«Ten qogam»-да қолдаумен қатар тұрақты жұмыс та табылады

Авторы: Әлия ӘУЕСБЕКОВА

23.10.2026

Бүгінгі таңда ерекше қажеттілігі бар азаматтардың әлеуметтік ортаға бейімделіп, қоғам өміріне тең құқылы мүше ретінде араласуына жағдай жасау – мемлекет пен қоғамның басты назарындағы өзекті мәселелердің бірі. Осы орайда, тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған игі бастамалар өз жемісін беріп, қала тұрғындарына жан-жақты қолдау көрсететін арнайы орталықтардың жұмысы қарқынды жүргізіліп келеді. Осындай маңызды міндеттерді абыроймен атқарып отырған Шымкент қаласындағы «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығы – мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын жақсартуға жол ашатын нағыз қамқорлық пен қолдау ордасы. 

ШЕКТЕУ ЖОҚ ЖЕРДЕ МҮМКІНДІК КӨП

Аталмыш мекеме азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетіп, олардың қоғамдық өмірге толыққанды кірігуіне қолайлы жағдай жасайды. Орталық қабырғасында білікті мамандар мен заңгерлер келушілердің өмірлік қиындықтарын еңсеруіне көмектессе, арнайы бағдарламалар арқылы жұмыспен қамту мәселелері де өз шешімін табуда. Сонымен қатар, қозғалысы шектеулі жандардың қала ішінде кедергісіз қатынауына мүмкіндік беретін тұрақты инватакси қызметінің ұйымдастырылуы күнделікті тіршілікті айтарлықтай жеңілдете түседі. Бұдан бөлек, бұл орталық әрбір ерекше азаматтың өзін қоғамның қажетті әрі белсенді мүшесі ретінде сезініп, тең мүмкіндіктер ортасында бақытты өмір сүруіне берік негіз қалап отыр. Орталықтың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен атқарып жатқан ауқымды жұмыстары жайында мекеме басшысы Ерсұлтан Амзеев былай дейді:

– Бұл орталықта қазіргі таңда 14 мыңға жуық мүгедектігі бар азаматтарға қызмет көрсетілді. Бізде төрт бірдей бағытта жұмыс істейтін бөлім бар: ақпараттық, әлеуметтік, құқықтық және жұмысқа орналастыру бөлімдері. Мәселен, ақпараттық бөлім арқылы мүмкіндігі шектеулі жандар әлеуметтік портал арқылы тиісті шипажайға жолдама алуға, қажетті медициналық бұйымдарға өтінім беруге мүмкіндік алады. Сонымен қатар, мұнда келіп жеке көмекшінің есебін тапсыруға, өз қажеттілігіне сай лайықты маманды тіркеуге және барлық қажетті құжаттарды рәсімдеуге толық жағдай жасалған.

Дегенмен, атқарылатын жұмыстың мақсаты тек қағаз жүзіндегі немесе күнделікті қызмет көрсетумен шектеліп қалмайды. Ең бастысы – азаматтардың өз бетінше шешім қабылдау қабілетін дамыту, қоғаммен байланысын нығайту және еңбек нарығында өз орнын табуына жол ашу. Осы ретте, орталық жұмыспен қамту бағытына да айрықша көңіл бөліп отыр. Білікті мамандар тұрақты жұмыс іздеген әрбір азаматқа жан-жақты бағыт-бағдар беріп, олардың еңбек етіп, табыс табуына тікелей жәрдем көрсетеді.

Тұрақты жұмыс пен тиянақты табыс табу – кез келген адамның өмірде өз орнын табуының басты кепілі. Осы мақсатта мекеме мамандары ерекше жандарды тек қағаз жүзінде есепке алып қоймай, оларды нақты еңбек нарығына бейімдеуге басымдық береді. Бұл ретте, орталықтың әлеуметтік қызметкері Сымбат Бердіхан Еңбек мобильділігі орталығымен тығыз байланыс орнатылғанын айрықша атап өтеді. Сөзіне сүйенсек, бұл орталық жай ғана құжат алмасумен шектелмейді, керісінше әрбір азаматтың өмірлік жағдайын егжей-тегжейлі зерттеумен айналысады. Мәселен, мекемеге жүгінген жандардың денсаулық мүмкіндіктері, бұрынғы мамандығы, психологиялық дайындығы мен жеке қабілеттері жан-жақты сарапталады. Маманның пайымынша, әрбір адамның әлеуетін дұрыс бағалай білу – оны өзіне лайықты жұмысқа орналастырудың және қоғамдағы белсенділігін арттырудың ең тиімді жолы. Соның нәтижесінде, арнайы бос жұмыс орындары іріктеліп, ерекше жандардың еңбек нарығында өз орнын табуына нақты жағдай жасалады.

Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстардың нақты жемісі ретінде Шымкент қаласы әкімінің бекітілген квотасы аясында «TEN QOGAM» орталығының қолдауымен тағы бір тұрғын тұрақты жұмысқа орналастырылды. Инклюзивті еңбек – тең мүмкіндіктерге бастар төте жол екенін дәлелдеген бұл игі қадам арқылы ерекше жандардың кәсіби қабілетін толық жүзеге асыруына толық жол ашылып отыр. Орталық мамандары азаматшаға жұмыс іздеу бағдарламалары бойынша жан-жақты кеңес беріп, құжат рәсімдеуден бастап еңбек жолын бастағанға дейін тиісті қолдау көрсетті. Осы орайда өз қуанышымен бөліскен қала тұрғыны Жанерке Тугизакова:

– Мен қала әкімінің бекітілген квотасы аясында «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығының тікелей қолдауымен «Хадиша» клиникасына кіші медицина қызметкері (санитарка) болып орналастым. Қазіргі таңда тұрақты түрде еңбек етіп жүрмін. Әрине, бұл жұмыстың өз қиындықтары мен жауапкершілігі бар, әсіресе күнделікті тазалық пен тәртіпті қадағалау белгілі бір едәуір төзімділікті талап етеді. Бірақ, өз бетімше еңбек етіп, отбасыма қолдау көрсету және қоғамдық өмірден шет қалмай, ортаға сіңісіп кету үшін бұл маған таптырмас мүмкіндік болды. Орталық мамандары құжаттарымды реттеп, жұмыс табуыма бағыт-бағдар беріп, үлкен көмек көрсетті. Өзіме көрсетілген осындай қолдауды жоғары бағалаймын, – деді.

АЗАМАТТАРДЫҢ АЛУАН ҚЫРЛЫ ТАЛАНТТАРЫ АШЫЛАДЫ

Десе де, дағдылы тіршілік пен еңбек әрекетінен бөлек, бұл орталықта қызмет алушылардың рухани әлемін байытуға, бос уақытын мазмұнды өткізуге аса үлкен мән беріледі. Мұнда жиі ұйымдастырылатын түрлі мерекелік кештер, мәдени іс-шаралар мен үйірмелер – азаматтардың қоғамнан оңашаланып қалмауына арналған таптырмас мүмкіндік. Келушілердің кітап оқуға ден қоюы, қолөнердің қыр-сырын меңгеруі немесе басқа да ортақ істерге жұмыла қатысуы олардың өзара қарым-қатынасын нығайта түседі. Мұндай қолайлы орта мен игі бастамалар ерекше жандардың көңіл-күйін көтеріп қана қоймай, кез келген қоғамдық ортада өздерін еркін, сенімді әрі тең құқылы мүше ретінде сезінуіне ерекше ықпал етеді.

Дәл осындай жанға жылу сыйлайтын ортаның игілігін көріп, өз өмірінің тынысын кеңейткен жандардың бірі – орталықтың тұрақты қызмет алушысы Айнұр Жаңабай. Ол 2023 жылдан бері аталмыш мекеменің қауымдастығына қосылып, мұндағы әрбір күннің жаңа мүмкіндіктерге толы екенін мақтанышпен жеткізеді. Оның айтуынша, орталық тек қажетті әлеуметтік көмек алатын орын ғана емес, сонымен бірге жасырын таланттарды ашып, шығармашылықпен айналысуға жол ашатын нағыз шабыт мекені. Мұнда келгелі бері ол әр түрлі түсті жіптерден өрнектеп сәнді сөмкелер тоқуды, сондай-ақ қолөнердің басқа да қырларын терең меңгеріп шыққан.

– Бұл орталыққа алғаш қадам басқан сәттен бастап өмірімнің жаңа парағы ашылғандай болды. Мұнда біз тек әлеуметтік қолдау алып қоймаймыз, ең бастысы – күнделікті тұрмыстық уайымнан арылып, ойымызды дұрыс арнаға бұруды, өнер арқылы жан дүниемізді байытуды үйрендік. Қолөнер бұйымдарын жасаумен қатар, сурет салуға деген шеберлігімізді шыңдадық, ән айтып, кітап оқу арқылы рухани әлемімізді кеңейттік. Орталықтың ұжымына, әрбір маманына айтар алғысымыз шексіз. Себебі мұндағы шынайы қамқорлық пен жылы қарым-қатынас бізге ертеңгі күнге деген сенім беріп, өзімізді қоғамның толыққанды, белсенді әрі қажетті мүшесі ретінде сезінуге мүмкіндік жасап отыр, – дейді ол.

ЕРЕКШЕ ЖАНДАР ӘЛЕМДІ ЖҮРЕКТІҢ КӨЗІМЕН КӨРЕДІ

 Осындай кешенді жұмыстардың жалғасы ретінде, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығының ұйымдастыруымен Жастар ресурстық орталығында «Біз біргеміз – бәрін бірдей қолдаймыз» атты ауқымды мерекелік іс-шара өтті. Басқосуға қала бойынша 300-ге жуық азамат, атап айтқанда мүгедектігі бар жандар, ерекше күтімді қажет ететін балалар және олардың аналары келіп қатысты.

Іс-шара барысында қоғамда кедергісіз орта қалыптастырып, әрбір азаматтың өз қабілетін жан-жақты дамытуына, дербес шешім қабылдауына және қоғам өміріне басқалармен тең дәрежеде белсенді араласуына қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығы ерекше аталды. Мереке аясында ерекше жандардың шығармашылық әлеуетін елге таныстыру және олардың өнерін дәріптеу мақсатында «Тең мүмкіндік – шығармашылыққа жол» атты арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрме төрінде қатысушылардың өз қолдарымен жасаған сан алуан қолөнер туындылары көпшілік назарына ұсынылып, шеберліктері жоғары бағаланды. Сондай-ақ, «Шымкент цирк» пен «Шымкент концерт» ұйымдарының өнерпаздары салтанатты концерт қойып, жиналған қауымға ерекше көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Кеш соңында белсенді қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталды.

БАУЫРМАЛДЫҚ БӘРІНЕН БИІК

Қаламыздағы ерекше жандардың тыныс-тіршілігі, оларға көрсетіліп жатқан шынайы қамқорлық пен атқарылып жатқан жұмыстар ерекше маңызға ие. Осы бағыттағы игі істер мен алдағы міндеттер арнайы басқосуда жан-жақты сөз болды. Жиында қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өмірсейітқызы Өтебаева ерекше жандардың қоғамдық өмірге белсенді араласып, тең дәрежеде өмір сүруі үшін жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Бүгінде Шымкентте ресми түрде 43 958 мүгедектігі бар азамат тіркелсе, оның 8 927-сі – 18 жасқа дейінгі балалар.

Әрбір тұрғынның өмір сапасын жақсарту мақсатында кешенді көмек көрсетілуде. Мәселен, жеке оңалту бағдарламасы бойынша 53 мыңнан астам өтініш түсіп, соның нәтижесінде 43 369 азамат қажетті құрал-жабдықтармен және сапалы қызметпен толық қамтылды. Бүгінде бұл көрсеткіш 81,1 пайыздан асады. Нақтырақ айтсақ, 5 740 адам протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз етілді; 21 827 азамат түрлі сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдарды, 1 070 тұрғын заманауи қоларбаларды алды.

Қамқорлық тек мұнымен шектелмейді. Қазірдің өзінде 2 952 адамға жеке көмекші мен ымдау тілі мамандары қолұшын созып келеді. Ал денсаулықты нығайту үшін шипажайларға 11 870 жолдама берілді. Сондай-ақ қала ішінде еркін қозғалуға жағдай жасайтын «Инватакси» қызметі бойынша 576 өтініш қабылданып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Бауырмалдық пен жанашырлық көрініс тапқан бұл істер – әрбір азаматтың бақытты ғұмыр кешуі үшін жасалып жатқан нақты қадамдар.

