Алматыда жаңа форматта аса маңызды дөңгелек үстел өтті. Аса маңыздылығы сол – жас ұрпақтың жан дүниесіне үңілуге тырыстық. Яғни балалар басылымдарының жай-күйі талқыланды. Жаңа формат дейтініміз, осы салаға тікелей жауапты екі министрлік – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев тізе қосып, балалар басылымдарының бас редакторлары және мұғалімдермен кездесті. Министрлер бұл саладағы барлық мәселемен танысып, талқыға салып, балалар басылымдарын дамыту мен оқитын ұрпақ қалыптастыру бағытындағы нақты ұсыныстарды тыңдады. Деңгейі бөлек дөңгелек үстелде көп мәселе айтылды. Сең қозғалды. Сенім күшейді. «Ана тілі» газеті осы тақырыпты арқау етіпайқара бетке дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Дөңгелек үстелге «Ақжелкен» журналының бас редакторы Есей Жеңісұлы, «Балдыған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов, «Ұлан» газетінің бас редакторы Жадыра Нармахан, «Балбұлақ» журналының бас редакторы Мағира Қожахметова, «Айгөлек» балалар журналының автор-редакторы Қымбат Әбілдәқызы, «Дружные ребята» газетінің бас редакторы Ольга Рыбкина, республикалық «Ақылдым» журналының бас редакторы Бейсенкүл Нарымбетова, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы қатысты.
– Қазір газет-журналдарды, оның ішінде балалар басылымын қолдаудың жаңа мүмкіндіктерін қарастырған жөн сияқты. Қазір мәжбүрлеп жаздыру деген жоқ. Бір ғана баспасөздің баланың зейінін баспасөзге аударамын деуді де әбестік. Осы тұста ата-ананың баланың тұлғалық дамуындағы негізгі кілт – жазу мен сызудың қазынасы баспасөзге баулуының маңызын айтсаңыз.
Дүйсен Мағлұмов:
– Біздің елімізде балаларға арналған жиырмаға жуық газет-журнал бар. Солардың ішінде төртеуі, атап айтқанда – «Ұлан», «Дружные ребята» газеттері мен «Ақ желкен» және «Балдырған» журналдарының алдының шыға бастағанына 100 жыл, соңының шыға бастағанына 66 жыл болды. Осынша жыл бойы бірнеше буын ұрпақтың тәлімі мен тәрбиесіне зор үлесін қосып келе жатқан бұл басылымдар тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап мемлекет қамқорлығында. Ал кейінгі жылдары өмірге келген басқа жекеменшік балалар басылымдары өз күнін өздері көріп жүр.
Балалар басылымдарын қолдау өте үлкен және маңызды мәселе. Қазіргі балалар басылымдарын тығырыққа тіреп отырған жәйт аз емес. Солардың ішінде ең маңыздысы – олардың таралымы мен оқылуы. Біз неге соншама қаржы шығарып, маңдай терімізді төгіп шығарған газет-журналдарымызды балаларға оқыта алмай жатырмыз? Жағдайдың бұлай болуына кім кінәлі? Әрине, біз бас салып заман үрдісін кінәлай бастаймыз. Рас, қазір тәрбие ісіне қатысты көп мәселе өміріміздің бір бөлшегіне айналып кеткен қалта телефоны, әртүрлі гаджеттер мен смартфондардың кесірінен қолымыздан сусып шығып кетті. Мектептен тыс уақытта балаларымызды спорт, кітап, газет-журналдар, өнер үйірмелері емес, сол қалта телефондары тәрбиелеп жатыр. Оның бала болашағына қаншалықты қауіпті екенін сезініп жатқан ата-ана өте аз. Олар ертең баласының миы уланып, соқыр немесе жарымжан болып қалатынын неге ойламайды? Қазір ата-аналар түгелге жуық балаларына кітап, газет-журнал оқытып, содан түсінгенін сұрап, оның зейін-зердесін, ой-өрісін ашып, тілін ұстартудың орнына қолына телефонын ұстап, бір бұрышта өзімен-өзі тыныш отырғанын қалайды. Одан баласы не көріп, не үйреніп отырғанында да шаруасы болмайды… 1970 – 1980 жылдары жоғарыдағы төрт басылымның әрқайсысы 200-300 мың таралыммен тарайтын. Сол кездерде Алматыда жалғыз қазақ мектебі болды. Еліміздегі қазақ мектептерінің саны да екі мыңның айналасында еді. Еліміздегі қазақтың саны 5-6 миллионнан аспайтын. Ал қазір бір Алматыдағы қазақ мектептерінің саны 200-ге таяп қалды. Жалпы қазақ мектептерінің саны 6-7 мыңға жетті. Қазақтың саны да екі-үш есе өсті. Жаңағы басылымдарымыз қазір алды 11 мың, арты 3 мың данамен жарық көруде. Салыстырмалы түрде қарасақ, соңғы 30 жылда таралым пәленбай есеге өсудің орнына 80 пайызға төмендеп кеткен. Қандай кереғарлық! Қандай келеңсіз нәрсе!
