«Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы…» Иә, бұрындары қазақ баласы интернатта білім алса, бүгінде білім көзі – интернет. Онлайн оқу төрге озып, трендке айналды. Пандемияға байланысты оқудың форматы өзгерді. Онсызда онлайн оқу өріс ала бастаған заманда індет қаупі төніп, бұл жаңашылдық білім беру жүйесіне жеделдетіп енгізіле бастады. Жұмыс барысында олқылықтар байқалып, білім беру мекемелері қашықтан оқу режіміне дайын болмай шықты. Алғашында мүлтіксіз онлайн оқытуға мүмкіндік беретін платформаларымыз да болмады. Бұл туралы Президент Қ.Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда Үкіметтің жіберген қателіктерін жақсы білеміз. Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқ. Мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар күндіз-түні WhatsApp-тан бас көтермейтін болды. Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет», деп атап өтіп нақтылап тапсырма берді.
Содан бергі уақытта Bilim land (Online mektep), Daryn. Online, Opig, «Сфера» т.б. платформалар қолданысқа енді. Білім мекемелері бұлардан тыс, қосымша шетелдік Zoom , Google Meet, Microsoft Teams, Google Classroom платформаларын, WhatsApp,Telegram мессенджерлерін қолданады. Жоғары оқу орындарының көбі Zoom, Platonus палтформаларында отыр. Тек Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Универ 2.0» атты өз платформасын жасап шығарды.
Бірегей Bilim land туралы не білеміз?
Қазақстандық мектептердің 80 пайызы қолданатын «Bilim land» компаниясы электронды білім беру нарығында 10 жылдам астам тарихы мен тәжірбиесі бар ұжым. Біз осы компанияның жетекшісі Санжар Кенжеханұлын сөзге тартқанбыз.
«Біздің ұжым білім беруге қажетті контентті жасау, оны бейімдеу және соған қатысты технологиялар мен қызметтерді таратумен айналысады. Бір ортақ миссия үшін жұмыс істейміз, ол – баршаға қолжетімді сапалы білім! Соның ішінде ең ауқымды жобаларымыздың бірі www.BilimLand.kz платформасы – орта білім беру мекемелеріне арналған, мектеп бағдарламасына сай үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) әзірленген интерактивті тапсырмалар мен оқыту ресурстарын ұсынатын білім алаңы болып табылады.
Биылғы пандемия жағдайына байланысты өткен IV тоқсандағы қашықтан оқытудағы тәжірибемізге сүйене отырып, OnlineMektep платформасын әзірлеп шығардық. Қазіргі таңда қашықтан оқитын 4500 мектептің ішінде 3594-і біздің платформаға қосылған. Күніне 1 821 000 бірегей қолданушылар сайттағы барлық функционалды қолдануда. Платформа Қазақстандағы №1 сайт десек артық айтқандық емес.
Жалпы ZOOM компаниясымен серіктес болып, оның бағдарламасын интеграциялап, сайтқа енгіздік. Қазір платформада бейнеконференция жүргізудің екі тәсілі бар. Айта кететін жайт, бейнеконференциялардың сапалы жұмыс істеуі үшін порталдың серверлік қуаты күшейтіліп, платформаны 4 000 000-нан аса қолданушы ешқандай кедергісіз бір мезетте қолдану мүмкіндігін қолжетімді еттік.
Жаңартылған білім беру бағдарламасының мазмұнына сәйкестендірілген платформадағы сабақтарды әзірлеуге еліміздегі орта мектеп мұғалімдері атсалысуда. Сабақ мазмұнын тереңірек түсінуге арналған жүйелі конспектілер, сапалы суреттер мен анимациялық видеолар, виртуалды зертханалар және бейнесабақтар дайындалды. Қазіргі таңда OnlineMektep.kz платформасында I және II тоқсанның 42 пәні бойынша екі тілде 12 000-ға жуық cабақ, 210 000 жаттығу жасалды. Алдағы уақытта қалған үшінші және төртінші тоқсан бойынша да дайын сабақтар сайтқа жүктелетін болады.
Платформаға дүниежүзі бойынша үш жылда бір рет өткізілетін, мектеп оқушыларының білім жетістіктерін бағалайтын халықаралық PISA жобасының талаптары толық қамтылған, түсіндіруі және бағалау критерийлері көрсетілген тапсырмалардан тұратын жаңа контент те енгізілген және ол әлі де толықтырылуда.