БАЛАЛАРДЫҢ МҮМКІНДІГІН ТЕҢЕСТІРГЕН СПОРТ МЕРЕКЕСІ

Осындай ауқымды бастамалар тек ересектермен шектелмей, өскелең ұрпақтың әлеуметтенуіне де бағытталған. Атап айтқанда, ерекше білім беруді қажет etetin балалардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға және олардың қабілеттерін жан-жақты қолдауға бағытталған «Тең мүмкіндіктер әлемі» атты инклюзивті спорт фестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қажымұқан атындағы Орталық стадионда өткен бұл ауқымды іс-шараға 150 оқушы қатысып, жалпы саны 250-ге жуық адам қамтылды. Басты мақсат – әрбір баланың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасау, олардың өз күшіне деген сенімін нығайту және қоғамда шынайы инклюзивті мәдениетті қалыптастыру.

Игі бастаманы «Әділет» партиясы ұйымдастырып, партияның Әйелдер қанаты тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілді. Фестиваль барысында жас спортшылар спорттың үш бірдей бағыты бойынша өзара бақ сынасты. Атап айтқанда, олар тартысты бочча ойынында сайысқа түсіп, «Біз жеңімпаз боламыз!» атты көңілді старттарға қатысты, сондай-ақ жеңіл атлетика түрлерінен өз мүмкіндіктерін байқап көрді. Жарысқа оқушылардан бөлек, ұстаздар, тәжірибелі жаттықтырушылар, ата-аналар, арнайы қонақтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, балаларға жанкүйер болды. Сонымен қатар, бұл күні фестивальдің мәнін арттыра түскен партияның Әйелдер қанатының өкілдері Рамиля Рафкатовна мен Баян Айтбекқызы да қатысып, жас спортшыларға ыстық ықыласын білдіріп, сәттілік тіледі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралардың басты ерекшелігі – балаларды тек жарысқа қатыстыру ғана емес, олардың спорттық ортада ешқандай шектеусіз, өздерін еркін әрі сенімді сезінуіне жағдай жасау. Өйткені бұл ретте өткізілетін инклюзивті спорттық іс-шаралар жеткіншектердің физикалық белсенділігін арттырып қана қоймай, өз қабілеттерін жұртшылыққа паш етуіне, құрдастарымен еркін тіл табысып, қоғамдық ортаға белсенді араласуына жол ашады.

Шара соңында белсенділік танытып, жүлделі орындарға ие болған қатысушыларға арнайы дипломдар, медальдар, кубоктар мен бағалы сыйлықтар салтанатты түрде табысталды. Балалардың спорт арқылы қоғамға интеграциялануы мен рухани тұрғыдан қанаттануына ерекше мән берілетінін атап өткен «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев:

– Балалар үшін спорт – тек жарыс немесе көрсеткіш, құрғақ нәтиже емес. Бұл – әрбір баланың өз күшін сынап көретін, өмірге деген құштарлығы артатын, жаңа достар табатын, құрдастарымен бірге қызықты әрі мазмұнды уақыт өткізетін қауіпсіз әрі жылы орта. Біз жас ұрпақтың бойындағы шектеулерді емес, керісінше олардың шексіз мүмкіндіктерін көре білуіміз тиіс. Сондықтан әрбір ерекше баланың спортпен тұрақты айналысып, өз замандастарымен бірдей жарысқа қатысуына, жеңіс қуанышын бірге сезінуіне жағдай жасау – біздің басты парызымыз. Бүгінгі фестивальдің де түпкі мәні мен мақсаты – осы идеяны қоғам санасына сіңіру. Біз қандай жағдай болмасын, ерекше балалардың бір ортада еш кедергісіз еркін араласуына, өзін қоғамның толыққанды әрі қажетті мүшесі ретінде сезінуіне тиісті жағдай жасап, бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жалғастыра береміз, – деп бұл бастаманың түпкі мәнін терең мазмұндап атап өтті.

«Тең мүмкіндіктер әлемі» фестивалі инклюзия қағидаттарын тек сөз жүзінде емес, нақты іспен қоғам өміріне кеңінен енгізіп, ерекше жандардың қоғамдық үдерістерден тыс қалмай, әрдайым белсенді болуына зор серпін берді.