Алматы қаласында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев балалар басылымдарының басшыларымен арнайы кездесіп, жоғарыдағы мәселелер жөнінде келелі әңгіме қозғалды. Біз оған қатты қуандық. Қос министрге алғысымыз шексіз. Енді сол әңгімеден үлкен нәтиже күтеміз және соған белсене атсалысамыз деп ойлаймын.
Есей Жеңісұлы:
– Қазақ қоғамы қазір кітап оқудан қалды. Кітап оқымайтын адамның ойы қасаң, тілі жұтаң, қиялы кедей, мінезі дөрекі. Бұрын балалар кітап оқып, соның кейіпкерлерінің әлемін ойдан мүсіндеп жүретін еді. Қазір бәрі көз алдында: бәрін бала үшін ТикТок, Инстаграм, ВК істейді. Ең жаманы, әлеуметтік желіге алданып жүрген жас ешқашан өзін қор санамайды, рухани дүниесінің кетіліп, күн санап тіршілік құлы болып жатқанын сезінуден қалады. Ата-ана кінәлі дейін десем, қазір кітап оқитын ата-ана да жоқ. Өзі оқымағасын, баласына не ұсына алсын? Жақында «Әліппе» оқулығына енген Ертай Ашықбаевтың бірөлеңі әлеужеліде қызу талқыланды. Автор онда қазіргі баланың телефонға байланғанын, басқа ештеңе қызықтырмайтынын, ата-анасының тілін алмайтынын, мектеп тапсырмасын орындамайтынын бірінші жақтан баяндайды. Осыны видеоға түсіріп тұрған адам (жас жігіт, әлде жас әке): «Неге телефоннан бас тарт, кітап оқы деп айтпайды?» – деп кітап құрастырушыларды бір, өлең авторын бір кінәлайды. Міне, қазіргі біздің өлең-тақпақ түсінуіміз осы деңгейде. Олардың ойынша, қазіргі қаламгер отырып алып ақыл айтумен айналысуға тиіс. «Кітап оқы, телефон көрме», «сабақ орында, телефонды таста». Сонда оқырманның өзінің қорытуы қайда қалды? Біз қатты шегініп кеттік, өкініштісі сол.
Бейсенкүл Нарымбетова:
– Біраз бұрын балалар басылымының оқылмауының себебін анықтау мақсатымен «Қазпошта» каталогын зерттедім. «Қазпоштаның» каталогында қазақ балалар басылымының 15-20 данасын ғана көресіз. Ал одан екі есе көп орыс тіліндегі басылымдар бар екенін байқадым. Ол бізге Ресейден келетін газет-журналдар. Демек, қазақ балаларының аталған газет-журналдарға жазылып жүргені анық.
