды құттықтадық. Балалар бассейнге шомылды, биледі, концерттік бағдарламаны тамашалады. Осылай жыл сайын кеш ұйымдастыру арқылы аналардың да, балалардың да көңілін аулауға тырысудамыз. Шүкір, жылдан жылға жоғары деңгейде өтіп келе жатыр. Біздің бұл жұмыстарымызға Баянсұлу Оразалиева да атсалысады.

Бұдан бөлек, ара-тұра ұстаздармен рухани кештер ұйымдастырамыз. Театрға, шеберлік сағаттарына барамыз. Арасында 2-3 рет Ташкентке барып келдік. Ән айтамыз. Гәп ойнаймыз, бір-біріміздің тойымызға, қуанышымызға барамыз. Бірге бас қосып шай, кофе ішеміз. Қазір алғашқы кездегідей емес, қыз-келіншектеріміздің көздері жайнап, өмірге деген құштарлықтары артқандары байқалады. Шынымды айтайын, мен өзім де қазір өмірімді оларсыз елестете алмаймын. Үнемі байланыста отырамыз.

– Жоғарыда кеш өткізуге ешкімнен ешқандай қаржы  жиналмағанын айтып қалдыңыз. Демеушілеріңіз  бар ма?

– Мен негізі сырттан көмек күтпейтін адаммын. Ешкімнен қаржы сұрамаймын. Менде ешқандай қор да жоқ. Көпшілігі мен туралы «Қайырымдылық қоры бар», «Үкіметтен арнайы қаржы алады», «Демеушілері көп» деп ойлайды. Менде оның бірі де жоқ. Білсеңіздер, мемлекет ешкімге оңайлықпен қаржы бермейді. Ал қор ашу – мен үшін тым артық жұмыс. Оның есеп-қисабымен басымды қатырып отырғым келмейді. Одан да өз қалтамнан шығарайын, есесіне ешкімге есеп бермеймін. Маған бұл жұмыста үнемі қолдау білдіріп отыратын бірден-бір демеушім – өмірлік жарым Талғат. Мен аналармен тікелей байланыс орнатып, кездесулер ұйымдастырғаныммен, оларға Умра қажылықтарын сыйлау, дастарқан жаю, т.б. жұмыстардың бәріне жолдасым қолдау танытып отырады. Шыны керек, жолдасым екеуміз жұмсалған қаражатты аса бір есептеп, санамайды да екенбіз. Беріледі, бөлінеді, сонымен ұмытылады. Бастысы, ниетіміз түзу, атқарылып жатқан жұмыстардың ақиқатын бір Алла көріп тұр. Бізге сол да жеткілікті.

Ал енді демеуші боламыз деп емеурін білдіріп жатқан жандар болса жоқ демейміз. Биыл демеушілердің жәрдемі көп болды. «Гаухар әпке, қарап отырсақ, жыл сайын бәрін бір өзіңіз атқарасыз. Көрсеткен көмегіміз болсын, біз де сіздің жұмыстарыңызға демеушілік жасайық», – деп бірқатар жандар ұсыныс білдіріп жатты. Мысалы, биылғы Машаттағы кеште балаларға ойыншықтарды жартылай өзімнің, жартылай демеушілердің қаржысына алдым. Әсіресе, «Safba» блогерлік академиясының негізін қалаушысы Марат Сырғабайұлының көп көмегі тиді.   

«Адамдарға сөз жәрдем беруден ешқашан қиналған емеспін...»

– Өз сөзіңізде аналармен мұңдас, сырлас екенінізді айтып өттіңіз. Адамдардың мұңын тыңдап, жүрек түкпірінде бүккен сырларын түсіну – кез келгеннің қолынан келе бермейтін, үлкен сезімталдықты қажет ететін дүние. Сіздің жан дүниеңізге бұл ауырлық етпей ме?

– Қазір біздің қоғамда ерекше балалар көбейіп бара жатыр. Олардың өзі де, аналары да көбіне көп қоғамнан шеттетіліп қалады. Бүгінге дейін қаншама аналардың көз жасын көріп келе жатырмын. Жүрегің ауырады. Өмірге ерекше бала әкелгені үшін әйелдерін айыптайтын еркектер бар. Сондай ата-енелер де бар. Күйеулері тастап кетіп жатқан келіншектер қаншама. Өзім мұндай жағдайларды жиі естіп-біліп жүрмін. Қаншама әйелдің басынан өтіп жатқан оқиға бұл. Сондықтан мен ерекше бала тәрбиелеп отырған аналардың жай-күйін жақсы түсінемін.

