Адам өмірінің шамамен үштен бір бөлігі еңбекпен өтеді екен. Бұл – аз уақыт емес. Демек, адамның күн сайын атқаратын жұмысы оның кәсібін ғана емес, мінезін, өмір салтын, тіпті қоғамдағы орнын да қалыптастырып, нағыз еңбек адамына айналдырады. Маңдай терімен тынбай тірлік қылып, ел игілігіне үлес қосып жүрген жандар Шымкент қаласында да жетерлік. Оның бірі станок басында темір жонса, енді бірі медицина саласында адам өміріне араша түседі, ал тағы бірі кітап пен оқырманды жалғайды. Әрқайсысының атқаратын қызметі әртүрлі болғанымен, барлығын біріктіретін бір ғана қасиет бар. Ол – өз ісіне деген адалдық. Елдің күнделікті тіршілігін алға сүйреп тұрған да осындай қарапайым еңбек адамдарының маңдай тері мен тынымсыз еңбегі деуге әбден болады.
Токарь болу жай ғана кәсіп емес
Елдің дамуына үлес қосу үшін міндетті түрде биік мінберден сөз сөйлеп, жоғары лауазымды қызмет атқару шарт емес. Арамызда қарапайым жұмыста жүріп-ақ талай тірлікті тындырып жүргендер жандар бар. Солардың бірқатары жуырда Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында Еңбек күніне орай өткен «Еңбек – ел мұраты» атты республикалық форумда марапатталған болатын. Осы республикалық деңгейдегі маңызды шарада көп жылғы адал еңбегі, темірдей төзімі пен кәсіби шеберлігі еленіп, өндіріс саласына қосқан өлшеусіз үлесі үшін Шымкент қаласының тұрғыны, «KARLSKRONA LC AB» ЖШС токарі Сәкен Аблязімұлы Ділдәбаев та мемлекеттік жоғары награда – «Құрмет» орденімен марапатталды.
Сәкен Ділдәбаев 1967 жылы 29 сәуірде Шымкент қаласында дүниеге келген. Зоя Космодемьянская атындағы №23 мектепті тәмамдаған бозбала 1982 жылы «Прес-автоматтар» зауытына токарь шәкірті болып жұмысқа орналасады. Арада бір жыл өтіп, екінші разрядты токарь атанған соң, ол №10 эксперименталды цехқа ауысып, 1985 жылға дейін еңбек етеді. Сол жылы әскер қатарына шақырылып, Хабаровск өлкесінде Отан алдындағы борышын абыроймен өтейді. 1987 жылы әскерден елге оралып, туған жері Шымкенттегі зауытта еңбек жолын қайта жалғастырады.
1991 жылы зауыттан босап, Қорғасын зауытына ауысады. Сол жылы қазіргі жұбайы Сәулемен бас қосады. Міне, бұл отбасының тату-тәтті өмір сүріп жатқанына бүгінде 35 жыл толып отыр. Екеуі бірге екі қыз тәрбиелеп өсіріп, оларды өз орындарына қондырып үлгерді. Қазіргі таңда үлкен қызы кадрлар бөлімінің басшысы болса, кішісі – бухгалтер мамандығы бойынша еңбек етуде. Ал жұбайы Сәуле ІІМ госпиталінде зертхана меңгерушісі болып қызмет атқарады.
Токарь мамандығына адалдығын бір сәтке де бәсеңдетпеген Сәкен Аблязімұлы тоқсаныншы жылдардың соңында Қазақ химия-технологиялық институтының сырттай бөліміне түсіп, алты жыл бойы білімін жетілдіріп, жоғары оқу орнын сәтті аяқтайды. 2002 жылы Қорғасын зауытындағы жұмысын аяқтап, «Феникс» ЖШС халықаралық жүк тасымалы саласында тәжірибе жинақтайды. Бұл кезең оның кәсіби тәжірибесін кеңейтіп, еңбек жолында жаңа белестерге қадам басуына жол ашты. Қазіргі уақытта Сәкен Ділдәбаев «KARLSKRONA LC AB» ЖШС-де тәжірибелі токарь ретінде өндірістік әлеуетті арттыруға сүбелі септігін тигізіп келеді.
Өндіріс саласына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан тағы бір токарь, «Qut-Bereke Qurylys» ЖШС темір бұйымдарын өндіруші зауытының токарь бөлімінің тәжірибелі темір жонушысы – шымкенттік Қиясов Баратбай Рысбекұлы. Астанада өткен республикалық форумда бұл білікті маманға «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталып, көп жылғы маңдай тері мен адал еңбегінің жемісін көрді.
