«Түркістаннан Теріскейге» деп айдарланған ақпараттық турға қатысушылар алдымен А.Дүсіпова ханым басқаратын Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына аялдадық. Қазіргі таңда Павлодар өлкесіне оңтүстік облыстардан биылға қоныстанатын 3493 адамға арнайы квота қаралса, соның 2600 адамы көшіп келіпті. Оның ішінде ең көбі Түркістан облысынан 629 адам қайта қоныстанып отыр. Көшіп келген азаматтар көбіне ауылды жерлерге тұрақтанған.
Әлбетте, ақпараттық топтың міндеті Түркістан облысынан көшіп келген елдің қазіргі жағдайы қалай, қалай жайғасты, көшіп келу жайы қалай екен, шаруасы мен кәсібі сайлы ма, ел мен жердің ыңғайы нешік, нендей мүмкіндіктер мен қолдаулар бар, елде жүгін буып-түйіп отырған азаматтарға жеткізер басқа да ақпараттар бар ма дейтін секілді сауалдарды қаужау ғой. Сол мақсатпен атқа қонған топ Шарбақты ауданына қадам басты. Бұл аудан – облыстың шығыс жақ шекарада, Павлодар-Барнаул бағытындағы халықаралық күре жол бойында, Құлынды жазығында орналасқан шұрайлы өлке. Халқының саны 20 мың адамға тақау болса, қазақтардың үлес алмағы 40 пайыздың шамасында ғана екен. Шаруашылығының дені егін және мал шаруашылығы екені белгілі. Бір қызығы, біз бас сұққан Шарбақты аудан әкімдігінің тура алдында әлі де «қызылдар көсемі» Ленин ақсақалдың ескерткіші бой түзеп тұр екен. Аудан әкімінің міндетін атқарушы С.Иманқұлов болса бұл ескерткіштің әлі де тұруын Шығыстағы Алтай (Зыряновск) қаласындағы Ленин ескерткішіне қатысты болған шудан кейін жергілікті өзге ұлт өкілдерінің көңіл-күйіне қарайлағанымен түсіндірді. Солтүстік аймақтардың шекаралық аудандарында қазақтың үлесін арттыру қажеттегін осыдан-ақ байқауға болар. Елді қырғынға ұшыратқан тұлғаның қазақ жеріңде тұрған ескерткішін алып тастау үшін үлесі молдау өзге тілді жұрттың көңілін аңдисың. Қалай, ә?
Шарбақты ауданында Түркістан өңірінен келген ағайын баршылық екен. Олар аудан орталығынан бастап, шалғайдағы Шалдай ауылында да орманшылық, ауыл шаруашылығы, білім беру салаларында еңбек етіп жатыр. Ал, түбі төлебилік Н.Қаппаров бір кездері еңбек жолын осы Шарбақтыда құқық қорғау саласынан бастап, қазіргі таңда жеке кәсіпкерлікпен айналысып отыр. Бүгінде аудан орталығында тұрғындарға қажеттілігі бірінші орында тұрған дүкен, шаштараз, дәмхана кәсібінен бастап, көлік жөндеу және жуу орталығы, самса пісіретін тандыр секілді кәсіптерді де қатар ұстап отыр екен. Кәсіпкердің бас болуымен биылдың өзінде 10 ауылдас туыс-жақыны Шарбақтыны мекен етіп отыр екен.
Leave a Reply