Мұндағы басты мақсат – қазақстандық оқушылардың білім көрсеткішін әлемдік рейтингте 62 орыннан 30 орынға шығару. Яғни әр бағыт бойынша негізгі талаптар мен тапсырмалар аясында түсіндірулер, әр тапсырманы бағалау кодтамасын жүргізу сынды бірнеше артылықшылықтарға ие», дейді жоба жетекшісі. Санжар Кенжеханұлының айтуынша қолданушылармен кері байланыс жүйелі жолға қойылған. Арнайы Koll-орталық жұмыс істейді. «Қолданушылардан көп ұсыныстар мен өтініштер түсіп жатыр. Әлеуметтік желілердегі чаттар, онлайн вебинарлар мен тренингтер, Koll-орталыққа түскен хабарламалар мен қоңыраулар аясында сайтта үнемі жаңартулар, толықтырулар енгіземіз. Платформада мектеп әкімшілігіне, мұғалімдер мен оқушыларға тиімді функционал ұйымдастыруға барынша тырысқанымызбен, оқыту форматы үйреншікті болмағандықтан, қиындықтар да шығып жатыр. Кейде интернет жылдамдығының төмендігіне, байланыс сапасына, құрылғының жұмыс істеуіне байланысты қолданушылар тарапынан мәселелер туындайды. Бірақ біз өз қолданушыларымызға үнемі ашық екендігімізді айтып жүреміз. Сондықтан егер қандай да бір ұсыныс немесе сұрақтар болып, бізге хабарласса біз қашанда көмектесуге, қарастыруға дайынбыз», дейді Санжар Кенжеханұлы.
Daryn. Online репетиторға балама ма?
Еліміздегі көп қолданылатын онлайн білім алаңының тағы бірі – Daryn. Online платформасы. Біз жоба жетекшісі Айбек Қуатбаевты да сөз тартып көрдік.
«2018 жылы платформа құру туралы идея туды. Өзіміз ауылда туып-өстік, ауыл мектебінде білім алдық. Ауыл балалары үшін, репетитор жалдап оқыту, қосымша білім алу қолжетімсіз. Ауыл балалары, әсіресе бітіруші сыныптар ҰБТ-ға дайындалу үшін қалаға барып, сабылып жүреді. «Неге осыны қолға алмасқа, онлайн арқылы шешпеске?» деген ой келді. Сөйтіп 2019 жылы қазанда платформа толық іске қосылды. Білім беру стандартына сәйкес мектеп бағдарламасының барлық пәндері бойынша контенттер әзірленіп, жүктелді. Оқушы үйінде отырып репетитор қызметін төлем жасап пайдаланатын болды. Платформада жүйелі сабақ кестесі шығады. Алғашқы сабақты барлығы тегін көреді. Өзіне ұнаған пәндерді таңдап, бір айға 2000 теңге төлеп, жазылады. Біздің мақсатымыз о бастан электронды білім нарығына еніп, репетиторлыққа балама жасау болды.
Қазір платформа республикада кең көлемде таралады, Моңғолия, ҚХР-дан да Қазақстан тарихы мен Қазақ тілі пәндерін біздің платформамен оқып отырған қолданушылар бар. Биылғы індетке байланысты білім беру онлайн режімге көшті. Еліміздің 1 491 мектебі, елорданың 40 мектебімен келісімшартымыз бар.
Қолданушыларының саны – 3200 000. Сапасы тұрғысынан қарайтын болсақ, қолданушылар тарапынан шағымданушылар да, ризашылығын білдірушілер де бар. Жалпы, сапасы қазірше – «5» деген шкаланың «4,1» бағамында тұр. Дамытатын, жетілдіретін тұстары көп. Көбінде бізге ел аумағындағы жылдам интернеттің жетіспеушілігі кедергі болады. Интернеттің трафиктерінің әлсіздігінен бейнесабақтарымыз, контенттеріміз дұрыс ашылмай, қатып қалып жатады. Ал контенттің сапасына байланысты қолданушылар, педагогтер тарапынан ескертулер, шағымдар болса, арнайы фокус-топ мұнымен жұмыс істейді. Шағымды қабылдап, ақауды не кемшілікті екі күн ішінде түзетіп, кей тұстарын толықтырып отырамыз. Әрине, қазір ақпарат көп, білім саласы күн сайын жаңаруда сондықтан контентті әрдайым дамытып отырамыз», дейді А.Қуатбаев.
