Әр адамның отан алдындағы, ел алдындағы атқарған қызметі, еткен еңбегі де әртүрлі. Соғыс туралы айтқанда, ерлік, батырлық деген сөз қатар жүреді. Жалпы отан үшін алға ұмтылып, қолына қару алып майданға аттанған жандардың бәрі де елдің батырлары десек артық айтпаймыз.
Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында жалындаған жастық шағын майданда өткізген жанның бірі Аманбаев Пернебай.
Аманбаев Пернебай 1922 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласында кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Байқуаров Аманбай қарапайым шаруа болған кісі. Тіршілігінің көбі Сырдария өзенінің жағасында өткен. Ұлы Аманбаев Пернебай 1932-1938 жылдар аралығында Ұшқан ауылдық кеңесіне қарасты 7 жылдық мектепте білім алған. Онан соң Түркістан қаласында ФЗО-ға оқуға түсіп, вагондарды жөндеу мамандығы бойынша сабақ алып, оқи жүріп осында 1939 жылға дейін жұмыс істейді. 1940-1941 жылдары денсаулығына байланысты жұмысқа жарамсыз болып, үйіне қайтады. Денсаулығы дұрысталғаннан кейін 1941-1942 жылдар аралығында қаладағы №104 мақта заводында қабылдаушы және зертханашы болып жұмыс істеген.
1942-1946 жылдары Кеңес әскері қатарында болып, отан алдындағы борышын өтеген. Нақтылап айтқанда, 1942 жылы Түркістан әскери округінде 410-атқыштар дивизиясының атқышы болады. 1942-1945 жылдары Мәскеу облысы Донск ауданында №23 шахтада шахтер болған.
Елге келген соң, Түркістан қаласында ІІІ класты шоферлердің 3 айлық курсын оқып, 1949 жылға дейін механизация мектебінде есепші-кассир болып та қызмет атқарған. 1949-1950 жылдар сол жерде шаруашылық бөлімін басқарған. 1950-1953 жылдары мектепте нұсқаушы болып жұмыс істеген.
Соғыс көріп, еңбекпен көгерген осындай батырларымызды бүгінгі ұрпаққа үлгі етіп, олардың өмірі мен еңбегінен сабақ алу біздің міндетіміз. Отанды сүю дегеніміз – тек ауызша айтыла беретін сөз емес. Ол әр адамның отбасы, ел үшін істеген іс-әрекеттерімен өлшенбек. Ендеше Аманбаев Пернебай секілді аталарымыздың өмір жолы бүгінгі ұрпаққа өрнек болар деген ойдамыз.
М.Исмайлова,
«Түркістан облысының қоғамдық-саяси
тарихының архиві» архивті құжаттарын
пайдалану, және жариялау,
жинақтау бөлімінің басшысы
Leave a Reply