Дәулетбек Байтұрсынұлы:
– Баспасөзге жазылу, ең әуелі баланың қосымша білім алуына, әдеби, танымдық, ақпараттық мағлұматтарын арттыру үшін керек. Оқушы ата-анасының, ұстаздарының айтқанымен ғана шектеледі. Онан асса көшеден, теледидардан естіген мәліметтерімен өмір сүреді. Сондықтан газет-журналдан оқу тың дүниелер болатындықтан, оның көзқарасына, танымына, біліміне ықпал жасайды. Оқушы осы тұрғыдан баспасөзге жазылғаны жөн. Осы мақсат орындалған соң онан ары екінші мақсаттың ұшы қылтияды. Ол бейімділігі бар баланың шығармашылық қызығушылығын арттырады. Оқушы жазылған дүниелерден шабыт алып, ой түйіп, өзі де жазғысы, ойын айтқысы келеді. Осылайша, қалам алып, қағаз шимайлайды. Жазу-сызу деген содан кейін барып қалыптасады. Бүгінгі арамыздағы жазатын аға буынның көбі күні кеше балалар басылымын оқығандар, алғашқы туындыларын сол басылымдарға жолдағандар. Ендеше, балалар шығармашылығын дамытудың бастауы баспасөзге жазылудан басталады.
Мағира Қожахметова:
– Қазір балалар тек қана көреді, оқымайды, яғни ойланбайды. Тіпті қандай тақпақ, ертегі, жұмбақ, жаңылтпаш, тағы басқа жанр түрлерін де безендіруі арқылы ғана қабылдайды. Бүкіл салмақ көзге түсіп, жүйкелері тез жұқаруда. Баспасөзге баулудың маңызы өз алдына, бұған қоса енді баланың естіп, тыңдауына мүмкіндік жасау керек. Газет, журналдарда жарияланған дүниелерді мәнерлеп оқуға, дауыс ырғағына мән бергізіп, кішігірім сахналық қойылымға өздерінің қызығушылығын оятқан жөн.
Ольга Рыбкина:
– «Дружные ребята» газеті мектеп кезеңіндегі оқушы балаларға арналған басылым. Бала деген үйде не көрсе, ұшқанда соны ілетін құссияқты. Сондықтан, баланың жақсы адам болып қалыптасып, білімді, тәрбиелі азамат болып өсуі үшін ең алдымен ата-аналар, кейін мұғалімдер оқу мәдениетіне баулуы керек депойлаймын.
Жадыра Нармахан:
–Байқағаным, көп ата-ана баладан оқуды ауызша ғана талап етеді. Бала көргенін істейді. Өз басым бауырларымның балаларын оқыту үшін түрлі тәжірибелер жасап тұрамын. Олардың көзінше смартфонға тәуелді екенімді көрсетпеймін. Қайбір жылы 1-сыныпты бітірген жиенім Мейіржан Жылқыбай деген балалар жазушысының «Тауға саяхат» деген 39 беттік повесін жатқа оқып жүрді. Біріншіден, оның алғашқы оқыған шығармасы өзіне қызық болды. Сосын күніге жиеніммен сөйлескенде, шығармадағы кейіпкерлердің тілінде сөйлестік. Бірде бала қораз Айдар, бірде оның қарындасы Үрпек, бірде маңғаз мысық Мими, бірде аңқау күшік Домалақ болатынбыз. Хәрри Поттерді оқығанда да жақсы әдіс тауып алдық. Үйдің қоңырауын басқанда, «Құпия сөз қандай?» дейміз. Кітаптың әр томында факультеттің есігінен кіретін құпия сөз ауысып отырады. Мысалы, бірінші томда есікке кіру құпиясөзі «шошқа тұмсық» болса, басқа томдарда ол өзгеріп отырады.
– Президент айтқан ұлттың жаңа болмысын, жаңа сапасын қалыптастыру үшін ең бірінші ғасырдан-ғасырға келе жатқан ұлттық санамыз бен ұлттық әдет-ғұрпымызды қалпына келтіріп, жастардың бойына сіңіруіміз керек.
Бас редактор ретінде қандай тақырыпты көбірек жаңғыртуға ден қоясыз?
Дүйсен Мағлұмов:
– Салт-дәстүр, әдет-ғұрпынан айырылған ұлт өзінің бет-бейнесін жоғалтары айдан анық. Бұл ретте «Балдырған» журналы бұған дейін «Халықтық салт-дәстүрлер» деген айдар жүргізіп келді. Онда оқиғалы көркем әңгімелер арқылы көптеген дүниелер айтылды. Оқырман оларды жақсы қабылдады. Сондай-ақ балаларды көп нәрседен сақтандыратын ырымдар мен тыйымдарымызды да біз үзбей өлең-тақпақ түрінде, прозалық шығармалар арқылы да жиі жариялап отырамыз. Қазақ балалары ата-бабадан бізге баға жетпес асыл қазынамыз – салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздан бір адым да алшақтамауы тиіс. Біз де мұны әрдайым есте ұстауға тырысамыз.
Бейсенкүл Нарымбетова:
– Тарихи сананы тәрбиелеу – өзекті мәселелердің бірі. Егер де ұлтта тарихи сана берік болса, басқа дінге, ағымға ілесіп кете бермес еді. Тарихи сана, ең алдымен, отбасы-ошақ қасыдан бастау алады. Тәрбие көзі – қазақ салт-дәстүрінде. Салт-дәстүрді тереңірек зерттеп, жаза беруіміз керек. Салт-дәстүріміз біздің халықтың өткені емес, болашағы.
Дәулетбек Байтұрсынұлы:
– Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып біздің айнымас құндылықтарымыз. Ол қазақтық қалып, ен-таңбамыз. Кейбіреуге ұнайды, кейбіреуге ұнамайды. Дегенмен біз оны «құрғақ» қалпында емес, әдеби формамен, әдеби кейіпкерлер арқылы ұсынсақ, этнографиялық тәсілдермен бере білсек, бала санасына қонады. Көркем әдебиеттің үлгісімен қызықты, таңғаларлық етіп бейнелеп берсек, бала бауыр басады. Өзіне керекті дүниені алады.
Ольга Рыбкина:
– «Дружные ребята» басылымында бірнеше жылдар бойы оқырман көзайымы болған айдарлар қатарында «Атамекен – ата-баба жері», «Шаңырақ» бар. Бұл айдарларда біз ата-бабаларымыздың мәдени, тарихи мұрасын паш етеміз.
Мағира Қожахметова:
– Мен балалардың сана-сезімінің жақсылыққа бағытталуын, іштерінде мүлгіген қандай да қабілетінің ашылуын, келешекте ешкімге жаутаңдамай тірлік кешуін көздеп, «Өзің жаса, өзің үйрен, өзің құрастыр, өзің ойлап тап, өзің жазған ертегі, өзің дайындаған ойыншық» тәрізді тақырыптарды қамтуға тырысамын. Ең соңында «журналды жасап дайындайтын өздерің сияқты балалар!» деп жазып қоямыз. 23 жылда көптеген оқушылар редколлегия мүшесі боп, белсене жұмыс істеді. Талай жас авторларымыз, кейіпкерлеріміз белгілі тұлғаларға айналды.
– Өкінішке қарай, ана тілінің бүгінгі мүшкіл халі кейбір аналардың бала тілін білмеуінен екені мәлім. Баланың ертегі, аңыз, мақал-мәтел, жұмбақ, батырлар жыры, дастан, салт-дәстүр сияқты құндылықтарға деген құмарлығын оятатын да үйдегі аналар. Ата-аналардың балаларына ертегі оқудың, өлеңнің мәнінұғындырудың мәніне тоқталайықшы…
Есей Жеңісұлы:
– Қазіргі ата-ана баласына ертегі айта алмайды. Өйткені өзі оқымайды. Батырлар жыры, ғашықтық дастандар деген «ауыр артиллерияны» айтпай-ақ қояйық, қазір ата-әке-бала үштігі өлең дегенді тақпақ деп біледі, жұмбақ жасырмайды, жындының ісі санайды, мақалдап емес, балағаттап сөйлейді. Жас ана сәбиін қазіргі трендтегі шала әндермен жұбатады. Одан қалса, сүре қосып қояды. Ұлттық құндылықтарды күйттейтіндер тым аз. Қандай қоғамда, қандай халықтың сипатында күн кешіп жатқанын түсінетіндер сирек.
Бейсенкүл Нарымбетова:
– 2023 жылы Түркістан облыстық Фараб кітапханасының қолдауымен әріптестік қатынаста 17 ауданды аралап шықтым. Ұйымдастырылған байқаудың бірінші кезеңінде 7-14 жас аралығындағы балаларға «Газет-журнал деген не?» деген қарапайым сұрақ қойдым. «Білмейміз, кітап па?» депжауап бергенде не дерімді білмей қалдым. Демек ата-ана, мұғалімдер газет-журналдың қандай рухани білім қазына екенін түсіндірмей, көрсетпей жүрген болып тұрмыз ғой. Кінә өзімізде үлкендерде. Балаға балалар басылымы туралы ата-ана, мектептегі мұғалімдер айтпаса, олар оны қайдан біледі? Тым болмағанда «Бір мектепке бір балалар басылымы» деген жобаны қолға алайық» деген ұсыныс айтқым келеді. Балалардың дамуымен, шығармашылығымен айналысатын ұйымдарды біріктіріп қауымдастық ашсақ. Сол қауымдастық арқылы балаларға қазақтілді сапалы контент ұсынсақ. Қазірге балаға кумир керек. Қазақтан кумир таппағандықтан кәріс, түрік сериалдарының актерларын кумир көріп жүр.
Ольга Рыбкина:
– Ертегілер – кез келген ұлттың тарихи құнды мұрасы. Ересек адамдар бала кезінде құлағына сіңген аңыз әңгімелерді, хикаят, жыр дастандарды әлі күнге дейін есіне сақтап келеді. Бұл отбасылық құндылық болып қана қоймай, ұлттық дәстүрді жаңғыртатын іс те.
Мағира Қожахметова:
– Аналардың, әжелердің ана тілінде сөйлемеуінен бұл мәселе күрделене түсуде.
– Балалар контенті даму үшін қандай істер атқарылуы керек?
Дәулетбек Байтұрсынұлы:
– Бұл мәселе Мәдениет және ақпарат, Оқу-ағарту министрлігінің бірлескен отырысында тереңінен қаузалды. Сондағы айтылған сөздер түгелімен жүзеге асса, біраз мәселелер шешімін табатыны анық. Балалар әдебиетінде үлкен тоқырау бар. Қазақтілді контентті дамытудың жолдарын қарастыру үшін де, дамыту үшін де бірінші озық идея керек. Екіншіден, өнім дайындау үшін қыруар қаржы қажет. Біздер «Өртке қарсы өрт қою» тәсілімен ғана кездескен кедергіні жеңе аламыз.
Есей Жеңісұлы:
– Ұлт болып жұмылу керек. Салалық министрліктен бастап, балабақшаға дейін бірігуге тиіс. Бүкіл әлем көз алмай көретін YouTube желісінде қазақ балаларына арналған әндер, мультфильмдер тым аз. Қазіргі балақай «Синий трактормен» және Никита мен Владпен өсіп жатыр. Ата-анасы тілі орысша шүлдірлеп кеткен баласын түсінбейді, барлық жауапкершілікті мектепке жүктей салғысы келеді. Бір ғана «Балапан» арнасы бәріне жетпейді. Оны да бала 6-7 жастан кейін көрмей, сырт айнала береді.
Жадыра Нармахан:
– Өткенде бір кісі «немерелеріме оқытайын десем, дені дұрыс контент таппаймын» депайтты. Бірақ өзі балалар басылымының бірде-біреуіне жазылмаған. Жазылмаса, оқымаса, жақсы контентті қайдан табады? Егер балаға арналған контент іздсеңіз, балаларға арналған басылымдарға жазылыңыз. Қаншама жақсы дүниелер шығып жатыр. Бірақ соны тұтынушылар көрмей қалады. Бәрі сол жазылмаудың салдары. Қазақша контент жасайтын әрбір адамды «жалғызым» деп қабылдап, мемлекет қаржыны аямауы тиіс. Әсіресе, балаларға арналған дүниелерге. Балаларға арналған контенттердің ұзақ мерзімді стратегия ретінде қарастырып, контенттің таралуына қаржы бөлу керек.
– «Ең байқампаз халық – балалар, сосын суретшілер» деген тәмсіл бар. Балалардың көңілін аулау һәм аудару үшін қандай шығармашылық қабілеттеріңізді іске қосып, жазуға қай қырыңыздан келесіз? Тұрақты айдарларыңыз қандай?
Есей Жеңісұлы:
– Біздің журнал жоғары сынып оқушыларына арналғандықтан, түрлі әдеби байқаулар мен викториналарды, сауалнамаларды жиі ұйымдастыруға тырысамыз. «Редакция тапсырмасы» деген арнайы айдарымыз бар. Онда балалар Алаш қайраткерлерінің публицистикалық мұрасын, қазақ ақындарының өлеңдерін, әлемдік кескіндеме өнерінің жауһар үлгілерін талдайды. «Жас қалам», «Дүбір» айдарлары аясында жас ақындар мен жазушылардың шығармалары тұрақты жарияланады. «Бәріне жауаптымын», «Танимысың сен мені», «Өзіңе сен» айдарлары арқылы балалардың азаматтық, шығармашылық келбетін ашып көрсетуге талпыныс жасап келеміз.
Бейсенкүл Нарымбетова:
– Назар аударатын ең бірінші дүние – баланың қызығушылығы. Баланың ой-өрісін кеңейтетін материалдарды баланың деңгейіне сай етіп беру. Балаға жасалған кез келген жақсы дүниенің үлкен нәтиже беретініне көзім жетті. Газет- журналдың құдіреті осы.
– Сіздерде негізгі респонденттер – балалар. Балалардың хаттарын өңдеп-дайындау – инемен құдық қазғандай екенін өздеріңізге айдан анық. Оған кез келген маман төтеп бере алмайтыны рас. Төзім, шыдам, мейірім керек.
Дүйсен Мағлұмов:
– Жыл бойы біз оқырманнан 3 мыңға жуық хат аламыз. Редакция қызметкерлері ол хаттың бірде біреуін көзден таса қалдырмайды. Жарамайтындарына жауап жазады, жарағандарын өңдеп, журналға жариялауға ұсынады.
Есей Жеңісұлы:
– Қазір балалар хатты өте аз жазады. Осыдан он жыл бұрын хат қаптап келетін еді. Бұл бірінші сұрақтың да жауабы сияқты. Қазіргі балалар дұрыстап хат жазуға да шорқақ. Келген хаттың ішінен бір дәнек болса да байқауға тырысамыз. «Ақ желкенге» келген хаттардың жауапсыз қалғаны жоқ, бәрін мейлінше пайдалануға ұмтыламыз.
Бейсенкүл Нарымбетова:
– Жазу мәдениеті қалыптасуы қажет. Баспасөз бетінде өзінің жазғанын көрген оқушының қуаныш эмоциясын көрсеңіз, бойыңызда бірсерпіліс пайда болады.
Қымбат Әбілдәқызы:
– Балалар басылымында жұмысты біліп, қызығып істейтін жас маман жоқ. Жұмыс іздеп келгендерге баланы қайтсем оқытуға «тоқтатамын» деп, ай сайынғы 36 бетті қайта-қайта шұқылап, инемен құдық қазғандай бейнетпен істейтін біздің қызмет ұнамайды. Абыройымызды сыйлағанымен, тұрмысымызға, табысымызға қызықтыра алмаймыз. «Барлық қатені де өзіңіз түзейсіз бе?» деп көзі бақырайып, қашып кеткендер де кездескен.
Ольга Рыбкина:
– Балалар басылымында істегендіктен, ең бірінші, жұмысқа деген тиянақтылық, төзімділік, ерік-жігер керек болады. Егер де бала белгілі бір мақаласын газетте жарық көруін қаласа, біз оған қол ұшын созуымыз қажет. Ең қиыны – бастау. Балаға бағыт-бағдар, кеңес керек.
Мағира Қожахметова:
– Мен үшін журналдың әрбір авторы, әрбір кейіпкерінің орны ерекше. Жазған-сызғандарына, конвертіне шейін мұқият сақтаймын, кейінгі кезде бәрі электронды нұсқада, технология дамыған, байланыс, жұмыс істеу тәсілі де басқаша. Балалардың білімге ынтасы, ниеті ғана өзгермеген, сол баяғыдай жазуға, өнерге құштар.
– Балалар басылымы интернет басылымдармен бәсекелесе ала ма?
Дәулетбек Байтұрсынұлы:
– Бәсекеге түсіп жатқан жоқпыз. Басқалардың жағдайы да шамалы болуы керек. Біздің журналдың жазылу тиражы өзін шығаруға жетпейді. Басылған дүниелерге қаламақы беру, суретшілерге ақы төлеу, көркемдік элементтерді көбейту үшін қып-қызыл ақша жұмсауға тура келеді. Ал министрлік пен облыстардан алатын тендеріміз сол мемлекеттік тапсырысты орындауға зорға жетеді. Сондықтан интернет әлеміндегі бәсекелестікке ұмтылу жеңіл емес.