Осы жазда кезекті бір кешімізге ерекше баласының жасы 30-ға таяп қалған бір ана келді. Баласында Даун синдромы, зіңгіттей жігіт, бірақ әлі бала сияқты. Егде жасқа келіп қалған анасы баласының қолынан ұстап, жалғыз өзі сүйреп жүр. Алланың ісі ғой. Басқа не дейміз?! Бірақ бұл көрініс маған қатты әсер етті. Олар кеткен соң өкіріп жыладым. Жүрегім қатты ауырды. Мұндай аналарға Алла шыдамдылықты, сабырлықты аямай беріп қойғанын сонда жақсы түсіндім.

Мен бұдан бес жыл бұрын басқа Гаухар болсам, қазір басқа Гаухармын.  Сол балаларды көріп көп тәубеме келдім. Бұл кісілердің жанында менің «шаршадым, анау жоқ, мынау жетпейді» дегенім әшейін нәрсе екен. «Менің бұл өмірге шағым жасауға еш хақым жоқ» деген ой келді.

Иә, кейде сол аналардың жағдайын ойлап, өзімнің де ауырып қалатыным рас. Бірақ, бұл аналардың жүрегінде үнемі «Ертең бұл баламның болашағы қалай болар екен? Мен жоқ болсам өмірі не болады?» деген уайым тұрады. Күн сайын сондай қорқынышпен өмір сүреді. Сондықтан оларға тым болмағанда сөз жәрдемін беруіміз керек. Сөздің құдіреті өте күшті. Кейбір адамдарға сол сөз жәрдемнің өзі жетпей жатады. Қазір адамдар жылы сөздің өзін аяйтын заман болып кетті. Меніңше, бұл – адамның пейілінің тарлығының көрінісі. Өз басым адамдарға сөз жәрдем беруден ешқашан қиналған емеспін. Бастапқыда туыстарым, құрбыларым: «Бұл саған неге керек? Ненің азабы? Жүрегіңе жақын алып, өзің ауырып қаласың.  Ананың өмірін, мынаның өмірін тыңдап, ауыртпалықтың бәрін өзіңе алып аласың», – дейтін. Бірақ: «Гаухар әпке, жолдасыммен ажырасқалы жатырмын», – деп хабарласқан аналардың екеуара әңгімеден кейін біраз уақыт өткен соң: «Көп рахмет! Әуелі Алла, содан соң сіздің сөздеріңіздің арқасында жолдасыммен, енеммен жарастым», – деген алғыстарын естігенде іштей қуанып қаламын. Бұл менің миссияма айналып кеткендей.

– Тағдыр сынағына төтеп беріп жүрген бұл аналарға қандай жұбату сөздер айтасыз? 

– Мен ең бірінші: «Өздеріңе қараңдар, өздеріңді тастап жібермеңдер», – деп айтамын. Бала, күйеу, ата-ене, туыс ешқайда қашпайды. Ал әйел өзіне көңіл бөлмесе ол өзін оңай жоғалтып алады. Осы жерден түрлі отбасылық мәселелер пайда болады. «Сен өзіңді сыйламай, жаныңдағы адам да сені сыйламайды. Алдымен өзіңді сыйлап үйрен. Айналаң сол энергияңа тартылады. Сенің қазір ішкі жай-күйің қандай болса, балаға ол тікелей әсер етеді, үздіксіз ауыра береді. Сен оны шетел асып апарсаң да денсаулығында оңалу байқалмайды. Баланың ішкі күйі ананың ішкі күйімен тығыз байланысты», – деп түсіндіремін. Бұл жерде балаға қарамасын деп айтып жатқан жоқпын, түсіндіргім келетіні – адам ең бірінші назарын өзіне бұру керек. Әсіресе, біз қазақтың әйелдері ауырып қалсақ та, құлап қалғанша жүре береміз. Өзімізді ең соңғы орынға қоямыз. Бұл дұрыс емес.

Содан соң қоғамдық, мәдени ортаға көбірек шығуын сұраймын. Үйден шықпаған адам күйзеліске түсіп кетеді. Облыстың шалғай аудандарында тұратын қыз-келіншектер де біздің кештерге келгісі келеді. Бірақ келейін десе не жолға қаржысы жоқ, не баласын қалдыратын адам жоқ. Сондай бір келіншекті баласына да, өзіне де қаржы төлеп, Шымкентке кездесуге алдырғанымыз есімде. «Менің үйден шықпағаныма алты жыл болды», – дейді әлгі әйел. Міне, мұндай аналар көп. Өйткені олар бүкіл өмірін ерекше баласына арнап, өзіне тіпті далаға шығып жүруге рұқсат бермейді.

Одан кейін «Құр қарап отырмаңдар, кәсіп бастаңдар» дегенді жиі айтамын. Кәсібі барларды қолдауды сұраймын. «Кім қандай іспен айналысады? Тауарларыңды, өнімдеріңді ортаға тастаңдар. Алайық. Кім қандай қызмет түрін көрсетеді? Барайық», – деп чатта да жиі айтып отырамын. Осылай бір-бірімізге қаржылай қолдау танытамыз.

