Шымкентте «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» атты ұстаздардың қалалық тамыз конференциясының техникалық және кәсіптік білім беру педагогтеріне арналған панельдік сессиясы өтті.
Аталған іс-шара М. Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінде ұйымдастырылды. Оған 300-ден астам педагог пен сала мамандары қатысты. Пленарлық отырыстан басталған конференция бірнеше бағыттағы секциялық жұмыстармен жалғасты.
Конференция барысында Шымкент қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Жанар Қасымова қатысушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, білім беру саласындағы басым бағыттарды баяндады. Бұдан бөлек, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, «Talap» КЕ АҚ, Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы және өндірістік серіктестік өкілдері баяндама жасап, дуальді оқыту, кәсіпкерлік әріптестік, WorldSkills қозғалысы мен еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау мәселелері қозғалды.
Сессияда Шымкент қаласының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің қызметкері Майра Абдраимова Мемлекет басшысының бастамасымен 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланғаны жайлы сөз алды. Ол өз сөзіндек кәсіби кадрларға деген сұраныстың артқанын, осы ретте, колледждердің оқу материалдық-техникалық базасын барынша нығайту, кәсіпорындармен әріптестікті күшейту және мемлекеттік тапсырысты жұмысшы мамандықтарына мейлінше көбірек бөлу керектігін атап өтті. Сонымен қатар, бұл бастаманың басты бағыттарының бірі – колледж оқытушыларының біліктілігін көтеру. Қазіргі таңда педагогтер заманауи технологияларды меңгеріп, өндірістік тәжірибеден өтіп, кәсіби дамуды көздейтін курстарға жүйелі қатысып келеді.
Секциялық отырыс барысында өндірістік оқытудың тәжірибелі шеберлері де сөз сөйледі. Атап айтқанда, Энергетика және байланыс колледжінің өкілі Қымбат Мәдікәрімқызы жастардың техникалық білімге деген қызығушылығы артып келе жатқанын, түлектердің басым бөлігі мамандықтары бойынша жұмысқа орналасып жатқанын жеткізді. Сөзіне сүйенсек, студенттер стипендиямен, оқу керек-жарақтарымен, жатақханамен және бір мезгілдік тамақпен қамтылып, жас мамандар біліктілікті арттыру курстарына тұрақты түрде жіберілуде.
Пленарлық отырыстарда тәрбие, оқу процесін ұйымдастыру, тәжірибелік жұмыстар және әдістемелік қолдау мәселелері бойынша өзара пікір алмасулар өтті. Жастармен жұмыс жүргізу барысында инновациялық тәсілдер, академиялық адалдық, кәсіби дағдыларды дамыту, цифрлық технологияларды тиімді қолдану және ұлттық құндылықтарды білім мазмұнына қосу жолдары қарастырылды.
Басқосу соңында барлық ұсыныстар жинақталып, алдағы оқу жылында іске асыруға арналған бірауыздан шешімдер қабылданды.Ұйымдастырушылардың сөзінше, тамыз конференциясы білім сапасын көтерумен қатар, ұстаздардың кәсіби әлеуетін арттыруға және техникалық-кәсіптік білімнің қоғамдағы беделін күшейтуге көзделген.