Мағира Қожахметова:
– Қайдағы бәсеке, балалар басылымы ғана емес, жалпы газет, журналдың дәуірі интернеттің көлеңкесінде қалып барады. Күні кешеге шейін журналистиканың патшайымындай сезінген өзіме осы саланың соңғы қара жұмысшысындай қарап үрейленемін. Соған қарамастан, ұзақ жылдар бойы «Балбұлақ» пен «Дертке дауаны» шығарып келемін. Тіпті журналистердің атақты эстрадалық әншілердей танымал болуынан үміттеніп, тегін жұмыс істеудің «рахатына» бөленудемін.
– Балаларға арнап өлең, әңгіме жазатын авторларды қайдан табасыздар? Олар көбіне қандай тақырыпта жазады? Қазіргі балалар әдебиетінде қай тақырып жазылмай, қамтылмай, қалыс қалып жүр?
Дүйсен Мағлұмов:
– Балалар әдебиетінде екі түрлі ұғым бар. Ол – балаларға арнап жазу және балалардың өздері туралы жазу. Балалар тақырыбына қалам тербеп жүрген жазушылардың кейбірі осы жайды шатастырып жатады. Қазіргі балалар әдебиетіне балалардың өздері, солардың өмірі жайлы жазылған шығармалар ауадай қажет. «Балдырғанның» қазір отыздан астам тұрақты авторлары бар. Еліміздегі танымал балалар ақын-жазушылардың бәрі бізбен тікелей байланыста. Бізге жазып тұратын ұстаздар мен басқа мамандық иелері де бар. Авторлардың ішінде ақындар жағы басымдау. Әңгіме, ертегі жазатын жазушылар қатары сиреп бара жатқаны да қабырғамызға батады. «Қазіргі балалар әдебиетінде қандай тақырып қамтылмай қалып жатыр?» деген мәселе де күн тәртібінде. Бізде қазір бүгінгі күннің ертегі, әңгімелері жоқтың қасы. Балалардың ой-қиялын ұштап, тылсым дүниелердің құпиясын ашуға жетелейтін фантастикалық дүниелер мүлдем жазылмай жатыр. Қазіргі елдің көбі қалаға шоғырланып жатқан кезде қала балаларының да тыныс-тіршілігін көрсететін шығармалар жазылса екен деген арманымызды да орындау қиынға соғып тұр.
Дәулетбек Байтұрсынұлы:
– 13 қаңтардағы дөңгелек үстелде «Балдырғанның» бас редакторы Дүйсен Мағлұмов «Балалар әдебиеті бойынша 70-ке жуық қаламгер бар» деп атап айтты. Олардың біразы Алматы мен Астанада, қалғандары елде. Өз аяғынан келген шығармаларға қарасақ, журналдың сапасы төмен, шығармасы сұйықтап кетеді. Сондықтан көбінде өзіміз іздеп тауып, хабарласамыз. Шығармасын алып басамыз. Балаларға лайық шағын әңгімелер мен ертегілер жазылмай жатыр.
– Балалар басылымының басты құндылығы неде жатыр?
Дүйсен Мағлұмов:
– Балалар басылымының басты құндылығы – оның балалар басылымы екенінде. Олар кез келген ата-ана мен ұстазға баға жетпес көмекші құрал емес пе?! Балалар газет-журналдарында жарияланатын әрбір дүние алдымен баланың тілін жетілдіреді, санасына сәуле түсіреді, рухани азық береді, білім-ғылымға жетелейді, тәлім-тәрбие үйретеді. Бізге бұдан асқан қандай құндылық қажет?!
Дәулетбек Байтұрсынұлы:
– Балалар басылымының басты құндылығы – ұрпақ тәрбиесі. Басылым оларға негізгі білім беруге міндетті емес. Басылымның міндеті – оқушылардың дүниетанымын арттыру, көзқарасын көркейту, ойлау жүйесін өсіру. Ортасын, айналасын, жасап отырған қоғамды тануға, адамдармен қарым-қатынасты игеруге баулу. Осылайша, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды меңгеруге жетелеу.