Қолданушылар не дейді?
Айжан Мұқатаева, Нұр-Сұлтан қаласы, Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының география пәнінің мұғалімі :
– Біз Microsoft Teams және Bilim Lend платформаларын қолданамыз. Bilim Lend-тің Online mektep жүйесі өте ыңғайлы. Мұнда синхронды және асинхронды (ыңғайлы уақытта) сабақ жүргізу мүмкіндігі бар, яғни платформадағы ұсынылған дайын контентті қолдана отырып сабақты жүргізуге болады. Платформаның контенттері оқу бағдарламасына сәйкес: конспектілер, тапсырма мәтіндері де, оны тексеріп алуға да мүмкіндігі бар. Әсіресе, Twig-Bilim-де қазақ тілінде жақсы, мазмұнды бейнедәрістер берілген, сабағымызға пайдаланып жүрміз.
Microsoft Teams платформасын да пайдаланамыз. Бұл платформаның ерекшелігі бірден 250 оқушыға дейін қамти алады. Мұнда да балаларға слайд, презентациялар көрсетуге болады. БЖБ тапсырмаларын құрастыратын функциялары жақсы. ZOOM (40 минут) секілді шектеулі емес бір жақсысы, трафигі де тиімді. Microsoft Teams-тің тағы бір ерекшелігі: мысалы, сыныпты топқа, 4 топшаға бөлеміз ғой. Осылай топпен жұмыс істеуге ыңғайлы. Оқушылардың барлығында керекті құрал бар. Аз қамтылған, көп балалы отбасыларға әкімшілік тарапынан ноутбуктар, планшеттер берілген. Интернетке қосылу мүмкіндігіміз жоқ деген ата-аналарға роутерлер(интернет) берілді. Қорыта айтқанда, мектебімізде онлайн оқуға барлық мүмкіндіктер жасалған.
Айнұр Аужанова, Нұр-Сұлтан қаласы, Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:
– Біздің мектеп Online mektep-ті де, Daryn.Online платформасын да қолданады. Мен Online mektep-ті таңдадым. Бұл платформаның ресурстарын дәстүрлі оқу кезінде-ақ өз сабақтарыма пайдаланатынмын. Бұл сайт – әдістемелік ресурстарға бай. Online mektep-те дәрістерді синхронды, ассинхронды түрде өткізуге болады, оқушыны жалықтырмайды. ZOOM-мен интеграцияланған форматтағы бейнеконференция тиімді: оқушымен жүздесе отырып тақырыпты талқылаймыз, сабақ барысында googl docs арқылы топтық жұмысты орындаймыз, оқушы жауабы мониторда тікелей көрініп тұрады. БЖБ,ТЖБ конструкциясы арқылы бөлімдік және тоқсандық жиынтық бағалау жұмыстары тапсырмаларын кешенді түрде көру мүмкіндігі бар. Мониторинг бөлімі арқылы оқушының күнделікті сабақ барысында интербелснділігі, тапсырманы орындап, қанша балл жинағаны автоматты түрде шығып отырады. Сайт ұстаздар тәжірибесі бойынша байқау өткізіп тұрады.
Қашықтан оқыту тікелей интернет жылдамдығына тәуелді дүние. Интернеттің әлсіздігінен кейде оқушы, кейде мұғалім бейнеконференциядан шығып қалып жатады. Оқушыларға қаншалықты академиялық адалдықты сақтау керектігін ескертсек те, тапсырма жауаптарын көшіріп алу, кейде ата-анасының орындап беретін жағдайлары кездеседі. Балалардың сабаққа салғырт қарап, тапсырманы орындамайтын кездері де болады.
