«Ел бірлігі бәрінен қымбат» — тарихтан алар тәліміміз осы

Қазақ тарихындағы қанды да, қасіретті оқиғаның бірі – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама». Тәуке хан дүние салған соң, үш жүздің дербестеніп, бір-бірінен алшақтануы, яғни, орталық биліктің жойылуы Қазақ хандығының қуатын кемітті. Ал, жоңғарлар болса, бұл кезеңде өздерінің ішкі қайшылықтарын реттеп, әскерін күшті етіп жарақтады. Ресей империясымен қарым-қатынасын жақсартып, көрші мемлекеттерден қару, оқ-дәріні көптеп сатып алды. 1715 жылы орыстарда тұтқында жүрген швед шебері Ренатты қолдарына түсіріп, зеңбірек құю технологиясын меңгерді. Сөйтіп жойқын қаруына сүйенген жау 1723 жылдың көктемінде жайлауға көшуге қамданған бейқам қазақ еліне жоңғарлардың қалың қолы тұтқиылдан шабуыл жасады.

Қазақ халқының басына бұрын соңды болмаған зобалаң күн туып, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұласты. Жоңғарлар Қазақ жерінің территориясын дерліктей басып алды. Үдере шегінген қазақтар Ходжент, Самарқан, Бұқара иеліктеріне дейін өтті. «Елім-айлаған» халықтың көбі Сырдан өтіп, Алқакөлге жетіп құлады. Кейбір тайпа-рулар Қызылқұм, Қарақұм ішіне сіңді. Қазақ халқына ұлт ретінде жойылып кету қаупі туды. Кейбір рулар шапқыншылықта басқа ұлттарға сіңіп кетті. Ал, жойылмай қалған қазақ ру-тайпаларының батырлары жандарын пида етіп, елін алға жіберіп, әр түрлі жанкешті ұрыс тәсілдерін қолданып, елін аман алып қалуға тырысты.

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» – қазақ халқының жоңғар шапқыншылығы салдарынан басынан кешкен ауыр қасіретін, босқыншылыққа ұшыраған кезеңін бейнелейтін ұғым. Биыл бұл тарихи оқиғаға 300 жыл толып отыр. Алайда, осы күнге дейін халқымыздың басына төнген трагедия толығымен зерттеліп бітпеген сияқты. Үш ғасыр өткен қасіретті кезеңнің шындығына қатысты бүгінгі тарихшылар пікірі қарама-қайшылыққа толы. Мәселен, қазақ халқын қырып-жойып, жерін басып алуды көздеген шапқыншылық кезінде жоңғар мемлекеті мен Ресей патшалығы одақтас болды деген пікірлер де бар. Яғни, орыстар Қазақ Ордасын әлсірету үшін жоңғарларды айдап салып, сол уақытта өздері атамекенімізге әскери бекіністерін салып, отарлап алып жатқан.

Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тарихи оқиғасының 300 жылдығына арналған «Қазақты сансыратқан қанды қасап» атты іс-шара өтті. Тағылымды басқосуда тарихшы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері ұлт басына түскен трагедияның жай-жапсарын әңгімелеп, одан қандай сабақ алуымыз керектігі жайлы тұшымды пікірлерін айтты.

Басқосуды Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі директорының орынбасары Гүлмира Серікбаева ашып, жүргізіп отырды. Жиынға Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының аға оқытушысы, тарихшы Қабыл Алғабек, М.Әуезов атындағы ОҚУ аға оқытушысы Ғалым Қасымхан және Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының мәдениет және тарихи мәдени мұраны сақтау бөлімінің басшысы Ақбөпе Ермұханқызы қатысып, өз ойларын ортаға салды.

– Ата-бабаларымыз өздерінің көшпелі өмір салтына байланысты жайылымдарды тиімді пайдалану мақсатында бір-бірінен алшақ отыруға тырысқан. Әр рудың қыстауы бір-бірінен алыс орналасқандықтан олардың арасында қыс мезгілінде көп байланыс бола бермеген. Мұны жақсы білген жау қазақтарға қарсы жорықтарын үнемі қыстың соңғы айларында бастаған, сонда халқымыздың бас қосып, бірігіп, қуатты әскер шығара алмайтынын білген. Оның үстіне Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін орталықтандырылған хандық билік әлсіреп, әр жүздің өз ханы сайлана бастаған. Бұл да ел мен жерді қорғайтын тұтас, қуатты әскердің құралуына кедергі болған. Міне, осындай тарихи алғышарттар қазақ халқының жоңғар басқыншыларынан ойсырай жеңілуіне әкеп соқтырған, – дейді Қабыл Алғабек.

Оның айтуынша, арадан үш жыл өткенде үш жүздің басы қосылып, Ордабасы құрылтайын өткізген. Осыдан кейін ғана қазақ әскері ұлы жеңістерге жетіп, ата қонысын азат етті.

– Мемлекеттің ең басты функциясы – халықтың амандығы мен жердің тұтастығын ішкі дау мен сыртқы даудан қорғау. Яғни, қазіргі тілмен айтқанда ұлттық қауіпсіздікті сақтау. Ең жоғары дәрежедегі ұйымдастырушы аппаратымыз – тәуелсіз, дербес әрі қуатты мемлекетіміз болмаса, жеріміздің тұтастығын да, халқымыздың амандығын да қорғай алмаймыз. Демек, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атты тарихи оқиғадан алатын сабағымыз мынадай: қазіргі тәуелсіз мемлекетіміздің қадірін біліп, әрбіріміз ұлттық бірлікті нығайтуға күш салуымыз керек. Әйтпесе, еліміздің бірлігі әлсіреп, берекесі кеткен жағдайда тарихтағы қасіретті жағдайлардың қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмайды, – дейді Қ.Алғабек.
Иә, «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, Алтау ала болса ауыздағы кетеді» деген сөз ешқашан өміршеңдігін жоймақ емес. Бабаларымыздың алауыздығы халқымыздың «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» душар болуына әкеп соқты. Бірақ, ел басына күн туған сол қиын-қыстау сәтте қазақтың хан-сұлтандары мен би-батырлары қайта бас қосып, бірлігін қалпына келтірді. Сол бірліктің арқасында қазақ ұлты халықтың сипаты мен мемлекеттілігін сақтап қалды. Сонда үш ғасыр бұрынғы тарихи оқиғадан алатын сабағымыз біреу ғана: ел бірлігі бәрінен қымбат.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика