Алғашқы қоңырау үні қоғамның ортақ үміттерін тоғыстырды

Авторы:

01.09.2025

Күні бүгін жаңа оқу жылы қарсаңында Қазақстандағы 7,6 мың мектепте 3,7 млн оқушы күміс қоңыраудың сыңғырлаған үнін естіді. Оның ішінде, білім әлеміне алғаш қадам басқан 400 мың 1-сынып оқушысы мен қияға қанат қаққалы тұрған мектеп бітіруші 170 мың түлек үшін де ерекше күн болғандай. Жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын алғаш аттағандар мен биыл алтын ұямен қоштасатын оқушыларды, сондай-ақ білім ошақтарын көптеген жаңа өзгерістер күтері сөзсіз.

Жыл сайын «Білім күнінде» еліміздегі оқу ордаларында салтанатты шаралар ұйымдастырылып, алғашқы сабақтар өткізіледі. Сондай жиынның бірі қаламыздағы Мұхамед Хайдар Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясында өтті. Аталған білім ордасында алғашқы қоңырау соғылып, шәкірттерге есігін айқара ашты.

Шәкірттер жазғы демалысқа шыққалы құлаққа ұрған танадай тыныштықта тұрған мектеп ауласы бүгін ерекше күйге кенелді. Бастарына ақ бантик тағып, бірдей мектеп формасын киген оқушылар мереке сәнін келтірді. Алтын ұяларына асығып жеткен жеткіншектердің жүздерінде шаттық, жүректерінде толқу сезімі байқалады. Алдымен балалар мен ата-аналар күміс қоңырау үніне құлақ түрді.  Ал сахнаға шыққан мектеп түлектері қоштасар күннің де алыс еместігін сезінгендей. Биыл осы білім ошағын 143 оқушы аяқтап, оның 14-і «Алтын белгіге» үміткер атанып отыр. Былтырғы оқу жылында 198 түлектің 25-і «Алтын белгіні» ақтағанын айрықша атап өткен абзал.

Салтанатты шара шеңберінде ұстаздар ұжымы шәкірттердің биылғы білім айдынына беттеген сапарына сәттілік тіледі. Алдағы уақытта сапалы білім мен тағылымды тәрбие алуға, еліміздің беткеұстар азаматтары болып қалыптасуына жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Ал алғашқы рет мектептің табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің бойын билеген толқыныс сезімін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, сірә?! Сүйікті мектебімен, ұстаздарымен қайта қауышқан балдырғандар мәре-сәре болды.

Біз бүгін тақырыбымызға арқау етіп отырған №8 мектеп-гимназиясы – талай шәкірттің білімге құштарлығын оятып, елге еңбегі сіңген азаматтарды тәрбиелеп келе жатқан алтын ұя. Айта кетейік, биыл бұл оқу ордасында 111 жаңа оқушы 5-сыныпқа қабылданып, өмірінің жаңа белесін бастағалы отыр.

Мектеп қабырғасындағы соғылған сыңғырлаған қоңырау, бұл - тек жаңа оқу жылының басталуын білдіретін ғана емес, ұстаз бен шәкірттің, ата-ана мен қоғамның ортақ үмітін тоғыстырған үн.

Алғашқы қоңырау салтанаты әрбіріміздің көңілімізге қуаныш сезімін  ұялатты. Келесі кезек – жаңа оқу жылының биік белестерге жетелеуінде.