Энергия – стратегиялық ресурс

АЭС салу туралы сөз болғанда, халық арасында оның қауіпсіздігіне қатыс­ты алаңдаушылық бар екенін аңғаруға болады. Алайда жасыл энергияға ұмтылған елдер үшін атом ең тиімді әрі тұрақты энергия көзі саналады.

Біз физика-математика ғылымдарының докторы, «ҮМЗ» АҚ ғылыми орталығының басшысы Манарбек Қылышқановпен атом энергиясын бейбіт мақсатта қолданудың артықшылықтары туралы әңгімелескен едік.

– «АЭС не үшін керек?» деген сұраққа ма­мандардың көбі елімізде электр энер­гиясы жетіспейді, атом энергиясы эко­но­микалық жағынан тиімді, экологияға зия­ны жоқ деп жауап береді. Сіздіңше, АЭС Қазақстанды энергия тапшылығынан қа­лай құтқарады? Бір ғана АЭС салып, қуат жетіспеушілігін еңсере аламыз ба?

– Қазіргі уақытта энергия ең маңыз­ды жаһандық стратегиялық ресурс бо­лып табылады. Елімізде бүгінде энер­гия­ның тапшылығы көп емес, жылына ша­мамен 2000 мегаватт. Біртіндеп энер­­гия тапшылығы арта береді. Жыл сайын­ғы электр энергиясын тұтыну өсімі 3%-ды құрайды.

Әрине, АЭС энергия тапшылығын то­лықтай қамтамасыз ете алмайды. Жаңа генерация құрылымында 2023-2035 жылдарда атом энергиясының үлесі 9% болады. Осы орайда 2035 жылға қа­рай жаңа энергетикалық блоктардың бір­шама мөлшері, оның ішінде газбен жұ­мыс істейтін стансаларды, бұл – 27%, жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) – 36% іске қосу жоспарлануда. Са­лыс­тыру үшін айтсақ, 2023 жылы өндірістің жал­пы көлемінен жаңарты­ла­тын энер­гия көзінің үлесі шамамен 12%-ды құра­­ды.

Алайда Қазақстанның алдында тағы бір тапсырма тұр. Ол – атмосфераға кө­мір­қышқыл газының шығарылуын азай­ту. Мысалы, органикалық отынды жақ­қан кезде шаруашылық қызметтен шы­­­­­ғатын шығарындылардың жалпы кө­­­­лемінен 81,6% көмірқышқыл газы тү­­зіледі. 2060 жылға қарай Қазақстан жаңа мақсат қойды – көміртегі бейтарап­ты­­ғына қол жеткізу. Парниктік газ­дар­дың шығарындылары жоқ генерация көз­дері – бұл атом электр стансалары, ГЭС және ЖЭК.

Оның үстіне, көмір стансаларына қа­ра­ғанда АЭС-ті пайдаланған кезде кү­кірт, азот тотығы, күл, көмірқышқыл га­зы және қалдықтар түзілмейді.

Бізде ШҚО-да ірі өзеннің болуы есе­бінен ГЭС-тің энергиясын пайдалану мүм­кіндігі бар. Ертісте ГЭС каскады бар, Семей қаласының аумағында тағы бір ГЭС салу жоспарда бар. Тағы да ша­ғын ГЭС-терді салу жобасы бар, бірақ олар энергияның жалпы өндірісіне ай­тар­лықтай үлес қоспайды. ГЭС есебінен энергия шығару мүмкіндігі Қазақ­стан­ның көптеген аумақтарында жоқ.

Жаңартылатын энергия түрлері де не­гізгі болып табылмайды, яғни олар жыл бойы тәулігіне 24 сағат жұмыс іс­те­мейді. Олардың жұмыс істеуі үшін көп­те­ген ресурс – үлкен аумақтар мен ауа райы­ның арнайы жағдайлары қажет. Оған қоса, олардың белгіленген қуатын пай­далану коэффициенті төмен: желмен жұ­мыс істейтінде – 24%, күнмен – 18%. АЭС коэффициенті бұларға қарағанда 90%-ды құрайды.

– Егер АЭС салынатын болса, ғылыми практикада қай елдің технологиясы озық және біз қай елдің тәжірибесіне жүгінге­ні­міз дұрыс деп ойлайсыз?

– Қазіргі уақытта әлеуетті өнім беру­ші­лер ретінде «CNNC» (ҚХР, HPR-1000 реак­торы), «Росатом» МК (РФ, ВВЭР-1200 реакторлары), «KHNP» (Оңтүстік Ко­рея, APR-1000 және APR-1400 реак­тор­­­­лары) және «EDF» (Франция, EPR1200 реакторы) компаниялары қарастырылып отыр. Барлық технологиялар бірдей за­ма­науи және таңдау туралы шешім Үкі­мет деңгейінде қабылданады.

– АЭС аймақ халқының тұрмыс-тір­шілігіне қалай әсер етеді? Олардың ден­сау­лығына қаупі жоқ па, экологияға зия­­­­­ны тимей ме?

– Атом электр стансалар тарихында 60 жылда үш ірі апат болды. 1979 жылы аме­рикандық Три-Майл-Айлендтің бұ­зылуы­на байланысты белсенді аумақты бал­қытып жібере жаздады. 1986 жылы Чер­нобыль АЭС жарылды. 2011 жылы Жа­понияда жер сілкінісі мен цунамиден кейін Фукусима АЭС-інде апат болды. Ал­ты реактордың үшеуінде отын бал­қы­ды. Мұның бәрі – екінші буынды стан­са­лар. Бүгінде Қазақстанда 3+ буынды реак­тор салу жоспарланып отыр. Үлкен апат­тың ықтималдылығы жылына 10-7 оқиғаны құрайды.

