Бүгінгі жас ұрпаққа жан-жақты білім беру, тәрбиелеу – әрбір мектептің басты міндеті. Білім негізі мектепте қаланатын болғандықтан оқушының жеке тұлғалық күшін дамыту, оның шығармашылық мүмкіндігінің дамуы басты рөл атқарып отыр. Осы мақсатта Шымкент қаласындағы №52 мектеп-лицейінде 2024-2025 оқу жылында оқу-тәрбие бойынша жоспарланған біршама жұмыстар қолға алынды. Атап айтар болсақ:
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасына қатысты семинар өтті
2023-2024 жылғы жаңа оқу жылына сәйкес ҚР барлық білім беру ұйымдарында жүргізіліп отырған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасына толықтырулар мен өзгертулер енгізілген болатын. Соған сәйкес №52 мектеп-лицейінде жаңа мазмұнға ие болған бағдарламаны енгізу мен түсіндіру жұмыстарының Абай аудандық семинары өтті. Келесі күні мектеп ұжымы мен сынып жетекшілеріне мектепішілік жиын өткізіліп, бағдарлама бірлестік отырыстарында талқыланды және ол мектеп-лицейімізге лайықталып, оқу-тәрбие жоспарына енгізілді.
Оқушыларға демеушілік жасалды
Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Балабиев Нұрсұлтан Қайратұлы мен «АMANAT» партиясының Абай ауданы филиалының хатшысы Әбдез Рахманұлы №52 мектеп-лицейінің тыныс-тіршілігімен және жаңа оқу жылына дайындығымен танысып, оң бағасын берді. Сонымен бірге, Нұрсұлтан Қайратұлының демеушілігімен аз қамтылған отбасыдан шыққан бес оқушыға мектеп сөмкелері мен оқуға қажетті құрал-жабдықтар табысталды. Өз кезегінде ата-аналар халық қалаулысына алғыстарын білдірді.
Түсіндірме жұмыстары жүргізілді
Ағымдағы жылдың 27 тамыз күні ұжымның педагогикалық кеңесінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы: жаңартылған мазмұны мен құндылықтар» тақырыбында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың «Адал адам. Адал еңбек. Адал табыс» атты үшінші отырысында атап айтқан құндылықтар негізінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы жүзеге асырылатындығы, бағдарламаның жаңартылған мазмұны, әрбір құндылықтың оқу-тәрбие процесінде оңынан нәтиже беретіні айтылып, әр ай мен аптаға атаумен дәйексөздер бекітілді. Бұл жайында мектеп басшысы Айнұр Жарылқасынқызы таныстырды. Тұлғаны тәрбиелеу мен болашаққа дұрыс бағыттауда «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының тиімділігі мен өзектілігі жайында ДТЖЖО Қонаров Аслан Ыбырайұлы ақпараттар ұсынып, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында мектеп қызметкерлерінің бәрі атсалысу керектігі айтылды.
Мектеп басшысы кеңес қатысушыларын құндылықтарды ұрпақ бойына дарытуда аянбай қызмет етіп, нәтижелі жұмыс жасауға шақырды.
Бірыңғай сынып сағаттары өткізілді
2 қыркүйек күні аталған білім ордасында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында оқушылар бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, патриоттыққа тәрбиелеу бағытында 1-11 сыныптарда «Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары өткізілді. Мақсат – жас ұрпақты өз Отанын сүюге, еліміздің рәміздерін қастерлеуге баулу, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру жане ата-бабамыздың өнеге етіп қалдырған даналық сөздері арқылы оқушыларды ұлтжандылыққа тәрбиелеу.
Полиция қызметкерлері құқықтық ақпарат берді
Сондай-ақ, құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында ҚПД Абай АПБ полиция лейтенанты Сматілла Рамазан Өмірбекұлы мен полиция аға лейтенанты Өмірәлі Тимур Шоханұлының қатысуымен жоғары сынып оқушыларына жиналыс өткізілді. Мақсаты – құқықбұзушылықтың, аутодеструктивті мінез-құлықтың, кибербуллингтің, нашақорлықтың алдын алу. Полиция қызметкерлері «Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу – басты міндет», «Есірткіге жол жоқ!» тақырыптарында, ал директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары А.Қонаров аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу бойынша ақпараттар айтып, өз кеңестерін берді.
Жиналыс барысында жалған ақпарат таратқан адамның заң алдында жауап беретінін айтып, оқушыларды негізсіз ақпараттарға сеніп қалмау керектігі және негізсіз жалған ақпарат таратпау керектігі түсіндірілді.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы білім басқармасының «Қосымша білім беру оқу салалық орталығының» 26 тамыздағы № 70 хаты негізінде өскелең ұрпақтың бойына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты нығайту мақсатында бірыңғай «Адалдық сағаттары» өткізіліп, құқықтық сауаттылықтарын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілді.
