Шымкент қаласының «Отбасы банк» АҚ директорының орынбасары Ақерке Абылбекқызы: «Келешек» – балалардың білім алуына жағдай жасайтын бағдарлама»

Авторы: Әлия ӘУЕСБЕКОВА

15.10.2026

Бүгінгі таңда қоғамның даму бағыты жас ұрпақтың сапалы білім алуына тікелей байланысты. Өйткені әрбір отбасының қуанышы мен ертеңгі тірегі саналатын балалардың әлеуметтік әл-ауқаты мен сенімді болашағы – мемлекеттің де, ата-ананың да ортақ мақсаты. Осы бағытта соңғы жылдары халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, әсіресе өскелең ұрпақтың жоғары білім алуына алдын ала қаржылық негіз қалауға бағытталған бірегей жобалар жүзеге асырылуда. Солардың ішінде халық арасында зор қолдау тауып келе жатқан «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінің маңызы зор.

Әсіресе, еліміздегі демографиялық көрсеткіштер мен бала саны жағынан көш басында тұрған миллионды шаһар – Шымкент қаласы үшін бұл бастама өте тиімді. Мегаполистегі әрбір отбасы баласының ертеңгі күні биік белестерді бағындырып, қалаған мамандығы бойынша сапалы білім алуын армандайды. Міне, осы орайда қала тұрғындарының жаңа қаржылық тетікке деген көзқарасы қандай, ата-аналар бұл мүмкіндікті қалай пайдаланып жатыр және мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілуде деген сұрақтарға жауап алу мақсатында Шымкент қаласының «Отбасы банк» АҚ директорының орынбасары Уйсинбаева Ақерке Абылбекқызымен арнайы әңгімелескен едік.

БАЛАНЫҢ БОЛАШАҒЫНА БЕЙ-ЖАЙ ҚАРАМАЙМЫН ДЕСЕҢІЗ...

– Ақерке Абылбекқызы, «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі жалпы қандай жүйе және ол баланың болашағына қалай септігін тигізеді? Жалпы бұл бағытта шымкенттіктердің қызығушылығы қалай, қазіргі таңда қала бойынша қанша ата-ана осы жүйенің игілігін көріп үлгерді?

– «Келешек» – балалардың келешекте жоғары оқу орындарында немесе колледждерде білім алуына жағдай жасайтын бағдарлама. Бұл жүйенің басты артықшылығы – ата-аналардың жеке жинақтарымен қатар, мемлекеттің де тікелей қолдауы қарастырылған. Яғни, отбасы баланың білімі үшін қаржы жинақтай бастағаннан-ақ мемлекет тарапынан қосымша көмек көрсетіліп, жинақ қоры еселене түседі.

Жүйе шарттары бойынша ата-ана алдымен «Келешек» бағдарламасының аясында балаға «AQYL» депозитін ашады. Бұл депозитте ақша жинауға мемлекет пен Отбасы банк көмектеседі. Бала бес жасқа толғанда мемлекет кішкентай қазақстандықтың шотына 60 АЕК (259 500 теңге) көлемінде бастапқы білім беру капиталын аударады. Оны сақтап қалу үшін отбасы жыл сайын 24 АЕК (103 800 теңге) аталмыш депозитке аударып тұруы қажет. Ал Отбасы банк қосымша баланың жинақ шотына банк сыйақысы мен мемлекеттік сыйлықақы есептейтін болады.

«AQYL» депозитінің заңмен қорғалған артықшылығы бар. Мұндағы  жиналған қаражатқа, тіпті ата-ананың жеке қаржылық қиындықтары немесе берешектері болған жағдайда да, сот орындаушылары тарапынан шектеу немесе бұғаттау (арест) қойылмайды. Себебі бұл – баланың біліміне арналған мақсатты капитал.

Бүгінде демографиялық өсім жағынан елімізде көш бастап тұрған Шымкент қаласында бұл жобаға деген сұраныс жоғары. Қала тұрғындары балаларының болашағына бей-жай қарамайтынын, керісінше, олардың сапалы білім алуының қамын ерте бастан ойлайтынын іс жүзінде дәлелдеп келеді. Қазіргі таңда қаламыз бойынша 10 835 «AQYL» білім беру депозиті сәтті ашылып, көптеген отбасы осы жүйенің игілігін көріп отыр. Өткен жылы бес жасқа толған бүлдіршіндердің депозиттеріне 235 920 теңге көлемінде бастапқы капитал түссе, ал биылғы 2026 жылы бес жасқа толатын (2021 жылы дүниеге келген) балалар үшін бұл сома 259 500 теңгені құрайды. Бұл қаражат – балаға салынып жатқан инвестиция. Сондықтан шымкенттік ата-аналардың бұл бастамаға белсенді түрде қатысып жатқаны бізді қуантады.

– Тұрғындар бұл жүйе туралы қаншалықты хабардар? Бұл туралы банкке келіп сұрайтын ата-аналар көп пе?

– Әрине, аталмыш жүйемен азаматтарды ақпараттандыруда біз тек қала орталығымен шектеліп қалмаймыз, мегаполистің барлық аудандары мен қарқынды дамып келе жатқан шеткері тұрғын алаптарын да түгелдей қамтимыз. Әсіресе Тұран мен Бозарық шағынаудандарында, сондай-ақ Сайрам, Құрсай және Бадам сияқты шалғай елді мекендерде тұратын тұрғындарға ақпарат жеткізуге ерекше мән береміз. Шеткері аймақтардағы ата-аналарға да «Келешек» жүйесінің мүмкіндіктерін ертерек біліп, баласының болашағына қаржы жинауды уақтылы бастауына жағдай жасаймыз. Мұндағы басты мақсат – шалғайдағы әрбір отбасының мемлекет ұсынып отырған осындай бірегей мүмкіндіктен тыс қалмауын қамтамасыз ету.

Қазіргі таңда Шымкент қаласында «Отбасы банктің» 20 кеңес беру орталығы және 130 тәжірибелі кеңесшісі жұмыс істейді. Біздің мамандар күн сайын қаланың әртүрлі аудандарын қамтып, мектептерде, балабақшаларда және басқа да ұйымдарда ақпараттық кездесулер мен презентациялар өткізеді. Бұл жұмыс тек білім беру саласымен шектелмейді – өндірістік кәсіпорындардан бастап медициналық ұйымдарға дейін түрлі мекемелерде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Кездесулер барысында азаматтарға «Отбасы банктің» тұрғын үй бағдарламаларымен қатар, балалардың болашағына арналған «AQYL» білім беру депозиті және «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі туралы да толық ақпарат беріледі.

Біздің басты мақсатымыз – азаматтардың банкке келіп арнайы сұрақ қоюын күтіп отырмай, қажетті ақпаратты халықтың өзіне барып жеткізу. Міне, осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде білім депозитін ашу үшін орталыққа келіп жүгінетін ата-аналар саны күннен-күнге артып келеді. Бұл ретте ата-аналардың балаларының ертеңгі күні жоғары оқу орнында немесе колледжде еш кедергісіз білім алуы үшін жинақ ашудың маңыздылығын терең түсіне бастағанын байқаймыз.

Сонымен қатар, өз ұжымында немесе компаниясында қызметкерлеріне осы жүйе туралы презентация ұйымдастырғысы келетін мекемелерге де әрдайым ашықпыз. Егер мекеме осындай ақпараттық іс-шара өткізгісі келсе, біздің Instagram желісіндегі парақшамызға хабарлама жазса, біздің мамандар байланысып, кездесу ұйымдастырады. Біз әрқашан ашық диалогқа және халыққа сапалы әрі тиімді кеңес беруге дайынбыз.

 – Ата-аналар банкке келмей-ақ, үйде отырып немесе жұмыста жүріп те депозитті онлайн аша ала ма?

– Әрине, бүгінде ата-аналардың қарбалас жұмыс кестесін ескеріп, банк қызметтерін барынша ыңғайлы және қолжетімді етіп жасауға басымдық берілген. «AQYL» білім беру жинақтау салымын ашу үшін банкке арнайы келіп, кезекте тұрудың қажеті жоқ. Қазіргі таңда  бұл маңызды қадамды үйде немесе жұмыста отырып-ақ заманауи цифрлық құралдар арқылы оңай жүзеге асыруға болады. Азаматтарға барынша қолайлы болу үшін «AQYL» салымын онлайн немесе офлайн ашудың бірнеше жолы бар.  