1962 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген Баратбай Рысбекұлы – өмірінің 40 жылын өндіріске арнаған жан. Бүгінде білімді маман ғана емес, өз ісінің шебері, білікті темір жонушы. Оның «Qut-Bereke Qurylys» ЖШС-дегі еңбегінің өзі алты жыл уақытты құрайды. Еңбек жолын 1986-2005 жылдары Ташкент қаласындағы іргелі трактор зауытында темір жонушы болып бастап, кейін 2005-2016 жылдар аралығында Павлодар қаласындағы «Модульный завод» ЖШС-де кәсіби тәжірибесін шыңдады. Одан соң 2016-2020 жылдары «ЭМИ» ЖШС зауытында абыройлы еңбек етіп, шеберлігін танытса, 2020 жылдан бүгінгі күнге дейін «Qut-Bereke Qurylys» ЖШС темір бұйымдарын өндіруші зауытының токарь бөлімінде табандылықпен еңбек етіп келеді.
Қиясов Баратбай Рысбекұлы – металл өңдеу мен механикалық өндірістің қыр-сырын жетік меңгерген шебер. Кез келген өндірістік тапсырманы аса сапалы әрі уақтылы орындап, қауіпсіздік пен технологиялық талаптарды қатаң сақтайтын ардагер маман ұжым арасында үлкен сыйға бөленген. Токарьдың еңбегі сырт көзге қарапайым көрінгенімен, оның артында үлкен дәлдік, ұқыптылық пен мол тәжірибе жатыр. Бұл – жай ғана кәсіп емес, шеберлікті де талап ететін өнер. Баратбай Рысбекұлы да өзінің қалыптасқан маман екенін тәжірибелі ісімен ғана емес, тиянақты жұмысымен де дәлелдеп келеді.
Әрі спортшы, әрі мейіргер
Бір қарағанда, медицина мен спорттың арасы алшақ көрінгенеді. Дей тұрғанмен екеуін тоғыстыратын ортақ қасиет бар, ол – темірдей тәртіп, мықты төзім және тынымсыз еңбек. Осы екі бағытты да тең дәрежеде қатар алып жүрген шымкенттік жас маман Айтжан Мырзакерім Нұрлыбекұлы – әрі мейіргер, әрі спортшы.
Мырзакерім Түркістан облысы Түлкібас ауданы Балықты ауылында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ оның өмірге деген көзқарасы, ізденімпаздығы ерекше байқалды. Әсіресе, 7 сыныпта бастау алған үстел теннисіне деген қызығушылығы оның өміріндегі айрықша бетбұрыстардың біріне айналды. Алғашында жай ғана қызық үшін қатысып жүрген бала Мырзакерімге бұл спорт түрі уақыт өте келе қатты ұнап, бұл оның сүйікті ісіне айналып үлгерді. Сөйтіп төзімділігі мен тынымсыз еңбегінің арқасында алғашқы жетістігі – аудандық жарыста ІІ орынды иеленді. Бұл жеңіс оған үлкен қанат бітіріп, спортқа деген сенімін одан әрі нығайта түсті.
2021 жылы мектепті тәмамдап, үлкен өмірге қадам басты. Мектептен кейінгі таңдауын ізгілік пен адам өмірін құтқаруға бағыттаған Мырзакерім 2021 жылы «Авиценна» көпсалалы колледжіне фельдшер мамандығы бойынша оқуға түседі. Оқу жылдарында теориялық білімді терең меңгеріп қана қоймай, болашақ мамандықтың қыр-сырын да жіті үйренді. 2023 жылы тәжірибе алмасып, кәсіби дағдыны шыңдау мақсатында «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы» РҚБ Шымкент қалалық филиалының құрамындағы «Камеya Pharm Group» клиникасына өндірістік тәжірибеден өтуге келеді. Жас маманның алғырлығы мен жауапкершілігін байқаған ұжым оны жылы қабылдады. 2025 жылы «Авиценна» көпсалалы жоғары колледжін сәтті аяқтап, қолына дипломын алған соң, сол жылы дәл осы «Камеya Pharm Group» клиникасына ер мейіргер (медбрат) болып ресми түрде жұмысқа орналасты.
Жұмысқа орналасқаннан кейін клиника ұжымының қолдауы мен өзінің табандылығының арқасында үстел теннисімен қайта айналысып, күндіз науқастарға көмек қолын созып, кәсіби міндетін атқарған жас маман бос уақытында спортын да қатар алып жүрді. 2026 жылдың 8 шілдесінде медицина қызметкерлеріне арналған Шымкент қалалық спартакиадасында үстел теннисінен бақ сынап, жүлделі ІІ орынды иеленді. Бұл жеңіс оның өзіне деген сенімін одан әрі арттырып, үлкен мақсаттарға жетеледі. «Камеya Pharm Group» клиникасының бас директоры Жансерік Бөкенбайұлы жас маманға үлкен сенім білдіріп әрі қолдау көрсетіп, Қостанай қаласында өтетін республикалық спартакиаданың іріктеу жарысына қатысуына жағдай жасады. Осы бір өзіне артылған үлкен жауапкершілікті сезінген Мырзакерім іріктеу кезеңінде бар шеберлігін салып, нәтижесінде республикалық спартакиадаға жолдама алып келді. Ал биылғы жылдың 13 қыркүйегінде Қостанай төрінде өткен республикалық спартакиадада тартысты ойын көрсетіп, үстел теннисінен І орынды жеңіп алды.
