Отандық энергетиканың келешегі

 

Ел экономикасының дамуы және келешегі энергетикалық жағдай мен табиғи байлық қорына байланысты. Бізде мұнай, газ және уранның мол қоры бар. Бірақ осыншама байлықтың есебі қайда дегенде іркіліп қалатынымыз да рас. Шикізаттың дайын өнімге айналмай жатқаны жұртшылықты қатты ойлантады. Өндірген өнімнің негізгі бөлігі тым арзан құнмен экспортқа шығады. Ал шикізат өнім күйінде сатылса, бағасы жоғары болатыны белгілі. Тәуелсіздік алғалы үлкен өндірістерді іске қоса алмадық. Өркендеген экономика құру қолдан келмеді.

Бізде «жасыл» экономиканың тұжырымдамасы қабылданған. Бүгінде бірнеше жоба Түркістан, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақ­стан облыстарында іске асырылды. Қазғұрт ауданындағы Өгем өзені орта ағымында су электростанса каскадының (бірнеше) алдын ала жобалау жұмысы аяқ­талып, жобалау жұмысы бас­талды. Бес ГЭС-тен бірінші ке­зеңде 72 Мвт электр қуаты өнді­ріліп, өңірдегі 5 ауданға ауызсу мәселесі шешіледі. Жылына 110 млн текше метр су алынады. Ақсу, Арыс, Сайрамсу, Қасқасу өзендерінің бойында бірнеше жоба, Отырарда қуаты 50 Мвт күн электр стансасы салынып жатыр. 2019 жылы Сайрамсу өзенінің жағасында ШГЭС «Кеңес-1» 2,5 Мвт іске қосылды. ШГЭС «Кеңес-2» жобалау жұмысы бас­талды.

Жоба бойынша елде 23 000 Мвт электр қуатының 17 000 Мвт-ы тұтынылады. Әрине, әзiрге жет­кiліктi. Егер ертеңді ойлайтын болсақ, органикалық шикiзат шексiз емес екенiн түсiну керек. Келер ұрпаққа не қалдырамыз деген сұрақ туады. Сол үшін қазіргі энергетикалық жүйенi баламалы қуат өндiруге бет бұрғызғанымыз абзал. Мысалы, жел мен өндiретiн қуаттың ел бойынша әлеуеті – 92 млрд квт/с. Ал өзендер арқылы алынатын электр қуатының әлеуеті – 62 млрд квт/с. Күннен өндiрiлетiн қуаттың көлемi де сол шамалас.

Елдің үдемелі дамуына, оның технологиялық әртарап­тан­дыруына күрделі және ма­ңызды екінші қадам – атом энер­ге­тикасының дамуы. Өйткені уран барын, оның қоры бойын­ша әлемде екінші орында екені­міз­ді ескерсек, АЭС салу ісіне жүрексінбей кірісуге болады. Онда атом өнеркәсібі мен медицина саласында ғылыми зерт­теу, ауыл шаруашылығы, эко­но­миканың барлық бағытында дамуға зор мүмкіндіктер туады. Заманауи технологиялардың деңгейі атом стансасын салуға жетеді. МАГАТЭ талаптарына сай қауіпсіздік ережелерін сақ­тап, керекті міндеттелген стан­дарт­­тарын қолданып, шыққан қалдықтарды залалсыздандырып, тиісті шараларын орындап отыр­­са, ешқандай қорқыныш болмауға тиіс.

АЭС жан-жақты дамуға үлкен мүмкіндік береді. Эконо­ми­­калық тұрғыдан қарасақ, тиім­­­ділігі жоғары. Электр энер­гиясының құны төмен. Уран – салыстырмалы түрде арзан әрі тиімді отын. Бізде ол көп. Ұзақ уақыт қызмет етуіне байланысты (60 жылдан астам) атом реакторының пайдалану шы­ғындары да төмен болады. Яғни бастапқы үлкен шығынына қарамастан, ұзақ­мерзімді эко­номикалық тұрғыдан тиім­ділік әкеледі. Жалпы, АЭС тұты­ну­­шыға ауыртпалық түсір­мей, өзін-өзі ақтайды.

Елдің энергожүйесін, энергобалансын, базалық қуатын әртарап­тандыруға және жаб­дық­тау тұрақтылығына АЭС елеулі әсер етеді. Атом энергетикасын дамыту – халық шаруа­шылығының барлық саласын әр­тараптандырып, иннова­ция­лық, технологиялық серпіліс сыйлайды.

Еліміздің парниктік газ шыға­рын­дыларын азайту бойынша халықаралық ұйымдар алдында мін­деттемелері бар. Осы орай­да Президент жариялаған жалпы­халықтық референдумға халық үн қосады, қолдайды деп ойлаймын.

Меніңше, келешекте Атом өнеркәсібі министрлігін құруды қолға алу керек. Ал АЭС-ті Аме­­рика, Жапония, Франция, Ре­сей, Оңтүстік Корея, Қытай тех­нологиясы арқылы салуды ашық бәсекеде шешуге болады. Сонымен қатар газ электр қуатын да естен шығармаған жөн. Қысқамерзімді келешекке бағыттасақ газ стансасының пайдасы өте зор болады. Біздің елде шыққан газдың жартысынан көбі жер астына қайта жіберіледі. Ол газды пайдалану үшін газ өңдейтін бірнеше зауыт салу керек.

Ең күрделі мәселе – энергия үнемдеу және оның тиімділігін арттыру. Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында энергия үнемдеу және оның тиімділігін арттырып, елдің ішкі жалпы өнімінің энергия сыйымдылығын 2050 жылға қарай кем дегенде 2 есе төмендету бойынша мақсат қойылған. Бүгінде ІЖӨ-нің энергия сыйымдылығының көрсеткіші орташа әлемдік көрсеткіштермен салыстырғанда 2 есе, ЭЫДҰ ел­дерімен салыстырғанда 4 есе жоғары. Ал ТМД елдері арасында 5-орында келеміз.

Бұл мәселенің маңызын, тиім­ділігін, экономиканың негізгі көрсеткіштерінің бірі екенін мойындап, әлемдегі дамыған елдер қатарына қосыламыз десек, қазірден бастап қолға алып, шұғыл әрекетке кірісуіміз қажет. 2012 жылы «Энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Заң қабылданды, оны іске асыру үшін қажетті нормативтік-құқықтық актілер бекітілді. Мем­лекеттік энергетикалық тізілім жасалды. Электр энергетикасы және энергия үнемдеуді дамыту институты құрылды. Энергия тиім­ділігінің картасы түзілді. Энер­­­гетикалық аудит, энергия сер­­вистік шарттар жүйесі енгі­зілді.

Мемлекеттік деңгейдегі экономиканы әртараптандыру, осы бағыттағы технологиялық, инно­ва­циялық үдемелі қадамдардың керектігі, өңірлік саясат жүргізу, кадр дайындау шаралары бү­гінгі күні кезек күттірмейтін, өз шешімін күтіп тұрған күр­делі мәселелер. Өз пікірімді қоры­тындылай келе айтарым – ел экономикасы болашақта дамыған эко­номикалармен терезесі тең тұруы үшін энергетикалық сала әлеуетін арттыруға бүгіннен кіріскен абзал. Ол мақсаттарға жету үшін біз бүгіннен бас­тап еліміздің барлық өңірінде жаңар­тылатын энергия көздерін көбейту, атом энергетикасының дамуын, сол бағытта атом стансасын салу, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру шараларын қамтамасыз етуіміз қажет деп санаймыз.

 

Мақсұт Ордабаев,

ТМД еңбек сіңірген энергетигі, инженер

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика