Көпке белгілі жазушы, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова қазіргі енелер мен келіндер тақырыбында ойын айтты. Жазушы келіндерге ене бола алмай жүрген әйелдерді сынады. 

 

Бұл туралы «Hikmet TV» арнасында айтылды.

“Ене болмасаң, кім болғаның? Келінге қандай еңбек сіңірдің? Ақ сүтін бердің бе, Әкенің адал күшін жұмсадың ба? Ата-анасы бағып-қағып, мәпелеген дайын күйінде саған берді. Бір адам – ол бір әлем. Қолыңда бір әлем бар. Сенің оған еңбегің сіңген жоқ. Дайын күйінде ата-анасы бір күн қызығын көрмей саған берді. Әрі қарай ие бола алмасаң, кім болғаның? Енелер келінге сүйеу болу керек. Жас келінге бәрі қарайды. Сын айтады. Жүріс-тұрысына қарайды. Сырт көз, тіл-көз деген болады. Мін тағып отырады. Ондайда енелер жөн сілтеді. Қолдау болады. Үлгі болу керек. Бұл келін дей бермей, ана парасатын көрсету керек. Кез келген әйел ене бола алады”, – деді Ахметова.

Жазушының айтуынша, әр ана ұлының таңдауына құрметпен қарап, келінге екінші анасы бола білу керек. Ел анасы келіндерін сыйғызбай жамандап жүрген енелерге осылай ренішін білдірді.