Ольга Рыбкина:
– «Дружные ребята» газетінен өзінің мақаласын көрген бала қуаныштан секіріп ата-анасына, ата-әжесіне барып хабарлайды. Ал мектептегі мұғалімдер баланың жетістігін көріп, кезекті тапсырмасын береді. Осылайша, балада ойлау, талдау жүзеге қалыптасады. Әлбетте, ол бала журналист болмаса да, бұл тәжірибе өмір атты даңғыл жолда керек болары сөзсіз.
Мағира Қожахметова:
– Алды 90, соңы 20 жылға толған «Ұлан», «Балдырған», «Ақ желкен», «Айгөлек», «Мөлдір бұлақ», «Бала би» басылымдарының тұтастай ұрпақ өкілдерін тәрбиелеуге қосқан үлесі зор. Кешегі балақай, жас тілші, жас кейіпкерлерінің бүгін ел игілігіне адал қызмет етіп, тұлға ретінде қалыптасқанын аталған басылым басшылары мақтан тұтса керек. Балалар басылымының және бірқұндылығының көрінісі ғой бұл.
– Тағы бір мәселе — «Қазпошта» жұмысы сын көтермейді» деген мәлімдемеге тоқталсақ. Оқырманнан «мерзімді басылымдарға жазылдық, уақытында келмейді, қолымызға алмадық» деген хат-хабарламалар қаншалықты жиі келіптұрады?
Есей Жеңісұлы:
– Ондай хат-хабарлардан соңғы 15-20 жылда бір күн босап көрген емеспіз. Шын мәнінде, біз пошта қызметінің орайсыздығынан оқырманымыздың басым бөлігінен айырылып жатырмыз. Алматының өзінде журналдарды топтап, бес-алты айда бір-ақ әкелетін бөлімшелер бар. Іргедегі Қаскелеңге тіпті апармай қойып, ақын ағамыз «енді сенің журналыңа жазылмаймыз» дегенін де естідік. Осы сала бір бас көтермей қойды.
Дәулетбек Байтұрсынұлы:
– «Қазпошта» қызметі сын көтермейді. Тіпті жазылатын кезде де әртүрлі сылтаулар айту арқылы жазылушылардың жүйкесіне тиіпкедергі келтіреді. Жазуға қойылған қызметкерлер оқырманды бері тартудан гөрі, ары итереді. Ал сөйтіп жүріп жазылды дейік, енді журналды тұтынушының қолына тигізу мәселесі тіпті күрделі. Мысалы, Мен Алматы облысы, Талғар ауданы, Қызыл қайрат ауылында тұрамын. 4-5 газет-журналға жазылдым. Үйдің мекенжайы көрсетілген. Алайда газет-журналды үйіме әкеліп бермейді. Барып сұрап едім, «Бізде хат, газет тарататын почтальон жоқ. Ондай штатты қысқартып тастаған. Сондықтан бөлімшеге келіп өзіңіз алып тұрасыз» деді. Міне, Алматының түбіндегі ауылдың жағдайы осы. Сонда Қазақстанның өзге аймақтарындағы почта қызметінің жағдайын шамалай беріңіз. Жетпей қалған, жоғалып кеткен, бармай қалған журналдар туралы редакциямызға жазылушылардан арыз көп түседі. Осындай нашар қызметтің кедергісін көрген оқырман келесі жолы жазылудан бас тартады.
Мағира Қожахметова:
– «Қазпоштаның» кей бөлімшелерінде «каталог жоқ, жаздыра алмаймыз» деп, толып жатқан талап қойып, «ИИН керек», «телефоны керек», тағы басқа сылтаумен қайтарып жібереді адамдарды. Газет, журналдарға жаздыру үшін бөлек терезе ашудың орнына ұзақсонар кезекке тұрғызады. Шұғыл түрде бұлардың жұмыс істеу тетігін өзгерту шараларын жасау қажет.
Дөңгелек үстелді жүргізген
Бағдат Сұлтанқызы
ANA TILI газеті. 18 қаңтар, 2024 жыл, №2 (1730)
Leave a Reply