Мағжан Жұмабаев – өзінің қамшының сабындай қысқа ғұмырында нағыз поэзия биігіне самғап, оның асқар асуынан өлшеусіз нәр алған біртуар тұлға. Ол өз еңбек жолында тұңғыш педагогикалық оқулықтар жазып қалдырды. Оның 1922 жылғы «Педагогика» атты оқулығы – педагогика және әдістеме ғылымдарына қосқан үлкен үлесі. Бұл ғылыми еңбегі он бес бөлімнен тұрады. Ғалым оқулықты он төрт ірі бөлімге бөліп, әр бөлімінде педагогика ғылымын жан-жақты саралап, болашақ ұрпақ тәрбиесін беруде таптырмас көмекші құрал ретінде қалдырды. Оқулықта ақыл, мінез-құлық, сұлулық, дене тәрбиесі жеке-жеке қарастырылады.
Оқулық Мағжан Жұмабаевтың көзі тірісінде екі рет жарық көрді. Алғаш рет 1922 жылы Орынборда, екіншісі 1923 жылы Ташкентте қайта басылды. Ал біздің қолымызға кітаптың ұзақ жылдардан соң үшінші рет 1992 жылы Алматы қаласында «Ана тілі» баспасынан жарық көрген соңғы нұсқасы тиді.
Оқулықтың 1922 жылы 15 қыркүйекте алғаш басылуында автор алғысөз жазған.
– Бұл кітап 2-3 жыл бұрын қысқа уақыттық мұғалімдер курсында оқылған дәрістерден түзілген еді. Бұл күнге дейін басылып шығып, жарық көре алмады. Айып менікі емес. Бүлінген замандікі. Кітапты бір орыс кітабынан тура тәржіма деуге болмайды. Алдыма бір кітапты жайып қойып, бұрылмастан көшіре бергенім жоқ. Тәрбие ғалымдарының пікірлерін таңдап алуға ұмтылдым. Шамам келгенше қазақ жанына қабыстыруға тырыстым. Бізде бұрын жасалған пән тілі болмағандықтан, түрлі терминдерге тап басқандай қазақша сөз табу көп күшке тиеді. Қалайда, курстарда оқыған мұғалімдердің жәрдемімен таза орыс сөздері қазақшаға айналдырылды. Ал енді жиһан тілі болып кеткен шет сөздерді қазақшаға аударам деп азаптануды тиісті таппадым. Мен педагогика майданында бәйге алып жүрген жүйрік емеспін. Кітаптың құрылысында, тілінде, түрлі ат қоюда, хатта кітаптың жалпы негізінде көп кемшіліктер болуы мүмкін. Мұғалімдер тексеріп оқып, хата жерлерін көрсетсе, сансыз рақмет айтар едім, – дейді ол.
Осы тұста ерекше айта кету керек, 2020 жылы Ыстанбұл университеті Түрік тілі және әдебиеті кафедрасының оқытушысы Доцент Уғур Гүрсу Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» кітабын түрік тіліне аударды.
Кітапта тәрбие жайлы «Тәрбие – кең мағынасымен алғанда қандайда болса бір жан иесіне тиісті азық беріп, сол жан иесінің дұрыс өсуіне көмек көрсету деген сөз. Тәрбие төрт түрлі: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі һәм құлық тәрбиесі. Егерде адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны. Балам адам болсын деген ата-ана осы төрт тәрбиені дұрыс орындасын.
Балаға тәрбие бергенде әрбір тәрбиешінің алдымен қолданатын жолы — өз тәжірибесі. Яғни бала күнде өзі қандай тәрбие алған, һәм баланы бұрын өзі қалай тәрбие қылған. Міне, осы жолмен жүреді. Әрине, бұл жолды тіпті қисық жол деуге болмайды. Қисық болу былай тұрсын, тәрбие туралы әрбір тәрбиешінің өз тәрбиесі — аса қымбат нәрсе.
Адамның өз тәжірибесі — жүріп кеткен жолы. Ол жолдың жақсы-жаман жағы көз алдында сайрап тұр. Істегеннен көрген анық. Көргеннен бастан кешкен анық. Бірақ бұл әркімнің өз тәжірибесі қанша қымбат болғанмен, қатесіз жол деуге болмайды. Бір адамның тәжірибесі тым тар, тым бірбеткей тәжірибе.
Тәрбиешінің өзіне қолайлы болған жол тәрбие қылатын балаға қолайлы болмасқа мүмкін. Тәрбиеден мақсұт — баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығару емес. Келешек өз заманына лайық қылып шығару ғой. «Балаңды өзімдей бол деп үйретпе, өзімдей болма деп үйрет!» деген Әзірет Әлінің сөзінде көп шындық бар» деген жолдар бар. Мағжан Жұмабаевтың адам жанын түсінетін мықты психолог екенін осы еңбегінен аңғаруға болады. Мұнда ішкі сезім мен көңіл көріністерін тереңінен зерттеп жазады. Оның ішінде баланың көңіл-күйіне егжей-тегжейлі тоқтап, оның ішкі сезімінің дұрыс дамуы үшін үлкен тәрбиенің керек екенін айтады. Мәселен, «Ата-ана қатал болса, бала да қатал, ата-ана жұмсақ болса, бала да жұмсақ. Сондықтан баланың қасындағы адамдар дұрыс мінезді болу қажет.
Баланы қорқыту, оны жазалау дұрыс емес. Бір нәрсені бала жазадан қорыққаннан ғана істейді, бала өтірік айтуға, алдауға үйренеді» деген жазушының пікірін өркениетті елдердің бала тәрбиесіндегі озық ойларымен сабақтас екенін көреміз.
Расында, әлі күнге дейін ата-аналар, мұғалімдер балаға зекіп сөйлейді. Жасыратын несі бар, баланың намысына тиетін, өсіретін емес, өшіретін сөздер айтудан толықтай арылған жоқпыз. Бұл мәселені педагог-ғалым өз заманында көтергенімен, өкінішке орай күні бүгінге дейіншешімін таппай келе жатыр.
«Бала нашар істі өзі істемеуіне, нашар мінезден өзі қашуына тырыссын. Ешкім айтпай, қорқытпай, баланың өзі жамандықтан, нашар мінезден жиренетін болсын. Балаға махаббат, жылылық сезім, жұмсақ іс арқылы ғана болуға мүмкін», – дейді педагог. Сондай-ақ: «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері саналып келе жатқан тақ-тақ жол болғандықтан әрбір тәрбиеші сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс», – деп қалың жұртты ұлттық тәрбиені жоғалтып алмауға міндеттейді. Мағжанның тәрбиеге көңіл бөлуі қазақ халқын надандықтан ада етуі еді. Сол үшін де Мағжанның «Педагогика» кітабы – педагогика саласындағы қазақтың алғашқы оқулығы. Ғалыммұны қазақ халқының ұлттық болмысы мен сана-сезімге жақын этнопедагогика, психология ұстанымын негізге ала отырып жазған. Мағжан Жұмабаевтың бұл кеңестері қазіргі тәрбие беруде де өз маңызын жойған жоқ. Осы тұста «Балам адам болсын деген ата-ана осы төрт тәрбиенi дұрыс орындасын», – деген Мағжанның сөзін есте ұстағанымыз абзал.
Leave a Reply