Ұлттық нақыш
Наурыздың 4-6 аралығында Шымкент қаласында «Көрпе fest» фестивалі өткені жайында газетіміздің алдыңғы нөмірінде жариялаған болатынбыз. Шара барысында 200-ден астам қыз-келіншекке құрақ көрпе құрау және өзге де ұлттық қолөнер бұйымдар жасау бойынша тегін шеберлік сағат өткізген Ырза Тұрсынзада ханымға жолығып, әңгімесін тыңдаған едік. Наурыз мерекесіне орай, осы ұлттық қолөнер мектебін жаңғырту тақырыбында өрбіген шебер сөзін оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.
– Қазақтың қолөнер мектебі біршама дамып келеді, бірақ ол үшін біршама іс атқарылу керек. Ұлттық өнеріміздің кенжелеу қалғанына қыздарымыз кінәлі емес. Егер, қыз-келіншектер дүние жүзін аралап, олардың этнобрендтерін көзімен көрсе, міндетті түрде көзқарасы мен ой-санасы өзгерер еді.
Ұлттық дүниені заман мен нарыққа ілестіріп, еліміздің брендіне айналдыруға болады. Менің ұжымым 10 жыл ішінде сондай брендке айналды. Осы уақыт ішінде француздардың ұлттық дүниесін қалай брендке айналдырғанын көрдім, жопанның кинзосын қарадым. Оның жанында біздің қазақтың ұлттық өнерінің күрделілігі мың есе артық, әрі сұлу. Бірақ, өкінішке қарай, біз өзіміздің жөргегімізден жиіркенген халықпыз ғой, өз дүниемізді менсіне бермейміз. Тілімізді менсінбейміз, киімімізді менсінбейміз, қазақы әйелдің болмысына менсінбей қараймыз. Мысалы, мен Нұр-Сұлтандағы ресми жиындарда да, Еуропада да мына үстімдегі қарапайым қазақы қамзолмен жүре беремін. Елордаға ең алғаш барғанымда бұл қазақы кимімді ешкім түсінбейтін, маған тыжырая қарайтын. Ал, қазір Аллаға тәубе, қызыға қарайтындар көбейді. Тіпті, комплимент арнап, «саған не кисең де жарасады» дейтін болды. Қазақ пен қазақ әйелін әлемге танытатын нәрсе – ұлттық қолөнер ғой.
Мына қу нарық қамшылап бітті бәрімізді. Бұл қу нарық қазақтың бүткіл ұлттық санасын, болмысын, ғасырлар бойы жиналған рухани тәжірибесінің барлығын күні-түні қамшылап, құл қылды. Менің ойымша, егер де әйелдің санасы оянса, шаңырағы мен бала-шағасына қайтса, кәсібін дөңгелетсе, нәпақасын тапса, ол әйел – бақытты әйел. Өйткені, отағасы, балалары, шаңырағы қасында, ал арасында шабыты ояна қалса, қолөнер кәсібіне отыра қалып, тігісін тігеді. Сондықтан, бұл кәсіп – Алланың қазақ әйеліне берген сыйы деп білемін. Құдай қаласа, қазақ әйелі ала дорбасын тастап базардан отбасына қайтса, ең қымбат қызмет – осы қыз-келіншектердің қолөнерлік қызметі бола алады дер едім. Себебі, бұлардың ұрпағы интернет пен жаһанданудың тәрбиесінде емес, анасының беретін ұлттық тәлімімен өсетін болады. Осылайша анасы мен әкесінің тәрбиесін көрген бірінші сапалы ұрпақ келеді. Бұл – бірінші.
Екінші, тренинг сабақтарымда менің үйрететінім – рет-ретімен мінсіз сапаны жасау жолы болса, ең негізгі мақсатым – қоғамның ар-намысын ояту. Мен үшін, ұлттың ар-намысы – әйел қауымы. Әйелдің намысы оянса, ер-азаматтың да рухы асқақтап, елге қызмет ететін қасиеті де оянар еді.
Тағы бір айтылатын мәселе – көп балалы аналар. Олар жайында қазір алаңға шықты, әкімнен мынаны сұрады деп жатады. Меніңше, біз көп балалы аналардың жан дүниесін түсіне алмай келе жатырмыз. Мен де анамын, мен де апа-әжемін. Әйел үйде отырған кезінде бала өсіру, тамақ әзірлеу, кір жуу секілді үй шаруасынан босамайды ғой. Сол тірліктен шаршап жалығатын кезі болады. Сол кезде, бұл қолөнерлік кәсіп – әйел адамға пайдалы терапия ретінде, әдемі шабыт ретінде керемет кәсіп. Бала-шағасын жайғастырғасын, түнделетіп тігіс тіксе, ең пайдалысы сол болар еді. Мен кәсіп бастаған кезде апамның берген мәшенесі болатын, түнде тықылдап өзгелерді оятпас үшін моншаға барып тігетінмін. Қазіргі тігін мәшенелерінің дыбысы шықпайды ғой, рақат. Бұл – мауқыңды басып, шаршауыңды тарқататын, шабыттандырып, ой-өрісіңді оятатын керемет кәсіп. Көп балалы аналар үшін ақысыз алаң құру жөнінде қала әкімі М.Әйтеновке ұсыныс айтсам деп отырмын. Мұндай алаңдар барлық дерлік ірі қалаларда құрыла бастады. Бұйыртса, Шымкентте де ашыла қалса, қолынан шыққан бұйымын ақысыз алаңда сатып, пайдасынан дәм татса, ары қарай өздері-ақ дөңгелетіп кетер еді. Сол арқылы әйелдік қасиеті оянып, әсімдікке әуестігі артар еді. Сенесіз бе, көркемдікке құштарлығы соншалық, өзінің қолынан шыққан дүниесін біреуге сатқысы келмей қалады. Оған талай көз жеткен. Осылайша қазақ әйелінің әдемі биязы мінезі оянады. Мен оған кәміл сенемін. Өйткені, қазақ әйелінің табиғаты өте мейірімді, парасатты, саналы, қырық жанды ғой. Сол қасиеттер осы кәсіп арқылы оянады. Қай жерге барсам да айтатыным, «қызыңды ала келші» болады. Себебі, қыз бала анасына қарап бой түзейді, кішкентай болса да қыздары келсе, осы дүниені көріп өссе деген тілек қой. «Қазақтың аналары осындай екен ғой» деп қыздың ойында мәңгіге қалады.
Бұл кәсіптің тағы бір тамаша қасиеті – үндемей-ақ қазақтың барлық мәдениетін жеткізетін қолөнер. Елімізге келетіндер осы дүниемізді көрген сәтінде таңырқап, орнынан тырп ете қалмайтындай үлкен потенциал, күш бар бізде. Сол потенциалымызға ел ағаларынан бастап, шаңырағымыздағы ата-енеміз, жұбайымыз, тіпті немереміз боп кішірек қолдау көрсетіп жіберсек, әр әйел бір-бір кәсіпке ие болады да, содан кейін бәрін ұмытады. Көшеге шығу да, әкімнен ақша сұрау да жайына қалады, — деді, қолөнер шебері, «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпазы, «Құрмет» орденінің иегері Ырза Тұрсынзада.
«Қызмет-Ақпарат»
Leave a Reply