Биылғы Наурыз шымкенттіктердің есінде жаңа ипподромның ашылуымен қалатын болды. Жаңа нысанның ашылу салтанаты он сегізінші ғасырдағы қазақ ауылы көшіп келгендей әсер қалдырды. Қала әкімі Мұрат Әйтенов қала тұрғындары мен қонақтарының әз Наурыздың келуімен құттықтап, осы нысанды шаһарға тарту еткен BI GROUP компаниясына алғысын білдірді. Қалабасыдан кейін сөз алған аталған құрылыс компаниясының бас директоры Айдын Рахымбаевқ:
–Осыдан бір жарым жыл бұрын Шымкент қаласының халқына жаңа, заманауи, халықаралық стандарттарға сай келетін ипподром салып береміз деп уәде берген болатынбыз. Бүгін сол уәдені орындап отырмыз. Бұл Қазақстандағы ең үлкен атшабар кешені болып отыр, – деді.
–Бүгін ұлттық спорттың дамуына әсер ететін үлкен, жаңа, заманауи ипподромның ашылуына куә болып отырмыз. Бұл ипподром тек Шымкент қаласында ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша ұлттық спорт түрлерінің, соның ішінде ат спортының дамуына тың серпін береді. Соның дәлелі ретінде жаңа спорт кешенінде ұлттық спорт түрлерінен халықаралық жарыс өткелі отыр. Оған 1 мыңнан астам спортшы, соның ішінде 126 шетелдік спортшылар келіп қатысуда, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Ипподромның салтанатты ашылуына арналған бағдарламаны еліміздің әр аймағынан келген қонақтар, өңірдің, қаланың дамуына үлес қосқан қадірлі азаматтар, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының басшылығы, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары тамашалады.
ИППОДРОМ ЖАЙЛЫ АҚПАРАТ
Жаңа ипподромда еліміздегі ең үлкен бәйге алаңы бар. Ипподром аумағынан 1 500 көрерменге арналған трибуна, ат арнасында табуға болады. Манеждер, жабық стенд ғимараты, ветеринарлық блок, 300-ден астам көлікке арналған тұрақ қарастырылған. Трибунаның жоғары қабатында ашық терраса бар. Ұзындығы 2012 метр жарыс жолы салынған. Көкпарға, атпен секіруге арналған алаңдар кварцты құмдармен, табиғи тастармен безендірілген. Әлемдік стандарттарға сай салынған жаңа иипподром алдағы уақытта мегаполистегі халықаралық спорт және ойын-сауық жарыстары өтетін орындардың біріне айналады деген үміт бар. Бүгін басталған
Наурыз мерекесіне арналған мерекелік іс шаралар 21-22 наурыз күндері де жалғасын табатын болады.
Қызмет (1876)
Leave a Reply