Біріншіден, ең жылдам әрі әрбір ата-ана үшін аса қолайлы цифрлық әдіс – «Otbasy bank» мобильді қосымшасы. Сол арқылы смартфон көмегімен бірнеше минут ішінде шот ашып, қаражат жинауды дереу бастауға болады.

Екіншіден, baspana.otbasybank.kz ресми порталындағы жеке кабинетке кіріп, «Менің банкім», содан кейін «Депозиттер» қосымша беті арқылы «Жаңа депозит» батырмасын басып, «AQYL» салымын бірден таңдап ашуға толық мүмкіндік бар.

Үшіншіден, банктің hcsbk.kz сайтындағы бейнеқоңырау арқылы оператормен онлайн байланысқа шығып, қашықтан кәсіби кеңес алып қана қоймай, депозитті бірден рәсімдеуге жол ашылған.

Төртіншіден, өз қалаңыздағы немесе ауданыңыздағы жеке кеңесшілердің көмегіне жүгіне аласыз. Не болмаса қаладағы кез келген банк бөлімшелеріне барып, қызметкерлердің тікелей көмегімен депозит ашу жұмыстарын рәсімдеуге болады. Яғни адамдарға барлық жағынан қолайлы жағдай жасалған. Осындай түрлі тәсілдердің арқасында әрбір жұмысбасты ата-ана өз уақытын ұтымды пайдалана отырып, баласының жарқын болашағы мен сапалы білімі үшін ерте бастан берік қаржылық іргетас қалай алады.

– Бала 5 жасқа толған сәтте бұл қаражат автоматты түрде түсе ме, әлде қосымша құжат тапсырып, келісімге қол қою керек пе?

– Бұл қаражатты алу үшін банкке арнайы барып, қағаз жинақты талап етудің немесе қандай да бір қосымша келісімдерге қол қоюдың қажеті жоқ. Егер «Келешек» жүйесі аясында баланың атына «AQYL» депозиті уақтылы ашылған болса, мемлекеттік бастапқы білім беру капиталы автоматты түрде есептеледі. Ата-ана тарапынан ешқандай қосымша өтініш жазу талап етілмейді. Тек басты екі жағдайға назар аударса жеткілікті.

Біріншіден, балаға «AQYL» білім беру жинақтау депозитін уақытында ашып қою маңызды, себебі мемлекеттік қаражат дәл осы шотқа түседі.

Екіншіден, баланың туу туралы куәлігі мен ЖСН деректерінің мемлекеттік базаларда қатесіз, дұрыс көрсетілгеніне көз жеткізу жеткілікті. Барлық ақпарат дұрыс болып, депозит ашылған жағдайда, жүйе баланың 5 жасқа толғанын өзі анықтап, қаражатты шотқа ешқандай өтінішсіз автоматты түрде аударып отырады.

Дегенмен, қаражаттың түсу мерзімі баланың туған күніне де байланысты болады. Егер бала жылдың бірінші жартыжылдығында 5 жасқа толса, бастапқы капитал сол жылдың тамыз айында түседі. Ал егер бала 5 жасқа екінші жартыжылдықта толса, қаражат келесі жылдың ақпан айында аударылады. 

ДЕПОЗИТТІ ТОЛЫҚТЫРУ ТАБЫС КӨЛЕМІНЕ ТІКЕЛЕЙ ТӘУЕЛДІ ЕМЕС

– Қаламызда ай сайынғы тұрақты түрде жалақы алмайтын немесе маусымдық кәсіппен айналысатын кәсіпкерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар да бар. Олар ақшаны тұрақты түрде жинай алуы үшін қандай тиімді шарттар қарастырылған?

– «AQYL» депозитін толықтыру табыс көлеміне тікелей тәуелді емес. Бұл табысы ай сайын өзгеріп отыратын немесе маусымға байланысты болатын кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін өте ыңғайлы. Мұнда кәсіпкерлердің немесе маусымдық табыс табатын азаматтардың қаржылық жағдайы әр кезеңде әртүрлі болуы мүмкін екені ескерілген: табыс жоғары болған кезде депозитті үлкенірек сомаға, ал табыс төмен болған немесе маусымдық үзіліс кезінде азырақ сомаға толықтыруға мүмкіндік бар. Бастысы – бағдарлама шарттарын орындау және қажетті жинақ көлемін кезең-кезеңімен қалыптастыру. Осы ретте атап өтерлігі, Шымкентте сауда, қызмет көрсету, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы саласында жүрген, тұрақты жалақысы жоқ азаматтардың үлесі жоғары. Банк бұл ерекшелікті толық ескерген. Мәселен, кәсіпкер маусым кезінде (өнім жинау немесе сауда қызған шақта) депозитке 100-200 мың теңгеден салып қойса, қалған айларда ең төменгі міндетті сомамен ғана толықтыра алады.

Сондай-ақ, «Otbasy bank» мобильді қосымшасы арқылы автотөлем функциясын қосып қоюға болады. Яғни, кәсіпкердің есепшотына қаржы түскен сәтте белгіленген сома депозитке автоматты түрде аударылып отырады. Бұл кәсіпкерлерді банкке келу уақытынан босатып, жинақ жинау процесін автоматтандырады, әрі маусымдық үзілістер кезінде ешқандай айыппұл немесе өсімпіл (пеня) есептелмейді. Яғни, бұл жүйе тек белгіленген жалақысы бар адамдарға ғана емес, барлық азаматтарға тиімді. Мұнда адамның ай сайын қанша табатыны маңызды емес, оның өз баласының болашағы үшін біртіндеп берік қаржылық іргетас қалап жатқаны маңызды.

 – Мемлекеттен берілетін бастапқы капитал неше рет беріледі?

– Мемлекеттен берілетін бастапқы капитал тек бір рет есептеледі. Ол бес жасқа толған балаларға беріледі. Мысалы, егер балаңыз қазір үш жаста болса, мемлекет оған бастапқы капиталды екі жылдан кейін есептейді. Ал егер кішкентай қазақстандық қазір, мысалы, 8 жаста болса, онда оған бастапқы капитал есептелмейді.

Бірақ, мемлекеттік бастапқы капиталдың мөлшері барлығына бірдей емес. Мысалы, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін 120 АЕК-ті (2026 жылы 519 мың теңге) құраса, салымшылардың басқа санаттары үшін 60 АЕК-ті (2026 жылы 260 мың теңге) құрайды. Мемлекеттен берілген бастапқы капиталды сақтап қалу үшін ата-аналар балалары кәмелетке толғанға дейін немесе білім беру ұйымына түскен сәтке дейін «AQYL» депозитіне жыл сайын жарна салып тұруы міндетті. Бір жылдағы ең төменгі жарна 24 АЕК-ті немесе 2026 жылы 103 800 теңгені құрайды. Ал халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы балалар үшін – 12 АЕК немесе 2026 жылы 51 900 теңге. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың атына ашылған «AQYL» депозитіне жыл сайынғы міндетті жарналарды салудың қажеті жоқ.

«ҰЛТТЫҚ ҚОР – БАЛАЛАРҒА» БАҒДАРЛАМАСЫН «AQYL» ДЕПОЗИТІМЕН БІРІКТІРУГЕ БОЛА МА?

 – «Келешек» бағдарламасы мен мемлекеттен жыл сайын әр баланың шотына қаржы түсетін «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының айырмашылығы қандай? Жалпы, екеуін біріктіруге бола ма?  

