Ұлттық құндылықтарды қалай дәріптеу керек?

«Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деген екен Платон. Өркениетті елдердің қатарынан қалыс қалмай, үздік елдердің қатарына енуіміз үшін бірінші кезекте ұрпақ тәрбиесіне мән беруіміз қажет. Себебі ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев:  «Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек», – деп бекер айтып кеткен жоқ. Еліміздің ертеңі саналатын ұл-қыздарымызды салт-дәстүрмен сусындатып, оларға туған жерді құрметтеуді, сүюді үйрету әрбіріміздің азаматтық борышымыз. Ендеше бұл жолда не нәрсеге басымдық беру керек? Ұлттық құндылықтарымызды қалай дәріптейміз? Осыған қатысты Шымкент қаласында ұлттыққұндылықтарды жас ұрпаққа үйірмелер арқылы дәріптеп жүрген ұстаздардың ой-пікірін білген едік.

Салт-дәстүр сабақтары мектептерде міндеттелгені дұрыс

Гүлмира Әшірбекова, журналист, «FGS-Болашақ ұрпақ мектебі» ұлттық құндылық» үйірмесінің жетекшісі:

Ұлттық құндылықтың негізі біздің ауыз әдебиетімізде жатыр. Аңыз, қисса, жыр-дастан, мақал-мәтел, жаңылтпаш, санамақ, бата – осындай дүниелерді балалардың құлағына кішкентай күнінен құятын болсақ,келешек ұрпақ тәрбиелі, тіпті дана болып өседі деп айтсақ қателеспейміз. Құндылық дегеніміз де осы, яғни баланы адамгершілікке баулу, оның бойында көркем мінез қалыптастыру. Құндылық баланың адам болып қалыптасуына көмектеседі. «Обал болады», «Сауап болады», «Ұят болады» деген дүниелерді естіп өскен бала әдепті әрі мейірбан келеді.

Бүгінгі таңда ата-аналардың көпшілігіжұмысбасты. Бәрінің басында несие бар. Күнкөрістің қамымен 2-3 жерде жұмыс істейтіндер де аз емес. Ал енді бала тәрбиесіне келгенде олардың көбіне уақыты болмай жатады. Мұндай отбасыда, өкінішке орай, ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынас әлсіздеу.

Президентіміз Қ.Тоқаев өз сөзінде ұрпақ тәрбиесіне баса мән беру керек екенін айтып жатыр. Бұл аса бір қуантарлық жағдай. Иә, мектептерде әдебиет пәні балаға көп нәрсе бере алады, десе де сабақ жалпылай бағдарламаның аясында өтіледі. Ал ұлттық құндылыққа басымдық беру бізде кемшін түсіп жатыр. Сондықтан да қазіркей білім ордаларында арнайы маман шақырып, ұлттық құндылықтарды үйірме ретінде енгізіп отыр. Кей мектептерде мұны сынып жетекшілеріне міндеттеп қойған екен. Бірақ, мен былай айтар едім, ұлттық құндылық, салт-дәстүр деген тақырыптың байыбына бара алатын мұғалім бар, байыбына бара алмайтын мұғалім бар. Бұл тұста арнаулы білім керек. Сабақтар да үстіртін өтпеу қажет. Сол үшін де салт-дәстүр сабақтары арнайы пән ретінде өткізілмесе де, қосымша сабақ ретінде міндеттелсе нұр үстіне нұр болар еді. Жалпы, кез келген сабақты, әр пәнді осы ұлттық құндылықтармен байланыстырып, сабақтастырып отырса керемет емес пе?

Бүгінде ата-аналар балаларынан идеал жасағысы келіп, анда-мында сүйреп әлек. Түрлі курстарға қатыстырып, заманауи форматта тәрбиелегісі келетіндей. Олардың арасында ата-аналарымен шетел асып, қыдырып келген балаларды да көріп жүрмін. Кейбірі тіпті сөз ұқпайды. Тренд деп ерсі бір қылықтарды жасап жүргені. Түрлі курстарға беру ата-ананың «Баламыз жан-жақты, еркін болып өссін» деген ниетінен туындаған әрекеті екенін түсінемін. Десе де, қисса тыңдап, жыр жаттап өскен баланың тәрбиесінде бірталай артықшылықтар байқалады. Мен мұндай балаларды да білемін. Олар өзгеше. Қарап отырып әуесің келеді. Естияр, қамқор, мейірбан. Сабақ үлгерімдері де жақсы.

Ел боламыз десек, ес жиып, ұлттық тәрбиені қолға мықтап алатын кез келді. Әйтпесе жастардың жартысы қара жамылып, бет-жүздерін тұмшалап,никаб киіп кетті. Тағы бір жартысы батысқа еліктеп, басқаша өмір сүріп жатыр. Әйтеуір, қоғамда біз түсініп болмайтын қойыртпақ бірдеңелер орын алуда. Осының бәрі өзіміздің ұлттық құндылықтарымыздың, салт-дәстүрлеріміздің қадір-қасиетін білмегендіктен пайда болды деп ойлаймын. Сондықтан ұрпақ тәрбиесінде тек мұғалім не ата-ана ғана емес, баршамыз жұдырықтай жұмылуымыз керек.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика