15 қазанда Шымкент қаласындағы №2 Оқушылар сарайында «Кітап түні» фестивалі өтті. Осыған дейін Шымкент қаласының кітапханаларында өткен он түрлі кітап талқылауының қорытындысы ретінде ұйымдастырылған бұл руханият пен әдебиетті ұлықтаған шарада қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Төлеген Айбергеновтің шығармашылығы талқыланып, ақын Фариза Оңғарсынованың өлеңдері оқылды.
Аталған әдеби кешке қатысушылар ақындардың сырлы жырлары арқылы ұлттық поэзияның тереңдігіне бойлап, шығармашылық мұраның маңызына назар аударды. Фестиваль барысында би биленіп, ән шырқалып, әдебиет пен өнер тоғысқан кеш қатысушыларға ерекше көңіл күй сыйлады.
Шара соңында белсенділік танытқан қатысушылар мен оқырман клубтары марапатталып, Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының Алғыс хатына ие болды. Үздік кітап оқушылар клубына 50 мың теңгелік сертификаттар табысталды.
Алдағы уақытта да жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, әдеби шығармаларды кеңінен насихаттау мақсатында кітап талқылау кештері өз жалғасын табатын болады. Мұндай кездесулер жастардың рухани дамуына ықпал етіп, оқырмандық мәдениетті қалыптастыруға және әдебиет төңірегінде ой бөлісуге мүмкіндік береді.