«Жасыл балабақша» жобасы жүзеге асуда

Авторы:

04.08.2025

Мектеп жасына дейінгі балаларда экологиялық мәдениетті қалыптастыру – заманауи білім берудің басым бағыттарының бірі. Бұл бағыт балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігін арттырып, экологиялық сауаттылықты ерте жастан қалыптастыруға бағытталған. «Жасыл балабақша» бүлдіршіндердің балабақша ауласына гүлдер мен көкөністер егіп, оларды күтіп-баптауға, күнделікті бақылауға қатыстыратын жоба. Бұл процесс тәрбиеленушілердің табиғаттың тылсым сырларына терең үңілуіне, табиғи заңдылықтарды түсінуге және еңбексүйгіштікке тәрбиелеуге ықпал етеді.

 Шымкент қаласындағы №41 «Балбөбек» бөбекжай-балабақшасында балғындарды табиғатты сүюге, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға үйретеді. Күн сайын балалар өздері еккен гүлдер мен көгеністерге су құйып, арамшөптерден тазалайды. Бақша ауласында жиырма шақты өсімдік түрі бар.

Экологиялық бағыт бойынша түрлі түрлі сабақтар жүргіземіз, ойындар ойнатамыз. Осы жылы қызанақ, баялды, болгар бұрышын, гүлдер ектік. Балалар көктемнен бастап бақшаға қарауды бастайды, дейді балабақша меңгерушісі Эльмира Тілеукеева.

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №46 «Ақбөпе» бөбекжай-бақшасы да осы мақсатта «Жасыл балабақша» жобасын іске асырып келеді. Жоба мектеп жасына дейінгі балаларға экологиялық білім беру мен мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Бүгінде бұл бастама еліміздің түрлі өңірінде кең қолдау тапты. Балаларды бақша жұмысына жұмылдыру оларды табиғатқа ұқыптылықпен қарауға үйрететіні белгілі. Бағдарлама шеңберінде жарық пен суды үнемдеу, табиғаттың ластануын болдырмау, дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтын ұстану секілді бағыттар қамтылған. Сонымен қатар, балалардың еңбегін дәріптеп, олардың жасаған экологиялық жобаларын көпшілікке таныстыру да көзделген.

– Қазіргі таңда «Жасыл балабақша» жобасы бойынша қаламызда 6 мемлекеттік, 4 жекеменшік балабақша жұмыс атқаруда. Балалар өсімдіктерді өсіріп, күтіп-баптауды, жарық пен суды үнемдеуді, үлкендердің еңбегін құрметтеуді, дұрыс тамақтануды, салауатты өмір салтын ұстануды үйренуде. Алдағы уақытта аталған жоба бойынша жұмыс атқаратын балабақшалар саны ұлғаяды деп күтілуде, – дейді Шымкент қалалық білім басқармасы әдістемелік орталығының әдіскері Қалдыкүл Сейдахметова.

Мамандардың пікірінше, бұл жоба балалардың таным көкжиегін кеңейтіп, табиғатпен үндес болуға жетелейтін тәрбиенің бір  түрі.