Бүгінгі таңда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасы қолға алынып, кітап оқу ел көлемінде кеңінен насихатталуда. Бұл бастама қоғамның рухани көкжиегін кеңейтіп, өскелең ұрпақтың санасын жаңғыртудың басты темірқазығына айналуда. Осы республикалық маңызды үндеуді жүзеге асыру бағытында шырайлы Шымкент қаласы да ерекше белсенділік танытып, бүгінде нағыз кітапқұмарлар мен озық ойлы жастар шоғырланған рухани орталыққа айналып үлгерді.
Шаһарда жастардың рухани-шығармашылық әлеуетін арттырып, әдеби мұраны терең тануына жол ашқан «Кітап уақыты» жобасы қалалық жастар саясаты басқармасының қолдауымен және «Қызмет» ЖШС газетінің директоры, «Серпіліс» қоғамдық қорының басшысы, журналист Бейсенкүл Нарымбетованың ұйытқы болуымен биыл маусым айында қолға алынды. Аталмыш ауқымды жобаның басты мақсаты – өскелең ұрпақ арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, қазақ әдебиетін кеңінен насихаттау және жастардың оқуға деген қызығушылығын арттыру. Бұл бастамаға Шымкент қаласының жастарынан, мектеп мұғалімдері мен оқушылардан және кітапханашылардан құралған «Ғаламат», «Руханият», «Шабыт», «Әл-Фараби», «Жалын», «Шаңырақ», «Ұшқыр ұя», «Алқа», «Айқап», «Парасат», «Жаңа леп», «Талқы» т.б сынды оннан астам оқырман клубтары үздіксіз атсалысып, мазмұнды ойталқылар өткізді. Әрбір кездесу соңында белсенділік танытқан қатысушыларға құнды да қызықты кітаптар сыйға тартылып отырды.
Игі шаралардың алғашқы легі Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Дулат Исабековтің «Қарғын» романын талқылаудан басталды. Басқосуда қатысушы топтар шығармадағы кейіпкерлер болмысы, өмірлік ұстанымдар, адамгершілік құндылықтар мен жазушы көтерген өзекті мәселелер төңірегінде ой өрбітті. Әр топ өз көзқарасын нақты дәлелдермен негіздеп, романның мазмұнына жан-жақты талдау жасады. Спикер ретінде сөз сөйлеген ақын әрі ұстаз Арқалық Әмәлият шығарманың көркемдік астарына кеңінен тоқталса, сарапшы мамандар жастардың кітапқа қатысты пікірлеріне өз бағаларын берді.
Келесі әдеби талқылау Пушкин атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында өтіп, қазақ руханиятының біртуар тұлғасы Өзбекәлі Жәнібектің өнегелі өміріне арналған белгілі жазушы, филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбектің «Өзбекәлі Жәнібек кім?» атты жаңа туындысы оқырманның ой талқысына ұсынылды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, тарихи сананы жаңғыртуды көздеген бұл алқалы жиынға аталған кітаптың авторы Құлбек Ергөбек, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, жастар саясаты басқармасының басшысы Әкімжан Әбдіәкімов және зиялы қауым өкілдері қатысты. Топқа бөлінген жастар қайраткердің ел тарихындағы орны мен мәдениетті дамыту бағытындағы еңбегі жөнінде қызу пікір алмасса, автордың өзі туындының жазылу тарихына тоқталып, Өзбекәлі Жәнібектің ұлттық руханиятқа сіңірген өлшеусіз еңбегі туралы тың деректермен бөлісті. Шара соңында белсенді қатысушылар арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.
Рухани керуен Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада жалғасып, бұл жолы Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің шоқтығы биік «Аласапыран» роман-дилогиясы талқыланды. Әрқайсысы бес қатысушыдан құралған он команда кеште спикерлік еткен ақын, жазушы, аудармашы Сүндет Сейітовтың сұрақтарына кезегімен жауап беріп, туындының мазмұнын терең талдай түсті. Жастар шығармадағы тарихи оқиғаның түйінін тарқатып, кейіпкерлердің ішкі әлемі мен күрделі тағдырына өзіндік көзқарастарын білдірді.
Шара барысында жоба жетекшісі Бейсенкүл Жақсыбекқызы жастар арасында жобаға деген қызығушылықтың күн санап артып келе жатқанын жеткізді. Ол өз сөзінде: «Жастар кітап оқымайды деген – қате пікір, шын мәнінде оқитын жастар бар, тек оларға тиісті орта қажет», – деп атап өтіп, әрбір басқосуда жаңа командалардың, әсіресе 13-14 жастағы жасөспірімдердің белсенділік танытып қосылып жатқаны үлкен қуаныш сыйлайтынын тілге тиек етті. Бұл ойды қалалық Жастар саясаты басқармасының басшысы Әкімжан Әбдіәкімов те қолдап, аталмыш жоба мемлекет басшысының кітап оқитын ұлт қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам екеніне тоқталды.
Кезекті рухани жиын қазақ поэзиясының қайсар қызы, от жүректі ақын Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналды. Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында өткен бұл кешті Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры, айтыскер ақын Анар Жаппарқұлова тізгіндеді. Алдымен шараға арнайы шақырылған қонақтар қатарындағы ардагер журналист Асхан Қожакелдіқызы қайсар рухты ақынмен 30 жыл үзеңгілес, әріптес болған жылдардағы естеліктерімен бөлісіп, жыр шеберінің ұлтқа деген шексіз махаббаты туралы сыр шертті. Содан соң озық ойлы жастардан құралған оқырмандар тобы Фаризаның жырларын жатқа оқып, өлеңдеріне терең көркемдік талдау жасады.
Әдеби кездесудің кезекті легі Абай атындағы орталық кітапханада жалғасын тапты. Онда қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы Төлен Әбдіктің «Оң қол» әңгімесі кеңінен талқыға түсті. Қатысушылар шығарма мазмұны мен автор көтерген күрделі психологиялық мәселелер төңірегінде пікір бөлісіп, өз ойларын жарыса ортаға салды. Спикер Диана Баратова да шығармаға қатысты өз ойын білдіріп, туындының мазмұнын тереңірек талқылауға атсалысты. Араға апта салып, аталған кітапханада Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» шығармасы да пікір таразысына салынды. Бұл жолы да оқырман клубтары өзара сұрақ-жауап ұйымдастырып, соңы қызықты да қызу пікірталаспен аяқталды. Кеш барысында спикер болған педагог Жансая Аманбекқызы мен «Руханият» оқырмандар клубының мүшесі Жансая Қайып туындының идеялық-көркемдік ерекшеліктеріне қатысты ойларын ортаға салып, жастардың талқысына бағыт-бағдар беріп отырды.
Бұдан соң көрнекті жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романын талқылау жиыны Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылған «Кітап талқылап, саяхатқа жолдама ұтып ал» атты танымдық кешімен ұштастырылып өтті. Шара барысында шығармадағы тарихи кезең, ұлттық болмыс пен ел тағдыры кеңінен сөз болды. Ең кереметі, кітап оқып, белсенділік танытқан бес кітапқұмар жан Ташкент қаласына жолдама иеленді.
Рухани шара легі Абай атындағы орталық кітапханада көрнекті жазушы, журналист Қарауылбек Қазиевтің шығармашылығын талқылаумен жалғасты. Қаламгердің «Ақ бантик», «Иманжапырақ», «Үркер», «Кемпірқосақ» секілді жинақтары мен өмір жолы сөз болып, шығармаларының көркемдік ерекшеліктері талқыланды. Оның туындылары арқылы оқырман адамдық қасиетті, туған жерге деген сүйіспеншілікті терең сезіне алғандай болды. Ал жоба аясындағы кітап талқылауларының келесі кезеңі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» романына арналмақ. Аталған кеште де Шымкент қаласының белсенді оқырман клубтары авторлардың шығармашылығына қатысты өзара пікір алмасып, туындыдан түйген ойларын ортаға салатын болады.
«Кітап уақыты» жобасының қорытынды басқосуы сыршыл ақын Төлеген Айбергеновтың поэзиясына арналған кешпен аяқталғалы тұр. Онда жоба барысында белсенділік танытқан үздік оқырмандар мен озық клубтар анықталып, арнайы марапатталатын болады. Дей тұрғанмен Шымшаһардағы тағылымды кітап талқылаулары мұнымен тоқтап қалмайды. «Кітап уақыты» жобасы алдағы уақытта да көркем әдебиетті терең танытатын және кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға үндейтін рухани алаң ретінде өз жалғасын таба бермек.