Сандуғаш Шайдарова, Түркістан қаласындағы Н.Оңдасынов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының физика пәні мұғалімі:
– Біз әуелі ZOOM платформасын қолданғанбыз. Алайда оң нәтиже бермеді. Жиі қатып қалады, байланыс әлсіз, мұғалімнің сөзі оқушыға кеш жетеді, оқушы кіре алмай отырады. Қазір BilimLend платформасының Online mekntep ресурсын қолданып отырмыз. Әуелі WhatsApp-та сабақты түсіндіріп, талқылап аламыз, сабақты сұрап, есептерді шығарып, қорытындылап болған соң Online mekntep-тің тапсырмаларын береміз. Оқушыға тест тапсырмаларын жасатып, ассинхронды дәрістер өткіземіз. Online mektep-тің контенттері оқушының білім көкжиегін кеңейтуге септігін тигізуде.
Әлия Имашева, Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Балықты ауылы, И.Рыбалко атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:
– Біздің ауданға Daryn.Online платформасы бекітілген. Бірақ, онымен сабақты 100 пайыз өту мүмкін емес. ЗУМ-мен де өте алмадық. Себебі ауылда интернет байланысы нашар. Үйіне Wi-Fi орнатқан бала сабаққа қосыла алады, орнатпаған бала қосыла алмайды. Мысалы, бір сыныпта 23 оқушы болса, соның 7-ін де ғана Wi-Fi болады. Қол телефонның трафигімен білім беру платформаларының контентін игеру мүмкін емес. Интернеттің жылдамдығы төмен, бейнесабақтар ашылмайды. Сол себептен, біз сабақты баршаға қолжетімді WhatsApp месенджері арқылы өтеміз.
Платформаның ресурстары, сапасына шағым жоқ, алайда толыққанды қолдана алмадық. Интернеттің әлсіздігі ауылда онлайн оқуға зор кедергі болып тұр. Тіпті әр баланың бас-басына телефон жоқ. Бір үйде 3-4 бала бір телефонға телміріп отырады. Ата-анасының телефонын қолданатындар бар. Қалаға, ауданға жол жүрсе ата-анасы телефонды өзімен алып кетіп, тапсырмаларын дер кезінде орындай алмай қалатын кездер болады. Осының бәрі білім сапасына кері әсер етуде.
Гүлжазира Ысқақова, Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық физика-математика мектебінің мұғалімі:
– Біз Google Meet платформасын қолданамыз. Жалпы, Google өнімдерін біздің мектеп 2017-2018 оқу жылынан бері қолданып келеді. Яғни, fizmat.kz доменін мектептің барлық оқушылары мен мұғалімдері пайдаланады. Наурыз айынан бастап, онлайн оқуға көшкенде Google Meet платформасын қолдана бастадық. Google әлемге танымал браузер.Мүмкіндіктері шексіз. Jamdoard тақтасы, Google формасы бізге тест жұмыстарын алуға өте тиімді. Барлық құжаттарымыз, оқушылардың жұмыстары google дискте сақтаулы тұрады.
BilimLend, Daryn.Online т.б білім алаңдарында дайын контенттер ұсынылған. Бізде оған рұқсат етілмейді. Өзіміздің Fizmat Media контентіміз бар. Өзімнің Youtube арнамды ашқанмын, сабақты сонда жүктеп қоямыз, балалар да басқаларға пайдалануға болады.
Назерке Серікова, Ж.Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясының 7 сынып оқушысы:
– Сабақта Online mektep, Daryn.Online, ZOOM платформаларын қатар қолданамыз. Қазақ тілі, қазақ әдебиеті, ағылшын тілі, биология пәндерін Online mektep-пен өтеміз, біраз пәндер Daryn.Online-да. Екі платформаның да тапсырмалары түсінікті, оңай. Бірақ, Оnline mektep тапсырмалары қолайлырақ, ұстаздар өздері жүктеп қояды. Кез-келген уақытта жауап жазып жібересің. Алгебра, физика сабақтарын игеруге ZOOM қолайлы. Себебі мұнда демонстрациясы айқын, экран арқылы тақтаға жазып, есептер мен формулалар сызып түсіндіріледі. Бейнеконференциямен, мұғаліммен бетпе-бет отыруымыз қатаң талап етіледі.
Интернет білімнің осындай сан қыры бар. Қолжетімді, әрі қолжетімсіз екенін тұтынушылар сөзінен бақауға болады. Ал, білім сапасына әсері қандай? Бұл туралы айтуға әлі ерте.
Әтіргүл Тәшім, журналист
Leave a Reply