 

– АЭС радиоактивті қалдықтарсыз болмайтыны шындық, оны қайта өңдеу және сақтау әлемдік деңгейде әлі де ше­ші­мін таба қойған жоқ. Қазақстан ра­диоак­тивті қалдықты қайда, қалай сақ­тамақ? Мүлде зарарсыздандыру мүмкін бе?

– Бұл сұрақ «Қазақстандық атом элек­тр станциялары» ЖШС (ҚАЭС) құ­зыретінде, оның құрамына АЭС құры­лы­сы және атом энергетикасы мәселе­лері жөніндегі сарапшылар кіреді.

– Станса Алматы облысында Балқаш көліне жақын орналасқан Үлкен ауылы­ның маңында салынатыны нақты шешілді ме? Балқаш көлінің су деңгейі АЭС-ке қа­жетті сұранысты өтей ала ма? Су сапа­сына әсері бола ма?

– Су қажеттіліктеріне келетін бол­сақ, салқындатқыш мұнаралардағы (сал­қындату қондырғыларындағы) су­дың азаюы климаттық жағдайларға, яғни ондағы айналым су көлемінің бу­лану мөлшеріне байланысты. Қуаты 2 400 мегаватт болатын екі блокты АЭС үшін судың жобалық шығыны жылына 63 млн текше метрді құрайды, бұл Бал­қаш көлінің табиғи булануының 0,32%-на тең, ол жылына 18 млрд текше метр­ден асады. Яғни, Балқаш көліндегі су­дың жалпы көлемі шамамен 108,3 млрд текше метрді құрайтынын ескерсек, АЭС көлдің су балансына еш әсер ет­пей­ді деп айтуға болады.

– Атомды бейбіт мақсатта энергия кө­зі ретінде пайдалану еліміздегі ғы­лым­ның, технологияның және өндірістің да­муы­на ықпалы қандай болады деп ойлай­сыз?

– Жалпы, республикада ядролық тех­­нологиялар саласында жоғары дең­гей­­де дамыған ғылыми-техникалық инф­­­­­­рақұрылым бар. Мысалы, АЭС қауіп­­сіздігі бойынша Ұлттық ядролық ор­­талықтың (ҰЯО) зерттеу нәтижелері Жа­пония, Франция және Ресейдегі атом энергетикалық стансаларын жобалау және пайдалану кезінде қолданылып келеді. Сондай-ақ атом энергетикасынан басқа, атом энергиясын бейбіт мақсатта пай­даланудың көптеген бағыттары бойынша, тек іргелі зерттеулер сала­сын­да ғана емес, сонымен қатар бірқатар қол­данбалы салаларда жұмыс істейтін Ал­маты ядролық физика институтының зерт­теулері де белгілі. Мысалы, Атом энер­гиясы жөніндегі халықаралық агент­тік – АЭХА (МАГАТЭ) тапсырысы бойынша Институт Қырғызстанға ме­дициналық радиоизотоптарды жеткізуді бастады. Сондай-ақ Институт, ҰЯО сияқ­ты, атом энергиясын бейбіт мақсат­та пайдалану саласында кадрлар даярлау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Атом энергиясы Қазақстан үшін жаңа нәр­се емес. Өткен ғасырда Ақтауда (ол кез­де Шевченко) БН-350 жылдам нейт­рон­ды әлемдегі алғашқы тәжіри­бе­лік-өнер­кәсіптік энергетикалық реактор сәт­ті пайдаланылды. Қазіргі уақытта рес­публикада үш зерттеу атом реакторы жұ­мыс істейді, оның екеуі – Ұлттық яд­ро­лық орталық базасында және біреуі – ядролық физика институтының база­сында.

Мұның барлығы отандық атом энер­гетикасын дамытуды бастау қажеттілігі туралы сенімді түрде айтуға мүмкіндік бе­­­реді. Осылайша, Қазақстанда атом энер­гетикасын дамыту келесі мүмкін­дік­терді береді: көміртексіз энергия гене­рациясына көшу жағдайында елдің индустриялық экономикасының тұрақ­ты дамуын қамтамасыз ету, өнеркәсіптің жалпы технологиялық деңгейін арттыру, елді тиімді индустрияландыру, шикізат­тық бағыттан кету, білім экономикасын дамыту үшін негіздер құру, атом өнер­кә­сібі мен энергетиканы, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пай­да­ланудың басқа да бағыттарын (ядро­лық медицина, өнеркәсіптегі ядролық технологиялар, ғылым) одан әрі дамыту үшін ынталандырулар жасау мүмкіндігі туады.

– Ал АЭС энергетикалық тәуелсіздік пен қауіпсіздікке қаншалықты кепіл бола алады? Сонымен қатар АЭХА АЭС-тің қауіпсіздігіне қаншалықты жауап бере алады?

– АЭХА командасы АЭС орналас­тыру ауданын таңдау бойынша жүр­гізіл­ген зерттеулердің тиісті бөлімдерін зерттеді, АЭС орналастырудың әлеуетті ау­данына (Алматы облысы, Үлкен ауы­лы), оның ішін­де маңайындағы метео­ро­логиялық және сейсмикалық мони­то­ринг стан­са­сына барып қайтты және Қазақстанның техникалық органдары мен ұйымдары­ның тартылған өкіл­де­рі­мен бірқатар тал­қылаулар өткізді. АЭХА сарапшылары Қазақстанның ын­тымақтастыққа дайын­дығын және жо­баны басқарудағы жо­ғары кәсібилігін мойындады.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика