«Құдағи сырғаны» тағатын уақыты бар»

Ол кезде көпқабатты үйде тұратынмын. Бір күні ауылдан келген анамды таксиден күтіп алдым. Ауыр сөмкелерін көтеріп подъезге кіргенбіз. Бірінші қабаттағы көршінің есігі аздап ашылып қалыпты. Пәтердегі апаның дауысы анық естіліп жатыр. Телефон арқылы біреумен сөйлесіп жатқан секілді. «Айналайын-ау, құдағиыңа алтын сырға тақпа. Балаң мен келін енді қосылайын деп жатыр. Қызықсың ба, келін болып түсетін қыздың қандай екенін әлі білмейсің. «Бәрі сөйтеді» дейді ғой. Сен жұртты неғыласың? Алтын сырға әпересің бе, сақина сыйлайсың ба, алдағы уақытта әлде де уақыт көп қой. Өзің несиеге ақша алып шашылып жатыр екенсің. Ертеңгі күніңді де ойласаңшы» деп тағы бірдеңелерді айтып жатты. Ал оның айтқаны мені ойландырып тастады.

Тіпті сөздері көңіліме қонатын секілді. Бірақ, бүгінде жастардың көбі бірден үлкен той жасап қосылатын болды. Сол тойда құда-құдағилар бір-біріне сый-сияпат жасап жатады. Оның ішінде әлгі алтын сақиналары да бар. Құдағилардың бір-біріне алтын бұйымдар сыйлауы заңдылық іспетті. Тақпаса қайдам, құлағына алтыннан сый алмаған құдағи тойда сабыр сақтағанымен, кейін ішіндегі ашуын шығаратын секілді. Осындай ойлармен келіп үйге де кірдік. Әйелім әдемілеп шай дайындап қойыпты. Енесі екеуі қал-жағдай сұрасып, оны мұны әңгіме етіп жатты. Ал әлгі көрші апаның айтқаны көкейден кетер емес. Бір кезде шешеме: «Осы әкем екеуміз қалай үйленгенсіз? Әжем сіздің апаңызға тойда алтын сырға тақты ма?» деп сұрадым. Сонда анам:

«Е-е, біз бір-бірімізді танымай қосылдық қой.Аға –інім болмаған соң ат-арбаны жегіп, шөп оруға өзім баратын. Өйткені, әкем күндіз жұмыста. Қырдың басында шөп щауып, оны жинап жүргенімді сенің атаң көріпті. Сөйтіп, іштей «Мынау шаруа қыз екен. Ұлыма осы қызды алып беру керек деп ойлапты. Осылай жоспар қүұрып жүргенде Алматын баласы телефонмен хабарласады. Өзінің оқу бітіргелі жатқанын айта келіп, жақсы көретін қызының барын жеткізіпті. Соны ауылға ерте кліп, үйленуге рұқсат сұрайды. Әкесі болса, қой айналайын біз танымайтын қайдағы бір шүйкебасты әкелмексің бе? Болмайды, келін болады деп өзіміз көдеп жүрген қыз бар, соны аласың» деп шорт кесіпті.

Сонымен бір күні үйге әкеңді ерткен бірнеше адам келді де құда түсіп кетті. Үйдегілер де «Болды, осы жігітке тұрмысқа шығасың» деді. Арада көп ұзамай той болды. Ол кезде тойда құда-құдағилар бір-біріне ешқандай алтын сақина, сырға тақпады. Себебі, біріншіден, қыз берген жақ үшін құдағиына алтын тағу ұят. Ал қыз алған жақ құдағиға алтын сырғаны үш жылдан кейін барып тағатын. Өйткені, оның астарында үлкен мән-мағына жатыр.

Онда да жаңа түскен келін үш жыл ішінде өзін жақсы жағынан көрсету керек. Біріншіден, барған жерін сыйлап, құрметтей білсе, екіншіден, енеінің айтқанынан шықпаса, үшінші, пысық болса. Сонда ғана келіннің енесі разылығын білдіріп, құдағиына алтын сырға мен білезікті сыйлауға ниеттенеді. «Құдағи сырғаны» апаруды өзінің қайынсіңлісі мен әулеттегі бір-екі келінге міндеттейді. Онда да алдын бастап құдалар жаққа қай күні «Құдағи сырға» бара жатқаны туралы хабар жібереді. Құданың үйі сол күні ауылдағыдарды тамаққа шақырады. Қыздың шешесіне «Құдағи сырғаның» тағылғаны өміріндегі ең үлкен абырой. Ауылдағылар да осыған қарап кеткен қыздың барған жерінде епті, пысық, енесінің көңілінен шыққанын біледі.

Ал қыздың шешесіне ол хаманда «Құдағи сырға» таылмағаны өліммен тең болған. Сондықтиан қай ана болса да қызына: «Ертең маған алтын сырға тағылмай ел-жұртқа масқара болып жүрмейін» деп құлағына құйып жүреді. Қанша ерке, нашар қыз болса да анасын масқара етпеу үшін үш жыл бойы тәуір көрініп жүрген қыз сол жақсы қасиеттерге қалыптасып қалғанын өзі де байқамай қалады. Яғни, осы бір ғана дәстүрдлің өзі келіндерді тәрбиелейді. Бүгінгі күнгідей екі жас қосыла салдып, қыздың шешесіне алтын сырға тағу дұрыс емес. Өзгерген бұл дәстүр ештеңге әсер етпейді», – дегенде барып «Құдағи сырғаның» мәнісін түсіндім.

Ал сіз не дейсіз, оқырман? Осындай астарында үлкен мағынасы бар, ұмытылып кеткен қандай дәстүрді білесіз?

Т.Боралдай

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика