Кітап – рухани қазына. Халқымыздың әр ғасырдағы ұлағаты мен тәрбиесі осы кітаптан алынып отыр. Жазушы Ғабит Мүсірепов айтып кеткендей, кітап оқудан тыйылған ұрпақ ой ойлаудан да тыйылары анық. Қазіргі кітапты компьютер алмастырған заманда бұл келелі мәселеге айналып отыр. Жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыру – бүгінгі күннің басты міндеті. Бұл туралы мемлекет басшысыҚасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде «Жалпы, мен Мемлекет басшысы және азамат ретінде қазақ әдебиетін әрдайым қолдаймын. Туындылар оқырмандарға қолжетімді болуы керек деп ойлаймын. Ал жазушыларымыздың шығармалары халық арасында, әсіресе, жастар арасында сұранысқа ие болуы керек. Мұның бәрі – мемлекеттің ғана емес, жазушыларымыздың да міндеті. Оқырман қауым қаламгерлерден халыққа рухани азық болатын тың дүниелер күтеді» деп тоқталып кеткен еді.
Қалам ұшындағы ғұмыр
Кешке Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы, Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, филолог ғалымдар, белгілі журналистер, студенттер, кітапханашылар қатысты. Әдеби кештің модераторы жазушы, тарихшы Момбек Әбдіәкімұлы болды. Ұстаз-домбырашы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қалмахан Омардың жетекшілігімен «Бабалар аманаты» жобасының «Ғасырлар үні» домбырашылар ансамблінің орындауындағы күймен басталған іс-шарадақаламгердің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін бейнебаян тамашаланды. Әуезді әндермен күмбірлеген күйлермен өрілген бұл мерейлі мерейтойда жазушының үзеңгілес достары, өзге де қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері ақжарма тілектерін арнады. Сонымен қатар, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ студенттері З.Қыстаубайұлының шығармаларынан монологтар оқып, өз пікірлерін ортаға салды. Захардин Қыстаубайұлы өзініңшығармашылықтағы қызықты естеліктерімен бөлісіп, жастардың сұрақтарына жауап берді.
Шығарма – жазушының айнасы. Сол «айнадан»жазушының болмысы шығармалары арқылы оқырманға көрініп тұрады емес пе? Мәселен,жазушы қаламынан туған «Бозінген» повесіноқушы кезімізден жастанып жүріп оқыдық. Сондағы Серпер атты кейіпкер арқылы қазақ ауылындағы бір отбасының тіршілігімен және бозінген күйінің шығу тарихымен таныстық.Сондай-ақ «Жүректегі жүзік» әңгімесіндегі Жандос пен Жайдарманның адал, ақ ниетті алғашқы махаббаттары да ерекше баяндалған.Шығармалардың жеңіл оқылатыны соншалық,оқырман кейіпкерлермен қатар жүргендей сезімде болады.
Сонымен қатар, «Алматының ақ жауыны», «Сүйріктің махаббаты», «Бәйтеректер» аттыәңгімелер мен повестер жинақтарын, хикаяттарын оқыған сайын жазушының Ж.Аймауытов пен Б.Майлиннің ізінен келе жатқан қаламгер екеніне көзіміз жеткендей болады. «Көсем сөздерін ашық та ащы, дәлелді де дәйекті жазды. Шындықты, көркем сөзде керемет көркемдікпен, астарларымен, терең тебіреністерімен, тек өзіне, қарымды қаламына, Қыстаубайұлына ғана тән сергек те, серпінді, сұлу стильмен жүректерге жеткізеді» деп жазушы Мархабат Байғұт айтқандай, жазушымен өткізілген әдеби кеш сезімтал жастардың рухани кемелденуіне ерекше әсер етті деген ойдамыз.
Ф.Кенжеева,
А.Пушкин атындағы қалалық
әмбебап кітапханасының қызметкері
Leave a Reply