Жекеменшік мектептер жәрмеңкесі білікті мамандар даярлауға жол ашады

Авторы:

01.09.2025

Шымкенттегі  Көрме орталығында 29-30 тамыз аралығында жекеменшік мектептердің жәрмеңкесі өтті. Екі күнге созылған шараны Шымкент қаласы білім басқармасы және Bilim Mediasy жобасы басшылығы ұйымдастырды.

– Бүгінгі ұйымдастырылып отырған жәрмеңкенің басты мақсаты – қаладағы жекеменшік мектептердің білім беру мүмкіндіктерін көпшілікке кеңінен таныстыру, ата-аналар мен оқушыларға сапалы білім алуға жаңа балама ұсыну және университет түлектеріне жұмысқа орналасу мүмкіндігін қарастыру. Сонымен қатар, университет түлектеріне жекеменшік мектептерде бос жұмыс орындарын табуға жағдай жасалады. Бұл – ата-аналар үшін үлкен таңдау алаңы болмақ. Себебі, қалада жекеменшік мектептер қатары көп болғанымен, бұл жәрмеңкеде жоғары жетістіктер мен нақты нәтижелерге қол жеткізген, сондай-ақ, ұтымды ұсынысы бар үздік мектептер қатысып отыр. Бүгінгі таңда мемлекеттік және жекеменшік мектептерге бірдей қолдау танытылуда. Осы ретте, жекеменшік мектептердің артуы орын тапшылығын азайтып қана қоймайды. Есесіне оқу үдерісінде жаңа бағдарламалармен, заманауи технологиялық мүмкіндіктермен сапаны арттыруға ықпал етеді. Бұдан бөлек, озық мектептердің тәжірибесі мемлекеттік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтып, білікті мамандар даярлау ісіне жол ашады. Сондықтан алдағы уақытта мектептердегі орын тапшылығы шешіліп қана қоймай, білім сапасы да артады деп сенемін, – деді Шымкент қаласы  білім басқармасының басшысы Гүлназ Сүлейменова.

Жәрмеңкеде жекеменшік мектептер ата-аналар мен оқушыларға өздерінің оқу бағдарламалары мен артықшылықтарын таныстырып өтті.  Оқу үдерісіндегі жаңа бағыттар туралы толық ақпарат берді.

Мамандардың айтуынша, жекеменшік мектептер еліміздің білім саласында бәсекелестікті күшейтумен қатар, инвестицияны тиімді жұмсаудың үлгісін қалыптастыруы тиіс.

Айта кетейік, жәрмеңкені Шымкент қаласының білім басқармасының  қолдауымен бірлесіп ұйымдастырған «Bilim Mediasy» жобасының жетекшісі, жеке кәсіпкер Бекмұрат Оңалбайдың айтуынша, бұл шара жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілмек.

– «Бүгінде елімізде білім сапасын көтеру үшін барынша көңіл бөлініп келеді. Жәрмеңкеде өз мүмкіндіктерін ұсынып отырған жекеменшік мектептердің бәрі арнайы бекітілген оқу бағдарламасы бойынша оқытады. Алайда оқушылардың білімін тереңдету үшін қосымша байқау, сайыс, үйірмелерге  қатысуы өз қалауларына қарай жүзеге асады. Біз бүгін «Білім көрмесіне қатысқан мектептердің бәріне бірдей мүмкіндік бердік. Әдістемелік оқулықтардың сөрелері мен олар орналасқан бутиктер де бір дизайндық үлгіде безендірілді. Мұнда әр мектептің логотиптері ғана ерекшеленді. Бұл – білім жолында бәсекеге қабілеттілікке қадам басудың белгісі болмақ. Еліміздің ертеңі - білімді ұрпақ екенін қашанда қаперімізде ұстауымыз қажет. Аталмыш жәрмеңкені өткізуге атсалысқан қала әкімдігі мен білім басқармасына алғыс айтамын» - деді.

Жекеменшік мектептер жәрмеңкесі соңында ұтыс ойындары ойнатылып, фотоаймақ және әлеуметтік желілердегі конкурстар ұйымдастырылды.