Балалар банан бағына саяхат жасауға барды

Авторы:

25.08.2025

Биыл «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында Шымкент қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің аппараты білім беру ұйымдары қызметкерлері балалардың бос уақытын тиімді әрі мазмұнды өткізуде. Олар балаларға қызықты бағдарлама ұсынып, Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауылдық округі, Таскешу елді мекенінде 5 га аумаққа созылған жылыжайдағы банан бағына экскурсия жасады.  

Аудан аумағында орналасқан жылыжайда тропикалық жеміс түрі өсіріледі. Саяхат барысында балдырғандар банан шаруашылығында еңбек ететін бағбаншымен жүздесті. Тілдесу барысында таңсық жеміс түрінің баптау жолдары және құрамындағы пайдалы дәрумендер туралы тың ақпараттармен танысты. Бағбаншы балаларға бананның қалай өсірілетінін әңгімелеп, тіпті бір құпияны ашты: балаларға бананның  жеміс емес, жидек екенін баяндады. Оқушылар одан сайын таңданып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Берілген жауаптарға мәз-майрам болып қуанып, дәмі тіл үйірерлік шымкенттік банандардың дәмін татты.

Олар өз көздерімен көрген күрделі де қызық кәсіптің қыр-сырына қанығып, таңданыспен қабылдады. Тропикалық жемістермен танысқан бұл танымдық күн оқушылар үшін есте қаларлық таңғажайып сәттердің біріне айналды.

Саяхат соңында Шымкент қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің комитет төрайымы Лариса Тургинбаева оқушыларға мектепке қажетті тауарларды сатып алуға арналған ақшалай сертификаттар табыстап, жаңа оқу жылында толағай табыстар мен жарқын жетістіктер тіледі.

Бұл сапар жай ғана экскурсия емес, шәкірттерге шынайы өмір сабағы болды. Себебі, кез келген істі шынайы ниетпен қалап, жүзеге асырсаң – мүмкін еместей көрінген дүние де мүмкін болмақ.

Негізі нағыз банандар Шымкентте – бұл аңыз емес, ақиқат. Ал балалар үшін бұл өз қолыңмен армандарды өсіруге болатынының айғағы.

Жас өрендерге арналған мұндай жазғы танымдық саяхаттар – баланың жан-жақты дамуына серпін береді. Білім көкжиегін кеңейтіп, туған жерін танып, табиғатты аялай білуіне септігін тигізеді.

Айта кетейік, «Gen Group Qazaqstan» компаниясының басқарушы директоры Ислам Алиев бұл кәсіпті түркиялық технологиямен 2022-ші жылы бастап, алғашқы өнімді 2023 жылы-ақ ала бастаған. Алғаш рет 325 тонна өнім алса, екінші жиын-терімде 500 тонна өнім алғалы отыр.

Кәсіпкер бұл көрсеткішті келешекте 1500 тоннаға жеткізіп, отандық нарықтың 25 пайызын қамтамасыз етуді көздейді. Ал әзірге 1-ақ пайызын қамтып отыр. Банан өсіру тәсілі түркиялық агрономдардың тікелей бақылауына алынған.  4 млн доллар жұмсалған жоба 5 жылда құнын ақтайды. Кәсіпкер алдағы уақытта жылыжай аясын 23 гектарға дейін кеңейтуге әрекет етіп жатыр.