Беру деген ұстанымды да көбірек түсіндіремін. «Ниетті түзулеңіздер. Менің балам ерекше, маған ғана берсе екен, мен ғана ала берсем екен демеңіздер. Тек алушы емес, беруші де бола біліңіздер. Жоқтарыңызды адамнан емес, Алладан күтіңіздер», – деймін.

Енді бес саусақ бірдей емес. Әртүрлі адам болады. Бұл аналардың да арасында жүйкесі шаршағандары, ұрысқысы келіп тұратындары бар. Сондайда қолымды бір сілтеп, бәрін қоя салғым келеді. Бірақ: «Гаухар, сабыр сақта. Сол ананың орнына өзіңді бір сәтке қойып көр. Сондай жағдай сенің басыңа түссе не істер едің?» – деп өзімді басамын. Мұның бәрі мені ішімдегі тәкаппарлығыммен, шыдамсыздығыммен күресуге үйретті.  

– Алдағы жоспарыңыз, мақсатыңыз қандай?

– Енді мақсат – еліміздің үлкен қалаларынан не шетелден болсын, қымбат болса да білікті дәрігерлерді арнайы алдыртып, ерекше балалардың еміне атсалыссақ деймін. Өйткені мен жан-жақтан дәрігер іздеп, табанынан тозып жүрген аналарды көп көремін. Көбінесе Ташкентке апарады. Сонша әуре-сарсаңға түсіп, шекара асып барғанда нәтиже шықса жақсы, шықпаса қаншама қаржы бекерге желге ұшады. Кейде емді дұрыс тағайындамай жатады. Кейбір аналар дәрігерлердің тек ауырсынуды басатын дәрілер беріп шығарып салатынын айтып қынжылады. Сондай жағдайлар көп орын алмас үшін балалардың қажетті емді өз уақытында алуына сәл де болса жағдай жасасақ деген ой бар.

– Патриотизм ұғымын қалай түсінесіз? Сіз патриотсыз ба?

– Әрбір қазақ өз еліміздің өнімдеріне қолдау көрсетіп отырса – бұл оның еліміздің дамуына атсалысқаны. Патриоттықтың бір көрінісі осында жатыр. Мен өзім әрқашан Қазақстанда өндірілген өнімді қолдануға тырысамын. Мысалы, мынау киіп отырған киімім де – отандық өнім. Өз қазағымыз еңбектеніп жатқанда неге қолдамасқа?! Сіздер де отандық өнімге қолдау танытыңыздар. Бізде де сапалы жиһаздар, ойыншықтар, киімдер, небір сәнді сөмкелер шығып жатыр. Соларды сатып алайық, қолданайық.

Отанды, елді сүю қажет. Байқасақ, бізде көпшілігінің көп нәрсеге көңілі толмай жатады. Бірақ елімізде жақсы дүниелер де көп. Бізде жасалған жағдайлар шет елдерде мүлде жоқ. Мысалы, көп елде мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекеттен жәрдем берілмейді, мектептерде ыстық тамақ ұсынылмайды. Ал бізде соның бәрі қарастырылған. Ерекше балаларға ай сайын қаржы тағайындалған, керек заттарын беріп жатыр. Оның бәріне миллиардтаған қаржы жұмсалады. Бір ғана жөргекті айтар болсақ, бір жылға әр балаға 1460 дана беріледі. Күніне 4 данадан есептеледі. Ал соны сатып алса ол сол отбасыларға қаншама шығын, қаншама салмақ болар еді.

Бұдан бөлек арнайы есту аппараттарын, аяқ киімдерін және катетерлерін береді. Мемлекет тарапынан осындай 150 мыңға жуық медициналық оңалту құралдары беріледі. Бұдан бөлек, жылына бір рет ерекше балаларды емдеу-сауықтыру курорттарына, оңалту орталықтарына міндетті түрде тегін жіберіледі. Биыл өз арамыздан да бірқатар ерекше балалардың аналары баспаналы болды. Шымкент қаласы әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы баспана кілттерін табыстады. Шүкір, мемлекетіміздің тарапынан осындай жәрдем жасалып жатыр. Өкімет ешкімнің өзегін талдырып жатқан жоқ. Осындай қолдаудың барына қуанымыз керек. Сондықтан біздің елде анау дұрыс емес, мынау дұрыс емес деп сынай бергеннен гөрі, барымызды бағалап, жақсы дүниелерді көре білуіміз керек. Отанымыз барда халқымыздың болашағы бар, сондықтан елді, жерді сүю және оның дамуына өз үлесіңді қосу әр азаматтың парызы деп білемін.

– Арнайы уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!