Айлық іс-шара басталды
5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай №52 мектеп-лицейінде «Тілім менің – мақтанышым!» атты айлық іс-шарасы басталды. Мақсаты – мемлекеттік тілді кеңінен қолдануды насихаттау, тіл татулықтың, достықтың тетігі, тәрбиенің көзі, халықты біріктірудің маңызды факторы екенін өскелең ұрпаққа ұғындыру және оқушылардың оқу сауаттылығын дамыту.
Іс-шараның ашылуы қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі және өзбек тілі бірлестіктерінің ұйымдастыруымен өтті.
Ата-аналар жиналысында тың мәселелер талқыланды
Жаңа оқу жылының алғашқы апталарында ата-аналар жиналысы өтіп, онда 2023-2024 оқу жылындағы атқарылған жұмыстарға есеп берілді. Сонымен қатар, төмендегі мәселелер қаралды. Айтап айтар болсақ:
- 2023-2024 оқу жылының қорытындысы
- Мектептің ішкі тәртіп ережелері
- «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы: жаңартылған мазмұны және іске асыру жолдары
- Құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары
- 2024-2025 оқу жылында оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету .
Мектептің педагог-психологтары ата-аналармен тренинг жүргізсе, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Қонаров ата-аналарға «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы туралы мәліметтер беріп, оны іске асыру жолдарымен және мектептің ішкі тәртіп ережелерімен таныстырып өтті және құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары мен мектеп формасының сақталуын ескертті. Ата-аналар жарыссөзге шығып, мектеп формасын қолдайтындарын айтып, өз пікірлерін білдірді. Ал директордың оқу жөніндегі орынбасары Ғ.Алымбекова 2024-2025 оқу жылында оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету шараларына тоқталды.
Республикалық акция ұйымдастырылды
«Абайлаңыз, балалар!» атауымен Шымкент қаласы Абай ауданы прокурорының орынбасары Валиев Князь Сабировичтің және Абай ауданы прокуратурасының прокуроры Зүлпідін Алихан Мәлікұлының қатысуымен көшелер мен жолдарда балалардың қауіпсіз жүріс-тұрысына байланысты дағдыларын нығайту, кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында №52 мектеп-лицейде 1-11 сынып оқушыларына республикалық акция ұйымдастырылды. Акцияға қатысушы оқушылар викториналық ойындар ойнап, жол ережелеріне қатысты ән шырқап, сахналық қойылымдар қойды.
Бұл іс-шарада оқушылар адам өмірін сақтауда жол қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығына көз жеткізді.
Қамқоршылықтағы оқушылардың хал-ахуалын біліп қайтты
Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №52 мектеп-лицейінің директоры Айнұр Жарылқасынқызы бастаған мектептің әлеуметтік педагогтары мен психологтары қамқоршылықтағы оқушылардың хал-ахуалымен, тұрмыс жағдайымен танысып қайтты. Олардың үйлеріне барып, балаға жасалған жағдайларын көріп, оң әсермен қайтты. Ал қамқоршылар болса мектеп ұжымына алғыс айтып, өз ризашылықтарын білдірді.
Алғыс айту челленджі өтті
№52 мектеп-лицейдің директоры Айнұр Жарылқасынқызының бастамасымен ұстаздар мерекесі қарсаңында аталған мектептің педагогикалық жолды таңдаған табысты түлектері арасында «Ұстаздарыма мың алғыс» челленджі бастау алды. Челленджге Алтын белгі, үздік аттестат иегерлері мен еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы қызмет атқарып жүрген түлектер қатысуда. Мақсаты – ұстаздың мәртебесін көтеру, әріптеске құрмет көрсету. Онымен ұстаздар арасында ұйымдастырылып жатқан «Ұстаз талантты болса шәкірт талапты» атты ашық сабақтар өту челленджі де бастау алды. Челленджді бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші Гаухар Яхшибаева бастап, мектеп-лицейдің педагог-шебер, педагог-зерттеуші ұстаздарының арасында өз жалғасын табуда.
Мектеп табалдырығында үлкен өмірге қажетті білім нәрімен сусындап өскен буын болашақта биік белестерді бағындыратыны анық. Сондықтан жас шәкірттердің білімді, тәрбиелі, сауатты және нағыз патриот болып қалыптасуына №52 мектеп-лицейі барынша күш салмақ.
Мақпал ЫБЫРАЙЫМ журналист
Leave a Reply