– Иә, «Ұлттық қор – балаларға» – 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылған мемлекеттік бағдарлама. Бұл бойынша 2006 жылы және одан кейін туылған әрбір бала мемлекеттен инвестициялық табыстың 50 пайызын алады. 2024 жылы бұл сома 100 доллардан асты. 2025 жылы бұл сома 232,94 АҚШ долларын құрады. Мұнда да бала 18 жасқа толған соң жиналған қаражатты екі мақсатқа жұмсай алады: бірінші, Қазақстан аумағында тұрғын үй жағдайын жақсарту, екінші Қазақстанда немесе шетелде білім алу ақысын төлеу. Бұл бағдарлама бойынша ешқандай жарна төленбейді. «Келешек» – ата-аналардың тұрақты жарналары арқылы қалыптасатын отбасының өз жинақтары мен білім беру депозиті жүйесі болса, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы – мемлекет тарапынан баланың БЖЗҚ-дағы шотына жыл сайын түсетін және кәмелетке толғанға дейін жинақталатын қаражат көзі. Осы екі қаржы көзін тиімді біріктіруге болады.

Мемлекет БЖЗҚ-дағы (ЕНПФ) шотында «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында жыл сайын қаражат жинақтап, бұл төлемдерді бала 18 жасқа толғанға дейін есептеп отырады. 18 жастан кейін «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша жиналған қаражатты Отбасы банкіндегі «AQYL» депозитіне аударып, білім алуға пайдалана алады. Осылайша, колледжге немесе университетке түсетін уақытқа қарай отбасында қомақты капитал қалыптасады.

 – Бізде, яғни оңтүстік өңірде бала дүниеге келгенде, тұсауы кесілгенде немесе мерейтойларда дүркіретіп той жасауға, қымбат сыйлықтар алуға аздап әуестігі бар. Халықтың санасын осы стереотиптен арылтып, «тойға кеткен ақшаны баланың біліміне салайық» деген саналы көзқарас қалыптасты ма? Қоғамда бұл бағытта қандай да бір бетбұрыс байқала ма?

– Иә, өңіріміздегі азаматтардың көзқарасы жыл өткен сайын өзгеріп жатыр. Оны біз күнделікті жұмысымыздан нақты көріп жүрміз. Банк қызметкері ретінде айтарым, қазіргі ата-аналар «Бір күндік дүркіреген той мен мерекеден кейін баланың есінде не қалады?» деген сұрақты өздеріне жиі қоя бастады. Әрине, балаға қымбат сыйлықтар алып беруге де болады, алайда сол қаражатты оның жарқын болашағына бағыттау әлдеқайда дұрыс екенін халық түсінгендей. Мәселен, біздің банкке келетін ата-аналар баласына арнап депозит ашып, оны жүйелі түрде толықтырып отырса, болашақта баланың сапалы білім алуына сенімді жинақ қалыптасатынын жақсы біледі. Осы орайда, мына нәрсені айта кеткім келеді: қазір қоғамда жаңа бір игі дәстүр қалыптасып жатыр, азаматтар отбасылық мерекелерде балаға тек сыйлық сыйлап қана қоймай, оның ертеңгі біліміне алғашқы қаржылық жарна салуды да әдетке айналдыруда. Бұл – бала бірнеше жылдан кейін есейіп, мамандық таңдап, университетке қадам басатын маңызды сәтте пайдаға асатын ең құнды сыйлық болмақ.

– Мегаполисте жыл сайын мыңдаған түлек мектеп бітіріп, жоғары оқу орындарына түседі. Қазіргі таңда осы жүйе арқылы жинақ ашып, нақты нәтижесін көріп немесе баласына берілетін бастапқы капиталды рәсімдеп үлгерген шымкенттік бір отбасының тәжірибесін айтып бере аласыз ба?

– Әрине, нақты нәтижеге қол жеткізген шымкенттік отбасылардың мысалдары жетерлік. Соның бірі – Айнұр Кадырханқызы есімді студенттің тәжірибесі. Айнұр – 2006 жылы туған, колледж студенті. Ол отбасымен бірге жылдар бойы жинақталған қаражатты тиімді пайдалана отырып, баспана мәселесін шешті. Оның жағдайында «Отбасы банктің» отбасылық пакеті, яғни анасының, ағасының және өзінің депозиттерін біріктіру мүмкіндігі пайдаланылды. Сонымен қатар, Айнұр өзіне тиесілі «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясындағы қаражатты да баспана алуға бағыттады. Ол осы мүмкіндіктерді біріктіре отырып, жаңа тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтер сатып алды. Ең қызығы – бұл маңызды оқиға оның мектеп бітіруіне дейін, яғни түлектік кезеңінің алдында жүзеге асты.

БІЛІМ БЕРУ ДЕПОЗИТІНДЕГІ АҚША ҚҰНСЫЗДАНЫП ҚАЛМАЙДЫ

 – Жинақталған қаражат бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі мен мемлекеттік сыйлықақылар қалай есептеледі? Егер ата-ана белгілі бір жылы қаражатты уақытылы сала алмай қалса, жиналған капитал немесе мемлекеттің бастапқы сыйлығы күйіп кетпей ме?

 – «AQYL» білім беру депозиті бойынша жылдық тиімді мөлшерлеме заңмен реттеледі және ол Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесіне байланысты болады. Бүгінгі таңда бұл депозитке банктің жылдық 13,4% сыйақысы есептеледі (ЖТСМ 14,25%-дан бастап). Сондай-ақ, мемлекет «AQYL» депозитіне жыл сайын салымшылардың барлық санаттары үшін – 5%, ал жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектігі бар балалар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін – 7% сыйлықақы есептеп отырады.

Бұл ретте ата-аналар мына жайтты қатаң ескеру қажет: егер баланың «AQYL» депозитіне «Келешек» аясында мемлекеттік бастапқы капитал есептеліп қойған болса, оны сақтап қалу керек. Ол үшін ата-аналар балалары кәмелетке толғанға дейін немесе білім беру ұйымына түскен сәтке дейін «AQYL» депозитіне жыл сайын міндетті жарналарды салып тұруы тиіс.

Осы тұста ата-аналар тарапынан жиі қойылатын сауал – «24 АЕК (2026 жылы 103 800 теңге) сомасын бірден салу керек пе?» дегенге саяды. Біз бұл жерде де икемді графикті ұсынамыз: ата-аналар бұл соманы бірден жылына бір рет салса да болады, немесе оны 12 айға бөліп, ай сайын шамамен 8 650 теңгеден салып отыруына болады. Бұл сома кез келген отбасылық бюджетке салмақ түсірмейді. Банк тарапынан жыл соңына таман міндетті жарнаны толықтыру қажеттігі туралы хабарламалар жіберіліп, ескертіледі.

Бастапқы капиталды сақтап қалу үшін жинақтауды тоқтатпау және депозитті толықтыру бойынша белгіленген шартты жыл сайын орындап отыру маңызды. Егер бұл жасалмаса, онда қаражат – дәлірек айтқанда, 60 АЕК (2026 жылы 260 мың теңге) мөлшеріндегі біржолғы бастапқы капитал бюджетке қайтарылады. Сондықтан қаржылық тәртіпті сақтап, бұл мүмкіндікті қолдан шығарып алмауға тырысу қажет.

 – Егер бала грантқа оқуға түсіп кетсе бұл жиналған ақша мен мемлекеттік бастапқы капитал қайда жұмсалады? Оны бауырына аударуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағыттауға болатыны рас па?

– Иә, бұл – ата-аналардың көбісін алаңдататын өте орынды әрі маңызды сұрақ. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұл жүйе ешқашан «жанып кетпейді» немесе босқа қалмайды. Егер балаңыз мемлекеттік білім беру грантын ұтып алып, жоғары оқу орнында тегін білім алатын болса немесе басқа да өмірлік жағдайларға байланысты шетелде оқудан бас тартса, жиналған қаражатыңыз толығымен өзіңізде қалады.

Мектепті немесе колледжді сәтті тәмамдап, қолға ресми дипломды алғаннан кейін депозитте жиналған барлық қаржыны – атап айтқанда, банктің капиталдандырылған сыйақысын, мемлекеттің жыл сайынғы сыйлықақыларын және «Келешек» бағдарламасы бойынша берілген бастапқы капиталды есепке ала отырып, отбасының қажеттілігіне қарай бірнеше тиімді бағытта жұмсауға толық мүмкіндік бар. Біріншіден, егер жас маман өз білімін тереңдетіп, магистратура, докторантура немесе қосымша жоғары білім алуды жоспарласа, қаржыны сол мақсатқа сақтап, білім беру салымында жинақтауды одан әрі сәтті жалғастыра алады.

Екіншіден, жиналған қаражатты өз бауырларына, іні-қарындастарына немесе отбасындағы басқа да жақын туыстарына олардың келешекте сапалы білім алуы үшін толық немесе ішінара рәсімдеп беріп, заңды түрде табыстауға рұқсат етіледі.

Үшіншіден, жиналған қаражатты басқа да маңызды білім деңгейлерін алуға, сондай-ақ түбегейлі жаңа мамандық игеру мақсатындағы кез келген оқу орталықтарының немесе курстардың ақысын жабуға бағыттауға кең жол ашылған.

Төртіншіден, бұл жинақтарды Отбасы банкіндегі жеке немесе отбасылық депозитке тікелей аударуға болады. Бұл қаражат отбасының баспана алуына, жаңа үйдің алғашқы жарнасын төлеуге немесе қолданыстағы тұрғын үй жағдайын түбегейлі жақсартуға толықтай қызмет етеді.

– Бүгінгі таңда инфляция жағдайында білім беру депозитіндегі ақшаның құнсызданып қалмауына банк қандай кепілдік береді?

 – Кез келген қаржылық жинақ жасағанда ата-аналарды мазалайтын басты сұрақтардың бірі – «инфляция ақшаның құнын түсіріп кетпей ме?» деген қауіп. Жалпылама айтқанда, қарапайым шотта немесе қолда жатқан ақша уақыт өте келе құнсыздануы мүмкін. Алайда «AQYL» білім беру депозиті жағдайында ақша шотта жай ғана сақталып тұрмайды, ол үздіксіз жұмыс істеп, үнемі өсіп отырады. Бұл ретте жинақтың инфляциядан қорғалуына және тұрақты өсуіне бірден бірнеше күшті қаржылық көздер жұмыс істейді.

Біріншіден, жинақталған қаражатқа банктің жылдық 13,4% көлеміндегі жоғары сыйақысы тұрақты түрде есептеліп отырады. Екіншіден, салымшылардың барлық санаттарына жыл сайын 5% мөлшерінде, ал балалардың жекелеген санаттары үшін (жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, мүгедектігі барлар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққандар) 7% мөлшерінде мемлекеттік сыйлықақы қосылады. Үшіншіден, «Келешек» бағдарламасы аясында балаға берілетін мемлекеттік бастапқы капитал бұл қаржылық базаны одан әрі нығайта түседі. Яғни, бұл жүйеде ата-ананың жеке жарнасы, банктің капиталдандырылған сыйақысы, мемлекеттің жыл сайынғы сыйлықақысы және бастапқы қолдау капиталы өзара тығыз ұштасып, инфляция деңгейінен асып түсетін нақты өсімді қамтамасыз етеді.

Инфляциядан қорғау тетігін тереңірек түсіндірсек: мұнда күрделі пайыз формуласы жұмыс істейді. Есептелген 13,4% банктік сыйақы мен 5% немесе 7% мемлекеттік сыйлықақы жыл сайын негізгі капиталға қосылып (капитализацияланып), келесі жылы пайыз үстіне пайыз есептеледі. Бұл 10-13 жылдық ұзақ мерзімді аралықта ақшаның инфляция деңгейін толығымен басып озуына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, ең маңызды қауіпсіздік шарасы ретінде, депозиттегі барлық қаражат Қазақстанның Депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДҚҚ) жүйесімен толықтай қорғалған. Ұлттық валютадағы мұндай депозитарлық салымдар бойынша заңмен кепілдік берілген максималды сома 20 миллион теңгені құрайды. Бұл дегеніміз – ата-аналар өз жинақтарының (жеке салымдарының, банктің сыйақысы мен мемлекеттік сыйлықақылардың, сондай-ақ бастапқы капиталдың) инфляцияға қарсы тұрып қана қоймай, мемлекет тарапынан бекітілген ресми кепілдік жүйесі аясында қатаң қорғалғанына сенімді бола алады.

– Ақерке Абылбекқызы, балалардың білімді әрі баспаналы болуы жолында маңызды қаржылық ақпараттар мен бағыт-бағдар бергеніз үшін көп рахмет!