Бұл жетістік бірнеше жыл бұрын қарапайым қызығушылықтан басталып, үздіксіз еңбек пен табандылықтың арқасында кемелденген үлкен жеңіс еді. Алғашқы жарыстарда жүлдесіз қалған сәттерден бастап, республикалық деңгейдің шыңына көтерілуі оның «адам өз мақсатына шын ниетімен ұмтылса, арманына міндетті түрде жетеді» деген қағидасын дәлелдеді. Жеңіспен оралған әріптесін «Камеya Pharm Group» ұжымы ерекше құрметпен қарсы алып, қуанышын бірге бөлісті.
Бүгінде Айтжан Мырзакерім үшін медицина – қастерлі кәсіби мақсаты, ал спорт – мінезін шыңдайтын өмірлік мектеп. «Менің өмірлік ұстанымым – еңбек ету, үйрену, алға ұмтылу және бастаған ісіңді соңына дейін жеткізу», – дейді жас маман. Алдағы уақытта ол өз мамандығы бойынша біліктілігін арттырып, еліне пайдасы тиетін білікті маман атануды және соған қоса спорттағы биік белестерді де бағындыруды мақсат етіп отыр.
Жаңашыл маман барлық жерде бағалы
Ұлы Отырардың топырағынан түлеп ұшып, кітапхана саласының білікті маманы атанған Елекеева Құндызай Нұрланқызы Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының тыныс-тіршілігіне тың серпін беріп келеді. 1987 жылы дүниеге келген ол мектеп бітірген соң М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Кітапхана және библиография» мамандығын сәтті тәмамдады. Сөйтіп кәсіби жолының алғашқы баспалдағын 2010 жылдың тамызында Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының «Оқырмандарға қызмет көрсету» бөлімінің кітапханашысы ретінде бастады.
Бүгінде Құндызай «Кітапхана процестерін автоматтандыру» бөлімін басқарады. Дәстүрлі кітапхана ісін цифрлық заман талабымен ұштастырған ол озық технологияларды жұмысқа батыл енгізіп жүр. Қала мектептерінде, колледждерде, лицейлерде және әскери бөлімшелерде жиі ұйымдастырылатын рухани-танымдық кештер мен кітапты насихаттайтын шаралары жастардың кітапқа деген құштарлығын арттыруда.
Ұжымдағы тиянақтылығы мен жаңашылдығы, оқырмандармен тез тіл табысатын ашық мінезі оны әлдеқашан осындай қадірлі маманға айналдырып үлгерді.
«Жыр тұнған жас жүрек» байқауының ынталандыру сыйлығы, «Үздік ана – 2019» атағы, Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының Алғыс хаты, Қазақстандық Кітапханалық Одақтың «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісі мен ҚР Ұлттық Ұланының «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» кеуде белгісі – барлығы да Құндызай Нұрланқызының адал әрі үздіксіз еңбегінің белгісі. Оған қоса «Рухани қазына – 2022» республикалық фестивалінде «Үздік балалар және жасөспірімдер кітапхана қызметкері» атануы да кітапханашы маманның кәсіби біліктілігін одан әрі айшықтай түсті.
Айтпақшы, жұмыстағы жауапкершілікті отбасының жылуымен үйлесімді ұштастырған Құндызай Елекеева – қасиетті шаңырақтың берекесін арттырған аяулы жар, төрт баланы тәрбиелеп отырған өнегелі ана. Төрт баланың тәрбиесі мен жауапты қызметін қатар алып жүру Құндызай Нұрланқызының тиянақтылығы мен табандылығын аңғартқандай. Ол үшін кітапханадағы әр күн – жаңа ізденіс пен жаңа идеяның бастауы. Жас оқырманмен жұмыс істеу, олардың кітапқа қызығушылығын ояту, рухани дүниесін байыту мамандығының мәні деп біледі.
Иә, еңбектің нәтижесі бірден көрінбеуі мүмкін, бірақ жылдар өте оның жемісі міндетті түрде сезіледі. Бүгінгі атқарған іс ертең біреудің алғысына, біреудің жеңісіне, енді біреудің жаңа мүмкіндігіне айналады. Сондықтан еңбек адамының еңбегін бағалау – оның маңдай терін ғана емес, қоғамға қосқан үнсіз үлесін де бағалау. Өйткені елдің ертеңін қалыптастыратын үлкен өзгерістер дәл осындай елеусіз көрінген, бірақ маңызы зор еңбектен басталады.